Әміржан Қосанов: Оппозицияны құбыжық әрі қауіпті құбылыс ретінде көрсетуді қою керек

Әміржан Қосанов: Оппозицияны құбыжық әрі қауіпті құбылыс ретінде көрсетуді қою керек
Ⓒtarlan.kz

Құрметті Әміржан Сағидрахманұлы, Сіз Нұрсұлтан Назарбаевтің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы шыққан күні-ақ «Келіспеуге лаж жоқ» деп пікір жазғансыз. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына да оң көзқарас білдірдіңіз. Қалай ойлайсыз, алғашқы мақала тиімді нәтиже берді ме? Мысалы қаншама қоғамдық талқылау болса да әлі латын әліпбиінің нақты үлгісі қабылданған жоқ. 

«Рухани жаңғыру» идеясы өте бір қиын кезеңде айтылып қалды. «Аш бола тоқ баламен ойнамайды» дегендей, экономикалық дағдарыс, девальвация, жаппай жұмыссыздық, қарапайым халықтың күн көріс деңгейінің күрт төмендеуі секілді факторлар рухани мәселелерді тасада қалдырып жататыны рас. Бірақ мұндай уақытша қиындықтар о баста президент мақаласында жарияланған ұлттық, тарихи, геосаяси новацияларды әсте де жоққ шығара алмайды. Оның үстіне, рухани даму параметрлері кез келген ұлттың тарихи дамуының ажырамас бір бөлігі әрі міндетті шарты. Жағдай қиын екен деп, ол құндылықтарды ұмытуға болмайды!

Осындай идеялық қарама-қайшылық болмау үшін рухани жаңғыру мәселесін қоғамда өзекті болып отырған басқа да – экономикалық, әлеуметтік, саяси – проблемалармен сабақтастыра жүргізіп отыру керек!

Алғашқы мақала қоғамдық ойға белгілі бір деңгейде серпіліс берді деп ойлаймын. Көптеген игі шаралар атқарылды. Бірақ, «әттеген-айлар» да жоқ емес. Науқаншылдық, кез келген шараны осы бағдарлама аясына тыға салу секілді теріс әдеттер орын алып жатты. Ең бастысы – әзірше бұл бағдарлама тек шенеуніктерге ғана қатысы бар нәрсе секілді көрінеді. Ендігі мақсат, екінші мақала берген мүмкіндіктерді пайдаланып, осы іске қоғамды кеңінен қатыстыру.

Латын әліпбиінің идеясы дұрыс, бірақ, шынымды айтсам, дәл өзіме қазірде ұсынылып отырған нұсқа ұнамайды. Және де осылай ойлайтын азаматтар аз емес. Дәл осы фактор латын әліпбиінің күнделікті өмірімізге толыққанды еніп кетуіне өз кедергісін тигізіп отырған сияқты.Қоғамдағы алуан-түрді пікірлерді ескеріп, осы жағын қайта қарау керек деп ойлаймын.

30 қарашада ҚазАқпарат жариялаған пікіріңізде президент мақаласы туралы «Бәлкім, нақ осы тұста әртүрлі саяси көзқарасы мен ұстанымы бар топтар және тұлғалар ортақ мақсат - ұлттық, мемлекеттік мүдде төңірегінде ұйысуы да қажет болар», - дейсіз. Біздің қоғам, азаматтық топтар, бар болса оппозиция неге әлі күнге дейін ала бөтен, алауыз?

Сіз айтып отырған «алабөтендіктің» екі жағы бар.

Өз басым қоғамда тек бір ғана идеология үстемдік етуіне қарсымын: әр адамның өз ойы бар, өз көзқарасы, ұстанымы бар. Ол солшыл не оңшыл, центрист не тағы басқа бір идеологияның қолдаушысы болуы мүмкін. Пікіралуандығы – демократияның ажырамас талабы әрі шарты. Саяси күштер де сондай болуы тиіс. Және де ол тұғырнамалар Конституция аясында бір-бірімен қатар бейбіт өмір сүріп, бір-бірі толықтырып отыруы тиіс.

