Бүгін ҚР президенті өзінің екінші жылғы халыққа жолдауын жолдады. Дағдарыс жағдайындағы даму тетіктерін таратып жеткізген жолдаудың саяси салмағы қандай болмақ? Осы турасында Ұлттық кеңес мүшесі, саясаттанушы Айдос Сарымның пікірін білдік.
- Былтыр президент Тоқаев «Қоғамдық диалог» тақырыбындағы жолдауында «тұрақтылық пен өркендеуге жетелейтін қоғамдық өзара диалог» екеніне баса назар аударған. Биылғы жолдауда азаматтардың петициялар мен реформалар жөніндегі ұсыныстарын жеткізуге онлайн институт құруды тапсырды. Елде, қоғамдық диалог қалыптасты ма, қалыптасып келе ме?
- Қоғамдық диалог дегеніміз бір мезетте бола салатын әрекет емес қой. Бұл – үдеріс. Жұртқа, халыққа құлақ асатын мемлекет деген концепция ұсынылды, әкімдерге, басқа лауазымдыларға әлеуметтік желілер арқылы халықты тыңдау деген сияқты. Бұл билікті мойындамайтын, сынайтын азаматтардың да айтарын тыңдау ғой. Осы бір жылдың ішінде халықтың, азаматтық топтардың айтқанына құлақ асу еселеп артты деуге болады. Билікті жек көретін, қыжылы бар азаматтардың да көзқарасы өзгергенін айта алады. Өйткені, мәдениетті болу, тәрбиелі болу дегенді қазірден есептеу қиын. 10% мәдениетті деген, 10% инабатты деген болмайды. Бұл үлкен мәдениетке жол бастайтын дүние. Бұл күріш немесе тары егу емес қой.
Бұны билік неге істеп отыр деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Дәстүрлі мұнайға бағытталған экономиканың уақыты өткенін билік мойындады. «Мұнайдың бағасына негізделген дәуірмен қоштасайық, өз қолымыз өз аузымызға жетуіне еңбектенуіміз керек» дегенді айтып жатыр. Әлемдегі дамыған елдерді алып қарасақ, олардың негізгі ерекшелігі қоғамның айтқанына құлақ асып, қоғамның қалауымен жүретін билік пен мемлекет екендігі. Жаңа экономиканың орнауы, елде сенім орнауы дегендер тек осындай қадамдар, өзара диалог арқылы келеді.
Диалог дегенде о бастан Тоқаевтың өзін мойындамайтын, билік әлі Назарбаевтың қолында деп арпалысып жүрген топтар бар. Олардың пиғылы, санасы бір күнде өзгере қоймайтын шығар. Сенбейміз деп көп сын әңгіме айтады. Өйтіп айтуға қақысы бар. Өйткені ұзақ уақыт бойы шынайы реформалар болған жоқ. Ұзақ уақыт бойы көптеген мәселелер біресе саботаж, біресе сиырқұймышақтанып, ұзағынан созылып кетті.
Енді бүгінгі заманның, Тоқаев билігінің Назарбаев дәуірінен айырмашылығы не деп сұрайтын болсақ, бүгінгі күні осының бәрін сұрайтын қоғам, есеп талап ететін қауым бар. Айналып келгенде, бүгінгі реформалардың іске асып-аспауы мемлекеттің өлім мен өмір мәселесі. Бұны әсіресе шенеуніктер түсінуі керек. Бүгінгі реформалардың жүзеге асуы қазақ үкіметінің, қазақ билігінің ғана емес қазақ мемлекетінің тағдырын шешеді. Біз я жұрттың қалауын, энергиясын, қажыр-қайратын бір жерге топтастырып, ашық іске асыра алатын экономика мен мемлекет құрамыз, я бірте бірте құрдымға кетеміз. Бұл қазақ мемлекеті ертең жойылады деген сөз емес. Бірақ тұңғиыққа бата бастауы мүмкін. Өзінің экономикалық мүмкіндіктерінен айырылып теріс даму жолына, төмен экономикалық көрсеткішке түсуі мүмкін.
Бүгінгі күнгі экономика қандай? Цифрлық-сандық экономика дейміз, жаңа экономика, осының бәрі айналып келгенде сенім экономикасы. Біздің теңгенің тағдырының өзі сенім экономикасына байланысты. Біз теңгеге сенбейтін болсақ, оның құны құлдырайды деген сияқты. Саяси тағдыр да сол сенім мәселесінде. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі бар. Оның мақсаты да сол ортақ әңгімеге тарту, қоғамдық диалог қалыптастыру.
- Осы жолдауда тағы бір тың дүние сөзсіз әкімдерді сайлау. Әлі механизмдері белгілі болмаса да жұртқа ұнап жатыр. Сіз қалай бағалайсыз? Бұл да халықты тыңдайтын мемлекет формуласы ма?
