Жетісудағы Алаш әскері: Біз білмейтін батырлар

Жетісудағы Алаш әскері: Біз білмейтін батырлар
Ⓒtarlan.kz

1918-1920 жылдары болған азаматтық соғыстың Қазақстан тарихындағы беттері әлі күнге дейін толық зерделенбеген, көптеген ақтаңдақтарға толы. Тарихқа «азаматтық соғыс» деген атпен кірген соғысқа қазақтардың яғни Алашорда әскерінің «Ақ әскер» құрамында, адмирал Колчак  жағында болып, шайқастарға қатысқаны туралы көпшілік әлі біле бермейді.

1918 жылы коммунистер билікке келгенде Алашордашылар большевиктерге қарсы лагерге өтті. Ал олардың жақын одақтасы казактар болды. Орал, Орынбор және Сібір казактарымен уағдаластыққа қол қойылды. Әуелде казактар Алашорданың құрылып жатқан милиция жасағы үшін нұсқаушы болды. Әр аймақта соның ішінде Батыс Қазақстанда - Жымпитыда, Қостанайда, Торғайда, Атбасарда құрылған милиция бөлімдері негізінде Алаш жасақтары құрылды. 1918 жылдың басында Семей қаласында 200-ден астам адамнан тұратын Алаш милициясы құрылып оған нұсқаушылар болып есаул Машинский басқарған жергілікті казактар тағайындалды.

Қазірге кезде Алаш әскеріне құрамының тізімін Қазақстан мен Ресейдің мұрағат қорларында табылған құжаттар негізінде қалпына келтіру жолында ізденіс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен Жетісу майданына қатысқан 800-ге жуық Алаш сарбаздарының есімін анықталды. Олардың ұрпақтарының көпшілігі ата-бабалары қолына қару алып, өз жерін большевиктерден қорғаған Алаш әскерінің жауынгерлері болғанын білмейді. Сол кездегі қазақтың жас жігіттері Алашорда көшбасшыларының және белсенділерінің шақыруы бойынша Алаш идеясына және өз елін, жерін қорғау үшін қолына қару алды. Әскери қызметке «қызыл лаңкестен» сақтану мақсатында әрі жаңа биліктен қорыққандарынан әскери қызметке барып жатты. Кейбіреулері қызыл жасақтардың қолынан қаза тапқан жақындарының өлімі үшін кек алу ниетімен, енді біреулері ақша табу үшін материалдық мүддемен де әскер қатарын толықтырып жатты.

Ресей мемлекеттік әскери мұрағатындағы «Ақ әскер» қорында жауынгерлер мен офицерлердің тізімі көрсетілген құжаттардың аз ғана бөлігі сақталған. Ал жігіттерді әскерге кім шақырғаны, бөлімдерді кім қалыптастырғаны жөнінде ешбір мәлімет жоқ. Белгіленген тәртіпке сәйкес, Алашорда мен Сібір үкіметі арасындағы уағдаластық бойынша азаматтарды жұмылдырып, бөлімдерді құру ісімен тікелей Алашорда көшбасшылары және белсенділер айналысты. Әр Алаш жүздігін, эскадронын, жасағын, полкін құру басында кім тұрғаны туралы құжаттар әлі толық анықталмады. Ол жөнінде тек сол кездегі газеттердің жекелеген үзіндісі, құжаттардағы естеліктер мен сирек шолулар ғана бар.

Жетісудағы Алаш әскери құрылымдары

Жетісудағы Алаш әскерінің тарихы да өзге өңірлердегідей милиция жасақтарын құрудан басталды. 1918 жылы Верный қаласындағы алғашқы Жетісу облыстық қазақ съезінде милиция жасақтарын құру мәселесі қаралды. Алашорда милициясын құру И.Жайнақовқа, О.Әлжановқа және С. Сатылғановқа тапсырылды. О.Әлжанов уездік комиссардың орынбасары ретінде Лепсі уездік милициясын құру үшін қаражат бөлу туралы өтінішпен Жетісу облысы басшысы Шкапскийге ресми түрде қайырылған. М. Дулатовтың естелігінде Шкапский қазынадан 500 000 рубль қаражат бөлгені, оны О.Әлжанов Лепсі қазынашылығына тапсырғаны кейін ақшаны большевиктер ұрлап кеткенін айтады.

