Ерлан Қаринің «Мемлекеттік және мемлекетшілдік» атты мақаласына қатысты бірқатар ойлар

Ерлан Қаринің «Мемлекеттік және мемлекетшілдік» атты мақаласына қатысты бірқатар ойлар
Ⓒtarlan.kz

Ұлттық идеологияны қоғамдағы әр азаматтың мақсат-мүддесімен ұштастырып, келісім тұрғысынан мойындалған, мейлінше түсінікті ұғымдарға негізделген кейіпте қалыптастыру – кез келген мемлекеттің стратегиялық міндеті, әрі парызы. Оның әр азаматының жан-дүниесінен қолдау табатындай, топтастуына себеп болатындай, оған күш-жігер бере алатындай әлеуеті ұрпақ сабақтастығына іргетас болуы тиіс.

Идеология бағытында істелген жұмыс аз емес, елдің біртұтастығын нығайтуда қыруар күш-жігер жұмылдырылды. Алайда осы бағытқа қатысты ел түкпірінде, әсіресе бірқатар аға буынның және жастар тарапынан сыни көзқарастың қалыптасқаны құпия емес. Жиірек кеңестік кезеңдегі идеологиялық жұмысты аргумент ретінде қолданатыны да рас. Осы істе жаңа серпінмен қатар, мазмұнында тың өзгеріс, сапалы бетбұрыстың қажеттілігі байқалады.

Осы тұста ҚР Президент кеңесшісі, белгілі саясаттанушы Ерлан Қариннің Жас Алаш газетінде «Мемлекеттік және мемлекетшілдік» атты жарық көрген мақаласынан мемлекеттің идеологиялық бағыттында қайта ретке келтірудің ой-пайымдарына куә болдық. Оның тезистерінің қызу талқыға түсіп, әлеуметтік желілерде түрлі ойлардың таралғаны рас. Осы себептен өз ойымды ортаға салуды жөн көрдім.

Мақаланың айрықша атай кететін бір ерекшелігі – қазақ тілді оқырманға бағытталып, басы ағына дейін ұлт зиялылары мен қоғам қайраткерлерінің ой-толғауларына негіздеп, мемлекет құраушы ұлтқа арналған ой-пайымдардың астарынан Қазақ Ұлтының бойынан терең өзгерістердің күткенінде.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қазіргі күнге дейін ұлттық идеяға қатысты пікірталастың тоқталмай, ортақ ұстанымның ұзақ уақыт бойы болмағандығы рас, осы сан алуан пайымдардың нүктесі – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық идея ретінде Мәңгілік Ел идеясын айқындауын мақаланың басында-ақ көрсетілді. Осы орайда автор жаңа жағдайда ұлттық саясатта Ұлттық идеяны толықтырып, мән-мағынасының кеңістігін кеңейте түсетін «Мемлекеттілік» және «Мемлекетшілдік» идеяларын бөліп шығарады.

Мақаладағы «Көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі қазақтың тарихы – ол ұлт болып ұйысудың, мемлекет болып қалыптасып, шындалудың тарихынан», яғни сақ-ғұн дәуірінен бастап қазақ мемлекеттілігінің дәстүрін ерекше айқындап, оның «кемел сипатты мемлекеттілікке жету жолындағы күрес жылнамасы ретінде бізді өткеніміз арқылы біріктіріп, мемлекеттілігімізді сақтауға жұмылдыру аясында бүгінгі қазақты, болашақтағы барша буынды ұрпақты ұйыстыру қажеттігі» ерекше аталып кетті.

Мемлекеттілік дәстүрімізді өзімізден бөлек өзгеге де қайта-қайта дәлелдеу, Қазақ хандығының, Алтын Орда мемлекетінің аталып өтілуі, кеңінен насихатталуы отансүйгіштікті сіңірте түсетіні анық. Тарихты қайта қарау одан әрі дамудың көкжиегін кеңейте түсетіні рас, себебі алдағы ұрпақты не күтіп тұрғанын нақты болжамдау мүмкін емес, тек мейлінше уақыт кеңістігінде мемлекеттілік дәстүрімізді мызғымастай нақтылау – міндетіміз!

