Айдос Сарым: Премьер-министр Канцеляриясына бюрократиялық психологиядан ада адам келді

Айдос Сарым: Премьер-министр Канцеляриясына бюрократиялық психологиядан ада адам келді
Ⓒtarlan.kz

Қазір ғана алдыңғы Үкіметте Қоғамдық даму министрі болған, өзіңіз кеңесшілік еткен Дархан Аманұлы ҚР Премьер-министрі Кеңсесіне басшы болып тағайындалды. Кәлетаевтың 9 айлық министр қызметі қалай бағаланды деп ойлайсыз?

Жаңа Үкіметтің министрлер кабинеті енді құрылып жатыр ғой. Жалпы бағаны халық берер. Дархан Аманұлының министр болғандағы атқарған негізгі қызметі осы министрліктің инфрақұрылымын жасап шығу, қаржылық және заңдық негіздерін ұйымдастыруға негізделді. Меніңше бұл жұмыстар атқарылды. Министрліктің жанынан бірнеше үлкен акционерлік қоғамдар құрылды. Жастарға қатысты ұйымдар, «Отандастар» сияқты дегендей. Басты мәселе соларға кадр іздеу, заңды мүмкіндігін, басқа қөздерін жасақтау сияқты жұмысқа арналды. Сондықтан ол кісінің тіпті де үлкен саясатпен айналысуға уақыты да, мүмкіндігі де болмады. Жеткен жетістігінің бірі осы жылды «Жастар жылы» деп анықтау. Қазіргі жастар мәселесі қоғамда үлкен мәселе, жастардың қоғамнан орын іздей білуіне, таба білуіне назар аудартып, мемлекеттік органдардың жұмысын негіздеу, оны дәлелдеп шығу оңай шаруалар болған жоқ. Қабылданған әлеуметтік шешімдердің құқықтық сала болсын, әлеуметтік тұрғын үй болсын дегендей басым көпшілігі жастарға қатысты. Білген адамға бұлардың өзі аз емес. Осының өзі жақсы жетістік деп ойлаймын.

Кәлетаевтың премьер-министр Кеңсесіне басшылық қызметі Үкіметке қандай күш қосады, халыққа не береді?

Алдымен мынаны түсінуіміз керек: Саясаткерлер де, саясаттанушылар да ашық айтып жатқан нәрсе – Қазақстан өзінің тарихындағы жаңа кезеңге аяқ басты. 2000 жылдардың ішіндегі тоқшылық заман аяқталды. Біз шынымен де өте динамикалы, үдерістер мен үрдістердің өте жылдамдап кеткен заманында өмір сүріп жатырмыз. Шынын айтқанда Үкіметтің ішіне 1990 жылдарды көрген саясаткерлердің көптеп келуі де осы себепті. Тоқмейілсіп, асықпай отыратын ешқандай мүмкіндік жоқ. Бәріне жылдам реакция, жылдам жауап және жылдам баға беру керек. Болып жатқан оқиғаларға дәстүрлі жолмен емес дер кезінде телефонмен сөйлесіп, шешім қабылдайтын заманға келдік. Қоғамның динамикасы мен талап-тілегі соңғы жарты жылдың ішінде қатты өзгеріп кеткенін көріп отырмыз. Бірдеңе болып жатса оған қағаз жазып, басшыларға көрсетіп, бекітіп үш күн, төрт күн жүретін қазір мүмкіндік жоқ.

Дархан Аманұлы үлкен саяси науқандарды өткізген, үлкен штабтарды басқарған, оның ішіндегі шешімдердің қалай қабылданатынын жақсы түсінетін, білетін адам. Менің құрметтейтінім ол «қорғанатын», пікірін ашық білдірмейтін бюрократиялық тып-тыныш отыратын адам емес. Олардың қатарына жатып көрмеді де. Қажет болатын болса керек адамдармен ұрсысып, өзін қорғағаннан гөрі нақты шешімдердің қабылданғанын қалайтын адам. Сондықтан жаңа Үкіметте де солай болуы керек сияқты. Канцелярияға көзге көрінбейтін, үндемейтін, жұрт алдына шықпайтын адам керек емес. Сондай қызметтерде 10-20 жыл отырған адамдарды білеміз. Ешбір көрінбей, қағаздарды дұрыс өткізіп, Премьер-министрдің көңілін аулап, оған жұртты жібермей, қағаздармен бүкіл шенеуніктің, министрдің аузын буып қоятын, жұмысын тоқтатып қоятын басшыларды да көрдік.