          Отыншы Әлжановтың басшылығымен Лепсі уезінің милиция жасағы базасында шамамен құрамында 300 әскері бар Алаш жасағы құрылды. Алайда қару-жарақ пен әскери киім-кешектің жетіспеуіне байланысты жасақ Мамонтовтың жасағымен тікелей соғысқа шықпай, Мақаншы мен Бақты жаққа шегінген. Жасаққа жас қазақ гимназистері, орыс тілін білетін мұғалімдер тартылған, бірақ әскери нұсқаушылар болмаған.  Әлжанов өз жасағымен Бақтыға келіп онда жергілікті казактардың қолдауымен жауынгерлік дайындықтан өткен.

Семей және Жетісу өңірінде алаш әскерін құруға, жігіттерді әскерге жұмылдыруға басқа да Алаш партиясының белсенділері – Садық Аманжолов, Рамазан Марсеков, Базарбай Мәметов, Нүсіпбек Жақыппаев, Жұмахан Күдерин, Қожамсейіт Ниязов, Мырзахан және Керімбай Төлебаевтар, Кеңсеба Үмбетбаев және басқалары белсене жұмыс істеді. Бұлардың өздері де әскер қатарында болғаны туралы деректер кездеседі. Мысалы, Кеңсаба Үмбетбаевқа хорунжий атағы берілген.

Алаш әскери жасағын құру да Жетісу облыстық Алашорда кеңесі  Қытайдың Шәуешек қаласындағы Сібір үкіметінің консулы Долбежев, Жетісу облысының басқарушысы Балабановпен бірлесе отырып айналысты. Ел ішінен азаматтарды әскери қызметке шақыруды жергілікті болыстық атқарушы комитет арқылы жергілікті уездік кеңес жүргізді. Әскерге алынған жігіттер толық киім-кешегімен, ат әбзелімен жабдықталған мініс атпен қабылдау пунктіне ұсынылуы тиіс болды. Жүздіктер құрылғаннан кейін еріктілер ретінде алынғандар ақ әскердің тұрақты және партизандық қосындарының құрамына «Сібір казак полкінің штаты» бойынша кіргізілді де барлық ризық түрлері (азықпен, шаймен, темекімен және ақшалай қамтамасыз ету) берілді. Еріктілер жүздігіне әскери қызметке алынған бойдақтарға айына – 60 рубль, үйленгендерге – 160 рубль төленді.

Қазіргі таңда мұрағаттан табылған құжаттардан біз Жетісу майданында құрылған алғашқы Алаш жүздігінің төмендегідей командирлер тізімін анықтадық: Н.Д.Кольц - әскер старшинасы, «Сергиополь жүздігінің» командирі, Гилев - подъесаул, «3-ші Сергиополь Алаш жүздігінің» командирі, Ступин - прапорщик, «Алаш жүздігінің» командирі, Полторацкий - есаул, «1-ші Бақты Алаш жүздігінің» командирі, Легостаев - хорунжий, «2-ші Үржар Алаш жүздігінің» командирі, Лютик - штабс-капитан, «Ақсу Алаш жүздігінің» командирі, И.Л. Белянин - поручик, Үшарал алаш жүздігінің командирі; Хлыновский - аға урядник, «Сергиополь алаш жүздігінің» командирі.

Бірінші Алаш әскери дала полкі

Семей қаласында большевиктерді құлатудың сәтсіз әрекетінен соң Алаш жасағы 1918 жылдың 17 мамырында Сор шатқалына көшті. 23 мамырда алаштықтар астыртын ұйымның жасырын жүрген 35 орыс офицерінің қазақ даласына қашуына жәрдем жасады. Олар Алаш жасағын дайындау жұмыстарымен айналысты. Кадрлық офицерлер  бір ай бойы Алаш жасағының жігіттерін оқытты. Жасақ үш жүздікке, жүздік взводтарға бөлініп, командирлер тағайындалды. Жасақ түзеліп, полк құрылымына айналды. Жасақ командирі болып Омбы қаласынан келген, кадрлық офицер, бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысушысы капитан Хамит Тоқтамышев тағайындалды. Ал қалған командалық және нұсқаушы лауазымдарына астыртын ұйым мүшелері ие болды.

