Tarlan.kz саяси сараптама порталы өткізген дөңгелек үстелде Абай атындағы ҚазҰПУ, PhD, "география, туризм және экология" кафедрасының" аға оқытушысы, эколог Айнұр Сейлханқызының жасаған баяндамасын оқырман назарына ұсынамыз.
Адамзат тірі организм ретінде өзін қоршаған ортадан сырт өмір сүре алмайды. Адамзаттың яғни біздің өмір сүруімізге қажетті табиғи орта – атмосфера, гидросфера, литосфера бұл экологиялық қоршаған орта. Қазірде адамзаттың жалғыз баспанасы бар ол – Жер. Біз өзіміз қолайлы өмір сүру үшін және ұрпақтарымыздың жарқын болашағы үшін Жер анамызды қорғауымыз керек. Жер бетіндегі табиғи құбылысқа кіретін әр бір түр біз үшін маңызды болуы керек. Қоршаған ортаны және биоалуантүрлілікті қорғау қай-қашанда күн тәртібінен түспейді. Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретіне биолауантүрікті сақтау конвенциясына қол қойды. Оның талаптары мен міндеттерін барынша орындап келеді. Адамзатқа, елімізге апат әкелген, біздің тектілер шыққан тұғыры биік мекеніміз Семейдегі ядролық сынақ алаңының жабылуы, Арал теңізін қайта қалпына келтіру адамзат тарихындағы ірі оқиға, ол – Тәуелсіз еліміздің, тікелей Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының арқасы. Дегенмен әлі де қордаланған экологиялық мәселелер жетерлік. Мен эколог ретінде осы мәселеге еліміздегі әр азаматтың, барша адамзаттың назар аударғанын қалаймын.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы жолдауында экологиялық мәселелерге баса назар аударды соның ішінде: ЭКОЛОГИЯ және биоалуантүрлілікті қорғау қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму Қазақстандық күн тәртібіндегі басты мәселе. Бұл проблемамен бүкіл өркениетті әлем айналысады. Бірқатар жүйелі мәселелерді шешуге арналған жаңа экологиялық кодекстің жобасы әзірленді. Парламенттен осы маңызды құжатты жыл соңына дейін қарап, ұсынылады. Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі практикалық шараларды іске асыруға кірісу тапсырылуда. Биологиялық әртүрлілікті сақтау мен ұтымды пайдаланудың ұзақ мерзімді жоспарларын бекіту керектігі ұсынылды. Бес жыл ішінде орман қорында 2 миллиардтан астам және елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылу жоспарлануда. Аталмыш акция елімізді ауқымды көгалдандыруға бағыттайды. Елорданың айналасында жасыл белдеу құру мәселесі ерекше қойылды. Заңнамалық және нормативтік тұрғыдан Қазақстанның ұлттық парктері мен басқа да табиғи байлығын қорғап, осы салада құқық бұзушылық жасаған азаматтарды қылмыстық және әкімшілік қудалауды қатаңдату шаралары жолға қойылды. Өскелең ұрпақты мектептер мен жоғары оқу орындарында экологиялық тәрбиелеуге тиісті назар аудару мен қоғамдағы экологиялық құндылықтарды нығайтуға бағытталған "Birge – taza Qazaqstan" экологиялық акциясын жүйелі түрде өткізу ұсынылды. Маңызды міндет-ел ішінде экологиялық туризм мәдениетін белсенді дамыту мен қатар орта мерзімді перспективада экономиканың "жасыл" өсуі барған сайын арту үстінде. Сондықтан, қазірдің өзінде терең декарбонизация үрдісін қалыптастырып. Үкіметке ғылыми қоғаммен және жеке сектормен ынтымақтастықта "жасыл өсім" жөніндегі ұсыныстар пакетін әзірлеуді тапсырған. Үкімет азаматтық сектормен бірлесіп, "Жануарларды қорғау туралы" заң жобасын әзірлеуі қажеттілігін ерекше атап өтілді Жануарларға деген көзқарас кез-келген мемлекеттің өркениетінің өлшемі болып табылады.
Әр партияның экология бойынша сайлауалды бағдарламаларындағы ұстанымдарына шолу жасап көрсек, саяси партиялар мемлекет басшысының экологиялық мәселелерге назарын ескере отырып, түрлі деңгейде осы мәселелерді бағдарламасына қосқан:
«Нұр Отан» партиясы:
«Климаттың өзгеруіне бейімделу және экономиканы декарбонизациялау шараларын қамтитын жаңа Экологиялық кодекс пен «Жасыл өсім» концепциясы қабылдауды мақсат етеді. Шөлейттенудің, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының, Байқоңыр ғарыш айлағының және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтірудің экологиялық мәселелерін шешуді жалғастыруды ұсынды. Орал өзені бассейінінің экожүйесін сауықтыру бойынша бағдарлама қабылданады және көлдерді тазарту бойынша жұмыстар жүргізіледі. Елімізде 2 миллиард, оның ішінде қалаларда 15 млн. ағаш отырғызып, орман алаңдарын 500 мың гектарға дейін ұлғайту ұсынылып отыр.
