25 қараша Мемлекет басшысы Тоқаев «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезіне қатысып, мазмұнды баяндама жасады. Президент «Еліміз бәсекеге қабілетті болу үшін білім және мәдениет саласын өркендетуге, жастарды қолдауға баса мән беруіміз керек» деді. Осы орайда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, биомедицина ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Президенттік жастар Кадр резервисті, ЖОО-2019 Үздік оқытушысы Әлібек Ыдырысұлының ой-пікірін білдік.
Білім саласы өкілі ретінде Нұр Отанның “Өзгеріс жолы” сайлауалды бағдарламасындағы білім мәселелеріне назар аударуын қалай бағалайсыз?
Кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХ съезінде Нұр Отан партиясының “Өзгеріс жолы” сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Бұл сайлауалды бағдарлама Nur Otan партиясының алдыңғы сайлауалды бағдарламалары мен үндес және өзінің идеологиялық концепциясын Елбасының «Қазақстан 2050-Стратегиясын» жүзеге асыруға негізделген «100 нақты қадам» ұлт жоспарынан алғандығын аңғаруға болады.
Бұл реткі сайлауалды бағдарлама елімізде қазіргі кезде көрініс беріп тұрған және болашақта үлкен ұлттық, әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселелерге айналуы ықтимал кейстерге аналитикалық талдаудан нәтижесінде туындаған деуге болады. Мемлекеттің, ұлттық негізі сапалы көрсеткішінің бірі білім деңгейі. Мұхтар Әуезов айтқандай «Ел мен елді, ұлт пен ұлтты, адам мен адамды теңестіретін ол – білім!». «Нұр Отан» партиясы білім беру мен білім алушылардың және ұстаздардың қазірде қордаланған мәселелерін практика жүзінде шешу үшін біріншіден, жұмсалатын қаражат көлемін ұлғайтпақшы, нарықтық экономика заманында бұл өте дұрыс бағыт. Бұл Мемлекет басшысы айтқандай «Адам капиталына, еліміздің болашағына салынатын стратегиялық инвестиция».
Екіншіден, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін инклюзивті білім беру жүйесімен қамтамасыз ету, бұл ең алдымен «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа – лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының сенімділігінің бір кепілі, содан кейін физиологиялық және психологиялық тұрғыдан қарасақ мүмкіндегі шектеулі жандардың арасында талантты, логикалық және жеке шығармашылық қабілетті жоғары адамдар көп кездеседі, оларға жекелеген түрде инклюзивті білім беру арқылы елімізді әр салаға қажетті, тіпті орасан зор бәсекелeстік қабілетке ие азаматтармен толықтыруға болады.
Үшіншіден, 800 жаңа мектеп салу және 5 мыңнан астам мектепке жаңғыртылуы жұмыстарын жүргізу, егер бұл жұмыстар қысқа уақыт ішінде жүзеге асса, бұны қазақ жерінің білім саласы тарихындағы бұрын-соңды болмаған ең зор оқиға және ол мезгілді қазақ ағартуының алтын кезеңі деп бағалауға болады. Төртіншіден, білім алу үшін бөлінетін гранттың санын арттыру, педагог мамандардың жалақысын екі есеге арттыру, студенттердің стипендиясын 2 есеге, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,5 есеге көбейту, жатақханалар мен жұмыс орындар санын арттыру бағыттары былайша айтқанда қазіргі елдегі демографиялық, экономикалық өсімнің болашақтағы нақты статистикалық болжалына бағытталған деуге болады.
Бесіншіден, Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша тағы да кем дегенде 2 озық өңірлік жоғары оқу орнын ашу бұл мәселе еліміздің жоғары білім беру жүйесін жетілдіру мен ғылымды дамыту арқылы халықаралық ғылыми ортада өз беделін қалыптастыруға бағытталған болса керек.
Сізше, осы ашылатын 2 университет қандай салаға бағытталуы керек?
Меніңше Назарбаев Университетінің қазіргі моделін көшірудің соншалықта қажеті жоқ деп ойлаймын, бағдарламада айтылғандай тәжірибесіне сүйену керек. Назарбаев Университеті инновациялық зерттеу қызметін жүргізуге, жас қазақстандықтарға елден тыс шықпай-ақ әлемдік стандарттарының деңгейінде білім алуға мүмкіндік беруге бағытталған. Университет қазірге дейін алға қойған мақсаты мен міндетін орындап келе жатыр деуге болады. Дегенмен университетке шақырылған шетелдік зерттеушілер, профессорлардың барлығы дерлік білім мен ғылым жүйесін қарқынды дамыту және халықаралық деңгейге шығуды қамтамасыз етіп жатыр деп айта алмаймыз. Себебі, құрылғанына он жыл болған Орта Азияда ешбір ЖОО-да жоқ заттық, ерекше құқықтық жағдай жасалған университет әлі күнге дейін елімізге бренд болатын отандық өнімдер мен іргелі зерттеулер нәтижесінде ұлттық құндылықтарға негізделген (Рухани Жаңғыру десек те болады) ғылыми-идеологиялық, философиялық сараптамалық ұсыныстар әзірлей алмай отыр. Мүмкін әзірлеген болса мен көрмеген шығармын. Бұл олардың жұмысын жоққа шығару емес, еліміздегі ең таңдаулы, жетекші ЖОО орыны ретінде біздің күтетін нәтижеміз, үмітіміз.