10 маусымда Семей коммунистері жағдайларының нашарлағанын біліп, Барнауылға шегінді. 19 маусымда Алаш жасағы атқыштар взводымен, пулеметші командасымен бірге есауыл Машинскийдің жалпы қолбасшылығымен Семейден Барнауыл майданына шегінген қызылдардың ізіне түсуге жіберілді.  Ол жорық туралы «Сарыарқа» газеті былай деп жазды: «Алтай губерниясы бағыты бойынша большевиктердің ізіне түскен алаш жасағы 17 шілдеде сәтті оралды. Осы жасақ 52 қазақ бен 21 офицерден тұрды. Жасақ басшылары Тұрағыл Абаев, Биахмет Сәрсенов, Қаражан Үкібаев, Тоқтар Бегметов, Ғабдолла Қаскеев және басқа да мырзалар болды. Батыл дала жастары көптеген большевиктермен бірнеше рет күреске шықты, соңғылары қысымға шыдай алмай, қаша бастады. Тұрағылдың айтуы бойынша, қазақ жастары күресе алған, қорықпаған. Күрес кезінде  "Алаш" сөзін айтқанда өз өмірлерін ұмытқан. Большевиктер жағынан үшеуі өлтірілген, екеуі жараланған, 11-і қамауға алынып, бізде 8 ат, шамамен ақшалай 100 рубль және көп қару қалған. Қамауға алынғандар арасында Қазиді өлтірген большевик бар. Момынжан большевиктің басын шапқан. Алаш жасағы бір адамды жоғалтқан. Қайта оралған жасақтың рухы көтеріңкі».

1918 жылғы тамыз бен қыркүйекте Семейдегі Алаш жасағы полк мәртебесін алып, әскери даярлықпен, оқумен, саптық дайындықпен белсенді түрде айналысты. Сонымен қатар полк негізінде білімді қазақтар қатарынан кіші офицерлердің (вахмистрлердің) даярлығы өтті. Кіші офицерлердің жетіспеушілігінен «Свободная Речь» газетінде мынадай хабарландыру шықты: «1-ші Алаш атты әскер дала полкіне вахмистрлер мен взвод командирлері лауазымдарына вахмистрлер (артиллерия фельдфебельдері),  кавалерия және артиллерия унтер-офицерлері қажет. Вахмистр жалақысы айына 300 руб., Аға унтер офицеріне 250 руб., кіші унтер офицеріне 200 руб., отбасына деген үлес айына 100 руб. Полк штабына хабарласыңыз: Алаш қаласы, Береговой және Ертіс көшесінің қиылысы».

Алашорда мен Уақытша Сібір үкіметі арақатынасы ашық анықталмағандықтан, нақтырақ айтқанда Уақытша Сібір үкіметі Алашордаға сенім білдірмегендіктен Алаш полкін ұстау және жаңа полкті ашу мәселесі созыла бастады. Соған қарамастан Сібір үкіметі Алашорданың большевиктерге қарсы әсіресе жауынгерлік операцияларға қарсы мүмкіндіктерін пайдалануға қызығушылық танытты.

Адмирал Колчак  және 2-ші Алаш полкі

1918 жылдың 12-22 қазан аралығында Адмирал Колчактің тапсырмасымен 2-ші Дала Сібір корпусының командирі генерал-майор Матковскийді Жетісу майданына болды. Ол бөлімдерді қарау және Алаш әскери бөлімдері мен  бөлімшелері бойынша соңғы шешім қабылдау үшін арнайы жіберілген еді. Матковский 12 қазанда Семей қаласына ағылшынның төтенше уәкілі сэр Элиотпен бірге келді. Корпус командирі 1-ші Алаш полкін 5-ші Сібір атқыштар дивизиясына қосуға, бұл ретте полк атауын «1-ші Қазақ атты әскер полкі» атауына өзгертіп, оны дивизия басшылығына толық бағындыруға шешім қабылдады – «Қазақ атты әскер полкі жақын күндері майданға аттандырып, дивизиялық атты әскер ретінде жұмыс атқару үшін 5-ші Атқыштар дивизиясына уақытша қосылды».