2025 жылға қарай экологиялық таза қуат көлемі 2 есе өсіп, 13 гидроэлектростанциялардың, 34 жел және 12 күн станцияларының құрылысы есебінен 3000 МВт-ға дейін жетеді. 2025 жылға дейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Тараз және Ақтөбе қалаларында тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 30%-ке дейін жеткізіле отырып, 6 қоқыс өңдеу зауыты іске қосылу жоспарлануда.
Қалалардың ауа бассейнінің жағдайын жақсарту, су ресурстарын тиімді пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жол карталарын іске асыру жалғасады. 2025 жылға дейін Алматы қаласындағы ТЭЦ-2 газға ауыстыру аяқталады. Қаладағы жасыл желектердің жағдайына мониторинг жасау ақпараттық жүйесі енгізілу міндетке қойылған.
Біз ірі экологиялық жобаларды бірлесіп іске асыру үшін ЕАЭО жанынан экологиялық комиссия құру туралы бастама көтеріп, экологиялық құндылықтарды нығайту үшін «Birge-taza Qazaqstan» экологиялық акциясы жүйелі негізде өткізілу жоспарлануда.
Мектептерде экологиялық тәрбие беру бойынша бағдарламалар енгізіліп, үздіксіз экологиялық білім беру, барлық ресурстарды үнемді пайдалану мәдениетін дамыту үлгісі қалыптастыру негізге алынды. Жануарларды қорғау туралы заң қабылданады.»
Өздеріңіз көріп отырғандай Нұр-Отан партиясы еліміздегі экологиялық мәселелерге қатысты бірегей шара қабылдаған.
Алайда, жоғарыда аталған шараларды жүзеге асырмас бұрын аталған шараларды кезеңдеп орындауда экологиялық заңнамалық құжаттарға өзгерістерді енгізбес бұрың жан-жақты талқыланып, халықтың ойы мен халықаралық тәжірбиені назарға алу;
Әр ұйымдастырылған шаралардың нәтижесінің шынайылығы мен бақылауды күшейту әрі мақсатқа жетімділігін мониторингілеу;
Экология саласында жұмыс атқаратын мамандардың құзіреттілігі мен білімі әрі тәжірбиелілігіне мемлекет және министрліктің тарапына қолдау көрсету және бақылау;
Жоғарыда аталған шараларды ұйымдастыруда ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуде арнайы лабораторияларды және техникалық базалармен халықаралық және заманауи деңгейде жабдықтау;
Табиғатты пайдалану және қоршаған ортаны қорғауға қатысты ғылыми- инновациялық зерттеу жұмыстарына мемлекеттің тарапынан материалды қолдау көрсету қажет.
«Адал» партиясы:
Сапалы экология азаматтарымыздың денсаулығына тікелей әсер етеді. Атмосфералық ауаның ластануы экологиялық қатерлі проблемаға айналды. Бұл жылыту маусымында көмірді жаппай жағу, өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмыс істеуі және өсіп келе жатқан автомобилизацияға байланысты орын алуда. Полигондарда 120 млн тонна коммуналдық қалдықтар жиналған, жыл сайын бұл массаға тағы 4,6 млн тоннаға жуық қоқыс қосылады. Осы ретте қалдықтарды өңдеу және утилизациялау үлесі шамамен 13,2%-ды ғана құрайды. Өнеркәсіптік қалдықтар бойынша тура осындай жағдай. Кәсіпорындар жы сайын 1 млрд тоннаға дейін өнеркәсіптік қалдықтарды түзеді, оларды өңдеу деңгейі 35%-дан аспайды. Ағынды суларды тазалау саласында да жағадй мүшкіл. Кәріз тазарту қондырғылары 10 қалада толығымен тозған, 26 қалада кәріз тазарту қондырғыларына жаңарту және реконструкция керек. Ағынды суларды тазартуды стандарттау жүйесі сонау кеңес дәуірінде қабылданған. Қазақстанның орманды дала зонасы небәрі 4,6%-ды құрайды. Ағаш, көшеттер көлемін арттырып, жасыл желек аймақтарды құру керек. Экология мәселелері нақты іс-әрекеттерді талап етеді. Қолайлы қоршаған орта қалаларда өмір сүрудің маңызды критерийі болуы шарт.
