Ұлттық идея – Мәңгілік Ел
Қазақ елі тәуелсіздігін жариялап, әлем қауымдастығының тең құқылы мүшесіне айналғанына 30 жылға жуықтап келеді. Осы жылдарда ұлттық идея дегеніміз не және ол қандай болуы керек деген пікірталастар бір сәт те толастаған жоқ.
Кезінде белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбек «ұлттық идея деген – ұлттың, мемлекеттің тек бүгін ғана емес, ұзақ мерзім аясында бақытты да кемел өмір сүруін қапысыз қамтамасыз ететін тетік және халықтың ынта-жігерін оятатын белсенді өмір салты» десе, танымал мемлекет қайраткері Болатхан Тайжан «ұлттық идея дегеніміз – ұлттың еңсесін көтеріңкі ұстап дамуы» деп анықтама берген екен. Сонымен бірге, нақты қандай құндылық қазақстандықтардың ұлттық идеясына айнала алады деген сауалға да сан түрлі жауаптар айтылды. Иманғали Тасмағамбетов тәуелсіз мемлекет құру жолында ұлтты ұйыстырып, халықты ұлы мақсат төңірегінде топтастыра білген Астананы ұлттық идеяның қайнар бастауы десе, Мұхтар Құл-Мұхаммед ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи мәдени құндылықтар мен ұлттық ұйысудың негізінде тілдік фактор жатқанын айтып, оны «ұлттық идеяның өзегі» деп жазды. Белгілі жазушы, мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайұлы «біздің қазіргі ұлттық идеямыз – осы заманғы ұлттық мемлекет орнату» екенін айтса, Алтынбек Сәрсенбайұлы: «Бiздiң ұлттық идея бүгiнгi күнгi, бiздiң ұлттың бәсекелестiк қабылетiнiң күштi болуы». Басқа да сан алуан пайымдар болды.
Ширек ғасырға жуық уақыт бойы бұл тақырыптағы пікірталастардың толастамауы ұлттың ізденісінің, кемел идеяға ұмтылысының айғағы болса керек. Сонымен қатар, бұл ұзақ уақыт бойы қоғамда ұлттық идея туралы ортақ ұстаным болмағанын көрсетті. Талай жылдарға созылған ұлттық идея туралы пікірталастарға Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылы өзінің кезекті Қазақстан халқына Жолдауында өз ойын қосты. Ол «Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгі Мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Мәңгілік Елордамызды тұрғыздық. Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел!» деп мәлімдеді.
Елбасы Мәңгілік Ел ұғымын осыдан сәл бұрынырақ, 2012 жылы «Қазақстан – 2050» стратегиясының да қазығы етіп алған болатын. Сөйтіп, қазақ саясатының лексикасына ондаған ғасырлардан кейін барып қайтадан «Мәңгілік ел» ұғымы қайта жаңа енді.
Ел сөзінің алуан түрлі мағынасы бар, ол - халық, жұрт, аумақ және басқа да көптеген мағыналарды береді. Сонымен қатар, Ел сөзінің тағы бір мағынасы – мемлекет. Көне заманда тасқа қашап жазылған Мәңгілік Ел ұғымы біздің бабаларымыз Қуатты Мемлекет орнатуға ұмтылғанын көрсетсе керек, яғни олар ел болып ұйыстық, енді Мәңгі Ел, немесе Мәңгі Мемлекет боламыз дегені шығар.
Олай болса, көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі қазақтың тарихы – ол ұлт болып ұйысудың, мемлекет болып қалыптасып, шындалудың тарихы. Ол бүгінгідей кемел сипатты мемлекеттілікке жету жолындағы күрес жылнамасы ретінде бізді өткеніміз арқылы біріктіріп, мемлекеттілігімізді сақтауға жұмылдыру аясында бүгінгі қазақты, болашақтағы барша буынды ұрпақты ұйыстыру қажет.
Тарих қателікті кешірмейді, кезінде өз мемлекетін құрып, дербес ел ретінде тарих сахнасына шыққан талай айбынды халықтар заман сынына төтеп бере алмай тұғырынан тайғанын, мемлекеттілігін жоғалтқанын білеміз. Мысалды алыстан іздемей, төл тарихымызға қарасақ та жеткілікті. Бірнеше ғасыр өзге елге бодан болдық, тарихымызды ұмыттырып, басқалардың жадымызға күшпен сіңірген ақиқаттан алыс, жат тарихын малдануға мәжбүр болдық.
ХХ ғасырдың соңында тарихи әділет салтанат құрып, Тәуелсіз Қазақ Мемлекеті қайтадан әлемдік аренаға шықты. Ендігі міндет – қастерлі Тәуелсіздігімізді сақтап, нығайту, дамытып, ұрпаққа аманаттау. Елбасының сөзімен айтсақ, «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек».
Демек, ұлттық саясаттың негізгі ұстындары – Мемлекеттілік және Мемлекетшілдік идеялары болуы тиіс. Бұл екеуі бір-бірінен бөле-жара қарастыруға болмайтын егіз ұғымдар.