Полк командирі болып Хамит Тоқтамышевтың орнына әскери старшина Н.Д.Кольц  тағайындалды. Эскадрон командирлері болып: 1-ші эскадронда – штабс-капитан Е.Г.Попов. 2-ші эскадронда – штабс-капитан М.А.Рыбин тағайындалды. Рыбинді ауыстырғаннан кейін командир болып А.М.Зароастров тағайындалды. 3-ші эскадронда – корнет Вишняков болды.

Сібір 5-ші атқыштар дивизиясында 1919 жылғы 16 қазанда Алашорда әскери кеңесінің белсенді араласуымен 2-ші қазақ әскери полкі құрылды. Оған басшы болып бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, Жетісуда туған подполковник Ғали Самұратбеков тағайындалды.

Атаман Анненков әскеріндегі үш Алаш полкі

Жаңадан келген атаман Б.Анненков басқаша әрекет етті. Ол керісінше, өз жасағын толықтырудың кез келген мүмкіндігін қалт жібермеді. Оның жасағында татар, башқұрт бөлімшелері, 2 қытай ротасы мен 2 ауған және парсы ротасынан тұратын шетел батальоны болды. Семейде ол Алашорданың қазақ бөлімдерін құру туралы ниетін қолдап, бастамашылықты өз қолына алды. Капитан Тоқтамышевқа «Партизандық Қазақ атты әскер полкін» құру тапсырылды. 5-ші Сібір дивизиясының 1-ші Қазақ әскери полкінің құрамына кірмегендерді Тоқтамышев өз жасағына алды. Бұл туралы «Сарыарқа» газетінде (№ 65) тиісті бұйрық мәтіні жарияланды: «атаман Анненковтың батыл жігіттер қатарынан 1-ші Қазақ полкін құру туралы № 180 бұйрығы, 3-тармақ: Менің басқаруыма келген артиллерия капитаны Тоқтамышевқа айбынды Қазақ полкін құруды бұйырамын! Оған бірінші кезекте орыс тілін меңгерген қазақтар кіру қажет. Сондай-ақ офицерлік мектеп ұйымдастырсын! Осындай полк құру майдан күшін толықтыру үшін аса қажет. Сонымен бірге қазақтардың жалынды ниеттерін орындайтын кез келді. Себебі  олардың майданда туған жерін қорғау үшін жауын жойып батылдық көрсетуге деген ұмтылысын бәрі де біледі. Олар Жетісуда большевиктердің күл-талқанын шығаруға дайын. Бірінші Қазақ полкі бұйрыққа сөзсіз бағыну, тәртіптілік ұстанымымен ұйымдастырылады. Оқыту – казак үлгісі бойынша. Батыл жігіттер қызметтен бас тартпауы қажет. Ал ауылдардағы ақсақалдар мен мырзалар олардың шайқасқа баруына қарсы болмауы керек».

1-ші Қазақ полкінің командирі болып Тоқтамышев, орынбасарлыққа «Алаш Дала жасағы» 3-ші эскадронының бұрынғы командирі штаб-ротмистр Высоцкий тағайындалды. Жүздік командирлері: 1-ші жүздіктің командирі хорунжий Мартемьянов, 3-ші жүздіктің командир поручик Спасский, 4-ші жүздіктің командирі подпоручик Сайфуллин Құрбанғали, командир міндетін атқарушы поручик Бобырев, шаруашылық бөлімнің бастығы прапорщик М.Г.Шидловский болып тағайындалды.

Сондай-ақ Алашорда көшбасшыларының жұбайлары Елена Бөкейханова мен Гүлбахрам Тынышпаеваның көмегімен қазақ және татар әйелдері аз уақыт ішінде полк әскерлеріне 1000 жейде мен жылы киім тігіп берді.

