Қазақстанның халықаралық қатынастар кеңесі (ҚХҚК) 2019 жылға Орта Азияда орын алатын ең маңызды 10 оқиға туралы сараптамасын жариялады, деп хабарлайды Tarlan.kz
Қазақстанның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесі (ҚХҚК) Орталық Азия елдерінің саяси және экономикалық дамуы, тұрақтылығы мен қауіпсіздігі үшін өзекті мәні бар 2019 жылы орын алатын ең маңызды он оқиғаның дәстүрлі шолуын ұсынады. Бұл аналитикалық шолу ҚХҚК сарапшыларының Орталық Азия аймағында 2019 жылы орын алатын негізгі процестерге деген ұжымдық көзқарасы.
Дәстүрлі шолуды осы жерден жүктеп ала аласыз:
1. ГЕОСАЯСИ АФТЕРШОКТАРДЫҢ КҮШЕЮІ
АҚШ, Ресей және Қытай тәрізді басты геосаяси ойыншылардың қарым-қатынастарындағы шиеленісудің артуы 2019 жылы Орталық Азиядағы процестерге тікелей және жанама түрде әсер етеді. Ресейге қатысты Ақ үй тарапынан жаңа санкцияларды енгізу аясындағы РесейАмерика қарым-қатынасы конфронтациясының өсе түсуі Орталық Азия елдерінің жағдайына жанама әсер етеді. Сонымен қатар аймақ елдерінің жергілікті валюталарының әлсіреуі және құбылмалылығының өсуі Вашингтон мен Мәскеу қарым-қатынастарының тұрақсыздық және спекуляциялық сипатқа ие болуына, сондай-ақ санкциялардың қосымша пакетін күтуге байланысты болады. Осы тұста АҚШ-тың 2018 жылы Орта және таяу қашықтықтағы ракеталарды жою туралы шарттан (ОКҚРШ) шығу жөніндегі шешімі 2019 жылы АҚШ пен Ресей арасындағы әскери жарыстың одан әрі күшейе түсуіне әкеліп соғады, ол Мәскеудің Орталық Азиядағы қорғаныс стратегиясын әрі қарай қалыптастыруға әсерін тигізеді.
2019 жылы АҚШ Қытайға сауда, жаңа технологиялар саласында және қорғаныс секторында қысым көрсетуді арттыра түседі. АҚШ пен Қытайдың 2019 жылғы 1-ші қаңтардан бастап қосымша тарифтерді қоспау туралы өзара келісімі болуына қарамастан, екі елдің арасындағы сауда қатынастары өрши түседі.
Осы жағдайда, Орталық Азия елдерінен, Ресей мен Қытайға географиялық жақындығын және тығыз стратегиялық ынтымақтастығын, сондай-ақ АҚШ-пен серіктестігін ескере отырсақ, уақтылы әрекет етуді және сыртқы саясатының тез өзгермелі геосаяси жағдайларға бейімделуін талап етеді. Ал бұл өз алдына, 2019 жылы АҚШ-тың Қытай мен Ресеймен конфронтациясы Бейжің мен Мәскеуді Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) және Қытайдың «Белдеу және жол» бастамасының жақындасу шеңберінде, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШҰҰ) негізіндегі терроризмге қарсы бастамалар шеңберінде белсенді ынтымақтастыққа уәждейтін болады. Қытайдың Орталық Азиядағы саясаты екі ұшты болатынын айта кеткен маңызды. Қытай өз мүдделері, аймақтағы Ресеймен диалог құру және Қытай-Америка мәмілесінің берер пайдасы арасында теңселумен болады.
2. ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ ҚАРҚЫНЫНЫҢ БАЯУЛАУЫ
Жетекші халықаралық қаржы институттарының бағалаулары мен болжамдарына сәйкес, 2019 жылы жаһандық экономикалық өсім қарқынының баяулауы күтілуде. Бұл көбінде ірі әлемдік мемлекеттердің, қаржы орталықтардың экономикалық саясатындағы тұрақсыздығына, мұнай өнімдеріне бағалардың құбылмалылығына байланысты, ол капиталдың халықаралық ағындарына, және көптеген елдер үшін қор жасау жағдайларына елеулі әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда АҚШ Федералдық резерв қызметінің пайыздық мөлшерлемені көтеруі, және халықаралық экономикалық қарым-қатынастардың дамуына теріс әсер ететін сауда соғыстары әлемдегі сауда теңгерімсіздігін тек күшейте түседі.
