Оның себебін дәл осы жылдың тәуелсіздік тарихында алар орны алабөтен екендігінде. 1991 жыл біздің тәуелсіздікті жариялаған жылымыз ретінде ел тарихында қалмақ. Оған дау жоқ. Сонымен бірге Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заңға елбасымыз 1991 жылдың 16 желтоқсанында қол қойғанын, яғни ол жылдың тек соңғы жарты айында ғана тәуелсіздік жағдайында өмір сүргенімізді, оның өзі де әуелі – 21 желтоқсанда, Алматыда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы КСРО-ның біржола, ресми түрде таратылуымен байланысты саяси оқиғаларға толы болып өткенін ұмытудың жөні келмейді. 1991 жылы Қазақстан басшылығының негізгі назары тәуелсіздік идеясын пісіп жетілдіруге, тұрғылықты ұлт өкілдері республика халқының жартысына да жетпей жатқан жағдайда геосаяси тұрғыдан да, демографиялық сипаты жағынан да, бізден түр-тұлғасы бөлекше өзге елдермен бірдей күйде еркін, азат мемлекет құру үшін тиісті әзірлік жасауға жұмсалғаны, жан-жағымыз отқа оранып жатқанда алауыздық шоғының ұшқыны елімізге түспеуі үшін көп-көп шаруа атқарылғаны сол тұстағы сабырлық, салиқалылық кейін өзін-өзі қай жағынан да ақтағаны жақсы мәлім.
1991жылы, Қазақстанның Мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланбай тұрып жасалған бір қадамның мән-маңызын біз әлі күнге тиісінше айтпай келе жатқан сияқтымыз. Ол – қадам Қазақ КСР Президенті Н.Ә Назарбаевтың Совет Одағының құрамында отырып, дүние жүзіндегі ең үлкен ядролық полигонды жабу туралы Жарлық шығарғандығы. Бұл жай ғана саяси шешім емес еді. Елді митингіге шақыру да, әрине азаматтық, дегенмен Мәскеудің маршалдары мен генералдары күшінде тұрған кезінде (ал олар ұлт республикаларын әскери округтың маңайындағы елді мекендер ретінде ғана қарастыратын) атом полигонын тұншықтыру нағыз тәуекелшілік болатын. Орталықтың шама-шарқын сынап байқау, ашығын айтқанда, осы шешім арқылы Мәскеуге қыр көрсету – тәуелсіздікке белді бекем буған елдің басшысына тән мінез еді. Оны кезінде біріміз түсіндік, біріміз түсінбедік, ол енді басқа мәселе.
Ал тәуелсіздік тарихында алар орны алабөтен деп отырған 1992 жылдың басты ерекшелігі неде, оның қадір-қасиеті ең алдымен қай қырынан танылады деген сұрақ қойылар болса, мен «Бұл жыл біздің тәуелсіздікке тәуекел еткен жылымыз» деп жауап қайтарар едім. Неге дейсіз ғой? Негесі сол, 1991 жылдың 16 желтоқсанында тәуелсіздік тұлпары тақымымызға тигендей сөйлеу образдық ойлау, поэтикалық теңеу тұрғысынан алып қарағанда ғана әсерлі шықпақ. Ал прагматикалық тұрғыдан, нақты саяси жағдайдағы ахуалды дәл бағалау тұрғысынан қарар болсақ, ол жылы біз тақымымызға бір тисе деп арман еткен тұлпар қолымызға ер-тұрмансыз ноқта-жүгенсіз түсіп, жалына ғана жалаң қолмен жармасқанымызды ұмытпаған жөн.
Қазақ баласы содан дәл 270 жыл бұрын бодандық қамытын киіп, бас еркінен айырылған еді. Қазақ баласы сонша уақыттан бері қолы шылбырға да, тізгінге де жетпей, азаттық арғымағын ерттеп мінуден қалған еді. Тосырқап қалған тәуелсіздікпен қайта табысудың өзі талайларға психологиялық тұрғыдан оңай тимеді десек, ақиқаттың ауылынан онша алшақ кетпеспіз. Былайша қарғанда осы айтып тұрғаным – парадокс. Азаттығын аңсамайтын адам болушы ма еді, еркіндігін көксемейтін ел болушы ма еді деген тұрғыдан қарасақ, әрине, әңгіме ететін, күмән келтіретін дәнеңе жоқ сияқты.
Бірақ, бұл бергі жағы ғана. «Тәуелсіздік тосырқау» деген тезисті де осы үшін әдейі айтып отырмын. Үш ғасырға жуық уақыт бойы өз тағдырын өзі шешпеген, демографтардың орташа есеппен әр отыз жыл да бір буын ауысады деген мөлшері бойынша айтсақ, елдің бүгінгі ұрпақтарының шамамен алғанда тоғызыншы немесе оныншы атасы ғана толық тәуелсіздік жағдайында өмір сүрген ұлт адамдарының өмір салтында, ойлау ерекшелігінде көптеген өзгешеліктер болатынын мойындамау мүмкін емес. Арғы тарихты былай қойғанда, бергі жетпіс бес жылдың өзінде қазақ сөздің шын мағынасында алғанда мемлекеттік тұрғыдан ойлаудан аластатылып келгені, бірен-саран жұрттан мойны озық шыққандар болмаса жалпы қауымның одан қол үзіп қалғаны анық еді. Өйткені мәселенің барлығы дерлік Мәскеуден қаралатын, Мәскеуде ақылдасылатын, Мәскеуде шешілетін, Мәскеуден тапсырылатын. Қанша жерден басыңды қатырғанмен, түптің түбінде Мәскеудің сөзі өтетінін білгендіктен де барлық деңгейдегі басшылар бірте-бірте жалпы мемлекеттік ойлаудан бойын сырттата бастайтын. Сөйте-сөйте бүкіл ұлттың бойында орындаушылық психология ғана орнығып, бара-бара мұның өзі бодандықтың халықтық мінезді өзгертуіне де апарып соқтыра бастаған-ды. Қазақтың тілі де, діні де, ділі де, тәлкекке түскені сондықтан еді.
