Алтынбек Сәрсенбайұлы — Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат.
Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қайнар ауылында 1962 жылы 12 қыркүйек күні дүниеге келген.
1985 жылы журналистика мамандығы бойынша М.С. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тамамдады. Университетті аяқтағаннан кейін Қазақ телеграф агеттігінде, «Арай-Заря» журналының редакторы, «Өркен-Горизонт» газетінің бас редакторы болып қызмет етті. 1992 жылдан бастап А. Сәрсенбайұлы Президент аппаратында, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінде жауапты қызметтер атқарды. Кейін он жыл бойы баспа, ақпарат және мәдениет саласының мемлекеттік органдарын басқарған. 1993 жылдан Баспа және ақпарат министрі, 1995 жылдан Баспа және ақпарат жөніндегі Ұлттық агенттіктің төрағасы, 1997 жылдан Қоғамдық келісім және ақпарат министрі, 1999 жылдан Қазақстан Республикасы қоғамдық келісім, ақпарат және мәдениет министрі болған.
Ол 2001 жылдың мамырынан желтоқсанына дейін Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы — Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлттық Қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі, 2002 жылдың қаңтарынан дипломатиялық қызметте, Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарған. 2003 жылдан бастап А.Сәрсенбайұлы өз еркімен Президентке отставкаға шығуға арыз беріп, қоғамдық-саяси қызметпен айналысқан. Осы жылдың қараша айында «Ақ жол» Демократиялық партиясының ІІІ съезінде бірауыздан тең төраға етіп сайланды. 2005 жылдың сәуірінен «Нағыз Ақ Жол» Қазақстан Демократиялық партиясының тең төрағасы болған Алтынбек Сәрсенбайұлы — бірнеше кітаптар мен монографиялар авторы, саяси ғылымдар докторы.
Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісі – Бауыржан Байбосын және Василий Журавлев 2006 жылы 9 ақпанда кісі қолынан қаза тапты.