Жаңа жолдау, жаңа міндет, жаңа үміт

Жаңа жолдау, жаңа міндет, жаңа үміт
Ⓒtarlan.kz


Күздің алғашқы жұмыс күні саяси оқиғаларға толы болды.
Қазақстан Республикасының екінші Президенті Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына бірінші жолдауы қоғамда қызу талқыға түсіп, сарапшылар арасында пікірталас тақырыбына айналды.
Мемлекет өз дамуының сапалы кезеңіне шығуы үшін жаңа міндеттерді айқындап, елдің өзекті мәселелерінде қажетті басымдықтарды болжамдай білуі керек.
Оның бірден-бір жолы – жалпыхалықтық жолдау.
Мемлекеттің міндеттері мен мүддесін сақтай отырып, халықтың мұқтажы мен елдің есебінен дөп шыға білу қиынның қиыны. Сеңдей қатып қалған жүйені шайқайтындай бағдарлама ұсыну қажырлы еңбекті талап етері сөзсіз.
Уақыт талабына сай ширыға шымырланған халық өзіне жаңаша көзқарас сұрауы заман талабы екендігін сезінген билік қоғамдық-саяси жаңғыруға түбегейлі бет бұрып, елдегі қордаланып қалған біраз түйткілді мәселелерге бел шеше кірісуде.
Мемлекеттің басты байлығы – адам деп есептеп, адами капиталға назар аударған мемлекеттер қазіргі таңда оқ бойы оза шабуда. Қазақстанның Ата заңында да солай жазылған. Қазіргі мемлекеттік саясаттың басымдығы да, бағдары да осыған бағыт алуы абзал.
Баспана, жұмыспен қамту, білім беру, қолжетімді де сапалы медицина сияқты адам өмірінің әлеуетін арттыратын көптеген мәселелер жаңа қарқынмен қолға алынуы керек.
Елімізде баспана мәселесі халық санының артуымен және урбанизация үдерісінің өсуімен өзектілігін арттыруда. Мемлекет тарапынан ұсынылған қыруар қаржы қолданушысына жете алмай, бағдарлама операторларының талан- таражына түсіп, жоқ болуда. Осы орайда Жолдамада айтылған зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана немесе білім алуға пайдалану туралы ұсынысты халық зор ықыласпен қарсы алды.
Бұған дейін де мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың әлеуметтік жағдайы төмен топтардың кепілсіз несиелерін мемлекет тарапынан бір реттік өтеп беру акциясын халық жылы қабылдаған болатын.
Жолдаудағы ұсынысты Президент Үкіметке жыл соңына дейін пысықтауды тапсырды. Осы ретте аталмыш мәселеге қосарымыз мемлекеттік бағдарлама аясында ипотекасын ресімдеген немесе ақылы білім алып жүрген әлеуметтік топтардың да үміттері Үкімет назарынан тыс қалмаса қоғамға тиімді болар еді.
Сөз соңында айтарымыз елімізде әлеуметтік саясат барған сайын нығая түсуде, бұл әрине қуанарлық жәйт. Халық сапалы өзгерістерді күтуде, осы Жолдау – қоғамда қалыптасқан өзекті мәселелерді шешуге бағытталған бірден-бір құжат боларына халық сенімі мол.

Базаров Дәурен Ермекұлы, Еуразиялық Интеграция Институты, Ғылыми-әдістемелік секторының жетекшісі, PhD.