Мемлекеттілік – ұлттық басты мақсат
Қазір дүниежүзі әлемдік тарихтың жаңа кезеңіне аяқ басуда. Әлі жеткен алып та, шалып та жығатын ықылым заманнан бергі табиғаттың заңын ешкім өзгерткен жоқ. Өзара бәсекелестік жаңа сипатта, тың қарқынмен белең алған бұл кезеңде мемлекеттердің бір-біріне шабуылдары да күшейе түсуде. Қарсылас тараптар бір-бірімен есеп айырысқанда жаңа тәсілдерді қолданатын болды. Көптеген мемлекеттер саяси бәсекелестікте ашық агрессиялық қадамдардан тайынбайтынына куә болудамыз. Адамдар қазір бұрынғыдағыдай ашық соғыс, басқыншылық болмайды деп ойлайды. Бірақ, соңғы жылдарда әлемде болып жатқан оқиғалар бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп отыр. Украинаның бүгінгі ахуалы, Сириядағы жағдай, уақыт өткен сайын шиеленісе түскен босқындар проблемасы, бір мемлекет екіншісіне қалай оп-оңай жем болып жатқаны, бәрі де – осының айқын дәлелі. Күні кеше ғана іргесі сөгілместей саналған, әлемдік державалардың қауіпсіздік кепілдігіне ие болып, бейғам отырған мемлекеттер бөлшектеніп, тұтастығынан айырылып жатқаны, мемлекеттілігінің басты белгілері саудаға түсіп, қол жетпес арманға айналғаны бізді ойландыруға тиіс. Егемендікке бізбен бірге қол жеткізген Украинаның бүгінгі ахуалына қарайық. Онда саясаткерлер ішкі тартыспен асыра әуестеніп, ел ішінен жау іздеп жүріп, сыртқа жем болғанын өздері де байқамай қалды. Анталаған алпауыттар ішкі ісіне жан-жақтан араласып жатқанда елдің тұтастығын ойлаған ешкім болған жоқ. Ақыры аумағының сүбелі бір бөлігінен айырылды, тағы бір бөлігі ел құрамында қалар-қалмасы белгісіз күйге тап болды.
Ислам әлемінің ғана емес, жалпы адамзаттық өркениеттің алтын бесігінің бірі саналатын Сирия аз ғана жыл бұрын өркендеген ел еді. Бір-ақ сәтте алып державалардың қарулары қақтығысқан майдан алаңына айналды. Болашақта оның біртұтас мемлекет болып қалар-қалмасын қазір ешкім тап басып айта алмайды. Радикалды ұйымдардан тазарып, тәртіп орнағанның өзінде алпауыт державалар елдің әр өңірін өз ықпалынан шығармауға тырысып, көкпарға салып бағатыны анық. Яғни, Сирия бұрынғы біртұтастығына қайта қол жеткізуі неғайбыл.
Бір сөзбен айтқанда, саяси қателіктердің құны – елдің тұтастығы, мемлекеттілігі болатынына көзіміз жетуде. Қазір заман басқа, өзара текетіресте таразының басында бұрынғыдағыдай бірін-бірі тежеп отыратын екі блок емес, экономикалық, әскери күш қуаты әртүрлі мемлекеттер тұр. Біз осыны көп жағдайда ескере бермейміз.
Бұл орайда, Қазақстанның қоғамдық, саяси пікірталастарында геосаяси мазмұн кенжелеп тұрғанын мойындауымыз керек. Біз өзімізді ешкімнің шаруасы жоқ иен аралда тұрып жатқандай, құдды айналамызда көз тіккен алпауыт мемлекеттер жоқ сияқты ойлаймыз, сыртқы қатерлерге мән бермейміз. Меніңше, қазақтың саяси ой пікіріне геосаяси ой пікірлердің дискуссиясы жетпей жатыр. Қазақтың айналаны танып зерттеудегі көкжиегін кеңейту керек. Әлемді, әлемдегі оқиғаларды, процесстерді бақыламай, зерттемей, танымай, біз өзімізді, өзіміздің әлемдегі орынымызды, болашағымызды тани алмаймыз. Біз болып жатқан оқиғалар мен процесстерді ішкі саяси, қоғамдық, әлеуметтік өлшемдермен ғана емес, сонымен қатар сыртқы, геосаяси өлшемдермен де сараптауымыз қажет. Кейде саясаткерлер белгілі бір оқиғаларға баға беру барысында (мысалы, сол митингтердің өзін), сол жағдайды басқа бір сырт күштер өз мақсаттарына пайдалануы мүмкін десе, әлеуметтік желілерде әдетте оны үгіт-насихаттың аргументі ретінде қабылдап, жәй халықты қорқыту үшін айтып жатыр екен пайымдайды. Ал, шын мәнісінде, сыртқы факторларды ескермеуге болмайды, соның ішінде бізге. Біз мемлекеттілігіміздің беріктігі елдің ішкі ахуалына ғана емес, сонымен қатар, сырттағы жағдайларға, еліміздің