- Еститін үкімет дегеніміз иә, бәрін естуі керек. Бірақ, бәрін істеуге мінетті деген сөз емес. Қоғамның ішінде әртүрлі әңгіме бар. Күңкіл де, қарғыс та, лағынет те бар. Біреу асылып өл десе оны естисің, бірақ асылуың міндетті емес қой. Сол сияқты бүгінгі күні осындай жақсы мүмкіндіктер ашылып жатқанда билікке мейлі жаның ашымай-ақ қойсын, бірақ басқа нәрселерге жаның ашуы керек қой, экологияға, баланың тәрбиесіне, баланың денсаулығына деген сияқты. Бүгін догматикалық тұрғыдан ешқандай реформа ешкімге таңылып жатқан жоқ. Мемлекеттік басқару реформасын ғана билік өзі өзіне күштеп таңып жүзеге асыра бастады. Қалған барлық салада есік ашық.
Диалог екі жақтың бір-біріне керемет махаббаты демей-ақ қояйын, бірақ бар екенін мойындаудан басталады. Жақында азаматтық қоғамдағы белсенді дегендердің аккаунттарын қарап шықтым. Көбінде баяғы бір әңгіме, мойындамау. Бірақ, оларға да жетуі, олар да өз жауапкершіліктерін сезінуі керек қой. Билік бұған дейін дауысы қатты шығатын, ащы айтатындарға жауап берумен келсе ендігі сәттен қоғамға өз күнтәртібін ұсынып, оны жүзеге асырайық, келіңдер деген шақырумен жұмыс істеп келе жатыр.
Екінші жағы, әкімдерді сайлау деген үлкен мәселе. Мен әлі 5-10 жыл облыс әкімдерін сайламау керек деп қасарысып тұрып аламын. Неге десеңіз, Сеператизм, траибализм жағын ескеремін. Екіншіден алдағы жылдары 1990 жылдардағымен пара-пар үлкен экономикалық реформаларға көшеміз. Дәл осындай кезде ірі қоғамның ішіндегі аймақтық субъектілерді популистердің, басқалардың қолына беріп қоя алмаймыз. Оларға мынадай реформа жасайық десең мені халық сайлады деп қарсы шықса, онда ешқандай реформа өтпейді. Бірақ, қоғамның піскені, қоғамның дамығаны анық.
Менің білетінім, Қазақстанда бір-біріне ұқсайтын бірде бір облыс жоқ, бір облыстың ішінде бір-біріне ұқсайтын бірде бір аудан жоқ. Әр облыстың, әр ауданның өзіндік жағдайы, азаматтық белсенділігі, әлеуеті бар. Егер осыны ескеретін болсақ, дәл қазір бүкіл аудан әкімдерін, қала әкімдерін сайлайды дейтін болсақ, талас тартыс болады. Өткен аптада жазған мақаламда да айтқанымдай, Қазақстанда өз қолы өз аузына жететін 1000 ауыл бар. Яғни, төртінші бюджетті иеленген, өз салығы өзіне қалатын ауылдар. Меніңше әкімдерді сайлауды осыдан бастаған дұрыс сияқты. Бұның ерекшелігі неде? Билік болғаннан кейін биліктің қолында бюджет болуы керек. Ол жауапкершілік мәселесі. Осыдан көп мәселе туындайды. Бүгін президент сөзінде де «Бізге жергілікті өзі-өзі басқару жүйесін дамытатын нақты тұжырымдама керек. Соның негізінде біраз заңдар қабылдануы керек» деп айтты ғой. Президентте тірек боп тұрған билікті көзі, өкілеттілігі бар, ол Парламент. Облыс әкімінің облыстық мәслихаты бар. Аудан әкімінің өзінің мәслихаттары бар. Ауыл әкімін кім тіреп тұрады? Халықтың жекелеген топ ретінде заңдық күші жоқ. Мүмкін кеңес деген бір форма керек шығар. Әр ауыл 5-7адамнан тағайындап, әкімнен есеп сұрайтын, азды-көпті жиналған ақшаның қайда кеткенін талап етіп отыратындай. Нағыз үлкен демократия – бар ресурсты дұрыс пайдаға түсіру. Қазақ қауымы осындай енді түсіне бастаған сияқты.
Айналып келгенде Қазақстандағы халықтың басым көпшілігі аймақта тұрады. Егер биліктің жемқорлығын, бассыздығын, басқа да жаман қылығын көрсе орталық биіктің жамандығын көрмейді, жергілікті жердегі биліктің жамандығын көреді. Бүгінгі жолдаудың ең басты әңгімесі әр полицейде видео камера болуы керек, олар ақша алып жатса, біреуді ұрып-соқса қоғам көріп отыратындай деп. Полицей деген заң мұқтажына сай отан қорғау үшін басымды тіктім дейтін азамат. Олардың жұмыс кабинетінде, қызмет үстінде бақылаулы болуы керек. Әр жерде сол сияқты бақылаушы жұмыс керек. Ең қарапайым нәрсе осыдан басталады. Бюрократияның деспотеясы деген жеке адамның деспотеясынан да жаман нәрсе. Билік өзі жасаған жұмысты өзі бағалап, өзі санап, өзі есептемеуі тиіс. Сырттан бақылаушы күш керек. Биліктің әр сатысын қоғамдық бақылау мен жүйе байлап-матап тастауы керек.
Жазып алған: Нұрғали Нұртай