Осыған байланысты, басты әлемдік үрдістерді, ағымдағы экономикалық конъюнктураны және Орталық Азияның 5 мемлекетіндегі 2019 жылдағы аймақтағы ахуалды ескере отырып, экономикалық өсу қарқыны өткен жылдармен салыстырғанда төмен болуы әбден ықтимал екендігі болжануда. Қазақстандағы экономикалық өсудің орташа қарқыны шамамен 3-3,5%, Қырғызстанда 3,2-3,8%, Өзбекстанда 4,5-5%, Тәжікстанда 5-5,5%, және Түрікменстанда шамамен 5,5-6% құрайды. Аймақ бойынша бүтіндей алғанда экономикалық өсу қарқыны 2019 жылы 4-4,3% деңгейінде болады.
Сонымен бірге, энергия ресурстарына бағалардың өзгеруі және іскерлік белсенділіктің бәсеңдеуі Орталық Азияда, әсіресе Қазақстан мен Өзбекстанда бәсекеге қабілеттілік пен өнімділікті арттыруға бағытталған құрылымдық реформаларды одан әрі іске асыру жағдайында, сондай-ақ «Белдеу және Жол» Қытай бастамасының шеңберіндегі өзара тиімді ынтымақтастық жағдайында көмірсутексіз сектордың дамуы үшін жағымды түрткіге айналуы мүмкін.
3. ИНТЕГРАЦИЯЛЫҚ РОМАНТИЗМ
2019 жылы Орталық Азия елдері аймақ ішіндегі өзара әрекеттесуді бекіту және кеңітудің оң векторын жалғастыратын болады. Орталық Азияның бес елінің көшбасшылары арасында 2018 жылы Астана қаласында өткен алғашқы консультациялық кездесуден кейін, ағымдағы жылдың наурыз айында Ташкент қаласында аймақтық мемлекеттер басшыларының екінші кездесуі өтеді. Бұл бастама аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сауда-экономикалық байланыстар мен шекара маңындағы ынтымақтастықты белсенді ету,транзиттік-көліктік әлеуетті кеңейту саласындағы кооперацияның одан әрі дамуына, сондай-ақ Орталық Азиядағы энергетикалық ресурстарды кешенді пайдалануға оң импульс береді. Осы тұста аймақтық ынтымақтастықты күшейту Орталық Азия мемлекет басшыларының екіжақты ресми сапарлары мен кездесулерімен де толықтырылады.
Аймақтағы ынтымақтастықты бекітудің маңызды құрамдас бөлігі Астана мен Ташкенттің арасындағы өзара іс-қимылдың оң динамикасына байланысты болады. Бұл тұрғыда, 2019 жылды «Өзбекстандағы Қазақстан жылы» атау символдық мәнге ие болып табылады. Өзара тиімді ынтымақтастықтың мысалдарының бірі -аймақтың кейбір елдері арасындағы визаларды өзара мойындау туралы келісім.
2019 жылы Қырғызстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы (ШЫҰ) төрағалығы, және Бішкектегі ағымдағы жылдың маусым айына белгіленген ШЫҰ саммиті, басты аймақтық мәселелерді өзектендіріп, аймаққа халықаралық деңгейдегі назар аударылуына себеп болады. Ағымдағы жылы Түрікменстан да Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында (ТМД) төрағалық етеді, ал 2019 жылдың қазан айында Ашхабадта ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтеді. 2019 жылдың бірінші жартысында Еуропалық Одақ Орталық Азия бойынша жаңа стратегияны белгілейді, ол сондай-ақ аймақтағы ынтымақтастық күн тәртібін алға ілгерлетуде қосалқы рөл атқарады.
Сонымен қоса, орталық азиялық жақындасуды көздейтін бағытты артық бағалауға болмайды, себебі шамамен 25-жылдық бытыраңқылық салдарын 2-3 жыл ішінде жұмсартып, жою мүмкін емес. Аймақтың елдерінің алдында ішкі мәселелерді, ең адымен экономикалық және әлеуметтік сұрақтарды жүйелендіру және шешу бойынша үлкен жұмыс күтуде. Аталған кезеңде «интеграциялық күн тәртібі» басым түрде мемлекет басшыларының мәлімдемелері және негізінен екіжақты деңгейдегі ынтымақтастықпен бекітіледі.
