Елбасының мақаласын Түркияның мәдениет пен бірегейлік мәселелерінде басынан өткізген тәжірибесін ескере отырып талдасақ, түсінірек болады. Екі елдің салыстыратын болсақ, Османлы патшалығында түріктер екінші сорттағы адамдар болып саналатын. Балқан түбегіндегі христиандардың балалырының мұсылманша тәрбиеден өтуі арқылы қалыптасқан Османлы элитасы түрік шаруаларды «надан, санасыз, жабайы түрік (Etrak-ı bi İdrak)» деп атайтын. Алайда Османлы мемлекеті ыдыраған тұста арабтар, албандар, балқандықтар бөлек-бөлек мемлекет болып кетті де, елге ие болып түріктер қалды. Мұстафа Кемал паша мен серіктерстері билікке келіп жаңа республика құрғанда бұл мемлекетке жаңа бір біріктіруші идеология қажет болды. Осылайша «түркілік болмыс, түркі бірегейлік» күнтәртібіне келді. Олар сөйтіп жаңа мемлекетке «Түркия» деген атау береді. Оған дейін «түрік» сөзі көп қолданылмайтын. Басқалар, әсіресе еуропалықтар оларды «түрік» деп атаса да, түріктер өзін османлы деп келді. Ататүрік екінші сорт саналып келген халықтың рухын көтеру үшін «Түрік болу қандай бақыт!» дейтін сөзді жалпыхалықтық ұранға айналдырды.
Қазақстанда, ашығын айту керек, Кеңес үкіметінде қазақтар екінші сорттағы адамдар сияқты еді. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі осындай теңсіздікке қарсылықтан туды. Біз тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болдық. Бірақ бастапқыда Елбасының басымдылықтарында ұлттық идеология болған жоқ. Басымдылық экономиканы көтеру болды. Екінші жағынан, Қазақстанның демографиялық жағдайы да мұндай саясатқа мүмкіншілік бермеді. Қазақстанда реформалар «Алдымен экономика, сосын саясат» моделінде жүрді. Ішкі саясатымызда да, сыртқы саясатымызда да осылай болды.
Арадан ширек ғасыр өтіп, қазақтар демографиялық жағынан да, экономикалық жағынан да есін жиғаннан кейін бізге жаңа бір рух беретін, біріктіруші идея қажет болды. Білесіздер, осы мақсатта бір жарым жылдан бері «Рухани жаңғыру» жүріп жатыр. Түркия мен Қазақстанды салыстыруды жалғастырсақ, Түркия түрікшілдік идеологиясын қалыптастыру үшін арнайы ғылыми зерттеу жасады. Түрік тілі инститиутын құрып, бүгін қолданып жүрген «Ыстамбұл түрікшесін» қалыптастырды. «Қалыптастырды» дегенде, тілді қайдан алады? Әрине Түркістаннан. Қазақ тілінен, қырғыз тілінен алады. Әсіресе мемлекетті басқаруға қатысты «ұлыс», «құрылтай», «егемен» деген сияқты сөздер. Екіншіден, тарихи сананы жандандыру үшін Түрік тарих институтын құрады. Сонау ғұн дәуірінен бастап бүкіл түркі тарихын түрік тарихы деп жазады. Қызық дерек, Түркияның қарулы күштерінің құрлық әскерлерінің құрылу датасы біздің дәуірімізден бұрынғы 220 жыл. Бұл ғұн әскері құрылған жыл. Мүмкін болғанша арыға, ескіге сүйрейді. Осылайша Ататүрік бұл реформаларды жүзеге асырды. Бірақ бұл оңай болған жоқ. Өйткені Түркия ислам әлемі идеологиясы бар Халифат болып саналатын Османлы империясының мұрагері еді. Оның үстіне елдің Еуропалық болмысы да бар еді. Осман империясы құрылғанда Византияның мұрасын алған еді ғой. Сонымен Түркия құрылғанда «түрік» атауын иемденді. Түрік өркениетіне ие болды. Бірақ уақыт өткен сайын қоғамдағы түрлі топтар әр жаққа тарта бастады. Түркияның түркілік болмысына қарағанда, исламдық және еуропалық болмысы ауыр баса бастады.
