Құмар ойыннан қорғайтын заң күшеюі керек

Құмар ойыннан қорғайтын заң күшеюі керек
Ⓒtarlan.kz

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында Балаларды және кәнігі құмарпаздарды ойынға тартқан заңды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі көтерілді. Нақты айтсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңнамаға осындай өзгерістер мен түзетулер енгізуді тапсырған болатын. Бұл проблеманың Ұлттық кеңес деңгейінде көтеріліп отыруы тегін емес.

2019 жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құмар ойындарды жарнамалайтын 67 сайттың ел аумағындағы қызметін бұғаттаған болатын. Ойын бизнесін реттейтін заңның 6-бабы бойынша, біздің елде интернет казинолардың жұмысына тыйым салынған. Яғни, бизнестің мұндай түріне ешқандай лицензия берілмейді Бірақ бұл норманы елейтіндер шамалы. Интернет деген дүниенің шекара мен заңға бағынуы қиын. Бүгін бір сайтты жапса бұғаттаса, ертең оны пайда болып жатады.

Ұтыс түбі - ұтылыс

Ұлттық кеңестің Заңнама эволюциясы бойынша, норма қатайған сайын оны айналып өтудің түрлі жолдары пайда болып отырады. Яғни, бір келеңсіз тенденцияны бір ғана заң қабылдау арқылы пышақпен кескендей тыйып тастау мүмкін емес. Адам айласы көбейген сайын заң жетіліп отыруы керек. Мұны заң тілінде өзгерістер мен түзетулер енгізу деп атайды. Интернетпен байланысты құбылыстың бәрін сағат санап дамып жатқанын мына бір жайттан аңғаруға болады. 2020 жылдың 2 шілдесінде Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң қабылданған болатын. Арада бір жыл өтпей жатып түзетулердің жаңа легін дайындау қажеттігі туындап отыр.

«Соңғы кезде жастар арасында құмар ойындарға тәуелділік белең алды. Бұл кеселден құмарпаздардың өздері ғана емес, олардың отбасы, туыстары мен жақындары зардап шегеді. Жасөспірімдер заманауи технологиялардың ықпалымен құмар ойындарына оңай шырмалатын болды. Букмекерлер мен казинолар интернетте толассыз жарнама жасап, жұртты еріксіз еліктіруде. Мемекет бұған шектеу қою үшін бірқатар маңызды шара қабылдады. Бірақ бұл шаралар, әрине, жеткіліксіз», - деген болатын мемлекет басшысыҰлттық кеңестің V отырысында.

Президент заңды қатаңдатпаса, тасадағы ұтыс иелері айылын жимайтынын ескертті.

«Балаларды және кәнігі құмарпаздарды ойынға тартқан немесе сондай жағдайға жол берген заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы тиіс. Қажет болса, оларды лицензиясынан айырамыз», - деді ол.

Жарты жыл өткенде заңға қайтадан түзету енгізуге пандемия да өз әсерін тигізген болуы керек. Бейресми дерек бойынша, 2020 жылдың алғашқы 9 айында қазақстандықтар интернет ойындар мен ұтыстарға 19,2 млрд теңге жұмсаған. Мұны пандемиямен байланыстырып отыруымыздың екі себебі бар.

Біріншіден, пандемия өршіген кезде жаппай карантин мен локдаундар қабылданды. Төрт қабырғаға қамалған адамдар үйреншікті өмір салтынан жаңылып, гаджет пен интернетке кіріптар бола түсті. Осылайша «ересек  балалардың» саны арта түсті.

Екіншіден, онлайн-сабақ деген сылтаумен баланың бәрі телефонға телміруін бұрығыдан да жиілетті. Мұны адам психологиясын, «өз құрбандарының» ахуалын жатқа білетін интернет ұтыс клубтары жақсы пайдаланып, жарнаманы агрессивті түрде жүргізе бастады. Кесірінен, әкесі мен шешесінің телефонына тіркелген банк картасынан ойын сатып алып, ұтыс тігуге ақша аударған балалар туралы жағымсыз мәліметтер көп тарап кетті. Абырой болғанда бұл проблемаға мемлекет дер кезінде назар аударып, заңды жетілдіру керектігін түсініп отыр.

Құмға сіңген 19 млрд теңге

Халықаралық DFC зияткерлік зерттеу компаниясы 2020 жылы әлемдегі 3 млрд адам бейне ойындарға кемінде бір рет кірген деген мәлімет жариялады. Оның ішінде 1,5 млрд адам ақша төлеуге дайын екенін айтады. Ал New Zoo компаниясының зерттеуі бойынша смартфондағы ойындар арқылы оны құрастырып ұсынушылар жыл сайын  70 млрд доллар пайда көретін болған. Бұл – ресми дерек.

2018 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құмар ойынға тәуелділікті медициналық аурулар санатына жатқызды. Ал біздегі Денсаулық сақтау министрлігінің былтырғы мәліметі бойынша, 3 облыста бар-жоғы 8 лудомания құрбаны ресми тіркеуге алынған.

Букмекер кеңселері өздерінің қоғамға қаупі туралы айтылғанда, жер бетіндегі адамның 1-2 пайызы ғана мұндай ойындардан психологиялық дертке ұшырайтынын айтып ақталады. Бұл қисынға салсақ, Қазақстан халқының 2 пайызы 360 мың адам. Осыны алға тартып, елде пандемияға дейін 350 мың лудоман болды деген бейресми статистикаұсынушылар бар.

  • Қаржылық мониторинг агенттігінің экономикалық тергеу қызметі 2019-2020 жылдарда 874 заңсыз ойын мекемесінің жұмысын тоқтатқан.

Бір алаңдайтын жайт, жалпы статистиканың өзі нақтыланбауымен қоса, ондағы жасы 18-ге толмағандардың үлесі туралы ресми мәлімет жоқ. Демек, бұл тақырып әлеуметтанушылар тарапынан зерттеуді талап етеді деген сөз.  Осының бәрін ескере келіп, заңды тұлғалардың кәмелетке толмағандарды құмар ойындарға тартқаны немесе жібергені үшін лицензиясының қолданысын уақытша тоқтау туралы Заңға бап енгізу орынды көтеріліп отырған мәселе деуге болады. Осылайша, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қоғам үшін аса өзекті тағы бір мәселенің Мемлекет басшысының назарына ілініп, нақты шешімін табуына түрткі болды. Мұна Ұлттық кеңестің 25 ақпандағы отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше атаған болатын.

Заңға аталмыш түзетулер еніп, құмар ойын жарнамасын жосықсыз жүргізетіндердің жауапкершілігі күшейтілсе, Қазақстанда тіркелмеген компаниялар айылын жыятын еді. Мемлекеттік органдарға да ондай жарнамаға жол берген сайттардың жұмысына мониторинг жүргізіп, сол мазмұндағы контентті бұғаттауына кеңірек мүмкін ашылуы тиіс. Ал отандық букмекер кеңселері мен катализорлар келушілердің арасында жасөспірімдедің болмауына көбірек көңіл бөлетіні сөзсіз. Осының бәрін ескеріп, Мемлекет басшысының аталмыш өзгертулерді заңға енгізу туралы тапсырма беруі Ұлттық кеңестің тағы бір жемісті жұмысы деп атауға болады.

Ерден Қадыров