Бірақ, біздегі «алабөтендік» басқаша сипат алып жатады: яғни, идеялық қарсылас болса, оның түбіне жету, тұқырту, ешбір уәж табылмай жатса, оның жеке басына тиісу. Өркениетті, XXI ғасыр үрдістеріне сай полемика, идея бәсекесі жоқ!

Ал бірігудің бірден-бір, ешкім де дауалай алмайтын негізі бар: ол – халықтық, ұлттық, мемлекеттік мүдде! Саяси күшке баға бергенде ең басты критерий – халықтық, ұлттық, мемлекеттік мүдде болуы тиіс!

Осы орайда тарихқа жаңаша қарап, тиісті тағылым алудың осы үш мұратқа қосар өз үлесі бар. Осы идеялардың төңірегінде өз басым кез келген саяси күшпен бірлесе жұмыс атқаруға дайынмын!

 Былтыр елімізде Конституцияға мәлім өзгерістер енді. Атазаңның жаңарған функциясы жұмыс істеді ме? Ел-жұртқа не пайда әкелді?

О баста айтқанмын: өкінішке орай, конституциялық реформа жарты жолда қалып қойды. Президенттің алғашқы мәлімдемесі мықты еді, егер де өзгерістер сол кезде, баршамыз күткендей деңгейде жүзеге асырылғанда, жағдай мүлдем басқаша болар еді. Президенттік, парламенттік, үкіметтік өкілеттіктердің ара салмағы біршама оңтайландырылды. Бірақ, оның бәрі әлі де жеткіліксіз деп санаймын. Транзиттік кезеңнен кейінгі Қазақстанның саяси тұрақтылығы үшін билік тармақтарының тепе-теңдігін осы бастан қалыптастыру керек!

 Әңгіме саяси тақырыпқа ауысқан соң «Жаңа Қазақстан» форумы туралы сұрамай болмайды. Брюссельге барып келгендеріңізге дәл сегіз ай болды. Алматыда баспасөз конференциясын өткізіп, саясатпен айналысатын мәлімдеме жасағандарыңызға жеті ай. Осы уақытта нақты қандай шаруалар атқарылды? «Жаңа Қазақстан» форумының нақты мүшелері қаншаға жетті? Келе жатқан саяси науқанға не дайындықтарыңыз бар?

Ең алдымен айтарым мынау: біз өзіміз мәлімдеген құндылықтар мен жоспарлардан бас тартпаймыз! Айтқанымыз – айтқан! Осы уақыт ішінде шетелді ғана емес, елді де араладық. Арнайы сапармен, топ болып, Қарағанды, Астана, Павлодар, Семей, Талдықорғанда болып қайттық. Жергілікті жұртшылықпен кездестік. «Жаңа Қазақстан» форумының ұсынып отырған Саяси бағдарламасы қолдау тауып отырғанының куәсі болдық. Біздің өкілдер басқа аймақтарда да болып жүр.

Бірақ біздің жоспарларымызға өз түзетуін енгізіп отырған бір құқықтық жайт бар: біз әлі де тіркеуден өте алмай жүрміз. Бір қоғамдық ұйым негізінде құжаттарды тапсырамыз деп айтып едік, келесі күні сол ұйымды сотқа шақырып, қазір оны жапқысы келіп жатыр. Тіркелмеген соң біз ресми түрде өз мүшелеріміздің де нақты санын айта алмаймыз.

Бірақ, біз билік тарапынан болатын осындай және басқа кедергілерге о бастан дайынбыз. Сондықтан да заңға томпақ келмейтін басқа да саяси мүмкіндіктерді пайдаланып, жұмысымызды жалғастыра береміз. Соның бір басты бағыты – ағартушылық! Дәл Форум мүшелеріндей ел ішінде ағарту жұмысын жүргізіп отырған қоғамдық ұйым кемде-кем болар! Келе жатқан саяси науқанға бідің тактикамыз екі түрлі болмақ: бірі – тіркелген жағдайда, екіншісі – түпкілікті тіркелмеген жағдайда. Сол кезде бәрі белгілі болады: арық айтып, семіз шығайық!

 Саяси науқан, сайлау туралы айттық қой. Парламент сайлауы жақын ба, президент сайлауы ма? Бұл сайлаудың бұрынғыларынан өзгешелігі не болады?

