Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан "Ауыл" партиясы сиезінде Бектаев стратегиялық міндеттерді жүзеге асырудың тәсілдерін айтты. Сөз басында партия төрағасы Ұлттық кеңес туралы пікірін білдірді:
"Біз еліміздегі «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің» құрылуын қолдаймыз. «Ауыл» партиясы мұндай қоғамдық маңызы бар органның жұмысына өз үлесін қосуға қашан да дайын. Еліміздің тағдыршешті мәселелерін талқыға салатын «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі» сияқты маңызды құрылымның бастамаларынан тыс қалмауымыз керек", - дейді партия төрағасы, сенатор Әли Бектаев.
Партия басшысының айтуынша, еліміздегі қоғамдық-саяси мәселелердің қалың қатпарынан партия өз «күн тәртібін» анықтап, айқындап алуы керек.
"Біріншіден, партияның жаңа көшбасшылар буынын қалыптастыру бағытында аянбай ізденіп, жұмыс істеуге тиіспіз. Жаңа көшбасшылар буынын анықтау үшін біз «Жаңа көшбасшылар мектебі» атты партияішілік жобаны бастаймыз.
Екіншіден, әлеуметтік желілердегі жұмысымызды жандандыра түсуіміз керек. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер саяси қызметтің ажырамас бөлшегіне айналды.
Үшіншіден, партияның жақтастарының қатарын көбейтуге тиіспіз. Елімізде жан жүрегімен «Ауыл» партиясына жақтасатын, алайда белгілі бір себептермен партия мүшесі бола алмай жүрген азаматтар баршылық.
Төртіншіден, жобалық жұмыстарды жандандыру қажет. Бұл бізге қоғамның әр түрлі топтарымен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Осындай жобалардың бірі ретінде біз бүгін «Еңбек адамы – Ел тірегі!» атты саяси бастамамызды жариялаймыз", - деп партияның басты мүдделерін санамалаған төраға дәл осындай кешенді бастамалар, басым бағыттар "Ауыл партиясының" парламенттік партия болуға алып келеріне кәміл сенетінін жеткізді.