Ішкі өзара мәмілеге келуден бас тартып, өз біртұтастығын жоғалтқан мемлекеттердің ащы тәжірибесінен бөлек қазіргі таңдағы кейбір топтар арасында әсірелиберализм, одан әрі либертаризм, әсіресе анархо-капитализмнің (М.Ротбард және т.б.) пайымдардың негізінде мемлекет институына сыни көзқарастардың кең таралуы, оның үстіне бірқатар трансұлттық компаниялардың (Apple, Samsung және т.б.) дамушы мемлекеттерді кірісі мен шартты түрде ЖІӨ бойынша анағұрлым артта қалдыруы, тіпті кейде ғарышты игеруде тұтастай алдыңғы қатарлы мемлекеттермен бәсекеге түсуі (SpaceX, Blue Origin, Virgin Galactic және т.б.) сынды жайттардың орын алуы мемлекеттілікті одан әрі нығайту қажеттілігін дәлелдей түседі.

Сондықтан да, ұлттың басты мақсаты – мемлекеттіліктің «бәрінен биік тұратын ортақ құндылық, ортақ саяси платформа» ретінде дами түсуі әрине өзімізге тікелей байланысты. Сондықтан да, ел азаматтарының тегіне, ұлтына, дініне, тіліне және саяси көзқарасына қарамастан ортақтастырып, ұйытатын әлеуетінен кез келген бастаманың «ең басты өлшемі» ретінде қалыптастыруы тағы да өзімізге байланысты.

Осы себептен де, мақаладағы «Қазақстан алып көршілермен бәсекеде санмен емес, тек сапамен ғана бәс таласа алады» деп аталуы Қазақ Ұлтының бойынан жаңа сапалық өзгерістерді меңзей түседі. Бұндай сапаның кілті ретінде «жауапкершілік, тиянақтылық, ұқыптылық» танып, осы үш қасиетті «қазақтың бойына сіңіру қажет» делінуі де осы мазмұнда. Мемлекет құраушы Ұлттың мықтылығы – оның бойындағы қасиеттерінде!

Осы қасиеттерді ұштастыра алатын «Мемлекетшілдік» – Ұлттың Ұлы қасиеті. «Мемлекетшілдік билікті қолдаумен немесе оған қарсы шығумен өлшенбейді. Мемлекетшілдік – ол қандай жағдай болмасын, ортақ мүддені, мемлекеттік мүддені бәрінен жоғары қоюы» деген тезистен мемлекет алдында әр азаматтың күш-жігерін шыңдай түсуін көрсетті. Сондай-ақ адам тек мемлекетке үшін ғана емес, мемлекет адам үшін өміршеңдігін дәлелдеуі қатар жүруі тиісті. Өз тарихымыздың ащы сабақтарына көз жүгіртсек, «мемлекеттің мақсат-мүддесі» үшін қаншама адамды құрбан еткенін көре аламыз. Қазіргі уақытта әлеуметтік әділеттілікке деген сұраныстың, одан қалды сыртқы миграцияның (2019 жылдың сегіз айы ішінде 30 мыңнан астам шетелге көшкен) өршее түсуі мемлекеттің адамға қарай бетбұрысының, өмір сапасын көтеруінің маңыздылығын көрсетеді.

«Мемлекеттілікті» сақтап, «мемлекетшілдікті» бойымызда қалыптастыру, әсіресе мемлекет нышандарына құрмет, оның ішінде Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілген егемендікті, зайырлы, әлеуметтік мемлекетті одан әрі дамыту қазіргі ұрпақ пен келешектің еншісінде. Мақаланың бойында қаралған және көтерілген әр сұрақтың өміршеңдігі мен маңыздылығы осында.

Аманғосов Еркебұлан Русланбекұлы,

Еуразиялық интеграция институты

Әлеуметтік зерттеулер орталығының бас сарапшысы.