30 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2018 жылғы экономикалық көрсеткіштерге баға берілді. Президент Назарбаев осы отырыста Үкімет басшысының орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевті ұйып тыңдап, ауыл шаруашылығына барлық күшті салу қажеттігін айтты.
2017 жылы ЖІӨ 51,6 триллион теңге болған. Оның Ауыл, орман және балық шаруашылығы 4,4 пайыз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы вице-министрі, ғалым Төлеутай Рақымбеков ауыл шаруашылық саласының 2017 жылғы жалпы өнімі 4 триллион 100 миллиард теңге екенін айтады сұхбаттарының бірінде. Мысалы 2014 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 триллионды құраған.
Ұлттық банк жариялаған 2018 жылдың экономикалық есебінде өткен жылы Ауыл шаруашылығының өндіріс көлемі 2018 жылы 3,4%-ға өскен. Өнеркәсіптің өсуіне мал шаруашылығы (3,9%) оң үлесін қосты, бұл малдың және құстың тірі салмақта сойылу және де сиыр сүті мен тауық жұмыртқасының көлемінің ұлғайуына байланысты. Бұдан басқа, өсімдік шаруашылығы да өсуге оң үлес қосты (3,1%).
Дегенмен, Қазақстан ауыл шаруашылығы өндірісінде державаға айнала алмай отыр. Мысалы азық-түлік бағасына әркімнің қолы жете бермейді. Ұлттық экономика министрлігінің Статистика агенттігі жариялаған мәлімет бойынша 2019 жылғы қаңтардағы азық-түлік тауарларының бағасы 2018 жылмен салыстырғанда 5,8%-ға өскен. Нан өнімдері және жармалар, ет, балық және теңіз өнімдері, сүт өнімдері, жұмыртқа, май және тоңмай, қант, кондитерлік өнімдер, алкогольсіз сусындар және алкогольді ішімдіктер қымбаттады, ал жемістер мен көкөністер арзандады.
2019 жылғы қаңтардағы азық-түлік тауарларының жекелеген түрлеріне орташа бағаларында мысалы тұздалмаған сары майдың килосы ең қымбат сатылған жері Ақтауда 3 333 теңге болса, Мәйекті ірімшік Астанада 3 247 теңгеге сатылған.
2017-2018 жылдары жылқы мен тек түйе саны 1991 жылғы көрсеткіштен асты. Сиыр 6 жарым миллион, Кеңес үкіметі кезінде 9 жарым миллион бас болатын. Қой 35 миллион болатын, қазір 18 жарым миллионға жеттік. 1997 жылы 35 миллионнан 9 жарым миллионға – төрт есе құлдыраған. 2018 жылғы тамыздағы статистика бойынша әр адам орта есеппен 55 кг ет тұтынады. Аргентинада бұл көрсеткіш 87 кг. Ауылшаруашылығы өнімдерін импорттаушы елден экспорттаушы елге айналып, ел экономикасын мұнай бағасына тәуелділіктен құтқарсақ бәріміз үшін қуаныш болар еді.
Сауалнамаға сай, ауыл шаруашылығының негізгі мәселелері:
- Жер ресурстары. Ірі жер иеленушілер, латифундистер мәселесі;
- Урбанизация. 2018 жылғы 1 желтоқсанға еліміздегі халық саны 18376,2 мың адамды құрады, соның ішінде қалалықтар –10626,2мың (57,8%), ауылдықтар – 7750,0 мың адамды (42,2%) құрады. Яғни, жұмыссыздық салдарынан ауыл халқының қалаға көшіп кетуі;
- Техникалардың өндірілмеуі. Қазақстанда ешбір трактор немесе де басқа да ауылшаруашылығы техникасын өндіретін зауыт жоқ.
- ЕАЭО-ға Қазақстан мүшелігінің ауыл шаруашылығына ықпалының зерттелмеуі;
- Ауыл шаруашылығын қолдаушы банктің жоқтығы.
Шаруашылық иелері Қазақстанның ауыл шаруашылығы күрделі қайта құруды қажет етеді деп санайды.