1919 жылдың 11-маусымында Партизан дивизиясы бойынша бұйрықпен 1-ші Партизандық казак полкінің негізінде 2-ші Алаш полкі құрылды. Командир болып есаул Николаев қалдырылды. Өкінішке қарай, бұл полк жайында құжаттар әлі табылмады.

1919 жылдың 11 маусымында сол бұйрықпен Алашорда көшбасшылары армандаған 1-ші және 2-ші Қазақ партизандық атты әскер полктерінің Алаш атты бригадасынан – «Қазақ жеке бригадасы» құрылды. Бригада командирі болып капитан Тоқтамышев, ал «1-ші Қазақ партизандық атты әскер полкінің» командирі болып штаб-ротмистр Высоцкий тағайындалды. Бригада штабы Семей қаласында болды. Кейіннен Тоқтамышевқа полковник атағы берілді.

1919 жылы қыркүйекте «3-ші Қазақ партизандық атты әскер полкі» құрылды. Командирі болып Үшарал гарнизонының басшысы, Алаш жүздігінің командирі поручик И.Л.Белянин тағайындалды. Полк командирінің көмекшісі болып есаул Мартемьянов, 1-ші жүздік командирі болып С.В. Сололихин тағайындалды.

1919 жылдың 1 қазанында Сібір корпусының командирі бұйрығымен, Алаш жігіттерін оқытып дайындайтын арнайы 4 эскадрондық құрамы негізінде “Алаштық Қазақ Кадрлық полкі” құрылды. Полктің штаб-пәтері мен екі жүздігі Зайсан қаласында, ал екі жүздігі – Көкпектіде орналасты. Еріктілерді іріктеу Алашорда аймақтық кеңесі арқылы тағайындалған өкіл арқылы жүзеге асырылды. Алашорданың облыстық кеңесінің құзіретіне еріктілерді жалдауға жүз мың рубль көлемінде алдын ала көмек көрсетілді. Полк командирі болып 2-ші Партизан Қазақ полкінің штаб-ротмистрі, ұлты татар, Нигматулов тағайындалды.

Бұдан басқа «Құлжа жеке бригадасын» құру үшін Құлжаға іссапарға жіберілген полковник Сидоров жасағында Бригада Штабының бастығы болып кадр офицері, Нарын уезінің бұрынғы комиссары, Алашорда үкіметінің мүшелігіне кандидат, капитан Бекімов Молданияз  тағайындалды.

Ақ әскерлер құрамында полк молдасының болуына ресми түрде рұқсат етілгенін атап өткен жөн. Бұл жөнінде Корпус бойынша арнайы бұйрық қабылданып, онда: «Қазақ полктері жігіттерінің діни-ождандық қажеттіліктері үшін дін басыларын (молдаларды) қазынадан күтіп-ұстауға қаражат бөле отырып, оларды шақыртуға рұқсат етемін» делінген. Сонымен қатар әскер құрамына атаман Дутовтың Оренбург әскерінің бір бөлігі кірді. Әскерді басқарған генерал Анненков үш Қазақ полктерінің және Іле ұйғырлар полкінің негізінде Жергілікті (Туземная) дивизияны құруды жоспарлаған. Ал полковник Яо Тай Джу басқарған Манжур әскери бригадасының құрамына Құлжадағы қазақтар мен қалмақтардан құралған “Қазақ-Қалмақ атты әскер полкі” кірді.

          Семей және Жетісу өңіріндегі Алаш әскерінің құрылу тарихына, басшылығына осылайша қысқаша шолу жасадық. Әскери қимылдар мен Алаш әскерінің тағдыры туралы алдағы мақалаларда кеңінен жазамыз. Айтарымыз, Алашорданың әскери мұрасы әлі де зерттеуді қажет етеді. Соның ішінде ел арасында қалған естеліктерді жинау, Алаш әскері қаһармандарының есімдерін қайтарып, ұрпақтарын табу қажеттігін де баса айтқымыз келеді.

Берік Әбдіғалиұлы,

“Қасиетті Қазақстан”

ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі

"Жас алаш" газеті, 4 желтоқсан, 2018 жыл.