Меніңше бұл қазіргі күні биліктің ішіндегі жауапкершілік диверсификациясы. Яғни елде болып жатқан үдерістер мен істерге бұрын тек президент жауап беретін болса, қазір Үкімет те жауап беру керек. Елде болып жатқан негізгі экономикалық үдерістер мен реформалардың негізгі жауапкершілігі, негізгі жүгі үкіметке жүктелсін деген әңгіме шығып жатыр. Соған сай ең алдымен Үкімет мүшелерінің, үкімет канцеляриясының жұмысы да өзгеруі, мығым болуы керек. Қазақстанның қай түкпірінде болмасын кикілжің, дау-дамай шығып жатса тек қана қағаз жазып, пікір жинау деген әңгіме енді жүрмейді, реакция жылдам болуы керек.

Кеңсенің жаңа басшысы ақпарат ала салысымен телефонды алып, «Сіз министр ана жаққа барыңыз, өкіліңізді жіберіңіз, мәселені тездетіп шешіңіз» деген сияқты ақпараттарды жеткізіп, премьер-министрді хабарландырып отыруы керек. Бюрократиялық кейбір механизмдерді сындыруы керек. Оның ішінде ең маңыздысы қоғаммен жұмыс істеу және қоғамға ашықтық. Яғни бүгінгі қандай жағдай болса да бірінші басшы шығып, қалған министрлер бұғынып қалатын жағдай бар. Қазір керісінше кез келген басшы бар мүмкіндікті іздеп, газет болсын, сайт болсын, телеарна болсын ішіне кіріп, өзінің жағдайын айтып, реформасын қорғап, дауласуға да, бәсекелесуге дайын болуы керек. Позициясын қорғайтын, өзінің ойын жеткізе алмайтын болса ондай басшының қажеті не? Осының бәрін жасау оңай шаруа емес. Сондықтан да канцелярияға бюрократиялық психологиядан ада адамның келуі Үкіметтің жұмыс бағдарын жасқартуға үлкен септігі тиеді. Менің ойымша Асқар Мәмин де бюрократиялық шектеулерді аса жақтыра бермейтін адам сияқты. Бірінші жиынында-ақ «Бюрократияны азайтыңдар, шешімдер тез қабылдансын» деп айтып отыр. Өзі де маза таппайтын адам. Олай болатын болса өзіне парапар, жұмыс істей алатын таңды-түні жұмыс істеп, жиын өткізіп, тапсырма бере алатын адам керек шығар. Дархан Аманұлының да ол қызметке тағайындалу себебі сол деп білемін.

Кеңсе басшысы Үкімет мүшелерімен дауласа да, айтыса білуі де керек. Ол үшін саяси салмақ қажет. Үкіметтегі министрлердің біреуі де оңай министр емес қой. Канцелярияның басшысы да министр дәрежесіндегі саяси тұлға. Позициясын білдіріп қана қоймай, айта білуі, дәлелдей білуі, атқарта білуі керек. Кезінде қабылданып, қатып қалған дәстүрлі бюрократиялық процедуралар мен регламенттер бар. Мемлекеттік қызмет деген сол процедура мен регламенттен тұратын нәрсе. Алдымен бірінші басшыға айтылады, ол тапсырма бірінші орынбасарына беріледі, ол жай орынбасарына, ол комитет басшысына, сөйтіп кете беретін бюрократияны қазір бұзу қажет. Қазір ақпаратты тез қабылдап, оң шешімді тез іске асыру қажет заман. Бүкіл әлеуметтік желідегі дау-дамай осы бюрократияға тікелей қатысты. Кейбір шешімдер мен жауаптардың қабылдануына 2-3 күн өтіп кетеді де, іс ушығады, арасында от шығып, жаңжал мүлде өрбіп, саяси бояу алып, басқа кеңістікке өтіп кететін жағдайларды көп көреміз.

Осындай нәрселерді мығым, оперативті түрде шеше алатын жақсы тәжірибесі бар салмақты, салиқалы басшылардың қажет екені анық. 1990 жылдардағы ақша жоқ, дағдарыс мен тоқырау заманында жоқтан бар жасай алған Сапарбаев, Әбдіхалықова сияқты тұлғалардың үкіметке келуі тегіннен тегін емес. Екі күннің бірінде екі кәсіпорынның бірі митинг пен забастовка жасағанда үкіметте жұмыс істеп, негізін ақшамен емес тоқтау сөзбен, байыппен, пайыммен алға бастырғандар болды. Рас, қазіргі кезде Үкіметтің экономикалық мүмкіндіктері әлдеқайда жоғары. Халықтың күтіп отырғаны да ең алдымен осы пейіл мен жауапкершілік. Премьер-министр Кеңсесінің жаңа басшысы әне соны үйлестіретін адам болмақ.

Сұхбаттасқан Нұрғали Нұртай.