Жолжазба. Сарыарқадан Қызыл алаңға дейін

Жолжазба. Сарыарқадан Қызыл алаңға дейін
Ⓒtarlan.kz

Мәскеуге неге бардым?

10 қараша күні Мәскеуге жолым түсті. 27 жас қазақ тарихымен етене тығыз қаланы көруге тым кеш те шығар. Осы мезгіл нәсіп болды. Одан үш күн бұрын Астанадан Қызылжарға 8-9 күндері өткен Қазақстан-Ресей XV ынтымақтастық форумына барғанмын. Туризмді негізгі тақырып еткен форум аясында екі ел бірқанша меморандумға қол қойды. Путин бірнеше губернаторын, министрін ертіп келген форумға журналистік қызмет көрсеттік. Петропавлға баратыным анық болғанымен Мәскеу жоспарда болмаған.  Мәскеуге барғым келетін өтінішті тек 7 қараша күні Берік Әбдіғалиұлына айтып, мақұлдауын алдым.

Nurgali Nurtay

Қызылжар-Омбы

Петропавлдан Астанаға қайтып келіп, Астанадан Ресей асамын деп ойлағанмын. Алайда, ұшақ билеті қатты қымбат болды да, одан үш есе арзан Омбы-Мәскеу бағытына билет алып, сенбі таңмен Қызылжардан Омбыға таксимен жолға шықтым.

Shekara

Есілкөл кеден бекеті қызметкерлері көп ұстаған жоқ. Тез-ақ өттік. Алайда қара күзде Сібірдің күні қысқа. Таңмен шықсам да Омбының әуежайына түс ауа екіде жеттім. Көп айланбай көтерілген ұшақ Мәскеуге жергілікті уақытымен төртке он минут қалғанда қонды.

Пашинянның ауылдасына шаш кестірдім

Шереметьево әуежайынан түскен соң жақын тұрған шағын аудан Химикиге бардым. Көйлек-шалбар үтіктетіп, өне бойымды түзеп алайын деген едім. Таксистің айнасынан ербиіңкіреп қалған шашым жаман көрінді де, алдымен шаш қидырып алуға бекіндім. Қырықтың жуан ортасындағы армиян келіншек қайшысын айналдыра жүріп көп әңгіме айтты. Иджеванда Никол Воваевичпен бір мектепте оқып, бір ауданда өскенін айтқан ол халықтың саясаткер Пашинянға сенімі зор екенін айтты. Никол өзінен екі жас кіші, әрі әкесі мектепте өздеріне дене тәрбиеден сабақ бергенін еске алды. Біраз саяси әңгімеден соң кофе беруді де ұмытпады.

Алғашқы әсер

Қалған отеліміз Хилтон Ленинградская. Атауы бір түрлі үйлеспесе де орны жақсы. Жанында төрт бірдей вокзал: Қазан, Ленинград, Яраславчкая, Каланчевская вокзалдары бар. Осы Қазан вокзалына тоқтайды екен ертеректе Орта Азиядан келетін пойыздар. Оған қоса бұл жерде Комсомольская метросы бар. Жексенбі күні Академик Сахаров даңғылымен төмен бойлап, Сретенский бульварымен Лубянкаға ауыстық та Кремль алаңына бардық. Шындығын айтқанда Мәскеудің қақ төрі, тас қамал тарихи ғаимарат бір басқа. Бірақ жат жерге келдім дейтін сезім бір басқа. Ресейге алғаш барсам да шетелге келгендей әсер алмадым. Бұл мүмкін советтік жүйенің мықтап орнығып, постсоветтік ел ретінде қызылдардың таңбасы мен жүйесінен толық арыла қоймағанымыздан шығар.

Qyzyl alang

Ардақтылардың ақырғы аялдамалары

«Қасиетті Қазақстан» делегациясының ресми іс сапары Дон қабірстанындағы Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның, Нығмет Нұрмақұлының және басқа да репрессия құрпандарының қабіріне құран бағыштауымен бастады. Дон қабірстаны Кремльден батыс оңтүстікке қарай 3-4 км ғана қашықтықта орналасыпты. Осында келгенде тылсым күш бойды кернеп кетті...

Одан қайтар жолда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов 1931-1934 жылдары тұрған Покровский бульвары, 14-үйге (5-пәтер) орнатылған ескерткіш тақтаны көріп, суретке түстік.

Ваганьковское қабірстанына Ғани Мұратбаев жерленген қабірстанға да бардық. Бұл да Кремльден солтүстікке 4-5 км алыста, аса қашық емес жерде.

