Президент Үкімет басшысын, Бас прокурорды және Ішкі істер министрін қабылдады

Президент Үкімет басшысын, Бас прокурорды және Ішкі істер министрін қабылдады
Ⓒtarlan.kz

Бүгін мемлекет басшысы Жамбыл облысы Қордай ауданында болған оқиғаның салдарын жоюға байланысты бірнеше жоғары шендіні қабылдады.

Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов Тоқаевқа Жамбыл облысы Қордай ауданында болған оқиғаға байланысты құрылған ведомствоаралық жедел тергеу тобының жұмысы туралы баяндады.

Мемлекет басшысы Бас прокурорға тергеу жұмыстарының әділ әрі жан-жақты жүргізілуін, қабылданған барлық шешімдердің заңды болуын және кінәлілердің жазасыз қалмауын қамтамасыз етуді тапсырды.

Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдауында Премьер-Министр Президентке Жамбыл облысы Қордай ауданында болған оқиғаның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссияның жұмыстары туралы айтты.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жағдайды тұрақтандыруға байланысты қабылданып жатқан шаралар жайында есебін тыңдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев министрге облыстағы ахуалды қатаң бақылауға алып, азаматтардың қауіпсіздігіне және еліміздің абыройына нұқсан келтіретін осындай оқиғаларға жол бермеу мақсатында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырды.

Қоғамдық тәртіпті бұзып, кісі өліміне және дүние-мүліктің бүлінуіне әкеп соқтырған бұзақылар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуы тиіс.

Айта кететін болсақ, бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметовке Жамбыл облысы, Қордай ауданында кісі өліміне, тұрғын үйлердің қирап, азаматтардың дүние-мүліктерінің бүлінуіне әкеп соқтырған оқиғаға байланысты облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары С.Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Б.Байтөлені жұмыстарына салғырт қарағаны үшін қызметінен босатуды тапсырды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ҚР Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевқа Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы А.Оразалиевті және Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы А.Айқымбековті қызметінен алуды тапсырды.