1992 жыл ел үшін, елдік үшін айрықша сынақ жыл болды. Бұл жылы қазақтың өзгелермен терезесі тең, керегесі кең мемлекет құруға қабілеттілігі сынға түсті. Бұл жылы Қазақстан халқының бірлігі сынға түсті. Бұл жылы қазақ халқының өзінің ішкі бірлігі сынға түсті. Бұл жылы ел басшылығының әлемдік ауқымда ойлай білу қабілеті, саяси іс-қимылдың, экономикалық, шешімдердің күрделі заманға сай әдіс-тәсілдерін, жаңа жолдарын іздестіріп таба білу қабілеті сынға түсті. Және сол сынақтың қалай басталғанын айтсаңызшы! 1991 жылдың соңғы күнінде Ресей президенті Б.Н.Ельцин өз халқына жаңа жылдық «тарту» әзірлегенін жариялады – 1992 жылдың бірінші қаңтарынан бастап баға босатылатынын мәлімдеді. Дәл сол Ельцин осыдан біраз уақыт қана бұрын, ел президенттігіне сайлауға түсерде «Рельске көлденең жатып алсам да, баға босатпаймын» деп ант-су ішердей болғаны есте. Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күні басталар түнде миллиондаған адамдар көрер таңды көзімен атырды. Таңертеңнен шұбатылған кезекке тұрған адамдар дүкен атаулыда көзіне көрінгеннің бәрін сатып ала бастады. Бұл күндері Қазақстан халқы да алда енді не болатынын демін ішіне ала күтті. Кәдімгі Абай атамыз айтатын «Келер күн келер екен не дайындап, қараңғы, қарағанмен болжай алман» дейтін өлі-ара шақ туды. Ортақ рубль аймағында өмір сүріп жатқан екі елде екі түрлі жағдай болмайтыны өзінен-өзі белгілі. Себебі көтерем аттай тұралай құлаған советтік экономиканың қан тартар тамырлары әлі де Ресейде еді. Ресей басшылығының өз халқына жасаған «Естен тандыра емдеуі» (әйгілі «шоковая терапия») балаң мемлекетіміз үшін тым ауыр соққы болды. Ақша саясатына қатысты мәселенің бәрі Мәскеуде реттелетіндіктен әрі шекара деген аты бар да, заты жоқ жай ұғым күйінде ашық-шашық жатқандықтан (кеденнің түсімізге де кірмеген кезі ғой) біздің Ресейге ілеспеске амалымыз да жоқ-тын. Ақыры солай болды да. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 3 қаңтарда «Бағаны ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Ресейдегі жанталас енді бізде де басталды. Жарлық күшіне енген 6 қаңтардан кейін Қазақстандағы дүкен сөрелері де бірер күннің ішінде жалаңаштанып шыға келді. Бүгін нені болса да алып қалу керек, ертең бәрібір баға бұл күйінде тұрмайды – жұрттың ойлғаны осы. Баға күн сайын дерлік құбылатын күйге жетті. Алғашқы аптаның өзінде-ақ талай жұрттың жүйкесі жұқарып үлгерді. Сол күндері «Егемен Қазақстан» бетінде дүкендегі абыржыған жұрттың әңгімесі келтіріліпті. Ой мынау сұмдық қой! Нан 5-6 есе қымбаттап кеткен. Үш есе қымбаттайды дегені қайда? Мәселен мына қолымыздағы Саратов наны күні кеше ғана 96 тиын еді, бүгін 5 сом 72 тиын болыпты. «Береке» наны одан асып 6 сом 72 тиын болған. Сонда қалай, түсінбей тұрмыз – деп ашынады сатып алушылар. Қазір газет тігіндісін ақтарып отырып, осы жолдарды оқығанда менің де көз алдыма сол күндер келеді. Жасы жетпістен асқан әкем, әйелім, інім үшеуі дүкенде еттің кезегінде қатар тұрып үйге екі-үш килограмм ет алып қайтса риза болатын. Көп жағдайда кезектері жетпей бос қайтқандарының қарияның қабағынан ақ байқаушы едім. Ең қарапайым бұйымдардың өзі таптырмай кеткені жұрттың жадында болса керек. Ақыр аяғы сіріңкеге дейін қат болуға айналды. Сол күндерде мынандай бір анекдот шыққан. Үй иесі қонағына: «Шайға қант салып ішесіз бе, әлде қолыңызды сабынмен жуасыз ба?» дейтін көрінеді...
Аяқ астынан қиын жағдай қалыптасты. Күні кешегі қара нанын бүгін 5-6 есеге қымбаттаған бағамен сатып алуға мәжбүр болған адамға дәл осының тәуелсіздік жариялағаннан кейін жиырма күн де өтпей жатып алдынан шыққаны әсіресе ашындырарлық жағдай еді. «Ал, алдыңдар тәуелсіздіктеріңді, сондағы жетіскендерің осы ма?» деген сияқты табалау сөздерді кезекте тұрғандар арасынан естіліп қалғанын да мойындамауға болмайды. Жағдайдың дәл бұлайша оқыс ушығуына Ресей басшылығының бағаны бетімен жіберуге рубль аймағындағы басқа мемлекеттермен ақылдаспай кірісіп кеткенінің кесірі көп тиді. Мұны Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арнаған Үндеуінде: «Бағаны ырықтандырылуынан кейін небәрі бір неше күн өтті, бірақ ол қазірдің өзінде көптеген адамдарды аса ауыр жағдайға душар етіп отыр. Ресей және басқа республикалардан кейін біздің де осындай шара қолдануға мәжбүр болғанымызды сіздер жақсы білесіздер. Әйтпесе, біздің өнімдерімізді, бірінші кезекте азық-түлік пен тауарларымызды бұрынғы КСР Одағының басқа аймақтарының халқы жаппай сатып әкетер еді де, сөйтіп Қазақстан экономикасы орны толмас шығынға толар еді» , деп ашық айтты да. Қазақстан басшысы бағаны ырықтандыруды 1 шілдеге дейін шегере тұруды ұсынған екен. «Қыс жағдайында, оның үстіне егін шықпаған жылдан кейін, азық-түліктің және дүние атаулының бәрінің қатаң тапшылығы жағдайында мұндай шараға баруға болмайтын еді» – осындай орынды ойға да дес берілмеген. Жалпы, бұл жылдар ішінде Қазақстанның сыртқы факторларға, әсіресе, Ресей саясатына көп-көп жағдайларда алаңдағанын ескермеске болмайды. Сол күндері Республика Кеңесінің мәжілісінде баға ресми түрде 6 қаңтарға босатылғанымен, бұл процесс шын мәнінде стихиялы түрде талайдан жүріп келе жатқаны, сондықтан бүкіл әлемдегі нарық заңдылығына бағынудан басқа амал қалмағаны ашық айтылған. Президенттің тапсырмасы бойынша ең алдымен нанның бағасын реттеуге күш салынғаны, барлық жерлерде азық-түлікті қарттар мен мүгедектерге, табысы төмен адамдарға, студентерге қолдан келгенінше арзандау бағамен сатуға әрекет жасалғаны жағдайды бір шама қолда ұстап тұруға мүмкіндік берді. Президент 12 қаңтарда, яғни баға босатылғаннан кейін он күн ғана өткенде қол қойған «Бағаны ырықтандыру жағдайында халықты әлеуметтік жағынан қорғау жөніндегі қосымша шаралар туралы» Жарлық бойынша нанның барлық түрлеріне және нан-тоқаш өнімдеріне, халыққа пісірілетін нанның орнына сатылатын ұнға, сүтке және сүт өнімдеріне мемлекеттік реттемелі бағалар белгіленді. Олай етпегенде халықты нарыққа ашықтан-ашық қарсы қойып алу, тіпті наразылыққа ұрынып қалу оп-оңай еді.
Иә, экономикалық сынақ саяси сынақтан да ауыр болып шықты. Одақтық құрылымдар етпетінен түскен бойда-ақ, бүкіл елдегі директорлар корпусы абдырап, сасып сала берді. Өнімге сұраныс табу, басқа рынок іздеу мәселелерімен Қазақстанда бұрын ешкім де шұғылданып көрмеген болатын. Жоғарыда айтқанымыздай бұрын мұның бәрі Мәскеуде ойластырылатын, Госпланда қамдастырылатын, не өндіретінін, онысын кімге жіберетінін, өніміне ақша кімнен түсетінін, қанша түсетінін жұрттың бәрі алдын ала біліп отыратынын да, бәсекелестік жөнінде ойлап, басын қатырып жатпайтын. Талай жылдан бері алып жүрген өнімнен аяқ астынан бас тарту ешкімнің де ойына келмейтіндіктен, оның сапасын арттыруға жанталасып жату деген де қаперге кірмейтін. Енді жағдай күрт өзгерді. Ондаған жылдар бойы қалыптасқан экономикалық байланыстар күн өткен сайын бырт-бырт үзіліп, ортақ экономикалық кеңістіктің көбесі миллиондаған адамдардың көз алдында сөгіліп бара жатты. Бұрынғы Кеңес одағына енген елдердің қай-қайсысында абыржу, дегбірсіздену ахуалы белең ала бастады. Кейбір республикаларда мұның өзі саяси айтыс-тартыс аумағынан асып, ұлтаралық қақтығыстарға, этностың өзінің ішіндегі қарама-қайшылықтарға ұрындыратындай күйге жетті.
