Алматы көшесіне башқұрт шайыры Мұстай Кәрімнің есімі берілді

Алматы көшесіне башқұрт шайыры Мұстай Кәрімнің есімі берілді
Ⓒtarlan.kz

Бүгін, 9 шілде күні өткен салтанатты шараға ҚР Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және башқұрт делегациясын бастаған Мұстай Кәрім атындағы қордың құрылтайшысы, ақынның немересі Темірболат Кәрім қатысты.

Сонымен қатар, «Мамыр-1» шағынауданында орналасқан көшенің ашылу салтанатына қала тұрғындары, қазақстандық және ресейлік ақын- жазушылар, этномәдени бірлестіктер, жастар ұйымдары және Мұстай Кәрімнің туыстары жиналды.

- Бүкіл түрік дүниесінің ұлы шайыры, бауырлас башқұрт халқының ақыны, жазушы-драматург Мұстай Сәфиұлы Кәрімнің есімі қаламыздағы ең бір көрнекті көшеге беріліп отыр, - деп сөз бастады Алматы әкімі, - Төрткүл дүниеге есімі кеңінен танымал Мұстай Кәрімді біздің қазақ оқырманы өз ақыным, төл перзентім деп біледі. Ақынның «Үш таған», «Талтүс» атты кітаптары қазақ тіліне аударылған. Еліміздің қалың оқырманы Мұстай Кәрімді төл ақынындай құрметтеп, оның жалынды жырларын жатқа оқиды.

Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова айтқандай, «сұм соғысты да бастан кешкен Мұстай Кәрім қолынан ақ қағаз бен қаламды бір тастаған емес». - Ол ауыр жарақат алып, госпитальдан сауығып шыққан соң, майданның алғы шебіне оралып, өз шығармалары арқылы жауынгерлерге рух беріп отырды. Біз үшін Мұстай Кәрім осындай ізгі де қастерлі қасиеттерімен есте қалады. Оның ұмытылмас тылсым туындыларын жыр сүйер қауым ғасырлар бойы жадында қалатыны сөзсіз, - деді министр.

Айта кетелік, Ресейдің К.С. Станиславский атындағы Мемлекеттік сыйлығының, Башқұртстан Мемлекеттік сыйлығының, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Мұстай Кәрімнің биыл 100-жылдығы кеңінен тойлануда.

Мұстай Кәрім 1919 жылғы 20 қазанда Башқұрт  Автономды Кеңестік Социалистік Республикасында дүниеге келген. 1941 жылы К.А. Тимирязев атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетін бітірген. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Қызыл Армия қатарына шақырылған. Жауынгерлік наградаларымен марапатталған. 1944 жылдың тамызында аға лейтенант М.С. Каримов 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған.

Мұстай Кәрім 1930 жылдардың ортасынан бастап шығармаларын жаза бастады. «Отряд тронулся» атты тұңғыш жинағы 1938 жылы, «Весенние голоса» атты екінші жинағы 1941 жылы жарық көрді. Мұстай Кәрімнің жалпы саны 100-ден астам өлеңдер мен прозалық жинақтары, 10-нан астам драмалық шығармалары, оның ішінде «Черные воды», «Возвращение», «Европа-Азия», «Времена» атты поэмалары, «Страна Айгуль», «Похищение девушки», «В ночь лунного затмения», «Салават. Семь сновидений сквозь явь», «Не бросай огонь, Прометей!» атты пьесалары, «Радость нашего дома», «Таганок», «Помилование» және т.б. повестері жарық көрген. Оның 40-тан астам өлеңдері мен «Радость нашего дома», «Таганок», «Долгое-долгое детство» атты еңбектері қазақ тіліне аударылған.

Мұстай Кәрім КСРО жазушылар Одағының мүшесі, Башқұрт Автономды КСР жазышулар Одағының Басқарма төрағасы, Ресей Совет Федеративті Социалистік Республикасының Жазушылар Одағы Басқармасының хатшысы болды. Ресей Совет Федеративті Социалистік Республикасы Жоғары Кеңесінің депутаты, Президиум төрағасының орынбасары, Башқұрт Автономды КСР Жоғары Кеңесінің депутаты қызметтерін атқарған. Көптеген жылдар бойы ол Башқұрт бейбітшілік комитетінің төрағасы, КСРО Министрлер Кеңесінің жанындағы Ленин және Мемлекеттік сыйлықтар комитетінің мүшесі, Башқұртстан Республикасы Президенттік Кеңесінің мүшесі болған.Мұстай Кәрім Башқұрт Автономды КСР халық ақыны, Социалистік Еңбек Ері, Ресей Совет Федеративті Социалистік Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Башқұртстан Ғылым академиясының құрметті академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының, әдебиет және өнер саласындағы М.А. Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты.

Мұстай Кәрім аты Мәскеуде, Уфада, Алматыда көшелерге берілген. Сондай-ақ, 2019 жылғы 15 мамырда пошта маркасы шығарылып, 31 мамырда Мұстай Кәрім есімі Уфа қаласының халықаралық әуежайына берілді. 2013 жылы ұлы Каримов Ильгиз Мустафович, қызы Альфия Каримова және немересі Тимербулат Каримов Мұстай Кәрім атындағы Фонд құрды. Фондтың негізгі мақсаты – башқұрт тілі мен әдебиетіне қолдау көрсету.