көршілермен, державалармен, қала берді тұтас әлем қауымдастығымен қатынасына байланысты екенін сезінуіміз керек. Таразы басын тең ұстап, ішкі және сыртқы саясатты бірдей жүргізіп, тәуелсіздігіміз бен мемлекеттілігімізді мәңгі сақтаудың барлық әрекеттерін жасауға тиіспіз. Сондықтан, осы бағытта терең геосаяси зерттеулер, ізденістер қажет. Көптеген елдерде, саясаткерлер мен ғалымдар арасында сол елдің геосаяси стратегиясы, перспективасы жөнінде түрлі дискуссиялар өтіп жатады, ара арасында кітаптар, зерттеулер басылып жатады. Ондай ізденістердің мақсаты – мемлекеттің дамуына қолайлы жағдай іздеу, қалыптастыру. Бізде ондай ізденіс жоқ. Неге?! Себебі, көп жағдайда, біз өз саясатымыздың басты, түпкі мақсаты не екенін ұмытамыз. Біздің мақсат, озық елдердің 50-іне немесе 30-ына ену ғана емес, ал сол арқылы мемлекетті дамыту, оның қуатын арттыру. мемлекеттің өміршеңдігін сақтау және мемлекеттілікті қорғау. Яғни, мемлекеттілік – ұлттық басты мақсат болуы тиіс.
Негізі, бұрын осындай ұстаным анық сезілетін. Қазақстанның жаңа тарихының алғашқы жылдарында барша ұмтылыстардың мақсаты – мемлекеттілігін нығайту болды. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен шекараны шегендеуді қолға алды. Қазіргі уақытта біз барлық бағытта шекара мәселесін толық шештік. Бұл, Елбасының саяси ерік жігерінің, ерлігінің жемісі. Сонымен бірге, асқақ желбіреген байрағымыз, елтаңбамыз бен әнұранымыз, төл теңгеміз, бен қарулы күштеріміз, дербес ішкі және сыртқы саясатымыз – бәрі Қазақ Елінің мемлекеттілік нышандары. Бірақ, кейбіреулер ойлайтын болар, Тәуелсіздікті жарияладық, шекараны айқындадық, мемлекетті құрдық, басқа да нышандары мен белгілерін қалыптастырдық – демек, ұлттың саяси миссиясы орындалды деп. Жоқ, Тәуелсіздікке қол жеткіздік, бірақ ендігі күрес ол Тәуелсіздікті қорғап, мемлекетті сақтап қалу, мемлекеттің қуатын арттыру үшін күрес. Бұл күрестің қаруы – еңбек пен білім. Қазақтың ендігі болашағы еңбекқорлық пен білімге деген құштарлыққа байланысты. Біз іргесіндегі шағын мемлекеттерді былай қойғанда, бүкіл әлемге әмірін жүргізуге ұмтылған алып державалардың арасында тұрмыз. Солтүстікте 150 миллионға жуық халқы бар Ресей, шығыста
1,5 миллиардтық Қытай тұр. Жері қанша кең байтақ болғанымен 19 миллионға да жетпейтін халқы бар Қазақстан алып көршілермен бәсекеде санмен емес, тек сапамен ғана бәс таласа алады. Біз олармен тең болсақ кем боламыз, артық болсақ тең боламыз, бірнеше орайтын сапамен ғана алдына шығамыз. Ал сапаның кілті – жауапкершілікте, тиянақтылықта, ұқыптылықта. Ұлттық сапаны арттыру осы үш қасиетті қазақтың бойына сіңіру қажет.
Мемлекеттілік – баршамызды біріктіретін ортақ мақсат болу тиіс. Біздің қоғамда саяси плюрализм орнықты, азаматтардың саяси көзқарасы алуан түрлі – оңшылы да, солшылы да, ұлтшылы да, діншілі де, бәрі бар. Бірақ, мемлекеттілік – бәрінен биік тұратын ортақ құндылық, ортақ саяси платформа болуы тиіс. Егер қандай да бір бастама мемлекеттің қуатын әлсірететін, тұрақтылығына кесірін тигізетін болса немесе аймақтардың бөлшектенуіне бастаса мемлекеттілігіміздің мызғымастастығы үшін біз одан бас тарта білуіміз қажет. Себебі, біздің ең басты қазынамыз – жеріміз, ең киелі құндылығымыз – мемлекеттілігіміз. Жақсы болсын, жаман болсын, біздің мемлекетіміз, еліміз біреу ғана, ол – Қазақстан. Кез-келген бастама либералдық, демократиялық өлшемдермен ғана емес, сонымен бірге, (және бұл ең бастысы) мемлекеттілік өлшемдерімен де қаралуға тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында «Тәуелсіздік пен мемлекеттілік – біздің қастерлі құндылықтарымыз. Билік пен қоғам ең алдымен тәуелсіздікті қорғап, мемлекеттілікті нығайтуға қызмет етеді» деп өте орынды атап өтті.