 Өкінішке орай, бізде сайлау өз уақытында өткізілмейтін бір теріс дәстүр қалыптасқан. Сондықтан сайлау қашан боларын дәл тап басып болжау мүмкін емес. Кейде ойлаймын: «кезектен тыс сайлау өткізіледі» деп дабыл қағушылар өздерінің жасырын, тереңдегі ойларынан сыр беріп жатқандай. Бәлкім, олар жағдай одан сайын ушығып кетпей тұрып, өз дегендерін жүзеге асырып қалғысы келетін болар!

Қараңыз, бұған дейін қаннен-қаперсіз, мүлгіп жатқан партиялар аяқ астынан «тіріліп», кезектен тыс съездерін өткізе бастады. Біздің дәстүр бойынша, шұғыл съездерден кейін шұғыл сайлау өтуі керек!

Ол президенттік сайлау бола ма, әлде парламенттік сайлау бола ма – бұл да қиын сұрақ. Бәрі де болуы мүмкін.

Алайда бір нәрсе анық: бұл сайлаулардың орны бөлек, өйткені дәл осы науқандардан кейін алдағы транзиттік кезеңнің алғашқы нақты сұлбасы да көріне бастайды. Және де жартыкеш, жасанды, әділсіз өткен, қоғамның көңілінен шықпаған сайлау болашақта үлкен катаклизмдердің себебі боп кетуі ғажап емес!Алтынбек Сәрсенбайұлының қабірі басында. 12 қыркүйек, 2017 ж.[/caption]

20 жыл саясатта белсенді жүрген адам ретінде айтыңызшы, соңғы уақытта жүріп жатқан процестердің бірі «ақыл ағыны». Жастар шетелге кетіп жатыр. 2017 жылы шекара асқандардың саны 38 мыңға жеткен. Конституция бойынша бізде ең құнды капитал адам. «Жаңа Қазақстан» ретінде, жеке саясаткер ретінде бұндайдың алдын алуға, кеткендерді қайтаруға қандай балама ұсынар едіңіз?

«Ақыл ағыны» одан сайын өрши түспеуі үшін бір ғана шарт орындалуы тиіс: кез келген азамат өзінің білім, тәжірибе, шығармашылық әлеуетін шетелде емес, өз Отанында толыққанды жүзеге асыра алатынын білуі тиіс! Ол үшін қазір біз, оппозиция, күнделікті айтып келе жатқан басты кемшіліктер жойылуы тиіс: олар – жан-жақты жайлаған жемқорлық, әркімнің еңсесін басып тастайтын бар саладағы әділетсіздік, әлеуметтік теңсіздік, биліктің отандық бизнеске теріс қарауы және басқа да факторлар.

 Соңғы кездері саяси партия құрамын деп белсенді болып жүрген Сырым Әбдірахманов туралы жұрт арасында әркелкі пікір бар. Сырым қайдан шықты? Неге қамалды?

 Әр адамның белсенділік танытып, ұйым құруына өз қақы бар. Сырым да құрсын, басқа да құрсын өз ұйымын.

Бірақ, бұл азаматтың өз саяси карьерасын бізге, оппозицияға тиісуден бастауы ретсіздеу болды деп санаймын. Оның өзі биліктің ойымен ұласып жатқасын, оның саяси жобасы туралы әртүрлі жорамалдар айтыла бастағаны да рас. Оның үстіне «Алаш» деген киелі де қастерлі атты жекебасты еншілеп алуы да - өз басым құптарлық іс емес. Және де оның жария қадамдарында белгілі бір деңгейде арандату элементтері, «атың шықпаса, жер өрте» принципін ұстанғысы келетіні де бой көрсетіп қалатыны рас. Кейде өзі ұрынып тұратындай көрінеді. Не болса да, аман жүрсін!

Сырымның «қайдан шыққанын» білмеймін. Бірақ бір нәрсені анық түсіндім: бір видеосында ол «біз оппозиция емеспіз» деген сыңайда пікір айтты. Мұның өзі көп нәрсені білдірсе керек. Өзін демократпыз деп жариялап, билікке қарсы пікір айта алмайтын квазиоппозициядан ел шаршады! Олай болса, өз жөнімен жүріп, конституциялық құқын пайдаланып, партия құра берсін.