4. ЖАҢА РЕФОРМАЛАРДЫ ІСКЕ ҚОСУ: ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА БАСТЫ НАЗАР
2019 жыл Орталық Азия елдерінде бірқатар реформалардың іске асуымен байланысты болып, және де елдердің билік органдары негізінен әлеуметтік сипаттағы мәселелерді шешуге, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шоғырланатын болады.
Ең алдымен, салық салу жүйесіндегі және халықтың белгілі бір топтарының еңбегіне ақы төлеудегі өзгерістерді айта кеткен жөн. Мысалы, Қазақстанда ағымдағы жылдан бастап жалақының ең төмен мөлшері 1,5 есе артты,табысы төмен азаматтар үшін жеке табыс салығы төмендетілді, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар санатын зейнетақы жүйесіне және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жеңілдікті шарттармен тарту үшін бірыңғай жиынтық төлем енгізілді. Қырғызстанда денсаулық сақтау, мәдениет саласындағы жұмыскерлер үшін, сондай-ақ жүргізушілер мен техникалық қызметкерлер үшін жалақы мөлшерін арттыру көзделді. Өзбекстанда жеке тұлғалар үшін 12% мөлшеріндегі табысқа салынатын бірыңғай салық қолданыла бастап, бюджеттен тыс зейнетақы қорына сақтандыру жарналары алып тасталынды, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау саласының жұмыскерлеріне жалақыны көтеру жоспарланды.
Қазақстан мен Қырғызстанда ағымдағы жыл сонымен бірге ішкі істер органдары жүйесіндегі елеулі өзгерістермен сипатталатын болады, ол қоғамның қауіпсіздікті қамтамасыз етуді күшейтуді талап етуіне байланысты орын алады. Қазақстанда «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасы» шеңберінде ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің штаттық санын оңтайландыру жүргізіледі, полицейдің жаңа ұлттық стандартын бекіту және халықпен жұмыс істеудің сервистік үлгісін қолдану жоспарлануда. Өз кезегінде, Қырғызстанда 1 қаңтардан бастап бес жаңа кодекс күшіне енді: қылмыстық, теріс қылықтар туралы, бұзақылықтар туралы, қылмыстық іс жүргізу және қылмыстық атқару.
Жалпы, ел билігінің әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған реакциясы қоғаммен оң қабылданады, алайда кейіннен осы бағыттағы шараларды іске асыру азаматтар тарапынан қолдауын таба бермейді. Қабылданатын жаңа енгізілімдер белгілі бір әлеуметтік топтарға бағытталғанын және бүкіл халықтың өсе түсуші бірқатар талаптарын қанағаттандыра алмайтынын ескерген жөн. Осыған қарамастан, аталған шаралардың бәрі жиынтығында мемлекет пен қоғам арасындағы шартты әлеуметтік келісімшарттың жаңартылуын көрсетеді.
5. ЖАҢА ЭЛЕКТОРАЛДЫ ЦИКЛ ҚАРСАҢЫНДА
2019 жылы Орталық Азияда орын алатын процестер электоралды факторды айтарлықтай дәрежеде белгілейтін болады. 2020 жылы Қазақстан мен Тәжікстанда президент сайлауы, сондай-ақ Қырғызстанда парламентке сайлау белгіленген. Ағымдағы жылдың аяғында Өзбекстан парламентіне сайлау күтілуде.
Алдағы электоралдық циклдың басты электоралдық оқиғаларының біріне - 2020 жылы өтуі тиіс Қырғызстандағы парламенттік сайлау болатыны сөзсіз. Елдің саяси жүйесіндегі парламент рөлінің күшеюіне байланысты, орта мерзімді келешекте күштердің әрі қарай бөлінуі сайлау нәтижесіне тәуелді екенін түсінген абзал, және қандай да бір тараптар блицкригке барып, парламенттік сайлаудың мерзімінен бұрын форматын іске қосу ықтималдығы үлкен. Сонымен бірге, кезектен тыс сайлау науқанының сценарийі Қазақстанның сараптамалық пікірталастарында да жоққа шығарылмайды.