Бүгінде билікті сынаумен әсіре әуестеніп мемлекетті жоққа шығару идеялары көрініс беруде. Ешқашан билікті сынау мемлекетті сынауға, билікті жоққа шығару мемлекетті жоққа шығаруға ұласпауы керек. Мұндай логика қате және біз үшін өте қауіпті. Қазір либералды ой-пікірлер алға шығып жатыр. Бұл дұрыс. Бірақ кейбір азаматтар либералды ұстанымның жөні осы екен деп тіпті анархияға бастайтын идеяларға бет бұруда. Мемлекет ештеңеге араласпауы керек дегеннен бастап, мемлекеттің қандай да бір рөлін жоққа шығару деген әсірелиберализм де өте қауіпті. Бұл – қарапайым мемлекет пен қоғамның құрылысын түсінбеуден, саясаттың теориясын білмеудің, шынайы болмысын танымаудың кесірінен туындайтын проблема. Сондықтан, саяси жаңғыру мен ыдыраудың ара жігін ажырата білу өте маңызды. Бұл пайыммен еліміздегі әртүрлі саяси көзқарасы бар, қазіргі билікті жақтайтын, жақтамайтын түрлі саясаткерлердің бәрі де келісеріне сенімдімін. Себебі, саяси бағыты, елдің даму бағдары туралы ұстанымдары әртүрлі болғанымен, саясатта жүрген мемлекетшіл азаматтардың барлығының мақсаттары ортақ, ол – Қазақстанымызды күшейту, қуатты, дамыған, өркендеген мемлекет қылу. Біз осы мемлекетте өмір сүреміз, бәріміздің Отанымыз бір, еліміз бір, бабаларымыз бізге қалдырған және өзіміз де ертең балаларымызға аманаттайтын жеріміз бір. Ендеше, Ел мен Жерге қатысты түпкі мақсатымыз бөлек болуы мүмкін емес.
Мемлекетшілдік – ең басты қасиет
Егер, мемлекеттілік – саясатымыздың негізгі және басты мақсаты болса, қоғамдық іс-әрекетіміздің өлшемі - мемлекетшілдік болуы тиіс. Осыдан он бес жыл бұрын мен «Ұлтшылдық және либерализм» деген мақала жазған едім. Ондағы ойым – ұлтшылдықтан қорықпау қажет, ұлтшылдықты тек біржақты жағымсыз фактор ретінде қабылдауға болмайды, Азаттық алған кезеңде, ел өз дамуының жолына енді түскенде ұлтшылдық ішкі қоғамдық серпін беретін фактор ретінде рөлі маңызды. Және сол мақаламдағы негізгі тезисім - біздің жағдайда ұлтшылдық либерализм платформасымен ұштасу қажеттігі болатын. Енді қоғамның, елдің осы жылдары дамуын, әлеуметтік өзгерістердің сипатын, әлемдегі жаңа трендтерді ескере отырып, біздегі ұлтшылдық өзінің тарихи миссиясын, қалай болғанда да меніңше орындады, сондықтан эволюцияға ұшырап, жаңа кезеңде, енді ұлтшылдық мемлекетшілдікке ұласуы керек. Мемлекетшілдік платформасы ұлттық негізді сақтайды, ол оның өзегі, діңгегі, бірақ сонымен қатар қоғамдық сана тұрғысынан көпшілікті тарта алатын, оңай қабылданатын, және басым көпшілікті біріктіре алатын, универсалды, кең тұжырымдама.
Мемлекетшілдік ұғымы саясаткерлерге берілетін баға ретінде санамызда әлдеқашан қалыптасқан, оның сипаттары мынадай болуы керек деген нақты анықтамасы болмағанмен, әлдеқашан дербес ұғым, түсінік, сипаттама ретінде қолданысқа енген. Қарапайым халық арасында белгілі бір саясаткерлерге сипаттама бере қалса, әдетте «ол – мемлекетшіл азамат» деп жатады. Мемлекетшіл дегенде айтатыны – сол саясаткердің салмақтылығы, өз ісіне адалдығы, ортақ мүддеге ұмтылысы, біліктілігі, білімділігі, ой санасының кеңдігі. Осының бәрі – біздің саясаткерлерге олардың саяси көзқарастары тұрғысынан емес, мемлекеттілік құндылықтарына адалдығы мен беріктігі тұрғысынан қарайтынымыздың айғағы.