Қалдықтарды басқару жүйесі. Халықты қоқысты жинаудың орталықтандырылған жинаумен қамтуды кеңейту, қоқыстардың жиналғанын төмендету, қалдықтарды қайта өңдеу, көп жатқан қалдықтарды жоюда МЖӘ механизмдерін дамыту.
Ауыл шаруашылығы және өнеркәсіпте суды тиімді пайдалану. Ағынды су қондырғыларын дамыту. Су нысандарының тартылуына қарсы күрес бойынша шаралар кешенін әзірлеу.
«Тұрақты қалалар» тұжырымдамасын енгізу. жылумен қамту және қоғамдық көлікті көгілдір отынға кезең-кезеңмен ауыстыру. Энергоүнемділік индикаторлары жүйесін құру. Ағынды суларды тазарту бойынша жаңа стандарттарды енгізу және заманауи тазарту қондырғыларды енгізу.
Экожүйелерді тиімді басқару. Биотүрлілік саласында ұлттық стратегияны әзірлеу. Экотуризмді дамыту.
Экологиялық мәдениетті жоғарылату және экологиялық білім беруді дамыту.
Жеке азаматтық позициям ретінде мына мәселелерге еліміздің партиялары басым назар аударса деймін:
- 1991 жылғы 29 тамызда Қазақ КСР Президентінің Семей полигонын жабу туралы жарлық шықты. 1947 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің шешімі бойынша Қазақстан аумағында ашылған, мұқтаждығы үшін 18 500 шаршы шақырым жер бөлінген Семей ядролық полигоны Қазақстанның экологиялық апат аймағына айналды. 1949-1989 жылдар аралығындағы барлық кезеңде Семей полигонында жиынтық қуаты 50 мегатоннан астам 456 ядролық жарылыс жүргізілді, бұл Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2-есе артық. 40 жылдық кезеңде ядролық қаруды сынау қоршаған ортаға ғана емес, сонымен қатар жақын маңдағы облыстар тұрғындарының денсаулығына да зиянды әсер етті, оның салдары бүгінгі күнге дейін көрініс табуда. Ресми деректерге сенсек сынақтардың құрбандары 1 миллионнан астам. Радиоактивті қалдықтар көптеген аурулардың, соның ішінде қатерлі ісіктердің, жүйке жүйе ауруларының туындауы мен мыңдаған адамдардың өліміне және ауру сәбилердің дүниеге келуіне себеп болды. Тіпті медицинада бұл аурулар жеті ұрпаққа дейін жалғасын табатындығы дәлелденді. Мәселен, АҚШ Нагасаки мен Хиросима қалаларын тигізген зардаптары үшін Жапония елінің алдында ресми түрде кешірім сұрап, әлеуметтік және гуманитарлық көмек беріп келуде. Еліміздің шығысында орналасқан полигон қалдықтары мен зардаптарын мемлекеттік немесе халықаралық деңгейде ресми түрде зерттейтін ұйым болмаса жауапкершілікті мойнына алатын Ресей өкілдерінің болмауы қазіргі таңда полигон аймағын «Экологиялық апат территориясы» деп тануға кедергі болып отыр.
Бүгінде Арал территориясына қарасты ауылдары мен аудандары, Байқоңыр мен Қызылорда ауданына тиесілі қалалары, Арыс қаласының тұрғындары түрлі санаттағы жеңілдіктерге ие, олай болса кезінде сынақ алаңына айналған бұрынғы Курчатов және оған жақын орналасқан қала мен ауыл тұрғындарына бір жылда бір рет денсаулығын тексеруге және қажетті кешенді ем қабылдауға неге мүмкіндік тумай отыр. Биліктің құлағына әдетте жете бермейтін мәселелер жеткілікті алайда, тәуелсіздікке дейінгі апаттың зардаптары ізсіз жоғалмайтыны анық, сол кезде мүгедек болып дүниеге келген сәбилер бүгінде есейген аурудан айырылмаған азаматтардың сұрақтарын кім жауап бермек. Біріккен Ұлттар Ұйымының назарына ұсынып бұл мәселенің шешімін халықаралық деңгейде көтеру өзектілігі туындап отыр. Бейбіт өмірде тыныштықты қалайтын Қазақстан көрші отырған Ресейден көмек сұрамайды, керісінше кезіндегі СССР-дің дәуірінде тиген зардабына кімнің жауап беретінің және адамзаттың тағдырына немқұрайлы қарамайтын Біріккен Ұлттар Ұйымынан ақ қарасын шешіп беруді талап ететін уақыт келген сыңайлы. Ядролық сынақтың тоқтағанына 30 жыл өтсе де зардабын әліде көріп отырған аймақтың тұрғындары орта жасқа жетпей өмірден өтуде. Сәбилердің туа біткен аурулары мен аналардың денсаулығының төмен болуы ұлт ұрпағының алаңдайтын негізгі мәселесі болып қалмақ.