«Есігімізді бақытсыздық қағып тұр» – «Егеменді Қазақстанда» 10 қаңтарда жарияланған, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевқа жолданған ашық хатта тап осылай айтылыпты. «Егер таяудағы күндері жалгерлік, фермерлер мен шаруа қожалықтары өндірушілер арасындағы лайықты өз орынын алмаса, онда біздің алдымызда дүкендердің бос сөрелері мен ауыр сынақтар күтіп тұр дейік. Қазақстан үшін осы бір сын сәтте біз республиканы күйзелуден, ретсіздіктен, жоқшылықтан, ашаршылықтан, зорлық пен зомбылықтан құтқарудың жолын нарық қатынастарын басыбайлылықтан босатудан, кәсіпкерлік белсенділік, еңбекті ақтау үшін және адамдарды әлеуметтік қорғау үшін құқылық ұйымдық адамгершілікті-психологиялық негіз қалаудан көреміз» делінген екен хатта. Ауыр сөз. Алаңдатарлық сөз. Ашынғаннан адамның артық кеткені дей салатын жалаң айқай емес бұл. Жанайқай бұл. Иә тәуелсіздік тарихының елең-алаң шағында осы ұлы идеяның өміршеңдігі нақты сынға түскенін, өз қандастарымыздың аузымен-ақ осындайлық күмән келтіретін мемлекетіміздің мерейлі мерекесінің қарсаңында еске түсіріп отырудың өзі бүгінгі биігіміздің қадір-қасиетін бағалай білуге шақыратын болады.
Елдегі әлеуметтік жағдай да шиеленіске түсті. Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласындағы «Тентек» шахтасының кеншілері жұмысты тоқтатып, Үкіметке талаптарын қойды. 8 қаңтар күні Президент шахтерлермен кездесті, оған жалғыз «Тентектің» кеншілері ғана емес Қарағанды мен Екібастұздың еңбек ұжымдары өкілдері, шахталардың, разрездер мен бірлестіктердің басшылары, саланың кәсіподақ бірлестіктері қатысты. Елбасы «Қарағанда уголь» бірлестігінің әкімшілігі мен Үкімет өкілдеріне «Тентек» шахтасының кеншілерімен тағы да кездесіп, мәмілеге келетін шешім табуды ұсынды. Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлы «тентектіктерді» қайткенде де тыныштандыруды көздемегені, салған беттен тек заңдылық жолмен жүру қажеттігін, анархияға жол бермейтінін қадап айтқаны өте маңызды болды. Өзімізбен қатарлас көптеген тәуелсіз мемлекеттерде әйтеуір дағдарысты болдырмаймын деп бір сәттік саяси ұпай үшін уәде берумен шектеле салу, ереуілшілердің көңіл-күй ауанымен ойнаушылық түптің түбінде жақсылыққа апармайтынын, айналып келгенде басшылықтың беделін түсіріп, жұртшылықты одан сайын ашындыруға апаратынын біз осы жылдар ішінде талай рет көрдік. Бұл жөнінде Нұрсұлтан Назарбаевтың «билік басындағылардың популизмі билеушілерге қарсылардың популизмінен кем қауіпті емес... Популистер саяси ұпай жинау үшін ештеңеден тайынбайды. Ең бір қасиетті ұғымдарды да саудаға салады. Олар адамдарды үлкен уәделерге, даңғаза ұрандарға оңай иланатындықтарын да жақсы біледі. Қоғамның небір күрделі мәселелерін оп-оңай шешіп тастауға серт береді.» -деген сөзін еске салғанын осы тұста артығы жоқ. Айтқандай, Нұрсұлтан Әбішұлының большевиктердің билік басына тез келуінің, халықтың басым бөлігін өз жағына тез тартып әкетуінің сырын айтқаны да назар аударарлық. Никита Михалков ана жылы Алматыға «Сібір шаштаразы» фильмін әкеліп көрсеткенде Президент картинадан алған әсерін бөлісе отырып, мынадай ойды ортаға салған-ды: «Фильмдегі патша офицерлерінің драмасы олардың өтірік айта білмейтіндігінде, халыққа жалған уәде бере алмайтындығында. Ал сол жалған уәдеге халықты қарық қылған большевиктердің сөзіне жұрт ұйып, соңдарынан еріп жүре берді». Иә, ең жақсы саясат – принципті саясат деген сөз рас. Осының растығын жылдың басында, бағаны бетімен жіберуге байланысты елдегі жағдай ерекше қиындай түскен күндерде айқын сезіне алдық.
Бұл 14 қаңтарда болған оқиға еді. Президент Резиденциясының алдына 200-дей адам жиналып, өздерін ішке жіберуге талап етті. Мұнан бірер күн ғана бұрын республикалық әлеуметтік қорғау коалициясы құрылған еді. Араларында жер тепкілеп, артық әңгімеге барып жатқандар да, «Егер осыдан бізді ішке кіргізбесе, онда есікке басa көктеп ұмтыламыз» деген әңгімелерге дейін айтушылар да бар. Алайда, жұртшылық текке өрекпіген екен. Кірем дегеннің бәрі ішке кіргізіліп, коалиция өкілдерімен Президенттің өзі кездесіп сөйлесті. «Коалиция өкілдерімен әңгіме барысында Президент елде қалыптасқан ауыр экономикалық жағдай туралы, шахталардың, мұнай өңдеу зауытының, аса ірі өндірістердің тоқтап қалу қатері жөнінде айтып берді. Оқиғалардың бұлайша өріс алуына жол бермеу үшін басталған реформаларға демократиялық тұрғыдан көмек көрсетілуі қажеттігі атап өтілді. Егжей-тегжейлі, ашық пікір алысудан кейін коалиция өкілдері өздерінің қоғамдық құрылымдары арқылы қоғамды топтастыру жұмысын жүргізуге, асығыс тұжырымдар мен митингілік қызбалықты болдырмауға ұйғарды» – деп жазды «Егемен Қазақстан» сол кездесу туралы. Жағдай расында да қиын еді. Министрлер Кабинетінің 12 қаңтарда өткізілген мәжілісінде өндірілген ұлттық табыстың өнімі 10 пайызға қысқарғаны, қоғамдық еңбектің өнімділігінің деңгейі 5,4 пайызға азайғаны айтылған.
Экономикалық реформаларды дәл сол тұста өз бетінше жүзеге асыру аса қиын шаруа еді. Рубль аймағындағы елдердің барлығының да экономикасы ортақ қиындықтарға шырматылып тұрған-ды. Оның үстіне Ресейдің, Украинаның, Белорусьтің еуропоцентризмі жаңа жағдайда күшеймесе басылмайтыны да белгілі бола бастады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында өзінің «рубль аймағын» сақтауға тырысуының екі себебін түсіндіреді: «Біріншіден, ол аймақтың бұзылуы ТМД елдерінен алшақтауын тездетер еді. 1990 жылы М. Горбачев РКФСР Жоғары Кеңесінің дербес ақша-финанс жүйесін жасау қаулысын күшін тоқтату туралы Президент Жарлығына қол қоймай қойды. Ал қаржы-финанс жүйесін жою деген сөз мемлекетті жою деген сөз еді. Екіншіден, расын айтсақ, біз әзір емес едік» . «Алайда, қандай төтенше жағдай да қапы қалмас үшін сол кезден бастап ұлттық ақша шығаруға дайындала бастадық. 1992 жылы Ресейде барлық баға босатылды. Сол кезде іске кірістік. Мен Қазақстан валютасын шығаруды бастау туралы құпия жарлыққа қол қойдым. Барлық қатысушылардан құпияны таратпау жөнінде қолхат алынды». Осы арада мына бір жайды айырықша разылықпен сөз ете кеткім келеді. Ол айтпағым – біздің азаматтардың санасына мемлекеттілік ұғымның соншалықты терең енгендігі, іс басындағы адамдардың елдік істерге соншалықты жауаптылықпен қарай білгендігі. Ойлап қараңызшы, Ресей бағаны бетімен жіберісімен-ақ ойластырылған ұлттық валюта шығару ісі бас-аяғы бір жарым жылға жуық уақытты алған. Ақшаның үлгісін жасайтын суретшілерден бастап, оны талқылайтын, бекітуге қатысты үлгілерді сонау тұманды Альбион аралына жеткізіп, сол жақта басылып шығуын қадағалайтын, бірнеше ұшақпен талай рейс жасап жүріп, бүкіл елден бір ауыз сыбыс шыққан жоқ. Мемлекет мүддесіне мұншалықты жауаптылықпен қараудың талай үлгісін мен өз басым кейін үкімет мүшесі ретінде қызмет атқарған жылдарымда қаншама рет көріп, шын көңілден сүйсінгенім рас.