Мысалы, өткен ғасырдың басында қазақ елінің болашағы үшін күрескен көптеген арыстарымыз, алыптарымыз өтті. Олар бір-бірімен қиылыспайтын екі соқпаққа түсіп, ел болашағы үшін күресті әркім өз бетінше жүргізді. Өзгенің боданы болғандықтан елдің ертеңін сол өзгелер шешкені бөлек әңгіме. Біздің айтпағымыз – арыстарымыздың мемлекетшілдігі. Алаш арыстарының қазақ мемлекеттілігін қалпына келтірмек болған арпалысы жетпіс жыл бойы ұрпаққа басқаша түсіндіріліп келді. Ал, қазір сол кезде кеңестік жолды таңдаған көптеген азаматтардың еңбектері мансұқталуда. Біз ол заманды қарастырғанда бірін дұрыс, екіншісін бұрыс етіп, үнемі біржақты баға беруден әлі арыла алмай келеміз. Біреуін мақтасақ, екіншісін даттаймыз. Шын мәнінде, алаш қайраткерлері мен кеңес үкіметі сапында еңбек еткен көптеген арыстардың түпкі ұмтылыстары бір болатын. Ол – азаттық үшін күрес еді. Таңдаған жолдары, саяси ұстанымдары әртүрлі болғанымен, бәрі де халқының ертеңі үшін арпалысты. Олардың барлығы мемлекетшіл азаматтар болатын. Алаш арыстары азаттық үшін күрестегі жолдары тығырыққа тірелгеніне көздері жеткеннен кейін кеңес үкіметінің құрамына кіріп, қалай да қазақтың әрі қарай дамуына үлес қосуды мақсат етті. Біреуі әдебиет, біреуі ағартушылық саласында, келесісі мемлекеттік құрылымда еңбек етті.
Менің жұмыс кабинетімде 1939 жылы Мәскеуде басылған ҚазССР картасы ілулі тұр. Осылай жинап, іздеп тапқан Қазақстанның әр ғасырлардағы карталары бар, дегенмен, мен үшін ең құндысы – жоғарыда айтқан ҚазССР картасы. Оны қандай қызметке ауысып, қай жерге барсам да үнемі кабинетіме іліп қоямын. Неге дерсіз? 1939 жылы шыққан карта, 1937-1938 жылдары, әрі кеткенде 1936 жылы дайындалған болар. Сол картадан Ресей мен Қазақстанның арасындағы әбден иректелген шекара сызығын көресіз де, біздің арыстарымыз сол кезде әрбір қадам жер үшін қалай күрескенін, қалай айтысып-тартысып, таласқанын аңғарасыз. 30-ыншы жылдар Сталиндік режим қаһарына мініп, репрессия ең шегіне жетіп тұрған кез. Мінез көрсетпек түгілі, сәл күдікке ілінгеннің бәрі атылып, я Сібірге айдалып жатқан уақытта қазақтардың түрлі комиссиялар отырыстарында жер үшін таласқа түсуі өздеріне үкім шығарып, өлім жазасына кескенмен бірдей әрекет екені анық. Мысалы, сол картадағы кейбір елдердің шекарасына қарасаңыз кәдімгі сызғышты алып, түп-түзу тарта салған сызық бойымен жүргізілген. Бұл нені білдіреді? Ол мемлекеттің шекарасы, жері үшін күресетін тұлғасы болмаған, болса да Мәскеу дәліздеріндегі дөкейлермен тайталасып, жерін қорғауға дәрмендері жетпеген. Ал, біздің азаматтарымыз бастарын оққа байлай отырып, бабалардан мирас болған әрбір қадам жерін оңайшылықпен қолдан бермеуге тырысқан. Сол кезде қазақ саясатындағы азаматтардың бірі Алашорда, екіншісі тұтас Түркістан идеясын қолдады, келесі біреулер большевизм жағында болды. Бірақ, мемлекет тағдырына келгенде барлығы тұтаса білді, ештеңеден қаймықпай, мемлекеттік мүддені бірлесіп, табанды түрде қорғады. Бұл – бізге нағыз өнеге болатын нәрсе. Тарихқа үңілгенде біз алыптарымыздың осы қасиеттерін бағалай білуіміз керек.
Жаңа реформалар қолға алынып, барлық саяси көзқарас өкілдерімен ашық диалог орнатып жатқан қазіргі таңда біз ортақ құндылыққа ұйыса білуіміз керек. Қай бағыттағы, қандай көзқарастағы саясаткер болмасын, ол мемлекетшіл тұлға болса, тіл табысып, конструктивті ынтымақтастық орнатуға болады. Биліктегінің бәрі сүттен ақ, судан таза, оппозициядағының бәрі елге жау емес. Немесе керісінше, билікке қарсы болсаң мемлекетшілсің, билікті қолдасаң мансапқор, жағымпазсың деген біржақты көзқарастан сақтануымыз қажет. Мемлекетшілдік билікті қолдаумен немесе оған қарсы шығумен өлшенбейді. Мемлекетшілдік – ол қандай жағдай болмасын, ортақ мүддені, мемлекеттік мүддені бәрінен жоғары қою!
