1995 жылдан қазақ жерінің майын сорған Миттал Елбасының сәлеміне не дейді?

1995 жылдан қазақ жерінің майын сорған Миттал Елбасының сәлеміне не дейді?
Ⓒtarlan.kz

Елбасы кешелі бері өзі еңбек жолын бастаған етене таныс өлкесі Қарағандыда жүр.

Назарбаев Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңесте «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының директоры Парамжит Калонды қалың жұрттың алдында қаққылап алды. Әлеуметтік жағдай мен инфрақұрылымға көңілі толмады.

Сом алтыннан білезік тағып, жүзік салған, қаламсап қолданатын Калон Елбасының алдында иілгенімен кеншілердің «құдайы». Елбасының елдің алдында ескерту айтар жөні бар.

Өткен жылы 14 наурызда өңірге сапары кезінде Ерлан Қошановты әкім еткен Елбасы содан бері енді барып тұр. 55 жастағы әкімге жаңа қызмет оңайға соққан жоқ. Бір жыл бұрын 31 тамыз күні Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы кеніште апат болып, 3 кенші қаза тапқан. Желтоқсан айында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі 8 шахтаның 600-ге тарта кеншісі талаптарын орындауын талап етіп, төрт тәулікке тарта жер астында табжылмай отырды. Кеншілер тек 14 желтоқсан күні жер астынан шықты. 21 желтоқсан күні Қарағанды кеншілері мен жұмыс беруші компания арасындағы еңбек дауын шешуге байланысты құрылған екіжақты комиссия ымыраға келді әйтеуір. 2017 жылы 1 тамыздан бастап 4 ай бойы жоғарыға үнін жеткізе алмаған кеншілер талабы еңбек жағдайын жақсарту мен жалақыны отыз пайызға көтеру болатын.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы ежелден еңбекшісі ереуілге шықса да енжар қарап, еңбек жағдайына аса мән бере бермейтін атына шу ілескен, атағына дау ілескен компания. 2012 жылы еңбекшілер алты ай ақымызды өсір деп талап қойған, тіпті тағаты таусылып, маусым айында үш мыңы бірдей көтеріліп үш сағатта талап еткен отыз пайыз үстеменің он пайызына қол жеткізген.

2017 жылдың 18 мамырында Украинадағы ArcelorMittal жұмысшыларының еңбекақысы 25%-дан 70%-ға дейін өскені туралы ақпарат бар. Ал, қазақ кеншісіне бұл орындалмас арман. Оқта-текте кеншілердің күйге көңіл толмаған үні шығып тұрады. Басшылығының пысқыратын жайы аз.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ — «АрселорМиттал» трансұлттық компаниясының құрамында тегіс және ұзын болат прокат өндіруге маманданған, сондай-ақ агломерат, темір рудасы мен көмір концентратын, кокс, шойын, болат өндіреді. Компания Теміртаудағы металлургиялық зауытты, Қарағанды облысындағы 8 көмір кенішін, Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарында темір кенін өндіруге арналған 4 кенішті қамтиды.

Елбасы осы жолғы Қарағандыға сапарында біраз жұмыспен танысты. Мемлекет басшысы Maker жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қарағанды құю-машина жасау зауытына барды. Президентке роботтандырылған заманауи құрылғылар, автоматтандырылған басқару жүйесімен жабдықталған жаңа машина жасау зауытының өндірістік үдерісі таныстырылды. Нұрсұлтан Назарбаевқа облыстағы инвестициялық жобалардың іске асырылу жоспары баяндалды, сондай-ақ «Қазақмыс» корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыстары таныстырылды. Сонымен қатар Елбасы кәсіпорын ұжымымен және Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенттерімен әңгімелесті. Мемлекет басшысы экономиканы дамытудың заманауи үрдісіне сай дуалды білім берудің және кадрлар даярлаудың маңыздылығын айтты. Қазақстан Президенті жас мамандарға жұмыста зор табысқа жетуге тілектестік білдірді. Сондай-ақ Қазақстан Президенті «Қарағанды фармацевтика кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды.

Бүгін Елбасы «АрселорМиталл Теміртау» кәсіпорынның еңбеккерлерімен кездесіп, әңгімелесті. Қасына кеше өзі сөккен басшы Калонды ертіп алды.

– Қазір зауыт аумағында бойымды ерекше бір сезім баурап алды. Мен мұнда алғаш рет 1958 жылы кірген едім. Ол кезде бұл жерде ештеңе болған жоқ. Барлығы менің көз алдымда салынды, – деп Қазақстан Президенті еске алды.

Нұрсұлтан Назарбаев комбинат металлургтары мен еңбеккерлерінің жұмысы ауыр екенін тағы да атап өтіп, Теміртау қаласы мен зауытқа қатысты жағдайды үнемі өз бақылауында ұстайтынын айтты.

Әңгіме барысында Елбасы компания басшылығына қала тұрғындарының тұрмысын жақсарту жолында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі зор екенін ескертті. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы қалада медициналық, білім беру және спорт нысандарының санын көбейту қажеттігін атап өтті.

Қазақстанның 1 дәрежелі Достық орденін иеленген 20 миллиарды бар болат магнаты Миттал Елбасы сәлемін қабыл алып, дос көңілін көрсетсе әне! Оның Қарағандының шахталарындағы қара күйеге көміліп, қара көзі жаудыраған қазақ баласына алғыстан басқа айтары болмауға тиіс.

Ал, кеншілер қаласы Қарағандының тынысы өзі айтқандай Елбасының бақылауында.

 

Нұрғали Нұртай