Ал келесі құрылатын екі өңірлік университет туралы айтсақ, менің жеке пікірім бірінші университет аграрлық, биологиялық және экологиялық бағытты негізге ала отырып Жетісу өңірінен, мүмкін Талдықорған немесе Тараз қалаларынан, әлде олардың айналасындағы шағын қалалардан құрылғаны жөн деп санаймын.
Неге Жетісу өңірі, неге аграрлық, биологиялық және экологиялық бағыт?
Алдымен бағытына келейік ауылшаруашылығы саласы еліміздің басып көп жан санын жұмыспен қамтып отыр, еліміз тұрғындарының 40 пайыздан астамы ауылда өмір сүріп жатқанымен тікелей және жанамалай ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру, жеткізу т.б. қызметтер бойынша алғанда ауылшаруашылық саласы еліміздің 60 пайыз жан санын қамтиды және жұмысқа қабілетті азаматтардың 60 пайыздан астамы ауылшаруашылығына сүйеніп күн көріп отыр деуге болады. Оның үстіне ауылшаруашылығы жұмыссыздықты жоя алатын және халықаралық үлкен экспорттық сұранысқа ие, экономикалық болашағы зор сала.
Мен еліміздегі ауылшаруашылығын дамыту бойынша үлкен жоба әзірлеп жатырмын, былтыр Президенттік жастар кадр резервіне қатысқанда ауылшаруашылығы саласы бойынша «Қазақстан болашақ фермерлері» деген жобаны сәтті қорғағам. Ол басқа әңгіме ғой, айтайын дегенім биылғы пандемиялық жағдайда бізді тағы осы ауылшаруашылығы саласы аман алып қалды десек болады. Яғни, халық ешқандай азық-түлік тапшылығын көрмеді. Сайлауалды бағдарламада Президентіміз бұл салаға басымдық берілетінін айтты. Енді оны жүзеге асыру үшін ауылшаруашылығына үлкен реформа керек. Ол ең әуелі осы саланы ағарту және ғылым-техникалық жетістіктерді пайдаланудан басталуы керек деп ойлаймын. Ол үшін бірегей білім беру-ғылыми практика-өндірісті ұштастырған ЖОО орыны керек. Екінші биология саласы тірі организмдер тіршілігін, ауылшаруашылығы объектілерін, адамзат өмірі мен денсаулығын, қоршаған орта мен экология салаларын кешенді зерттейтін сала. Оның үстіне, ауылшаруашылығы, медицина және экология салалары биологиялық білімсіз ешқандай зерттеу жүргізе алмайды. Ал үшінші экология саласы түсінікті, бұл туралы Мемлекет басшысы биылғы жолдауында арнаулы тоқталған болатын.
Енді неге Жетісу өңірі десеңіз? Жетісу өңірі еліміздің барлық био-экологиялық аумақтарын өз ішіне қамтыған өлке, мәселен Балқаш бойындағы құмдардан бастап Іле немесе Жетісу Алатауының мәңгілік мұздықтарына дейін әртүрлі табиғи зоналар белдеулері бар. Бұл өз кезегінде ауылшаруашылығына дайындалатын жаңа сорттар мен техникалар, жануарлар тұқымдарын әртүрлі орталарда бейімделу, өнім беру көрсеткіштерін зерттеу үшін өте қолайлы өңір. Жәнеде биологиялық, экологиялық зерттеулер үшін де тамаша шарт-жағдайлар бар.
Екінші университет әлеуметтік ғылымдар, идеологиялық-педагогикалық салалардағы кешенді бағыттарға арналғаны жөн деп ойлаймын.
Неге цифрландыру, IT саласы бойынша емес?