Біз мұны неге айтып отырмыз? Мысалы, 2010 жылы Қырғыз елінде сәуір төңкерісі болған кезде бұрынғы президент Құрманбек Бакиев биліктен айырылса да, ресми түрде бас тартуға бармай, туған жері Жалалабадтағы ауылына барып, бекініс құрып, қарулы жақтастарын жинап, сөйтіп елді екіге бөлді. Бес жыл бойы мемлекет басқарған азамат бәрібір жершілдік, рушылдық идеядан бас тарта алмағанын, елінің мемлекеттілігін емес, астындағы тағын маңыздырақ санайтынын көрсетті. Бакиевтен кейін билікке келген қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев та жеке басының реніштері үшін мемлекеттік мүддені құрбандыққа шалып, көрші елдермен араздасуға дейін барды. Қазіргі қырғыз елінің басшысы Жээнбековпен текетіресте өзіне ұпай жинау және өзін қорғау үшін Ресейден көмек сұрап, Ресейдің әскери базасынан Ресейдің жіберген ұшағымен Мәскеуге барып араша сұрады. Сөйтіп, өз елінің ішкі саяси қақтығыстарына сырт мемлекеттің араласуына жол ашып берді. Бұл саяси қайраткерлердің мемлекетшілдік қасиеттерден ада екенін көрсетеді.
Біздің саясатта болашақта қандай пікірталастар болса да мемлекеттік мүдде бәрінен жоғары боларына сенімдімін. Қандай қиын мәселелер туындамасын, қандай қайшылықтар болмасын, біз тек өзіміз, салмақты түрде келісіп отырып шешеміз. Бұл ретте, бүгінгі күні қоғамдық және саяси диалогтың дамуы біздің елде саяси ұлттың, жаңа саяси мәдениет пен мемлекетшілдік құндылықтарының қалыптасуы мен негізделуін айғақтайды.
Қазақ саясатының мазмұндық сипаты
Өткен 30 жыл біз үшін мемлекеттілікті нығайту жылдары болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев басқарған кезеңде үлкен тарихи миссия атқарылды – заманауи үлгідегі қазақ мемлекеттілігінің негізі қалыптасты.
Енді, алдағы уақыт мемлекетшілдікті қоғамдық санаға сіңіру кезеңі болуға тиіс. Бұған дейін мақсатты түрде бөле-жара айтылып, ұлттық идеология деңгейіне шығарылмағанмен, ел ағалары бұл идеяны үнемі назарда ұстап келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөздерінде, сұхбаттары мен мақалаларында мемлекеттілік құндылығын айналып өткен емес. Яғни, бұл ұғымдар мақсатты түрде насихатталмаса да, ең ұлы мақсат – мемлекеттілікті нығайту, ең ұлы қасиет – мемлекетшілдік екенін бәріміз түйсінеміз. Тек оны төменнен бастап, жүйелі түрде қоғамдық санаға сіңіру жағы кемшін түсуде.
Кез-келген нәрсені бар ететін де, жоқ ететін де сөз бен ұғым. Жүйелі сөз жүрекке жетеді. Оның үстіне, қазақ – ежелден сөз құдіретін түсінетін ел. Біз мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеяларын саяси лексиконымызға мықтап енгізе алсақ, ол біртіндеп ұғым ретінде нығайып, әрбір жүрекке орнығады. Мемлекетшіл болу үшін міндетті түрде мемлекет қайраткері болу қажет еместігі сияқты, мемлекеттілік идеясын ұлықтау да жоғарыдан ғана жүзеге асатын әрекет емес. Кеудемізге көк лентаны 9 мамыр күні Георгий лентасына ерегіскеннен тағамыз, Тәуелсіздік күнінде, басқа да мерекелерде қадамаймыз. Байрағымыз үйде де, түзде де ілулі тұрса, көлікте желбіреп жүрсе оның еш әбестігі жоқ.
Мысалы, «Жусан» операциясы аясында Сириядан елге оралған балалардың хал жағайын білейін деп Ақтаудағы реабилитациялық орталыққа барсам, өзге елден келген балалар сапқа тұрып, кішкентай қолдарын кеуделеріне қойып, Қазақстанның әнұранын жаттап жатыр екен. Соған қарап сүйсіндім. Расында да біздің біз анау жоқ, мынадай жұмыс жүргізілмей жатыр деп сынап жатамыз да, бар нәрсені көрмей қаламыз. Шын мәнісінде, осы жылдары жақсы тәжіриебе жинақталды. Қыркүйек айында біздің спортшы қыздарымыз Азия чемпионатында техникалық ақауға қарамастан әнұранды жатқа орындағанда бәріміз қуандық. Демек, бәрі зая емес, әр нәрсенің уақыты бар, біз сол жұмыстың жемістерін көріп жатырмыз. Мемлекетшілдік қасиеттер осылай тәрбиемен бойға сіңсе, оны кейін қандай идеология да жүректен аластай алмайды.
