Ауыл партиясының XVI есеп беру-сайлау съезд жұмысы басталды

Ауыл партиясының XVI есеп беру-сайлау съезд жұмысы басталды
Ⓒtarlan.kz

Нұр-Сұлтанда "Ауыл" Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының XVI есеп беру-сайлау съезі өтіп жатыр.

Өңірлік филиалдарының конференцияларында сайланған 210 делегат келген партия сиезіне сондай-ақ, ҚР ауыл шаруашылығы, ҚР ұлттық экономика, ҚР білім және ғылым, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қолдау, ҚР мәдениет және спорт, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар  министрлері мен вице-министрлері қатысқан.
"Біздің  мақсатымыз – парламенттік партия болу" деп сөз бастаған партия төрағасы осыған дейінгі партияның 6 жетістігін санамалады. Төраға сөзінше: «Ауыл» партиясы - өзіндік саяси тәжірибе жинақтаған; құрылымдық тұрғыдан  күшейіп, аяғына нық тұрған; қазірдің өзінде  өкілдері еліміздің заң шығарушы және өкілетті органдарына енген; аймақтарда шынайы беделі бар;   кадрлық әлеуеті күшейген; өткен төрт жылда  белсенді идеологиялық жұмыстар жүргізген.
"Кез келген бір құрылым үшін ең күрделі кезең – қалыптасу кезеңі. Біз сіздермен бірге жұдырықтай жұмылып, бұл күрделі кезеңнен өттік.  Осы уақыт аралығында «Ауыл» партиясының іргесі бекіп, қанаты қатайып, қатары толықты", - деді Бектаев. 

Партия басшысының айтуынша, Съезд бағдарламасында "Ауыл" ХДПП Саяси кеңесінің 2015-2019 жылдары атқарған жұмыстарының есебі бойынша баяндама жасалады. Онда  партияның бағдарламалық мақсаттарын орындаудағы қызметі, атқарған жұмыстары туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынылады, партияның өңірлік филиалдарының жергілікті жерлердегі агроөнеркәсіптік кешен, әлеуметтік сала, ғылым және өндіріс мәселелері бойынша жұмыстары қызу талқыланатын болады. Сонымен бірге съезд делегаттары партияның бірнеше жаңа бастамаларын талқылайды.
Бектаев баяндамасында ауылдықтардың президенттің Ұлттық кеңес туралы идеясына үлес қосуға дайын екенін жеткізді.
"Біз еліміздегі «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің» құрылуын қолдаймыз. «Ауыл» партиясы  мұндай қоғамдық маңызы бар органның жұмысына өз үлесін қосуға қашан да дайын. Еліміздің тағдыршешті мәселелерін талқыға салатын «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі» сияқты маңызды құрылымның бастамаларынан тыс қалмауымыз керек", - дейді партия төрағасы, сенатор Әли Бектаев.
Партия төрағасы сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жер мәселесі туралы ойына қолдау бідірді.
"Мемлекет басшысы өз жолдауында «Жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мəселесі өте өзекті болып отыр. Жерге салынатын тікелей салықтар деңгейінің төмендігі жағдайды күрделендіре түсті. Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз жəне оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс» деп тайға таңба басқандай етіп атап көрсетті. «Ауыл» партиясы Президенттің бұл тапсырмасын толықтай қолдайды", деді партия басшысы.

Съезд жұмысы аясында партияның төрағасы сайланып, саяси кеңестің жаңа құрамы бекітіледі және партия Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі.  
"Ауыл" ХДПП XVI Съезі қарсаңында партияның 17 өңірлік филиалында есеп беру-сайлау конференциялары өткізілген болатын. Филиал төрағалары аудандық партия ұйымдарынан келген делегаттардың алдында филиалдың Саяси кеңесінің 2015-2019 жылдары атқарған жұмыстары жайлы есеп берді. Конференциялар аясында 17 өңірлік филиалдардың Саяси кеңесі мен төрағалары қайта сайланды. Төрағалардың басым көпшілігі жаңа мерзімге қайтадан сайланып, бекітілді.  Екі өңірде: Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы партия филиалының  төрағалары  ауысты. Бұл өңірлердегі филиалдарды аймақтың қоғамдық жұмыстарына белсенді қатысып жүрген, тәжірибелі, беделді адамдар басқаратын болады, - деді партия басшысы.