Әрине, олар да маңызды сала, дегенмен мемлекет ол салаға жеткілікті деңгейде көңіл бөліп отыр, тек қана практикаға көбірек бағытталса жетістікке жету оңай, оның үстіне елімізде бұл салаларда мықты институттар мен университеттер де заманауи жабдықталған зерттеу орталықтары бар. Ал менің ойымша қазір елімізде идеологиялық бірлік жоқ. Мәселен сіз айтыңызшы? Елімізде жалпы ұлттық қандай идеология басым? Әрине, тек «не болса да, еліміз аман болсын, тыныш болсын» деген өткен ғасырлардағы отарлық саясаттың текпісінің себебінен шыққан толеранттық көзқарас басым. Алайда, әлеуметтік-экономикалық жағдай, түрлі діни наным-сенімдер алдында бұл көзқарастың иммунитеттік қуаты таусылып тұр. Себебі біз отарлық заманнан алыстап барамыз, жаңа тәуелсіз буын жетіліп келеді. Сондықтан бізге ұлттық былайша жалпы мемлекеттік идеология қалыптастыратын дүние жүзінің барлық елдерінің тәжірибесін терең зерттейтін, елміз азаматтарының психологиялық жетілуіне нақты жаңа әдіс пен білім беру технологиясын ұсынатын ЖОО керек. Қазір елімізде отбасылық құндылық, қарапайым еңбек адамдарын құрметтеу, ізгілік, ар-ұят т.б. секілді ұлтқа идеологиялық негіз болатын дәстүрлер мен адамдар ара қарым-қатынастар барынша әлсіреп кетті. Көп азаматтардың экономикалық жағдайы жақсы болса да қоғамға, билікке, айналасына разы емес, ішкі агрессиямен өмір сүріп жүргендер көп. Ондай рухани бостығы бар тұлғаларды, жат пиғылды ағымдар мен ұйымдар, т.б. оңай адастырып әкетеді. Бұның соңы бетін ары қылсын тәуелсіздікке қатер төндіруі мүмкін.
Сондықтан жоғарыдағы құрылатын екі университет еліміздегі жұмыссыздық, кедейшілік, экологиялық мәдениет, идеологиялық, құқықтық-нормативтік мәселелерді шешуге арналған қазақ және ағылшын тілдерінде білім беретін ЖОО болу керек.
Тоқаев «Рухани жаңғыруды» жалғастыра береміз деді. Ал, Сіз елімізге қандай идеология қажет деген ойдасыз?
«Рухани жаңғыру» тұсында талай жақсы басталмалар басталып, соңына жетпей қалды. Соны жақсы пайдалануымыз керек еді. Мемлекет үшін белгілі бір тұлғаны рухани қазық еткен немесе мемлекеттің басты құндылығына негізделген идеология керек болар. Ал «жаным арымның садақасы» деген ұлтымызға «Ар-Ұят» ілімі мен көзқарасы жетіп жатыр. Ұят болса Абай айтқан, өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ болмайды ғой.
Өзіңіз ғалым әрі президенттік жас кадр резервіндегі таңдаулы маман ретінде білім саласында ресми билік көрмей отырған, байқай алмаған қандай олқылық көресіз?
Бұл жерде әңгіме билік емес «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасы ғой. Иә, «Нұр Отан» биліктің партиясы. Енді мен білім мен ғылым саласындағы олқылықтарды тізіп, жаңа реформа жасайық десем, онсызда сан реформаны бастан өткеріп енді көші түзеле бастаған сала үшін жараспас. Дегенмен қазіргі жаңартылған білім беру мазмұны Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының 2011 жылдан бастап әр жылдардағы халыққа жолдауларынан бастау алып, өзіне «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын идеологиялық, концепциялық негіз етеді. Бізде көптеген білім беру саласының қызметкерлері осы теориялық негізді түсінбейді. Яғни, «Мәңгілік ел» мұратында ұрпаққа білім беріп жатқандығын білмейді. Сондықтан да бағдарламаны жүзеге асыруда кемшіліктер кетті және кетіп жатыр.
Мәселен, бізде көбінесе тек мұғалімдер білім берумен ғана шектеліп, тәрбиелеуді елеусіз қалдырып жүр. Атақты ойшыл Әбу Насыр әл Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген, сондықтан бұл жағын мықтап қолға алған жөн. Және де білім берудің негізі ақпараттық көзі оқулықтарды неге ұлттық құндылықтар, күнделікті және тарихи ұлттық заттық және рухани материалдарды негізге ала отырып жазбаймыз. Бұған жаңағы «Ар-Ұят» ілімін енгізіп жіберсек міне, нағыз рухани жаңғыру, ұлттық идеология, тәрбие. Оқыту әдістемелері де солай халықаралық білім әдіскерлері оқыту әдістерін оқушыны орталық еткен, мұғалімді орталық екен деп екіге бөледі. Біз оқушыны орталық етеміз де интербелсенді әдіс деген осы, мұғалім тек нұсқаушы ретінде деп оқушыға білімді жеке игеруге жүктеп қойдық. Дидактикалық тұрғыдан бұл қате керісінше әр түрлі әдіс-тәсілдерді балалардың жас ерекшелігіне, физиологиясына қарай зерттеу-практикалық (істеу арқылы оқу) принципімен жүргізген жөн еді. Сосын, шыны керек мектепте бала жасына сай емес, басы артық пәндер мен оқулық мазмұны жетерлік.