Бізге сананы өзгертудің басқаша тәсілдері керек. Төл тарихымызды насихаттауда біз баяғы кеңестік ескі тәсілдерден аса алмай жүрміз. Олар өз идеологиясын санаға сіңіру үшін жаппай ескерткіштер орнататын. Бір кезде Лениннің ескерткіші, тым болмаса мүсіні қойылмаған ауылды табу мүмкін емес еді. Қазір олардың орнын өз тарихи тұлғаларымыз – хандар мен билердің, батырлардың, Алаш қайраткерлерінің ескерткіштері басты. Әрине, бұл да жаман емес. Бірақ, идеологиялық жұмыстың басқа да тиімді тәсілдері бар. Мысалы, АҚШ әйгілі тұлғаларының мүсіндерін орнатқаннан гөрі олардың терең мағыналы сөздерін тасқа қашап жазғанды қош көреді. Алып жартастардан бастап, қатардағы оқу орындары мен қарапайым мекемелердің дәліздеріне дейін әйгілі адамдардың цитаталарын жазады. Азаматтар оны көрген сайын ұлы тұлғаларының ұлағатты сөздерін оқып, ой түйеді, санасына сіңіреді. Біз де осындай тәсілдерді неғұрлым көбірек қолдануымыз керек.
Мемлекеттілік және мемлекетшілдік ұғымдары саяси құжаттарда көрініс табуы айрықша маңызды. Мысалы, қай партия қандай бағытта болса да олар өздерін мемлекеттілік ұғымынан биік қоймайтыны ақиқат. Ендеше, билікте, я оппозицияда болсын, барлық партиялар жарғыларына, саяси доктриналары мен бағдарламаларына саяси кеңістікте не үшін және қалай күресетіндерін жазудан бұрын, ең басты мақсаты ретінде мемлекеттілікті нығайтуды айқын көрсетсе, бұл бізде жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына ықпал етер еді. Басқаша айтқанда, саяси процесте әркім өз қөзқарастары үшін күресіп, ұстанымдарын қорғауы мүмкін. Бірақ, мемлекеттілікті сақтап, нығайту еш таласқа түспейтін, ешбір күмән келтірілмейтін ортақ құндылық ретінде қарастырылуға тиіс. Мемлекет басындағы азаматтар да, оппозициядағы тұлғалар да өздерін мемлекетшілмін деп санайды. Ендеше, оның саяси құжаттарда да көрініс табуына не кедергі? Ал, қалған мәселелер бойынша пікір алмасайық, дауласайық, саяси бәсекеге түсейік, мұның бәрі – демократиялық мемлекетте күнделікті болатын қалыпты үрдіс.
Әр елдегі саясат пен саяси қызметтің өз ерекшеліктері бар. Еуропада оңшылдар мен солшылдардың күресі, Ресейде батысшылдар мен патриоттардың тайталасы жүріп жатыр. Ал біздің саясатымыздың ерекшелігі – ағартушылық. Онда да тек саяси ағартушылық емес, жалпы халықтық ағартушылық. Қазір, біздің қоғам үшін ең үлкен қатер – надандық дер едім. Бұл – оңшыл, солшыл, либерал, ұлтшыл және басқа қандай көзқараста болсын, барлық азаматтарға ортақ қатер. Ең үлкен қауіп Ресей де, Қытай да, Батыс та, билік те, оппозиция да емес, ал қазіргі және болашақтағы сын-қатерлер мен тәуекелдерді дұрыс саралай алмайтын, айналада болып жатқан оқиғалардың байыбына барып, тереңіне үңілмей, тым қарапайым қабылдайтын, жалаң ұрандар мен арзан айқайлардың соңына ілесіп кететін надандықтан асқан қатер жоқ. Сондықтан, біздің жағдайда, саясат пен ағартушылық қатар жүру керек.
Жоғарыда айтып өткенімдей Алаш қайраткерлері таза саяси күреспен ғана емес, ағартушылықпен де қатар айналысты. Олардың қайсысын алып қарасаңыз да әдебиет, мәдениет, білім, ғылым және басқа да салаларда өз қолтаңбаларын қалдырған. Ұлттық сананы жаңғырту үшін аянбай еңбек еткен. Одан кейінгі кеңес заманының қайраткерлері де бұл ұстанымнан айныған жоқ. Дінмұхамед Қонаев, Өзбекәлі Жәнібеков және басқа да тұлғаларымыз халқының сапасы артуы үшін барын салды. Бұл үрдіс тәуелсіздік жылдарында тың қарқынмен жалғасын тапты. Елбасы «Болашақ» бағдарламасын қолға алып, жастарды әлемнің ең үздік оқу орындарына жіберді. Назарбаев университетін, халықаралық деңгейдегі зияткерлік мектептерді ашып, білім саласын жаңа белеске көтерді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы руханият, мәдениет саласына түбегейлі өзгерістер жасауда. Осының бәрі ел тізгінін ұстаған азаматтардың ағартушылық қасиеттері үздіксіз жалғасып келе жатқанын көрсетеді. Солай болуға тиіс те. Жалпы, саясаткері зиялы елдің ұпайы түгел болады.