Өкінішке орай бес саусақ бірдей емес. Тәуелсіздіктің алғашқы тұтас жылы өзіміздің қандастарымыздың арасынан да жеке бас мүдделерін саяси саудаға салушылық аз табылмайтынын да көрсетіп берді. Бағаның қымбаттап кеткенін тәуелсіздіктің орнауынан болғандай көрген ауыл аймақтағы азаматтарды былай қойғанда, сын сағатта тәуелсіздікке тірек болады-ау деген кісілердің арасында да түймедейді түйедей етушілік, болмашы нәрсені үйдей дауға айналдыруға тырысушылық, қит етсе митингілетіп ала жөнелуге, сәл ашынса аштық жариялай қоюға бейімдік байқалғаны өте өкінішті. Сол тұста мен «Өркен» – «Горизонт» аталатын екі тілді газеттің бас редакторы едім, жастар басылымы ретінде қым-қиғаш пікірлерге емін-еркін орын беріп, даулы дүниелерді де батыл жариялап жататынбыз. Соны бетке ұстап алып бір басса осылар басады-ау дейтін болуы керек, әркім әр-қилы пікірлерін редакцияға тықпалауға тырысатын, оқып отырғанда елдің қамын ойлайды-ау деген адамдардың аз күндік саяси ойын үшін, арзан бедел, даурықпа даңқ үшін ештеңеден тайынбайтынына көзіміз жетіп, көңіліміз құлазитын. Кейін алаңда аштық жариялап, жастарымызды желіктіріп жүрген сол ағаларымыздың кейбірі креслоларына қолы жетісімен оппозиция қатарын тез-ақ тастап шыққанына куә болғанымыз тағы рас. Көшедегі митингішіл топты желіктіре түскен сыртқы факторлардың бірі Әзірбайжанда баспанасыз әдебиет зерттеушісі Әбілфайыз Елшібейдің ел президенті болып сайлануы еді. Оның алдында Грузияда да эстет Звиад Гамсахурдиа осындай жолмен билік басына келген. Сол тұста билікті алу оп-оңай болып көрінгені рас. Өйтемін де бүйтемін деген әлгі Елшібей Таулы Қарабақты қайтарып алмақ тұрмақ, жерінің үштен бірінен айырылып қалғанда барып жұрт есін бір-ақ жиған. Айтқандай осындай жағдайға өзіміздің де куә болғанымыз бар. Сол кездегі вице-президент Ерік Мағзұмұлы Асанбаев бір күні Ескі алаңда аштық жариялап жатқандармен сөйлеспекке бекінді. Аппараттың бөлім меңгерушісі ретінде кездесуге мен де қатыстым. Сондағы елдің сөзін айтады-ау деген азаматтардың ой-пікірінің балаңдығы қайран қалдырғаны есімде. Бір жігіт вице-президентке – Ресеймен шекараның өн бойына ені екі метрдей ор қазып тастау керек, сонда біздің азық-түлігімізді таси алмай қалады деген де ұсыныс айтты-ау... Аштық жариялаушылардың бір талабы коалициялық үкімет құру болатын. Жаңағы кездесуден кейін кезінде ел намысын жыртып, халық сөзін айтқан бір азаматқа жәй әзіл ретінде: Ән шығаратын, музыканы түсінетін адам ретінде сізге коалициялық үкіметте мәдениет министрі қызметін беруді орайластыруға болар-ақ еді, тек онда профессионал композитор отыр ғой дегенімізде,.... оның шын пейілмен былай айтқаны бар: «Жоқ маған ол министрліктен гөрі Ішкі істер министрлігі қолайлы, өзім түрмеде отырып көрдім ғой, ол система маған жақын таныс»...
Қолға тиген тәуелсіздікті, басымызға қонған бақыт құсындай бостандықты ұстап тұратын Президент пен оның жаңа қалыптасып жатқан жақтастары мен Парламенттегі зиялы қауымнан басқа саяси күш сол тұста қоғамдық аренаға шыға қоймағаны көп ұзамай-ақ мәлім болып қалды. Зиялы қауымды әдейі баса айтып отырған себебіміз – елдің алғашқы Парламентіне депуттардың бір тобы қоғамдық бірлестіктер арқылы келгенінің көп көмегі тиді. Расын айтқанда, Ғылым академиясы арқылы, шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдар арқылы депутаттыққа өткен сол он-он бес адамның тарихи еңбегін біз еш уақытта ұмытпауға тиіспіз деп ойлаймын. Зиялы қауым өкілдерінің аз ғана тобы талай-талай тығырыққа тірелер тұстардан елдік, мемлекеттік мұраттардан аман-есен, абыроймен алып шыққанын өзіміз талай көргенбіз, соған талай рет сүйінгенбіз. Осы аса қуатты интелектуалды топ егемендік туралы Декларацияны қабылдауда да, мемлекеттік тәуелсіздік туралы Конституциялық Заңды қабылдауда да Президентке ең сенімді сүйеніш бола білді.