Жоғарыда аталғандардың негізінде электоралдық нарратив аймақта елеулі болады — Орталық Азияның көпшілік елдерінің билігі өз легитимдігін растау жөніндегі рәсімге көбірек немесе азырақ дәрежеде дайындалады. Сондықтан олардың іс-қимылдары қандай да бір дәрежеде электоралдық сипатта болады.
6. ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ТРЕНДТЕРГЕ НАЗАР АУДАРЫЛУДЫҢ АРТУЫ
Соңғы бірнеше жыл аймақ үшін демографиядағы белгілі бір сандық және сапалық өзгерістермен айқындалды.
2017 жылы Орталық Азия халқының саны 70 миллион адам белгісін басып озды. Аймақ елдері біртіндеп БҰҰ қартаю шкаласына сәйкес қартаю шегіне жақындап келеді, бұл көбінде өмір ұзақтығының ұлғаюына және халықтың өлім-жітімінің төмендеуіне байланысты. Сонымен бірге, 2019 жылы балалалар санының өсуі жалғасуда, оның аймақтағы үлесі шамамен 30% құрайды.
Елдердің демографиялық кескініндегі құрылымдық өзгерістер қазірдің өзінде мемлекеттік саясатты қалыптастыруға әсерін тигізе бастады. Бұған Орталық Азияда ең алдымен жас ұрпаққа бағдарланған жобалардың іске асырылуы айғақ болып табылады. Мысалы, Қазақстанда 2019 жыл ресми түрде жастар жылы деп жарияланды. Жарияланған бастамалар әлеуметтік жобалардың, жатақханалар құрылыстың ұлғаюына, жас таланттарды қолдауға, білім беру гранттарын ұлғайтуға, медицина және ғылыми саланы модернизациялау және цифрландыруға бағытталады. Өзбекстанда Министрлер кабинетінің жанындағы шетелде мамандарды дайындайтын және отандастармен диалог құруға арналған «Эл-юрт умиди» қоры құрылды.
Орталық Азиядағы урбанизация мәселелерін өзектенуі жеке тренд ретінде қарастыруға болады. Бүгінгі таңда аймақ нашар урбанизация деңгейінде, алайда, елдердің билік органдарының ресми күн тәрібінде қала рөлін арттыру және қала халқы үлесін ұлғайту мәселесіне ерекше көңіл бөлінетіні байқалады. 2019 жылғы қаңтарда ӨР президенті Ш. Мирзиёевпен «Урбанизация процестерін түбегейлі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойылды, ол урбанизация және ішкі көші-қон процестерін мемлекеттік реттеуді қалыптастырудың өзіндік бастапқы нүктесіне айналады. Қазақстанда да осы бағытта Елдi аумақтық-кеңiстiктiк дамытудың 2030 жылға дейінгі болжамды схемасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Қырғызстанда аймақтық саясат шараларын іске асыруды жалғастыру мақсатында 2019 жыл елдің аймақтарын және цифрландыруды дамыту жылы болып жарияланды.
Орталық Азия елдерінде демографиялық трендтерді есепке алу және аумақтық даму мәселелерін шешу бойынша көбінесе бір бірінен ерекшеленетін түрлі құралдар мен әдістер қолданылуына қарамастан, аймақ мемлекеттері біртіндеп аталған процестерді орталықтан басқару қажеттілігі түсінігінің басым болуы жалпыға ортақ тренд болып келеді.
7. ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ҚЫТАЙ: ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨЗАРАӘРЕКЕТТЕСУДІҢ ҰЛҒАЮЫ ЖӘНЕ ҚАБЫЛДАУ ШЫҒЫНДАРЫ
Соңғы жылдары Орталық Азияда Қытайдың экономикалық рөлінің нығаюы орын алды. Объективті себептерге байланысты — Ресей мен Батыстың инвестициялық белсенділігінің төмендеуі, ҚХР экономикасының өсуі, Орталық Азия елдерінің өз геосаяси кейстерін диверсификациялауға ұмтылыстары және т.б. Қытай экономикалық мүдделерін алға ілгерлету құралы — «Ұлы Жібек Жолының экономикалық белдеуі» болып табылады. Аталған жоба Қытайды Орталық Азиядағы елеулі экономикалық ойыншы ретінде институциялады. Бұл арада Қытай өзінің ниетін тек экономикалық мүдделер және аймақ елдері үшін өзара тиімді негізде ғана екенін ерекше атап көрсетуде.
