«Ауылдың» съезі туралы бірер ой

«Ауылдың» съезі туралы бірер ой
Ⓒtarlan.kz

Биылғы  жылдың ішінде бұл партияның  екі съезіне куә болдым. Оның алғашқысы маусым айындағы президенттік сайлауға  арналған кезектен съезд болатын. Ал осы жолғы съезд партияның әр төрт жылда өткізілетін кезекті есеп беру сайлау съезі.Бұл Қазақстан Республикасының партиялар туралы заңында бекітілген норма. Партияның жарғысында да осы норма көрініс тапқан.

Съезд өтті. Ауылдан шыққан, ауылға жаны ашитын азамат ретінде партия мүшесі болмасам да, мен осы партияның аяқ алысын өзімше бақылап жүремін.Съезге бастан аяқ қатыстым.Оған дейін де өңірлерде конференциялардың өткенін ақпарат көздерінен қадағалап отырдым. Жалпы осы жолғы съезд барысын ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету жағы жақсы ұйымдастырылғанын аңғардым. «Ауыл» партиясы осы съезін пиар жасаудың оңтайлы құралына айналдыра білді. Әдетте партиялардың өңірлік конференциялары түгілі, съездерінің қалай өткенін сезбей қаламыз.

Хош, сонымен съезд барысына келейік. Нұр Сұлтан қаласында сол жағалаудағы  Windham Garden қонақ үйінің үлкен залында өтті. Аймақтардан 210 делегат сайланыпты. Партия басшысының айтуынша бұрынғы съездерде делегаттар саны мұндай деңгейде болмаған екен. Яғни 16 съезд «Ауыл» партиясының ең ауқымды съезі болғанға ұқсайды. Жалпы ұйымдастырылуы жағынан да масштабына сай мәслихат болды деуге де келеді.

Съезде күн тәртібіндегі процедуралық мәселелер қарастырылып жатты. Бізге қызығы Саяси кеңестің есебін беретін партия төрағасы Әли Бектаевтың баяндамасы мен ауыл аймақтардағы ағайынның аманатын арқалап келген делегаттардың айтары. Есептік баяндама болғасын, атқарылған жұмыстардың  жайы айтылды. Бұл жағынан партияның әлеуметтік желідегі парақшаларынан хабардармыз негізі.

Парламенттік сайлау туралы гу гу іңгіме күн өткен сайын күшейіп келеді. Сондықтан да партияның негізгі мақсаттары мен бағытын білгіміз келеді емес пе? Оны осы жолы партия төрағасының аузынан естідік. Ә. Бектаев «Біздің ең негізгі мақсатымыз – парламенттік партия болу» деп ашығын айтты.Әрине қай партияның болмасын, алға қойған мақсаты бұл. Бірақ «Ауыл» партиясының мұншалықты сенімді мәлімдеме жасағанын бұрын соңды байқамаппын. Мұның екі себебі болуы мүмкін. Біріншісі; елімізде  саяси партиялық майдандағы  монополияның аздап болса да әлсірей бастағаны. Екіншісі; 2015  жылы патриоттар партиясымен қосылып, қайта құрылымданған «Ауыл» партиясы қалыптасу кезеңін тамамдап, өзінің саяси әлеуетіне шындап сене бастаған сыңайлы.

Партия  «Жаңа лидерлер мектебі», «Еңбек адамы ел тірегі», «Ауыл Достар» клубы, «Ауыл партиясы азық түліктнгі ГМО ға қарсы»  сияқты бірнеше саяси   бастамаларын жариялады. Жүзеге асып жатса, елге де, партияның беделі үшін де қажетті бастамалар.

Мені қуантқаны ауылдардан келген делегаттар. Дені қарапайым шаруалар мен ауылшаруашылығы саласының мамандары.Барлығының билік органдарына айтар базыналары бар. Шаруашылықтың қайнаған ортасында жүрген адамдай кім білсін сала проблемаларын? Несие, субсидия,жер, су, білім мәселелері, барлығын ауылдық делегаттар жіпке тізген дей етіп жеткізді съезд трибунасынан. Кейбірі сөйлеп тұрып «шіркін ауылдағы аңқылдақ ағайын ай» дегізді бәрімізді. Сөздерінде ресмилік жоқ, шынайы.Проблемаларын да ағайынына наз айтып тұрғандай айтатынын қайтесің тағы. Арасында қағытпа , қалжыңдарын да қосып қояды. Қысқасы естір құлақ, естияр билік органдары болса, бұл съезде мәселелер мен ұсыныстар айтылардай ақ айтылды. Сөйлеушілердің негізгі ойлары парламентке өтпесек, бізге ешкім құлақ аса қоймайды дегенге саяды. Расы да сол емес пе? Мұншалықты әлеуетті активі бар партияның паламентте отырғаны дұрыс болар еді деп түйдім, мен де.

Айтпақшы, съезд бастан аяқ мемлекеттік тілде өтті. Өзге тілділерге синхронды аударма ұйымдастырылыпты. Демек партияның лидері мен мүшелері тіл саясатында да өте тиімді позицияда.

Қорыта айтқанда «Ауыл» партиясының съезінен түйгендерім:

  • Ауылдағы шаруалар қауымы әлі де болса саяси партияларға деген сенімдерін жоғалтпаған,
  • «Ауыл» партиясының брендтік атауы мен электоралдық аудиториясы өте ұтымды. Дұрыс қолдана білсе, дегеніне анық жетеді.
  • Партияның жағымсыз имиджі жоқ
  • Елімізде қандай да бір оппозициялық күштерге қосылмай, алайда билік партияларын да жақтамай, әрі сәрі күйде жүрген электоралды топтар бар. «Ауыл» партиясы осы топпен жұмыс жүргізсе ұтылмасы анық.

Автор: Нұрғали Нұртай