Мұның бір мысалын ғана айтайын 28 мамыр күні Жоғарғы Кеңесте өте бір ыңғайсыз әңгіме айтылды. Депутат Т.В. Жаворонкова «Азаматтық келісім» деп аталатын депутаттар тобының үндеуін оқып берді. Бұл үндеу Қазақстандағы ұлтаралық қарым-қатынас, тіл саясаты мәселесін аса ұрыншақтықпен, ұстамсыздықпен қозғағанымен жұртшылық арасында ерекше алаңдаушылық туғызды. Депутат өз үндеуін кешкі мәжілістің аяғына қарай оқығандықтан, сол күні әңгіме өрістемей, оны талқылау ертеңге қалдырылған. Келесі күнгі таңертеңгі мәжіліске бұқаралық ақпарат өкілдері әдеттегіден көп жиналды. Жұрттың бәрі бүгінгі пікір таласына елеңдеп-ақ отыр. Алайда пікір талас болған жоқ. Жоғарғы Кеңестің Ұлт саясаты жөніндегі комитетінің төрағасы Әбіш Кекілбаев егжей-тегжейлі түсіндірме жасап бәрін қолмен қойғандай қылып айтып берді. Әбекең жарты сағаттай сөйлейтін сөзін толық жазып алып келіпті, тегі, ұйықтамаған да шығар-ау. «Халықтың өзін-өзі билеу құқы сақталмай тұрып, жеке адамның құқы да сақталмайды. Өйткені, ұлты азат емес адамның өзі азат болуы еш ақылға симайтын шаруа. Ендеше, «Азаматтық келісім» депутаттық тобының адам құқы мен бостандығын аяққа басушылық деп жүргендері, соның ішінде халықаралық құқық қағидаларына қырық қайнаса сорпасы қосылмайтын жолдармен көп ұлттылық сипат алған мемлекетіміздегі тілдердің әрекеттестігін реттейтін заң қабылдағанымыз да, түптеп келгенде әлгі әр халықтың қол сұқпас құқын жүзеге асыру болып табылады. Ол заң халықаралық құқық қағидаларының біреуін біреуіне қарсы қоймайды. Оның дұрыстығын Хельсинки келісімінің Қорытынды құжаты да (1973) соны жүзеге асыру мақсатында Мадрид (1980) Вена (1986), Копенгаген (1990) мәслихаттарының Қорытынды құжаттары да, аты шулы «Жаңа Европаның Париж Хартиясы» (1990) да айғақтайды. Қаламгер депутаттың осылай шегелей айтқан сөздерінен кейін бұл мәселе бойынша артық дау-дамай туған жоқ. Ел тарихындағы бірінші Парламенттің жұмысында мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Басқа емес 1992 жыл туралы жазуымның тағы бір себебі — бұл жылдың менің мемлекеттік қызметке араласып, күрделі кезеңдегі күрделі мәселелерге қатыса бастаған кезеңім ретінде өзіме өте қымбаттығынан. Дәл сол тұста Президент өз маңайына жас кадрларды жинауды қолға алған. Алғашқы таңдауының бірі маған түсіпті. Сәуір айында, ойда жоқ жерден Президент Аппаратының Мәдениет және ұлтаралық қатынастар бөлімінің меңгерушісі қызметіне шақырылдым. Мұның алдында қалалық жастар газетін ғана басқарғаныма, аппарат жұмысынан хабарым жоқтығына қарамай көрсеткен сенімге сай болу үшін аянып қалмауға тырыстым. Бөлімдегі тәжірибелі азаматтардың көмегі көп болды. Тап бір мені жаңа жұмысқа кіріскен бетінде бір ширап, шыңдалып алсын дегендей, дәл осы тұста казачество мәселесі асқынып шыға келді. Әлі есімде, алғашқы іссапарларымның бірі Солтүстік Қазақстан облысына түскен, ол «Горькая линияның» жиынына байланысты болып еді. Аппараттан бірге шыққан А.Штопель (қазақшаға судай неміс азаматы), С. Қасымов сияқты тәжірибелі қызметкерлермен бірге казактар серкелерінің кеудесін басып, тым тайраңдауына жол бермейтіндей етіп қайттық. Бұрын комсомол жетекшілерінің бірі болып жүретін Очкасовтың (атын ұмытыппын) казактың әскери киімін киіп алып, облыстық әкімшіліктің біз әңгіме өткізіп жатқан жерге кіріп келгенінде кабинеттен қуып шыққанымыз, погонын алдырып, жай киім киіп келгенінше қабылдамай қойғанмыз есте. Өкінішке орай, жергілікті басшылардың ауызсыздығынан Орал казачествосының патша ағзамға қызмет ете бастауының мерейтойы іс жүзінде атала жаздады. Казачествоның атаманының әскери шеру жасамаймыз, шіркеуге кіріп шоқынамыз да үйді-үйімізге тараймыз деген сөзіне сеніп қалған жергілікті шенеуніктер Оралдың облыстық әкімшілігі мен шіркеу тұрған аралықты казактар табанымен бір таптатып өтті. Облыстық «Азат» қозғалысының мүшелерінің тікелей араласуы нәтижесінде ғана экстремистік одан арғы арандатушылық іс-әрекеттері орындалмай қалды. Осы бір оқиғаның өзі ұлтаралық қарым-қатынас мәселесінің қаншалықты шетін екендігін таныта түсті. Дегенмен, Шығыс Қазақстанда орын алған қанды оқиғаның жаныда бұл да анау айтқандай күрделі хал болмай шықты.
....Күн жексенбі еді. Үйге телефон соғылып сағат онға Президент шақырады дегенді айтты. Енді болмаса көшеге шыққалы едім ол кезде қазіргідей ұялы телефон деген жоқ. Айтқан уақытқа үлгеріп бардым. Президент жағдайды қысқаша ғана түсіндірді. «Қазанның 14-нен 15-іне қараған түнде Өскеменде ауыр қылмыс жасалған. Жатақханада адам танымастай азапталып өлтірілген жап-жас төрт қазақ жігітінің денелері табылған. Соны естіген қазақ жастары ереуілдеп көшеге шығып кеткен. Қалада төтенше жағдай қалыптасқан. Тез мән-жайды анықтап, бағасын беру керек. Сағат он бірге самолет дайындалды. Ұшасыңдар». Сөз қысқа.
Сонымен ұшып шықтық. Көңіл алай-дүлей. Неше түрлі бәле ойға келеді. Бұл не? Қылмысты оқиға ма, әлде мұның астарында саяси сипат бар ма? Әлде бұл үлкен қақтығыстың басы ма? Сонау сексен алтыншы жылғы желтоқсаннан кейін қазақ жерінде ұлтаралық жанжал шығып, қан төгіліп көрмеп еді, бұл сұмдық енді бізге де жеткені ме?! Сценаристері кім бұл сойқанның?... Облыстық Кеңес төтенше сессия шақырып, чечендерді (айтқандай төрт қазақ жігіттерін өлтірген чечендер екені анықталып үлгерген) облыс территориясынан көшіріп жіберу жөнінде шешім шығарып та қойыпты. Бұл қалай? Баяғы Сталин заманындағыдай ұлтты тұтас кіналау деген қайдан шыққан? Чечендер жиналып алып, кісі өлтіру туралы шешім қабылдамаған болар. Әрине, бұл өте даулы, өте шетін шешім. Оның аяғы неге ұрындыратыны тағы белгісіз.
Өскеменге келісімен тобымыз екіге бөлінді. Біздің топ жағдайға саяси баға беру мәселесіне ойысты. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Болат Ысқақов (қазір – министр) бастаған екінші топ қылмыскерлерді іздеп табуға кірісті. Облыстық әкімшіліктегі талқылау түні бойы жүрді. Сонда, әлі қылау есімде, Президент төрт рет телефон соқты – кешкі сегізде, түнгі он екіде, таңғы үште және таңғы сегізде. Соңғы телефон соғылғанда ғана Президентке алдын ала жасалған қорытындымызды айта алдық. Барлық жағдайды екшей келіп, бұл оқиғаның саяси сипаты жоқ, таза қылмыстық әрекет деген баға берілді. Президенттің түнді ұйқысыз өткізетіндей жөні бар еді. Қай елде де, қай кезде де үлкен шатақ осындай кішкентай даудан басталатын әдеті. Ана бір жылы Ошта қырғыз бен өзбектің арасындағы қанды қырғын да базардағы шие шатағынан шыққан. Әрине, шие деген пісуі жетіп тұрған шиеленістің шиқан шығар ілігі ғана ғой, соның өзінде де шығасыға бір себеп керек екендігі де белгілі. Базар демекші, бұл шатақтың да базарға қатысы бар болып шықты. Қаладағы базар екіге бөлінеді екен, жартысын «ұстап тұрған» қазақ жігіттері, жартысын «ұстап тұрғандар» чешендер. Базарға бақылау орнатып алған жігіттермен сөйлесіп көрсек, олар чешендердің бәрін көшіру шарт емес, бірақ мыналарды міндетті түрде көшіру керек деп 15 адамның тізімін бергені...
Оқиға былай болған екен. Үш чешен жігіті бір айдан бері Өскеменге келіп, алып сатарлықпен айналысып жүреді. Арматура зауыты жатақханасының тоғызыншы қабатындағы қонақ үйде жатқан оларға сол күні кешкілік екі чешен жігіті келіп қосылады. Бірігіп арақ ішеді. Ақыры көрші бөлмедегі қазақ жігіттерімен сөзге келісіп, мұның соңы әлгіндей адам айтқысыз трагедиямен аяқталады. Сол оқиғаның ертеңінде-ақ қала тұрғындары (негізінен қазақтар) Ленин атындағы алаңға жиналып, қанға – қан деген талап қояды. Мыңдаған қазақ жастары қала маңындағы Овечий Ключ (әу бастағы аты Қойбұлақ болса керек) деген жерге жиналып, сонда тұратын чешендерді бір тәуліктің ішінде түгелдей көшіріп әкету керектігін, талап орындалмаса ештеңеден тайынбайтындарын айтады. Мұнан кейін облыстық Кеңестің жаңағыдай шешімі қабылданған. Жалпы, облыста 300 шамалы чешен отбасы тұрады екен. Енді сессия шешімі бойынша олардың бәрі де облыс территориясынан кетуі тиіс. Қайда? Не үшін? Қандай мақсатпен? Бұл сұрақтарға депутаттар көп мән бермей, ашу- ызаның жетегінде кеткені көрініп-ақ тұр.
