Адам өз көңілін өзі көтеріп жүру керек

Адам өз көңілін өзі көтеріп жүру керек
Ⓒtarlan.kz

Адамның денесі екі нәрсенің күшімен саламат, ауыр үйсіз (ойсыз)тұрады. Бұл екі нәрсенің бірі – қызыл қан, бірі – бұзылған қара қан. Таза қызыл қан екі дем  алыстың бірімен даладан ішке қарай кіре береді. Жүрекке барып, жүректен арман күллі денені аралап қайтуында қара қан болып, тағы жүрекке келіп, дем алыс жолымен далаға шығып тұрады.

Міне, Құдіреттің шеберлігін: ішке қарай кірген дем алыс – қызыл қан, далаға шыққан дем алыс – қара қан. Сол үшін айтылады: «Бір дем әрі, бір дем бері». Осы екі демалыстың бірі тоқтаса, адам дереу өледі де қалады. Бұл екі демалысқа жақсы ауа (һуа) керек. Адам өзін таза ауада сақлауға керек.

Екінші – бұл екі дем алысқа күш беруге жақсы тамақ керек. Қазақ мақалында айтылады: «Ауру – астан, дау – қарындастан»,-деп.

Үшінші - екі демалысқа күш беруге әрекет (харекет) өскін (үскін): қазақша – жүру, тұру керек.

Төртінші - бұл екі дем алысқа ұйқы мен ояулықты қалыбынан асырмай, кемітпей орта әдетпен (ғадетпен) үйретуге керек.

Бесінші – екі дем алысқа күш беруге шатлық керек. Адам өз көңілін өзі төмендетпей ұстау керек. Қазақта мақал бар: «Ит өз құйрығын өзі алып жүрмесе, оны кім алып жүреді?» - деген. Оның мәнісі – адам өз көңілін өзі көтеріп жүру керек деген сөз.

Алтыншы – дем алысқа күш беруге: ашу, қорқу, өкініш сықылды нәрселерден өзін аулақ алыс жүргізуге керек. Бұл айтылғандардың бірде бірі адамда жоқ болса, адам ауруға шалынады. Не қалпынан асып көтеріліп кетсе, онда да жаман болады. Аса қорыққаннан, аса қуанғаннан, не зор ашу қысқаннан өліп кеткенлер де болған.

Мәшһүр – Жүсіп Көпейұлы көп томдық шығармалар жинағы

Алматы «Ел шежіре» 2010

11 том (Жиған-тергендер)

«Ғылым-білім» (бірінші әңгіме) мақаласынан үзінді