Сонымен бірге қытайлық экономикалық қатысудың белсенді сипатқа ие болуы Қытайдың Орталық Азияны экономикалық жұту қауіп-қатері туралы пікірталас түріндегі орынды реакцияны туғызды.
Осының бәрі заңды түрде қытай факторының саяси нарративке айнала бастауына әкеліп соқты. Бұл қытайға қарсы факторды ішкі саяси күресте, сондай-ақ оппозициялық әлеуетті жұмылдыру үшін және наразылық құралы ретінде пайдаланудан көрінеді. Осындай саясиландыру көбінде манипуляциялық және спекуляциялық сипатқа ие. Сонымен қатар, қоғамдық пікір мен сараптамалық пікірталастарда Қытайдың экономикалық рөлінің күшейе түсуі ҚХР-дың жаһандық экономикадағы рөлінің нығаюы түсуіне негізделген табиғи және объективті процесс екенін түсіну нығая бастайды.
Қытай факторын оң арнаға бұру көбінде аймақ елдерінің билігімен экономиканың дамуы үшін инвестициялардың қажеттілігі туралы тезисті түсіндіруіне де, сондай-ақ ҚХР-мен қытайлық компаниялардың қызметін дұрыс тұрғыдан көрсетуі үшін түрлі нысандар мен құралдарды пайдалануына да тәуелді болады. Соның ішінде, аймақ елдерінде белсенді әлеуметтік саясат жүргізу бойынша батыс компанияларының тәжірибесін зерттеу қажет.
8. ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ІШКІ САЯСИ ПРОЦЕСТЕРДІ БЕЛСЕНДІ ЕТУ
2019 жылдағы Орталық Азияға әсер ететін факторлардың бірі – Қырғызстандағы ішкі саяси ахуал. Мемлекеттің қазіргі басшысы мен экс-президентінің қолдау топтары арасындағы текетірес оның негізгі факторына айналып, Қырғызстандағы саяси процестердің сипатын белгілейтін болады.
Аталған текетірес трендке айналуы былтырғы жылы басталып, мемлекеттік аппараттың кадрлық тазалануы, экс-президент командасы мүшелеріне қарсы сыбайлас жемқорлыққа қарсы айыптау, оны заңды дербес құқықтылығынан айыру жөніндегі процедураны іске қосу, ҚСДП бөлінуі, сондай-ақ сайлау науқанының қара кассасы туралы нарратив ретінде білдірілді.
Бұл текетірес саяси күштердің белгілі бір деңгейде поляризациясы мен олардың арасындағы қарсыластыққа әкелуі мүмкін. Қай жағынан алсақ та, ағымдағы жылы Қырғызстанның ішкі күн тәртібін қалыптастыратын саяси белсенділіктің ұлғаюы күтілуде
9. АЙМАҚТАҒЫ ТЕРРОРИСТІК ҚАУІПТІҢ «САРЫ ДЕҢГЕЙІНІҢ» САҚТАЛУЫ
2019 жылы терроризм қауіпі Орталық Азия елдері үшін басты сын-тегеуріндердің бірі болып қалып отыр. Сириялық қақтығыстың жаңа кезеңге кіруі және Ауғанстандағы әскерисаяси жағдайдың нашарлауы Орталық Азия солырларының әскери іс-қимыл аймақтарынан қайту процесін де өзекті етуде.
Әскери күшінің, аумағының,табыс көздерінің маңызды бөлігін жоғалтуына қарамастан, Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан пайда болған террористік топтамалар бүгінгі күнде елеулі қауіп төндіруде.