Овечий ключке барып чешен ақсақалдарымен әбден сөйлестік. Олар қылмыскерлерді табуға қолдан келген көмегін көрсететінін, оларды толық айыптайтынын, бірақ сонау соғыс кезінде келіп, бауыр басып қалған қазақ жерінен көшіріп жіберу деген әділетсіздік болатынын айтысып жатыр. Айтқандай, облыстық Кеңестің шешімі шығысымен бірнеше чешен отбасын Өскеменнен алып кетіп те үлгеріпті... Облыс әкімі Амангелді Бектемісов, обалы нешік, қаны бар батыл азамат екен. Сол оқиғаны пайдаланып бүкіл облыстан қолдағы мылтық атаулыны жинатып алдырыпты... Поселке жан жақтан қоршаулы. Қазақ жастары мен поселке тұрғындарының арасын әскер бөліп тұр. Тағы бір таң қаларлығы чешендердің кейбірінің қолында кәдімгі автомат бар. Біз – екі ортадамыз... Ақыры чешендерге автоматтарды толық тапсырыңдар, әйтпесе поселкеге әскер кіргізіледі деген талап қойылды. Автоматты айтамыз-ау бір чешен шалы көз алдымда гранатомет әкеліп тапсырды. Болат Ысқақовтың тобы кәсіби шеберлігін тез-ақ танытты. Ресейлік әріптестерінің көмегімен олар тез арада Алтайға кетіп қалған төрт чешен жігітін ұстады. Олардың кінәлары мойынына қойылды. Облыстық Кеңестің шешімі заңсыз екендігіне енді ешқандай күмән қалған жоқ. Арада бір күн салып, қайтадан сессия шақырылды, қайтадан дау басталды. Болған жағдайды егжей-тегжейлі талдай келіп, депутаттардың көбі райларынан қайтты. Чешендерді жер аудару туралы шешімнің күші жойылды. Осының артынша Өскеменге Чешен Республикасы Парламентінің шетел істері жөніндегі комитетінің төрағасы Ю. Сосламбеков ұшып келіп, чешен парламентшілері облыс басшылығына, жалпы Өскемен жұртшылығына ұлтаралық негізде жанжалға жол бермеу үшін жасалған қам-қарекеті үшін разылықтарын білдірді. Осы мақаланы жазарда Шығыс Қазақстанның облыстық газеттерінің сол күндердегі нөмірлерінен мақалаларды тағы қарап шықтым. Облыстағы ұлттық мәдени орталықтарының басшылары қол қойған үндеу, чешен диаспорасының облыс тұрғындарына көңіл айтып, кешірім сұраған хаты, газеттерде сабырлыққа шақырған салиқалы сөздер, бәрі де жағдайды одан әрі ушықтырмауға себін тигізген екен. Шығыс Қазақстандағы бұл оқиға бәрімізге естен кетпестей тағылым болды. Республика халқының ауызбірлігі, ынтымағы, жекеленген экстремистердің ығында кетпейтіндей саяси салиқалылық тантуы қандай маңызды екендігін тағы бір көрдік. Қойбұлақтағы қанды қырғын ең алдымен қазақтың бойына ежелден біткен салқын сабырдың, ұлтымызға табиғи түрде дарыған ұстамдылықтың арқасында осылайша заңды жолмен түйін тапқанын түйсіне отырып, біз ендігі жерде мемлекеттің негізі, оның сүйегі тап қазақ халқы екенін бұрынғыдан да тереңірек ұға түстік. Тәуелсіздік үшін сол қазаққа өзгеден гөрі төзімділік көбірек керек екенін түсіндік. Мұның өзі этностың мемлекет үшін, елде мекен еткен халықтардың ынтымақ бірлігі үшін аса жауаптылығын айшықты ашып берді. Бұл ыңғайда Президенттің өзі бас болып тындырылған үлкен шаруа – Дүние жүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы. Оның идеясын содан бір жыл шамасы бұрын Президент Түркияға барған сапарында айтқаны есімізде. Ыстамбұл әуежайында Президенті ақсарбас шалып қарсы алған қазақтардың құрметі ойға қалдырды ма, әйтеуір қайтар жолда ұшақ ішінде (мен онда журналисттердің делегациясымен барған едім) «Әлемдегі қазақтардың бәрінің басын бір қосу керек, үлкен бір әңгіме айту керек» деген болатын.
Құрылтайға дайындық жан-жақты жүргізілді. Қазіргідей елшіліктің де көп құрыла қоймаған кезі, шетелдегі қазақтармен байланыс жасау, олардың мәліметтерін алу, шақыру жіберу, жауаптарын қолға тигізу, виза, қонақүй, ас-су, көлік мәселелерін шешу оңайға түскен жоқ. Дегенмен біз жұмыс істейтін Мәдениет және ұлтаралық қатынас бөлімі жүктеген міндетті абыроймен атқара білді деп ойлаймын. Небәрі алты адамдық сол бөлімнің жігіттері уақытпен санаспай, күн сайын түнге дейін сенбі-жексенбі демей жұмыс істеген шақтарды қазірде қимастықпен еске аламын.
Құрылтайдың бағдарламасы жан-жақты ойластырылып жасалды. Қонақтарды әуежайдан қарсы алу сәттерінің әрқайсысына арнайы дайындалып, еркіндік алған қазақ жеріне тұңғыш рет табаны тиген сол бір сәт қандастарымыздың есінде өмір бақи қалатындай болуын қатты қамдастырдық. Онымыз ойдағыдай шықты – қандастарымыз траптан түсе салып жерге маңдайларын тигізіп, көз жасына ие бола алмай, қуаныштан ауызға сөз түспей жатқан сол минуттар әлі күнге көз алдымызда. Қонақтардың ел кіндігі – Ұлытауға, қасиетті қала – Түркістанға барып тәу еткені, қазақтың игі жақсыларымен емін-еркін араласып, ғибратты сөздерін тыңдауына жағдай жасалғаны, мәдениетіміздің ең бір тамаша үлгісімен танысуына мүмкіндік алғаны, сөйтіп, еркін елдің көк байрағы астында бақытты күндерді бастан кешкені баршаға белгілі. Құрылтайдағы іс- шаралардың ұшар шыңы әрине, Республика Сарайындағы салтанатты мәжіліс болды. «Орнында бар оңалар» дейтін еді халқымыз. Шүкір, ел орнында, жер орнында. Жерге жетер ештеңе жоқ, жерден өтер байлық жоқ. Жер болса – ел болады, ел болса – ер болады. Осындай жеріміз барда, еліміз барда, өздеріңіздей еріміз барда біз ешкімнен кем болмаймыз!» деді Президент Құрылтай мінберінен. Дәл сол күндерде Алатау аясында бірлікке, қасиетті бірлікке жасалған бәтуа ең алдымен өз еліміздегі қандастарымызды тағы да бір ойлантқаны күмәнсіз. Бүкіл әлемдегі қазақ атаулы жиналып, көк тудың астында бас қосқан, бір тілектің үстінде бәтуаласқан, сол ұлы жиын ауыл-үйдің бой үйреніп кеткен күңкіл-сүңкілінен биік тұруға шақырды. Құрылтайға қатысқандардың бір тобы Президент Н.Ә. Назарбаевқа разылығын өздері қол қойған хатта: «Алматыда салтанатты түрде тұңғыш рет дүниежүзілік қазақ Құрылтайын өткізіп, тарыдай шашылып жүрген қазақтардың басын қосып, дүр сілкіндірдіңіз. Сонау заманда Абылай хан бабамыз үш жүздің басын қосқан болса, міне ХХ ғасырда осы тарихи жағдайды халқыңызға өзіңіз тудырдыңыз. Бұл тарихи сәтті оқиғаның қазақ тарихына алтын әріптерімен жазылуы даусыз» , деп жеткізіпті. Сырттан келіп кеткен ағайындар өз елінде азшылық болып отырған ұлтымыздың еңсесін бір көтеріп тастады.