Ал Қазақстандағы қазақ ұлтының ұтып тұрған жағы мынау – қазақтар атам заманнан бері аталарының ғасырлар бері өмір сүріп жатқан жерін мекен етеді. Бүгін президент мақаласында айтылғандай, қазақтың ру аттары қазақ атауынан да ескі. Қазақтың рухын көтеру үшін осы рулардың тамыры тереңде екенін көрсету керек. Мақалада айтылғандай біреуді кемсіту мақсатымыз жоқ, бірақ қазақтар ата-бабасын тануы, солармен мақтануы керек. Мысалға ұлы жүздің ішіндегі қаңлы руы. Бұл рудың тарихын зерттесеңіз анау ғұн дәуірінен бірақ шығады. Қытай деректерінде «Сырдың бойында қаңлы деген ел өмір сүреді, олар тамақтан бұрын және кейін қолдарын жуады» дейді. Дулат руын қарайық, Болғарияның хандар шежіресінде барлығы дулат болатынын жазады, Аспарух дулат деген сияқты. Қоңырат руын алайық, Молдавада Гагаузия деген автономия бар. Оның астанасы – Комрат, бұл негізінде қоңырат, Ноғай бидің қарамағындағы қоңыраттардың салған қаласы. Жалайыр руы бір кезде Бағдатты жүз жыл билеген. Тарихшы Есенбике Тоғанның зерттеуіне қарағанда, Қырым хандары Гирай әулеті керей ханы Тоғырылдың ұрпақтары еді. Осылай зерттей берсек дерек көп, тарихымызға терең енген сайын біздің рухымыз көтеріледі.
Президентіміз «Ұлы даланың жеті қыры» деп жеті құндылығымызды санаған. Атқа міну, ежелгі металлургия, аң стилі, алтын адам, түркі әлемі бесігі, ұлы Жібек жолы және алма мен қызғалдақтың отаны. Бұл жерде Қазақстанның түркілік болмысы маңызды болып табылады. Мағжан Жұмабаев Түркістан өлеңінің соңында
«Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,
Түріктен басқа от боп жан туып па?
Көп түрік енші алып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?!» дейді. Президент те мақаласында «Қазақ елі түркі әлемінің қара шаңырағы» деді. Қара шаңырақ мәселесін қазақ шежіресіне қарайтын болсақ, «Түркімен төр ағам, Өзбек өз ағам» дейтін мақал бар. Осы мақалды Мәшһүр Жүсіп Көпеев былай талдайды: «Түркиядағы түркімендер (түріктер) қазақтардан бес ата үлкен, өзбектер үш ата үлкен» дейді. «Олар еншісін алып кеткен кезде қазаққа қара шаңырақ қалды» дейді. Расында да географиялық және геомәдени ерекшелігіне қарасаңыз, Қазақстан түркі әлемінің дәл ортасында орналасқан. Ұлы дала еліміз дейміз ғой, осы жалпақ дала Қазақстанда анау сақ, ғұндардан бастап, көк түріктер, Алтын орда боп жалғасып келе жатқан сабақтастықтың үзілмеуіне мүмкіндік жасады. Бұның нақты үлгісі «төре» ұғымы. Өкінішке орай қазақтардан басқа түркі тектес елдерде шежіре ұғымы, төрелер, рулар ұмытылып бара жатыр.
