Астанада «Digital Bridge» халықаралық инновациялық форумы өтіп жатыр, - деп жазады Tarlan.kz. Форумдағы «Цифрлық экономика дамуының жаһандық тренді жөнінде диалогы» атты пленарлық сессиясына Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевпен бірге елімізге ресми сапармен келген Эстонияның Премьер-Министрі Юри Ратас та қатысты.
Үкімет басшысының айтуынша бүгінгі шараны өткізудегі басты мақсат - Астана алаңында Еуропа мен Азияның арасын жалғайтын виртуалды көпір құру. «Бүгін Астанаға көптеген елден делегация келді. Эстония Премьер-Министрінің де осында болуы біздің мақсатымыздың жүзеге аса бастағандығын білдіретін сияқты», - деді ҚР Үкімет басшысы.
Осы орайда, Премьер-Министр халықаралық форумға көптеген компанияның келгендігін және олардың бір-бірімен байланыс орната бастағандығын атап өтті. Сонымен қатар, оның негізгі мақсат екендігін де еске салды.
«Әлем жылдам өзгереде және бүгінде байланыстар табу үшін бір-бірімізге жиі баруымыз қажет. Байланысты Интернеттің көмегімен де орнатуға, өзіңнің пікіріңмен бөлісуге мүмкіндік бар. Сондықтан, бұл форум болашақта өз жалғасын тауып, жыл сайын кеңейе түседі деп ойлаймыз. Бұл үлкен байланыстар жасалатын алаңға айналады», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Ал, осы форумның ашылуында сөз сөйлеген ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Қазақстан Азия мен Еуропа технологиялық орталықтарының арасында алтын көпірге айналады», – деді.
«Digital Bridge: Қазақстандағы инвестициялар міндетті түрде өзін ақтайды «Жоғары технологиялар саласын дамытуға бағытталған шараның ТМД аумағындағы ең ауқымды әрі тартымды алаңдарының біріне айналуы өте қуанышты жағдай. Өйткені, біздің бүгінгі форумға 25 мемлекеттен 2500 қатысушы келіп ортыр. Сондай-ақ, әлемнің алдыңғы қатарлы компаниялары мен ұйымдарының 200 жетекшісі, ондаған инвестор мен түрлі стартап жоба авторлары бас қосты. Осылайша алға қойған мақсатымыздың жүзеге асуына даңғыл жол ашылды. Өйткені, жобаның басты миссиясы - тың идеялардан қуат алып, өзара тәжірибе алмасу, Азия мен Еуропа технологиялық орталықтарының арасында алтын көпір болу», - деді Дәурен Абаев.
Оның айтуынша, қоғам мен биліктің, білім беру мен дербес оқыту жүйесінің өзара іс-қимылының мүлдем жаңа форматы қазіргі заман талаптарына сай бейімделе түсуде.
«Бүгін сіздердің көз алдарыңызда инновациялық жүйе құрылып, жүзеге асырылады. Ал ертең Президент Astana Hub халықаралық технопаркінің ресми ашылуын жария етеді. Ол Қазақстанның технологиялық дамуының заманауи жылнамасы жаңа дәуірінің дүниеге келуі болмақ», - деді министр.
Айта кетейік, Digital Bridge - Қазақстандағы биылғы жылы өтіп отырған басты инновациялық оқиға. Қатысушылар форумның диалогтік алаңында цифрландыру саласындағы соңғы әлемдік трендтерді талқылап, алдыңғы қатарлы тәжірибелермен және бизнес-модельдермен бөліседі. Форумға халықаралық ІТ-қоғамдастығының негізгі өкілдері, технология саласындағы танылған сарапшылар, кәсіпорын басшылары, технологиялық кәсіпкерлер, сондай-ақ бірқатар елдің мемлекеттік секторларының өкілдері, ғалымдар, цифрлық әзірлемелер саласының мамандары, венчурлық инвесторлар қатысып жатыр.
Еске салсақ, Digital Bridge аясында мемлекет басшысының қатысуымен Astana Hub IT-старт-технологиялық паркінің халықаралық тұсаукесері өтеді.