Кешке Кремль түбіндегі үлкен Кисловский көшесі, 4 үйді, осындағы Әлихан Бөйкейхан ғұмыр кешкен 4 қабаттағы 15 пәтерді есік сыртынан көрдік.

Әлихан Бөкейхан тұрған үй[/caption]

15 қараша күні Жаһанша Досмұхамедұлы жатқан Бутов полигонында, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожановтар жерленген Коммунарка полигонында болдық. Бұл екі полигон да қаланың оңтүстік сыртында орманды алаңда орналасқан.

Елшілікте ешкімде жоқ музей ашылып жатыр

Біз түскі уақытта Ресейдегі елшілігіміздің іргесіндегі, Чистопрудный бульварында орнатылған Абай атамыздың да ескерткішін көрдік.

1980 жылғы Мәскеу олимпиядасы қарсаңында Дінмұхаммед Қонаев салдырған қонақ үй - бүгінгі салтанаты келіскен елшілік ғимаратымен таныстық. Елшінің өзі қабылдап, екі елдің тарихи және мәдени байланысы туралы көп сөз қозғады. Елшілікте Тұңғыш президент пайдаланған жұмыс кабинет және арнайы зал музейге айналған. Музейде қазақ-орыс халықаралық қатынасына байланысты 1905 жылдан бастап 4 реткі Госдумаға сайланған қазақтар, Мәскеуде қызмет еткен, репрессияға ұшыраған Алаш қайраткерлері туралы және екі елдің арасындағы қарым-қатынасқа арналған жәдігерлер бар. Оған қоса елшілік ВДНХ көрмесіндегі 1936 жылы салынған Қазақстан павильонын қалпына келтіру жұмысын жүргізіп жатыр. Ол қазақстандықтардың Мәскеудегі рухани орталығына айналмақ. Ал, Петерборда Әлия Молдағұлованың ескерткішін қою жоспарланған.

Мәскеудегі студенттермен кездесу

Сейсенбі күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шетелдегі қазақстандықтарға байланысты киелі нысандарды анықтайтын, Ресейге келген этно-мәдени экспедициямыз Мәскеудегі магистрант, докторант студенттермен кездесті.

Кездесу барысында осындағы отандастарымыздың қоғамдық өмірі, Ресей-Қазақстан арасындағы тарихи, мәдени байланыстар талқыланды. Жастар саясаттанушы, тарихшы ғалым Берік Әбдіғалиұлына сауалдарын қойды.

Ресейдегі елшілігіміз берген деректерге сай Мәскеуде 12 мыңға жуық, жалпы Ресейде 70 мың шамасы отандастарымыз оқиды. Қазақстаннан ең көп студент келген ел Ресей. Осыншама студенттердің басын біріктіріп, әлеуметтік мәселелерін шешіп, қоғамдық жұмыстар жасап жүрген ұйымдар бар. Соның бірі Қазыбек Дәуітәлі, Нұрлан Асқар ағаларымыз басы қасында жүрген «Қазақ жолы». Енді бірі Мұхтар бауырымыз жарты ғасырда қайта жаңғыртқан «Жас тұлпар». Бұл ұйымның қазақстандықтар оқитын барлық қалада комитеттері бар.

Қасымов қаласы

Мұхтар Мағауин жазған Аласапыранды 10 жыл бұрын оқыған едік. 14 қарашада сонда жиі аталатын Хан-кермен Қасымов қаласын көрдік. Барған себебіміз сонда Оразмұхамед сұлтан жерленген. Қала ортасында көше мешіт, қазіргі музей, тарихтағы хан мешітіне алдымен бас сұғып, 100 сомнан беріп мұнарасына шықтық. Иіріле аққан Ока өзені айнадай жалтырап жатыр.

Қаланың оңтүстігіндегі Уланова Гора ауылының жанында Яблоневый сад деп аталатын алаңқайда мұсылмандар зираты бар.

Қызыл кірпіштен тұрғызған кесене ішінде тарихшы Қадырғали Жалайриға ұрпақтары 2005 жылы ескерткіш тас қойған. Алайда, хан тұқымы Оразмұхаммедтің нақты қайда жерленгені белгісіз.

Соғыс қасіретін сезіну

Экспедицияның соңғы күні Экспедиция Тверь облысы, Ржов қаласында және Оленин ауданының Молодой Туд ауылында болып Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан аталарымыздың рухына құран бағыштап, қойылған ескерткіштермен танысты. Мыңдаған құрбандар мен қаһармандарға тіптен Молодой Туд ауылында музей ашылған.