Төре – Шыңғысханның тұқымы ғой. Төрелерді құрметтейміз. Олар неге төре деп аталды десек, «төре» деген сөз «заң» деген мағынаны білдіреді. Осыдан келіп, төрелер – заңдылық пен мемлекеттілікті ұстап тұрған адамдар деген мағына шығады. Бәлкім «төрік» яғни «түрік» деген атау да осы «төре» сөзімен мағыналас шығар. Осы ұғымдарды сақтап қалғаны үшін Қазақстан геомәдени жағдайда түркі әлемінің орталығы болып тұр. Бұл бір жағынан қазақтарға белгілі бір жауапкерлішік артады. Мысалға, Елбасының «Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды.» деген түсінік Қазақстан тарихын тұтас тарих деп қабылдауды қажет етеді. Осыны, мысалға, Өзбекстан тарихы түсінігімен салыстыратын болсақ, Өзбекстан ресми тарихы Әмір Темір империясын иемденеді де, одан бұрынғы Шағатай ұлысын мемлекеттілігінің бір бөлігі деп қабылдамайды. Екіншіден, Өзбекстанға «өзбек» атауын алып барған Шайбани мемлекетіне де мән бермейді. Оны да қабылдамайды. Осы тұрғыдан Қазақстанға түсіп тұрған жауапкершілік – түркі мемлекеттері арасындағы сабақтастықты жалғастыру. Қуанышқа орай, қазақтар сақтардан бастап Алтын ордаға дейінгі барлық мемлекеттерді арғы тегіміз деп айта алады. Өйткені барлығын біздің аталарымыз құрған.
Орхон тасжазбаларынды «Ел» мен «төре» сөздері тіркессөз ретінде көбінесе қатар қолданылса, Махмут Қашқари еңбегінде «Ел қалар, төре қалмас» деген мақалды келтіреді. Бұған былай түсініктеме берсек болады: саяси құрылымдар ескіріп, өткен шақта қалады, жойылып кетеді; ал әдет-ғұрып пен салт-дәстүр ескірмейді. Мемлекет құласа да, жойылса да, сол мемлекетті қалыптастырған «мемлекет түсінігі» жойылмайды. Содан болар «Мәңгі ел» қайта-қайта қалпына келіп отырған. Өйткені Түркілердің мемлекеттері ыдыраса да, ол елдің негізі, рухы – төре, яғни ел болу түсінігі халықтың санасынан шықпаған. Осы сабақтастық жағынан қазақтар Ұлы көшпенділердің тікелей ұрпақтары болып саналады.
Тіл тұрғыснан айтсақ, Махмұт Қашқари бір сөзінде «Нағыз таза түрік тілін қалаларға келмейтін, Ұлы далада көшіп жүрген түркілер сөйлейді» дейді. Ол көшіп жүргендер – қазақтар. Басқаша айтқанда, қазақтар түркі тілінің ең тұнық үлгісін сақтап қалған. Демек түркі тілдерінің болашағы қазақ тіліне байланысты.
Сондай-ақ діни көзқарас тұрғысынан да қазақтардың Яссауи жолына негізделген дүниетанымы да өте өзекті. Яссауидің түркі әлемі үшін маңызды екендігі белгілі. Түркілердің түркілік болмысын сақтап қалуы үшін, арабтанбауы үшін, уахаби-сәлафи ағымдарынан қорғану үшін Яссауи ілімін жандандыру керек. Осы тұрғыдан президенттің Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы деп өзгертуі және облыс орталығын Шымкенттен Түркістанға көшіруі, шынын айтқанда, халықаралық саясат тұрғысынан үлкен ерлік. Өйткені Түркістан атауынан Қытайдың өзі үркіп отыр. Ресей де секемденеді. Иран да қуанбайды. Осындай жағдайда біздің Түркістан атында облыс құруымыз – ерлік. Сондықтан Түркістан облысының Қазақстанның Түркі әлемінің қара шаңырағы ролінде маңызы зор. Қысқасы, Яссауидың ілімін, яғни түркілік-ислам түсінігін жандандырып, күшейтуіміз керек.
Қорыта айтқанда, Қазақстан – Түркі өркениетінің бесігі, Түркі әлемінің қара шаңырағы. Егер біз ата-бабаларымыздың бізге қалдырған мұраларын, жыр-дастандарын, ертегілерін, шежіресін, тілін, ділін сақтап қала алсақ рухы биік, мықты елге айналамыз. Сонда ғана алпауыт Қытай мен алып Ресейдің ортасында тең дәрежеде бір мемлекет боламыз. Бір ауызбен айтқанда, Түркі өркениетінің XXI ғасырда жаңа бір белеске жетуі негізінен Қазақстанға байланысты.
Дінмұхаммед Әметбек
Таяу Шығыс техникалық университеті түлегі,
Анкарадағы АНКАСАМ зерттеу орталығы Еуразия бөлімінің басшысы,
PhD доктор