Қазақтар құрылтайынан кейін республиканы мекен еткен барша ұлттар мен ұлыстардың басын бір қосып, береке-бірлікке бастайтын ортақ әңгіме айту қажеттігі өзінен өзі туындады. Енді Қазақстан халықтарының тұңғыш форумына әзірлікті бастап кеттік. Оның алдында республиканың барлық облыстарының бір-бірінде өзара күндері өткізгені өте орынды шықты. Мұның жаңа рынок іздестіру тұрғысынан да пайдасы көп болды. Форумда ұлтаралық келісімді, азаматтық тыныштықты, рухани бірлігімізді сақтап нығайту жолдары туралы жемісті әңгіме өрбіді. Бұл жиын мемлекеттің ұлттық саясатын бұдан былай да Қазақстанда тамыры тереңге тартылған достық пен туысқандық дәстүрлерге негізделе беретініне сенімімізді нығайта түсті. Осы жақында ғана Алматыда Қазақстан халықтары достығының фестивалі өткізілген кезде, сан түрлі ұлт өкілдерінің бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай татулығын, ынтымағын көрген шақта менің көз алдыма сол тұңғыш форум қайта-қайта келе берді. Нұрсұлтан Әбішұлы 1 мамыр Еңбекшілердің халықаралық ынтымақ күнін Қазақстан халықтарының бірлігі күні деп атау туралы Жарлық шығарғаны да орынды болғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Бүкіл әлемдегі еңбекшілерімен ынтымақтасу деген орындалмайтын-ақ мақсат, ал күнде араласып-құраласып жүрген ұлт өкілдерінің бауырластығының жөні бөлек. Президент форумда жаңа қоғамдық институт – Қазақстан халықтарының Ассамблеясын құру жөніндегі идеяны алғаш рет ортаға тастады. «Бұл Қазақстандағы ұлтаралық келісімді бүкілхалықтық нығайту міндетін шешетін саяси емес, үкіметтік емес, ұйым болар деген еді», сонда Елбасы. Расы керек, бұл идея салған беттен жүзеге аса қойған жоқ. Әсіресе, унитарлық табиғатына онша келмейтіндей болып көрінгені де бар еді әуелде. Уақыт өте келе көп тілді, көп дінді, Қазақстандай елде тап осындай ұйым қажеттігі өзінен өзі айқын бола түсті. Қазір Ассамблея баяғыдан бар сияқты әсер қалдырады. Оның мінберінен Қазақстанның бірлігіне, ұлттар мен ұлыстарының татулық-тыныштығына қызмет ететін талай-талай ғибратты сөздер айтылып келеді.
Мінбер демекші, көп ұзамай Қазақстан Президенті әлемнің ең биік мінберіне көтерілді – Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 47 -ші сессиясында сөз сөйледі. Мұның алдында ғана Қазақстан осы әлемдік қауымдастыққа мүше болып қабылданған еді. Жалпы, 1992 жыл тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатын қалыптастыруда да айырықша орын алады. Әсіресе, ядролық қару төңірегіндегі әңгімені елбасымыздың мемлекет мүддесіне қаншалықты орайлы пайдаланғаны разылықпен айтпау әділдік емес. Мамыр айында Н.Ә. Назарбаев АҚШ астанасында Джорж Бушпен (қазіргі президенттің әкесі) кездесіп, әңгіменің барысында Қазақстан жеріндегі ядролық қарудың тағдырын да әңгіме етті. Сол жолы Елбасымен сапарға ере шыққан делегация мүшелері Нұрсұлтан Әбішұлының табандылығына тәнті болғандарын айтысып келгендері есімізде. Келіссөздер тығырыққа тірелетіндей жағдайлар болыпты сонда. «Ақыр аяғында қысым көрсетуге көшті, - деп еске алады сол күндерді Президент «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында. – егер ядролық қарулар туралы құжатқа бүгін қол қоймасақ, ертең қалған мемлекетаралық құжаттардың бәріне де қол қойылмайтыны мәлімделді. Ал ол құжаттар экономикалық қарым-қатынас мәселелерін қозғағанмен, Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік беру жөнінде бір ауыз сөз айтпайтын. Мен де дегеніме жетпей тынбау үшін тәуекелге міндім. Ондай жағдайда елге оралуға әзірлене бастайтынымызды айттым. Ақыры американдықтар райларынан қайтты. АҚШ-тың біз сұраған кепілдіктерді беретіндігі туралы құжатқа қол қойылды».
Ядролық қару демекші, осы мәселеде 1992 жылы Елбасы атына едәуір, сындар айтылып жүргені де есте. Талайлар Президентті ел территориясындағы қуатты қарудан өз еркімен айырылғалы жатыр, осы қару қолда тұрса ешкімнен ықпас едік, жұрттың бәрі бізбен санасар еді деген тұрғыда айыптаған болатын. Міне, содан бергі тоғыз жылдай уақыт тағы да елбасының саясаты алыстан ойлағандық екенін танытып беріп отыр. Оны кезінде Назарбаевқа оппонент болған саясаткерлер де айтып жүр. 1992 жылдың 10 наурызында «Егеменді Қазақстанда» «Қаралай беретіні қалай?» деген атпен өткір сын мақала жариялаған профессор Алдан Әйімбетов биыл осы газетте: «Ал енді сол сендерге еске түсіріп отырған өткір мақалаға бүгінгі пікірімді айтсам, өкінбеймін, бірақ ол қызбалықтан, ызақорлықтан шыққан сөз екенін мойындауға тиіспін. Егер Президент мен болғанда мен де Назарбаев жүргізген саясаттан алысқа кетпес едім деп ойлаймын бүгінде. Ең қызығы , ұлт мәселесі дегенде Назарбаевқа сенімсіздікпен қарап келген менің пікірім де қазір басқаша» деп ағынан жарылады.
Бұл жылда мемлекетіміз аса ауыр белестерден өтті. Өндірістің үздіксіз қысқаруы, ұлттық табыстың, қоғамдық еңбек өнімділігінің едәуір төмендегені, ақша айналымында қиын жағдай қалыптасқандығы, шаруашылық субъектілердің өзара қарызының өсе түскендігі, төлем қабілетсіздігі жаппай сипат алып, іс жүзінде көптеген кәсіпорындардың жұмысын тоқтатқандығы, мемлекет басқару органдарының барлық буындарының қызметінде елеулі келеңсіз процестердің орын алғаны елдің адымын аштырмады, жүрісін мандытпады. Инфляция жыл бойы бір бой бермей-ақ қойды. Қалағаңның – Қалтай Мұхамеджановтың: «Базарда бір кемпір бір кило алмаға екі кило ақша сұрап отыр» дейтіні сол тұста ғой деймін. Әсіресе, мал басының азайғаны қазаққа ауыр тиді. Сол жылы қоғамдық ірі қараның саны 27 пайызға, қой мен ешкі 8 пайызға, құс 22 пайызға азайған екен. Оның бір себебі қолға тиген малды бей-берекет шашу. Бір қойды бір бөтелекге айырбастай салатын сұмдық шықты. Қаладан ауылға алыпсатарлар ағыла бастады. Сол тұста ақын Ақұштап Бақтыгереева Президентпен кездесу кезінде балалардың аузынан жырып алып, малын араққа айырбастайтындарға мал бермеу керек деп ашына айтқаны есімде. Бағаны бетімен жібергеннен кейін халық етті бұрынғының жартысындай ғана, сүтті бұрынғының үштен бір бөлігіндей ғана тұтынатын болған екен. Иә экономикалық реформалардың ауылы әлі алыста еді. 1992 жылы осы салада тынған негізгі жұмыс Ресеймен енші бөлісу, меншік иелерін ажыратуға талпыныс жасау болды. Осының өзі аз шаруа емес еді. Қазақстанда шынайы экономикалық реформалар 1995 жылы Президент қол қойып, 140-тан астам заңдылық күші бар құжаттар қабылданған кезден басталды. Оған дейін әлі үш жыл бар еді.