Оны бүгінде қамап тастапты. Бұл шешімді мен қолдай алмаймын. Егер де оған нақты айып тағылып жатса, оны қамауға алмай-ақ, ашық та әділ сотта өз құқын қорғап қалуға мүмкіндік беру керек деп ойлаймын.

 «Ұлы даланың жеті қыры» сияқты руханиятқа дем беретін серпілісті айтпағанда, биыл елде саяси өмір қызу жанданып, айтарлықтай белсенді болды. Президент екі рет жолдау жасап, Төртінші өнеркәсіптік революция мен халықтың тұрмыс сапасын артыруға, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыруға бағытталған қолжетімді тұрғын үй сияқты экономикалық тетіктерді жандандыратын жобаларды алға тартты. Арасында әлеуметтік бес бастамасын да ұсынды. Екінші жолдауда тиімді сыртқы саясат туралы да айтты. Сыртқы саясатымызда да айтарлықтай өзгеріс болып, жазда «Ақтау конвенциясын» қабылдадық. Президент экономикасы алпауыт елдердің бәріне сапармен барып қайтты. Елбасының еңбегін қалай бағалайсыз? Осыншама жақсы сөздер, игі жобалар жүзеге асып жатыр ма? Қандай ұсыныстар қосқан болар едіңіз?

 Әрине, біздікі секілді президенттік жүйеде ішкі және сыртқы саясатта президенттің әрбір сөзі мен қадамы шешуші сипат алады. Мемлекет өмірінің осы екі саласына да жаңаша серпін берілуі керек екенін бәріміз де түсініп отырмыз. Бұл тұрғыдан алғанда мұндай белсенділікті қолдай керек.

Сонымен бірге, меніңше, қазіргі Қазақстанның аса бір түйткілді проблемасы бар. Оның мәнісі мынада: көп жағдайда президент өз қоластындағы әкімдер мен министрлердің есептеріне ғана жүгінетін сияқты. Оларға салсаңыз, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп жатырмыз! Шынтуайтына келгенде, жағдай ондай емес қой. Сондықтан да президент өз бағасын бергенде, өзі жариялаған бағдарламалардың орындалуы туралы айтқанда шенеуніктердің есебіне қоса қоғамның, соның ішінде, балама пікір иелерінің, керек десеңіз, оппозицияның сөзіне назар аударса, нұр үстіне нұр болар еді.

Жалпы мен айтар едім: саяси оппозицияны мемлекеттің жауы ретінде қабылдауды қою керек! Біздің қатарымызда да шын мәнінде елге жаны ашитын, топтық мүддеден гөрі мемлекеттік мүддені жоғары қоятын талай білімді, іскер тұлғалар бар. Жалпымемлекеттік деңгейде шешімдер қабылданып жатқанда олардың да пікірі ескеріліп жатса, жаман болмайды: келісіп пішкен тон келте болмас! Өйткені тон да, ел де баршамызға ортақ!

Сол кезде президент берген баға мен қабылдаған жоспарлары мейлінше өміршең болар еді!

 Соңғы сұрақ: кеше ғана Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымына тиісті өзгеріс енгізіле отырып, Талдау және болжамдау орталығы құрылды. Бұл нені білдіреді?

 Бұл жалпы алғанда (әрі нақты жетекшілердің жеке басына тоқтамағанда) – оң үрдіс. Талдау мен болжау – қазіргі биліктің ең бір осал тұсы екенін біз де айтып келеміз. Бірақ талдаудың талдауы бар! Байқап отырсаңыз, бізде талдау мен болжау көп жағдайда нақты оқиға мен процестердің алдында емес, соңында жүреді! Оның үстіне, кейде олар конъюнктуралық сипат алып кетеді. Керек десеңіз, нақты топтардың сойылын соғып, солардың жоспарларының лоббисі боп жатады.

Осы тұрғыдан алғанда, президент әкімшілігі шын мәнінде мемлекеттік, жалпыұлттық мүдделер мен құндылықтардың қорғаушысы болуы тиіс. Ол үшін, мен жоғарыда айтқандай, қоғамдық пікірге де сүйеніп, жоспарлар жасалып, нақты істер қолға алынуы тиіс!

Сұхбаттасқан Нұрғали Нұртай