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығының 12-16 қараша арасындағы Мәскеу қаласында қазақ халқының тарихына байланысты маңызы бар орындарды анықтайтын экспедициясының алғашқы кезеңгі жұмысы бүгін Дубосеководағы соғыс құрбандарына қойылған ескерткішке тағзым етумен аяқталды. Осы күні Панфиловшылар жеңісіне 77 жыл толған екен.

Экспедицияға ҚР Мәдениет және Спорт министрлігі мен ҚР РФ-дағы Елшілігі қолдау көрсетті.

Экспедиция Ресейде болған күндерде, 12 қараша күні жақындары жиналып, Мәскеуде Кремльден аса алыс емес жерде, Лестева, 19, строение 1. Мекенжайында  Жаһанша Досмұхамедұлы тұрған үйге ескерткіш тақта орнатыпты. Кетер күні ғана хабардар болған экспедицияның жолы түспеді.

Әлбетте, Мәскеуде бұдан басқа да қазақ тарихына қатысты маңызды нысандар бар екені анық. Сондай-ақ, Ресейдің Алтай, Омбы, Томбы, Челябі, Новосібір, Түмен, Орынбор, Уфа, Қазан, Астрахан, Самара, Петербор өңірлеріне, оған қоса Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде қазақ әскерлері ұрыста болған шептерге кешенді ғылыми экспедиция жасақтауды талап етеді.

Омбы

Бір заманда Омбы қаласы дала қазағына білім беріп, Омбы жері Қазақстандағы ашаршылықтан босқан қандастарымызға пана болғанын тарихтан білеміз. Сегіз сері, Шоқан Уәлиханов, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Айдархан Тұрлыбайұлы, Ережеп Итбайұлы, Жақып Ақпайұлы, Отыншы Әлжанұлы, Мұқан Айтпенұлы, Райымжан Марсекұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Сәкен Сейфоллаұлы, Нығмет Нұрмақұлы, Бекмұхаммед Серкебайұлы, Асылбек Сейітұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Шайбай Айманұлы, Дінше Әділұлы, Смағұл Садуақасұлы, Мұхтар Саматұлы, Бірмұхаммед Айбасұлы, Жұмабай Шаяхметов, Шапық Шокин, Пазыл Кәрібжанов, Балташ Тұрсынбаев, Жәнібек Кәрібжанов, Сейілбек Исаев, Шәбкен Бектұров және өзге де көптеген қазақ халқының біртуар мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, көрнекті ғалым азаматтарының есімі Омбымен тағдырлас. Олардың біразы Омбы жерінде туып-өссе, көбі сонда білім алып, қызмет істеді.

17 қараша күні Омбыға қайта ұшып келгенімде сондағы консулдық қарсы алды.  Вице-консул Асламбек Дайыр Омбының тарихи нысандарын көрсетті. Әлбетте оның бірі Шоқан Уәлиханов оқыған кадет корпусы. Ал, Омбыдағы Қазақстан консулдығы орналасқан көшеге Шоқан Уәлихановтың аты берілген. Әрі ескерткіш мүсіні орнатылған.

Қонақжайлық көрсетіп қабылдаған Қонысбек Арғынғазыұлы Жүсіпбековпен таныстым. Ресейде Астраханнан кейінгі ең көп қазақ диаспорасы орналасқан өңір Омбы. 100 мыңға жақын қандасымыз осы өңірде. Алтай, Новосібір, Кемеров, Томбы, Түмен сияқты 9 округты қамтитын консулдығымыздың жұмысы қаурыт. Бұл аймақта 21 мың қазақстандық студент білім алады. Омбыда жүргені 6300-дей. Жергілікті диаспорада 9 тіркелген, 1 тіркелмеген жиыны 10 қоғамдық ұйым бар. Жүсіпбеков өңір басшысы Александр Бурковпен ассоцияға қаладан ғимарат беру туралы келісім жасаған. Бұйырса жақын уақытта Омбы қазақтарының мәдени орталығы ашылады. Онда тіл орталығы, музей, наурыз мерекесі сияқты жиын-той өткізетін ресторан жұмыс істейтін болады.

Республика аумағынан тыс жерлердегі ұлт тарихына қатысы бар нысандарды зерттеу-сараптауды қолға алған экспедициямыз Алла амандық берсе келер жазда Алтайдан Петерборға дейін жүріп өтеді. Консулдық барынша қолдау білдіріп отыр.

Сөз соңында

Ресейге Рух іздеп келіп, рухтанып кетіп барам. Бұйыртса із суытпай қайта оралармын.

 

Нұрғали Нұртай

Астана-Петропавл-Омбы-Мәскеу-Рязань-Мәскеу-Тверь-Мәскеу-Омбы-Астана