Мемлекет басшысының 2019 жылдың 9 қазанындағы «Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Жарлығына байланысты Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли БАҚ-қа арналған түсіндірме жасады.
Қызу талқыланған құжаттың Президенттің «кезекті» Жарлығы екенін атап өткен хатшы құжаттың іс жүзінде Президенттің барлық кадрлық мәселелер бойынша өз бетінше шешім қабылдауына кедергі келтірмейтінін жеткізді.
«Елбасының өзі «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында: «Тоқаев менімен ақылдасады. Бірақ өзі шешім қабылдайды» деген болатын. Президент Конституция бойынша еліміздің Жоғарғы Бас қолбасшысы және ол Үкіметті жасақтайды. Мемлекет басшысы – облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін жергілікті мәслихаттардың келісімдерімен тағайындайтын жоғары лауазымды тұлға. Сондай-ақ Президенттің құзыреті Қазақстан Республикасы Конституциясының 40-48 баптарында анық көрсетілген», - деді Берік Уәли әлеуметтік желідегі жазбасында.