Тағы да өткенге оралсақ, қазақ саясатында зиялы қауымның орны қашанда ерекше болған. Бұл да біздің саяси кеңістіктің тағы бір ерекшелігі. Аузы дуалы жыраулар мен билер алтын тақты хандардың астамсығаны болса аптығын басып, жүнжігені болса жігер берген. Өткен ғасырдың басында қазақ саясатының негізін зиялылар құраса, кеңестік кезеңде де зиялыларымыз саясаттан тыс қалған жоқ. Қаһарлы желтоқсанда қазақ жастарын жаппай қаралау басталғанда әлі де сеңі бұзылмай сіресіп тұрған режимге қарсы шығып, жастарды ақтаған зиялыларымыз болды. Ядролық сынақтарға қарсы жалпыхалықтық қозғалыстың басында Олжас Сүлейменов бастаған тұлғалар жүрді. Тәуелсіздік кезеңінде Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов бастаған тұлғалар саясаттың төрінде болды. Осының бәрі қазақ саясатының гуманитарлық өлшемі әрқашан биік болғанын әйгілейді. Аталы сөзге тұтас елді ұйытқан абыздарымыздан, шешендеріміз бен билерімізден бері жалғасып келе жатқан осы үрдіс әрі қарай жалғасын табуға тиіс. Қазақ саясаты қашан да интеллектуалдық ұстанымда болған, сол қасиетін сақтау керек.
Осыдан туындайтын келесі мәселе – саясаттағы сабақтастық ғасырлар қойнауынан тамыр тартатын рухани құндылықтар сабақтастығымен астасуы айрықша маңызды. Біз көбінесе шетелдік ойшылдардың пайымдарына жүгінуге құмармыз. Көне замандардағы грек, рим философтарынан, орта ғасырлық европа ойшылдарынан мысал келтіруге әуеспіз. Анығына келсек, өзіміздің сонау Тоныкөктен бастап, Әл-Фарабимен жалғасқан, абыз, билерімізге ұласып, Алаш арыстарымен сабақтасқан терең философиялық толғауларымыз қаншама. Әл-Фарабидың «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы» трактатының өзін пайымдап қарасақ, қайырымды қала деген – бүгінгінің кемел мемлекетінің бір образы секілді. Қазақ даласында қай заманда да қоғамдық қатынастарды дамыту туралы осындай терең ізденістер болған. Біз соларды жаңғыртып, шетелдік саяси ой даму тарихына да енгізуге әрекет етіп және өзіміздің өмірлік ұстанымдарымызға да бастау ете білуіміз керек.
Ақиқатын айтсақ, қай қоғамда да әртүрлі мақсатты көздеп саясатқа араласатын адамдар болады. Қазір қызметте өрлеп, мансапты болу үшін, билік арқылы байлыққа жету үшін, шоу бизнестегідей атын шығарып танымалдыққа ие болу үшін біркүндік саясатпен айналысатындар көбейді. Әлеуметтік желіде лайк жинау секілді бүгінде қоғамдық саясат алаңында да атаққұмарлықтың жетегінде жүргендер бар. Бірқатар, инстаграм-саясаткерлер мен фейсбук-патриоттар қоғамдық пікірмен манипуляция жасауды әбден меңгеріп, жұртқа жағатын әңгімелерді ғана айтып, тек өзінің танымалдылығын арттыруды мақсат етіп алған. Бірақ, саясатта – жауапкершілік болу керек. Бүгін қазақ қоғамына қалай жемқорлық қауіпті болса, сонымен бірге, бүкіл жүйені қиратып, бәрін бір күнде өзгертемін дегендердің, халықтың көңілімен, уайымымен ойнап, тек қалың жұртқа жағамын деп құр бос уәде беріп жүргендер, жалпы айтқанда популизм да аса қауіпті құбылыс. Саясатқа келген адам қиратамын, бұзамын деп емес, халқыма не беремін, қандай жақсылық әкелемін деген жасампаздық ниетпен келуі керек. Саясаткерлердің де әрекетін жасампаздық тұрғысынан бағалау қажет – кім не ұсынды, не жазды, не құрды, қандай жағымды өзгерістерге түрткі бола алды деген сияқты.
Біз тарихта талай теперіш көріп, самайдағы тер, тамырдағы қан түгесілгенше күресе жүріп, дербес мемлекет болуға қол жеткіздік. Ендігі әлсіздікті тарих кешірмейді. Сондықтан, Тәуелсіздік жолында миллиондар құрбан болған мемлекеттілігімізді мәңгілік ету үшін әрқайсымыз шынайы отаншыл, мемлекетшіл болуға тиіспіз. Сонда ғана айымыз оңынан туып, әлемдік даму көшіндегі орнымызды нық ұстаймыз. Мәңгілік Ел боламыз.
"Жас Алаш" газеті.
15 қазан, 2019 жыл.