Өкінішке орай тіршілік тауқыметі тек материалдық тұрғыдан ғана танылып қалмады. Болашақтың бұлдыр болып көрінгені, ертеңгі күнге деген сенімнің кеми түскені адамдардың жанына оңай тиген жоқ. Жүрекке де, жүйкеге де салмақ салған дәл сол жылы халқымыз Бердібек Соқпақбаев, Асқар Сүлейменов, Жәнібек Кәрменов сынды азаматтардан айырылды...
1992 - жаңа жағдайда ұлттық бірлігімізді бекіте түсудің де бастауы болған жыл. Сол жылы Кеңес Одағының жер-жерінде әртүрлі себептермен ұлтаралық қақтығыстарды ғана емес, ұлттың өз ішіндегі алауыздықты қолдан қоздырудың сәті түсті. Мұның ең сорақы көрінісі Тәжікстандағы азамат соғысы еді. Кулябтықтар, ленинабадтықтар, таулыбадахшандықтар болып үшке бөлініп билікке таласудың соңы қанды қырғынға соқтырды. Өздері ие бола алмаған тұрақтылықты орнату желеуімен басқа елдің әскері елдеріне енді. Елдің әр аймағының адамдарын бір-біріне айдап салатын жымысқы саясатты біздің Қазақстанда да жасалмай қалған жоқ. «Қазақ тілі» қоғамының жиынында Президент бұл жайында: «Қазақтың қыр соңынан қалмай келе жатқан тағы бір дерт туралы айтпай тұра аламаймын. Республика Президенті ретінде мені ұлттық бірліктің жайы кәдімгідей алаңдатып отыр. Жүзге, руға бөлінушілік ретінде әңгіме көбейіп барады. Бұның өзі қоғамды артқа тартатын, ұлт тұтастығына нұқсан келтіретін нәрсе. Кез келген ұлт әу баста тайпалардан құралады. Заман өте келе, ұлттық сана өсе келе , ол тарихтың еншісіне айналады. Өркениетті дүниеде арғы тегім бәлен тайпадан деп айтудың өзі ұят саналады. Ол былай тұрсын, руы бойынша жақындасу, бірігу, тіпті «бір атаның балалары» бас қосқан жиындар өткізу, қор сияқты жайлар бой көрсетуде. Біз тіпті кейінгі кездегі түрліше мерейтойлардың өзін бәсекеге батыр санасып, би салыстыруға пайдаланып барамыз. Бұл – масқара. Басқа айтар сөзім жоқ. Біз бүйтіп ел бола алмаймыз. Досқа күлкі дұшпанға таба боламыз. Бір тұтас мемлекет құрып, тәуелсіздік алғанда басымыз қосылмаса, мұны келер ұрпақ кешірмейді, тарих кешірмейді», деп ашық айтты. Ашына айтты. Ашынатындай жөні бар еді. Сол тұстағы газеттердің бірінде жазылған басшылықтың бәрі бір өңірден болып кетіпті деген сынға байланысты Президент кадрлардың елдің әр өңірінен біркелкі таңдалғанын нақты мысалдармен айта келіп: «Не деген масқара, осыны маған санаттырған азаматтардың ұяты барма екен?» деп күйінеді. Осындай да істер болған.
Әрине жақсы істер, жасампаздық істер көбірек болды. Осы жылы мемлекетің негізгі атрибуттары түгелдей жасалып бітті. Мемлекеттік тудың, Герб пен Гимннің конкурсы өткізіліп, ел рәміздері қабылданды, аймақтарды басқарудың жаңа институты – әкімдік қызметі енгізілді. Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі, шекара әскерлері құрылды, ел территориясында орналасқан әскери құрамалар, бөлімшелер, бөлімдер, мекемелер, ұйымдар, полигондар, арсеналдар, бүкіл жылжымалы және жылжымайтын соғыс мүлкі Қазақстан Республикасының қарауына өтіп, Қарулы Күштерінің құрамына қосылды, республиканың әскери доктринасы мен әскери құрылысының тұжырымдамасы бекітілді.
Ең бастысы — Қазақстанның Негізгі Заңының жобасын жасау жөніндегі екі жылдан бері жалғасып келе жатқан жұмыс межесіне жақындады. Конституцияның жобасын талқылауға үш миллионнан астам адам қатысып, олар 18 мыңнан астам ұсыныстар мен ескертулер енгізді. Жобаны талқылау, барысында елдің федеративтік құрлысы туралы ұсыныстардың бірқыдыру түсіп қана қоймай, сол ұсыныстарды қолдаған митингілерді де ұйымдастырылғаны дәл қазір айтса нанғысыз жағдай сияқты болып көрінгенімен, бұл да сол уақыттың ашық шындығы. Ол жайында Президент парламентте сөйлеген сөзінде мәселенің басын ашып тұрып: «Жақында өткен кейбір митингілерде Жоғарғы Кеңес пен Үкіметке республиканың федеративтік құрылысы үзілді-кесілді таңылған, онда облыстар осы федерацияның субьектілері болуға тиіс деп айтылыпты. Бірақ КСРО-ның ыдырауы нақ осындай сценарий бойынша жүргенін, қазір де кейбір республикаларда мұның өзі қантөгіспен одан әрі ушығып отырғанын еске түсіріңіздер. Біз мұндайға жол бере алмаймыз және жол беруге тиіс те емеспіз. Бұл егемендікке, тұрақтылыққа, тіпті әрбір қазақстандықтың отбасының тыныштығына тігілген қатер», деп қадап айтты.
1992 – еркіндік жағдайында өмір сүрген біздің тұңғыш тұтас жылымыз. Ол жылы талай шаруа тындырылмай қалды. Бірақ, ең бастысы – қазақ елі тәуелсіздікке тәуекелі тұратын, тәуелсіз болуға лайықты ел екенін танытты. Бұл жылы елдің еңсе көтеріп, бойын тіктеп кетуі теориялық тұрғыдан қарағанда ғана мүмкін нәрсе еді. Мақаланың бас жағында тоқсан бірінші жылдың желтоқсанында біздің қолымызға тәуелсіздік тұлпары тек шылбырымен тигенін айтқанбыз. Сол ыңғайда сөйлер болсақ, 1992 жылы еліміз үшін атқа қонып, желіп кетуге ерте еді. Қазақ елі бұл жылды тәуелсіздік тұлпарының ер-тұрманын, үзеңгісін сайлаумен, айыл-тартпасын тартумен өткізді. Ер-тұрман орнында тұр ғой деп арғымаққа қона салуға болмайтынын әрбір қазақ біледі. Дегенмен, үзеңгіге аяқ арттар күн алыс қалмағанын бәріміз де іштей сезетінбіз...
«Егемен Қазақстан»
2001 жыл.