Соның ішінде, Сирия мен Ирандағы ықпал ету аймақтарынан радикалды топтарды ығыстыру Орталық Азиядан шыққан адамдардың өздерін қайта таныту мүмкіндігі ретінде аймаққа қайтып келу процесінің белсенділенуімен өтелуі мүмкін. Шолушылардың пікіріне сәйкес соңғы екі жыл ішінде кейбір Орталық Азия республикаларында ай сайынға жуық мерзімде кіші радикалды топтардың қызметі тоқтатылып, олардың мүшелері Сирияда әскери дайындықтан өтіп, өздерінің және көршілес елдердің аумағында террористік актілер жасауды жоспарлаған. 2018 жылдың тек қана бірінші жартысында Қырғызстанда халықаралық террористік топтардың 12 мүшесі ұсталды, 2017 жылы шамамен 20 арнайы операциялар өткізілді. Тәжікстанда 2018 жылдың қараша айында 12 адамнан құралған топ ресейлік базаға шабуыл жасауды дайындаған, оның көшбасшыларының бірі Сириядағы ДАИШ құрамында соғысқан.
Сонымен қатар, Тәжікстанда 2018 жылдың шілде айында ДАИШ ұйымын жақтаушы адамдардың бір тобы террористік акт ұйымдастырып, нәтижесінде шетел азаматтары қаза болды. Ол топтар орын алған жағдай үшін өзіне жауапкершілікті алған екінші оқиға болды. Тәжікстандағы террористік акт аймақ ішіндегі енжар жағдайындағы радикалды ұяшықтар тарапынан сақталатын қауіпті әшкере етті.
Қазіргі уақытта терроризмге қарсы күрес Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы күрделі жағдайға, сондай-ақ аймақтағы Орталық Азия содарларының қайтуы және белсенді әрекет етуі процесіне байланысты аса өткір мәселеге айналып отыр. Осы факторлардың бәрі жиынтығында Орталық Азиядағы қауіпсіздік жүйесіне елеулі қысым көрсететін болады.
10. «АУҒАН ТҮЙІНІ»: ТЕРРОРИЗМ ҚАУІПІНІҢ ҰЛҒАЮЫ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ
2019 жылы Ауғанстандағы күрделі әскери-саяси жағдай - Орталық Азиядағы аймақтық қауіпсіздік күн тәртібінің бірі. Терроризмнің жаһандық индексінің соңғы деректеріне сәйкес Ауғанстан дәстүрлі түрде әлемдегі террористік белсенділік бойынша көшбасшы орнын сақтап қалуда. Ал Ауғанстандағы БҰҰ Миссиясының соңғы мәліметтері бойынша 2018 жылы қаза болған бейбіт тұрғындардың саны рекордтық 8 000 адамнан асты. 2018 жылы Ауғанстан үкіметі аумақтың 55-60 % ғана бақылайды, салыстырсақ, 2015 жылы бұл белгі шамамен 70%-ды құраған болатын. 2019 жылы Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысы мен ДАИШ жақтаушыларының террористік қызметі ерекше қауіп-қатерге айналатынын айта кеткен жөн.
Осыған қатысты, 2019 жылдың бірінші жартысына белгіленген Ауғанстандағы президент сайлауы елдің және бүкіл Орталық Азияның келешектегі саяси тұрақтылығына әсер етеді. Бірнеше рет кейінге қалдырылған алдағы сайлау науқаны ауған элитасының арасындағы қатаң бәсекелестік және жасырын қақтығыстар жағдайында өтетіні ескерерлік жайт.
Президенттік сайлауалды науқанының тұрақтылығы Ауғанстан үкіметінің, АҚШ-тың талибтермен бейбіт келіссөздер жүргізу аясында өтетінін айта кету маңызды. Осыған байланысты Орталық Азия елдерін ауған процесін реттеу бойынша қосымша алаң ретінде кірістіру күтіледі. Алайда Ауғанстанда бейбіт келіссөздер жүргізуге бағытталған талпыныстар терроризмнің күрт өсуіне әкелетінін түсінген дұрыс.
***
Еске сала кететін болсақ, Қазақстанның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесі 2017 жыды құрылған болатын. Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осы бірлестіктің Құрметті төрағасы болып сайланған. Кеңес халықаралық қатынастар саласындағы отандық сарапшыларды біріктіру және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды бастамаларын ілгерілету, сондай-ақ жаһандық тұрғыдағы күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселелерді талқылау және ұсыныстар әзірлеу үшін құрылды. Саясаттанушы Ерлан Карин Кеңестің төрағасы болды. Кеңеске Сыртқы істер министрі, Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, отандық жетекші талдау орталықтарының басшылары Кеңес Төралқасының құрамына енген болатын.