Бірді айтып отырып, басқа жаққа кетіп бара жатырмын-ғой. Негізінде бізге бұрынғы КСРО кезіндегідей білім беру мен ЖОО орындары және ғылым екі бөлек министрлік болғаны жөн еді. Себебі ортақ қазанға келгенде ғылымға көп көңіл бөлінбей қалып жатыр. Бұл салада студенттердің сабақ кестесіне бастап ғылыми жобалар гранттарын беру, жоғары ғылыми атақтар беру, ЖОО оқытушыларының жалақысы, құқығы, зерттеу құрал-жабдықтарын алуға дейін әлі де күрмеуі көп мәселелер жетеді. Бұның себебін өзіңе бірнеше рет айтқам. Сайлауалды бағдарламада «мемлекеттік тілдің қолданылу аясын одан әрі кеңейтуге күш жұмылдырамыз. Ана тілімізді ардақтамасақ – елдігімізге сын» деген сөйлем бар. Жалпы білім беру мен ғылым саласын жаппай қазақ тіліне көшіру керек. Себебі мынада, қазір мектеп оқушыларының 70-80 пайыз қазақ тілінде білім алады. ЖОО-да да бұл көрсеткіш жоғары. Тіпті биыл біздің университеттің білім беру бағытындағы биология мамандығының қазақ тобына 29 магистрант, орыс тобына 4 магистрант түсті. Бұндай статистикалық негізінен барлық мамандықтарда бар. Айтайын дегенім осы қазақ тілді аудитория қазір қазақ тіліндегі ғылыми еңбектерге өте зәру. Қазақ тілінде ойлайтын тыңдаушы басқа тілден аударып, ізденіп сапалы білім алуы екіталай. Оның үстінде, тыңдаушы білім алғысы келетін тілдегі материалдық базамен қамдау мемлекеттің міндеті, ол азаматтардың құқығы. Сондықтан алда «Нұр Отан» партиясы ана тілімізді ғылымның тіліне айналдыруға күш салуы қажет деп ойлаймын. Студент, магистрант, докторанттардың стипендиясын көтереді екенбіз, енді оларға барлық бітіру жұмыстарын, диссертацияларын және жариялайтын ғылыми мақалаларының басым бөлігін қазақ тілінде баспадан шығаруға міндеттейік. Тіпті магистратура мен докторантураға түсушілер үшін қазақ тілінде шығармашылық емтихан міндетті болу керек. Осындай әр салаға бейімделген кішкене және нақты реформалар ана тіліміздің мәселесін шеше алады.
Қысқаша солай...
Ал, билік партиясы бағдарламасының олқы тұстары бар ма?
«Нұр Отанның» “Өзгеріс жолы” сайлауалды бағдарламасының басым жақтары қазірде бар және болашақта туындауы мүмкін әлеуметтік, құқықтық, қоғамдық, экономикалық, білім беру, денсаулық сақтау, экология, спорт, ауылшаруашылық т.б. салалардың мәселелерін шешуге арналған. Және алдыңғы кезектегі бағдарламалармен идеологиялық, тарихи сабақтастығы бар. Әлсіз тұстары, сайлауалды бағдарламасында идеологиялық, саяси-демократиялық, демографиялық, ұлттық қауіпсіздік жақтары көп ескерілмеген. Дегенмен, алдағы сайлауда бұл сайлауалды бағдарлама басқа партиялардың бағдарламасына қарағанда көлемді және нақтылығымен ерекшелене отырып, сайлаушылардың басып көпшілігінің қолдауына ие болары сөзсіз. Осы реткі сайлауда «Нұр Отанның» жоғары дауыс жинап, депутаттыққа көп орын иеленгенімен осы сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру кезінде біраз қауіп-қатерлер болуы мүмкін. Мысалға еңбекақы, шәкіртақы өсіру әрине жақсы, алайда, теңгенің құнсыздануы сайлауалды бағдарламада айтылғаннан екі есе көбейтуді талап етуі мүмкін. Немесе айналамыздағы геосаяси ортаның өзгеруі, пандемиялық жағдай, мұнай бағасы секілді сыртқы факторлар мен ел ішіндегі идеологиялық тұрақсыздық, әлеуметтік теңсіздік, экономикалық қиыншылық, жемқорлық, көзбояушылық т.б. себебінен бағдарламаның көп бөлігі жүзеге аспай қалуы немесе сапсыз жүзеге асырылуы да мүмкін.
Сұхбатыңызға рақмет!
Жазып алған Нұрғали Нұртай.