Ел солтүстігіндегі екі облыс пен қала атауы қазақылансын!

Ел солтүстігіндегі екі облыс пен қала атауы қазақылансын!
Ⓒtarlan.kz

«Намыс» жастар қозғалысының белсенділері Алматыдағы Тәуелсіздік алаңында ел солтүстігіндегі екі облыс пен қала атауын ауыстыруды талап етті, бұл туралы Dalanews.kz порталы жазды.

Жастар желтоқсанда шейіт кеткен боздақтарға құран бағыштап, Қазақстан территориясына қатысты агрессиялық пікір айтқан ресейлік саясаткерлердің мәлімдемесіне наразылық білдірді.

«Никонов, Лимонов, Жириновский секілді дарынсыз саясаткерлер бүлік шығарғысы келіп, өздерінің сауатсыздығын көрсетті. Қазақтың намысына тиіп сайқымазақ болды. Олар кітап бетін ашып, аз да болса тарихқа үңілсе кімнің кім екенін білетін еді. Қазақтың намысты жастары барда олардың көздегені бола қоймайды», – деді қозғалыс басшысы Азамат Жолданбай.

Жастар ресейлік жоғары шенділердің сауатсыз мәлімдемесін жауапсыз қалдыруға болмайтынын жеткізді.

Ұйым өкілдері «Ресей империясынан қалған Павлодар, Петропавл деген атаулар жойылып, қалаларға қазақи атау берілуін» талап етті.

«Тарих беттеріне үңілсек Ресей түгілі, шекаралас елдерде қазақтар, яғни, біздің ата-бабаларымыз өмір сүрген, қазақи атау арқалайтын қалалар көп. Бұл ақиқат!

Ресей империясынан қалған Павлодар, Петропавл деген атаулар жойылсын, қалаларға қазақи атау берілсін! Солтүстік аймақтарда Қазақ тілі үстемдік жасасын!

Қазақтар ҚЫЗЫЛЖАР және ЕРТІС деген атауды пайдаланған. Сол атаулар қайтарылсын», – деді «Намыс» жастар қозғалысының белсенділері.