Ресей - еліміздің стратегиялық әрі басты серіктесі. Бірақ бүгінде Кремль өзінің кері реакцияларымен, жаугерлік риторкасымен, көршілерінің үрейін тудыруда. Ресейдің бұл бағытпен жүруі неге апарып соғуы мүмкін, қанша уақыт жалғасуы ықтимал? Осы сауалдар Қазақстан үшін өте маңызды екені анық. Сондықтан біз осы сұрақтарды Ресейдің саяси ойы мен ойынының нақ ортасына айналған Валдай клубының кезекті отырысына қатысып келген Ерлан Қаринге қойдық.
- Валдай клубының соңғы отырысында Владимир Путин айтқан басты тезис - ядролық соққы және ресейліктердің жұмаққа баратыны жайлы әңгіме. Кейін Дмитрий Песков превентивты соққы құқығынан Ресейдің бас тартатынын түсіндіріп, қалғаны – аллегория деген пікірін айтты. Валдайдан Ресей президентінің көзқарасы туралы қандай оймен оралдыңыз?
- Валдай клубы – Владимир Путиннің басқаларға қажетті месседждерді жеткізу үшін өзіне мінбер ретінде пайдаланатын алаңдарының бірі.
Клуб қатысушылары Путиннің жәй ғана дайындалған сөзді оқып, кетіп қалу үшін келмейтінін жақсы біледі, сондықтан қарсы реакция күтіп, пікірталастыруға дайын екені сезіледі. Меніңше, оның пікірталасқа деген ниеті әр кезде ақтала бермейтін сияқты. Оның риторикасы жаугершіл болды дейсіз бе? Маған ол өзінің және Ресейдің қатал жауап беруге дайын екендігін көрсеткісі келген секілді көрінді. Ал қалғанының бәрі шынында да ақпараттың таралуы үшін айтылған аллегория. Бірақ, Батыспен текетірес тақырыбына қатысы жоқ сұрақтар оны қызықтырмағанын өзім үшім түртіп алдым.
- Владимир Путиннің Валдайда айтқан сөздері алдын ала дайындалған қойылым ба, әлде бұл Путиннің суырып салмалық қасиеті ме? Сіз өз сұрағыңызды ұйымдастырушылармен немесе Клуб кураторымен алдын ала мақұлдаттыңыз ба? Не дегенмен, сіз ресейлік президентке сұрақты осы жылы тағы қойдыңыз ғой.
- Валдай клубының ерекшелігі сол - Ресей саясатының бірінші тұлғаларымен тікелей диалог құра аласың. Клуб отырысының соңғы күнінде Владимир Путинмен кездесу өтеді де, Клубтың отырысы аяқталады. Ресей президентіне бағытталған сұрақтар алдын ала айтылып, келістірілмейді. Сұрақ қою кезекпен жүреді, қалағандар қолдарын көтереді, модератор қажет деп тапса сен сұрағыңды қоя аласың. Сұрақ қоямын дегендер көп, кездесу екі жарым сағатта өтетінінің өзінде кезекте тұрағанның көбісі сұрақ қойып үлгермей жатады. Егер анықтылық бар болса да, ол көбіне түрлі мемлекеттерден келген сарапшылар сұрақты негізгі тақырыппен және өз елдерінің Ресеймен арадағы тақырыпқа үйлестіруге тырысуларында дер едім. Отырысқа қатысқан сарапшылардың ешқайсысы сұрақ қою арқылы өз ақыл-парасатын жайып салуға ұмтылмайды. Сарапшылардың көбісі осы отырыста ең болмағанда өз елдерінің аты аталғанын немесе өз елдеріндегі негізгі тақырыптың аталып өткенін қамтамассыз етуге тырысады.
- Не себепті Қазақстанда Валдай клубы сияқты пікірталас алаңы жоқ?
- Бізде сондай пікірталас алаңы даму үстінде, ол "Астаналық сараптамалық клуб" деп аталады. Келесі айда оның кезекті отырысы өтеді. Нұрсұлтан Назарбаев та астаналық клуб аясында тұрақты түрде сарапшылармен кездесіп тұрады. Жалпы, сараптамалық клубтардың практикасы көптеген елдерде бар, өйткені ақыл-ой орталықтары белгілі бір ақпараттарды жеткізудің маңызды құралы. Бұл жолы Владимир Путин байқап айтқан бір сөз: "бізге сіздердің қандай сұрақтар қойғандарыңыз ғана қызықты емес, сонымен бірге, сіздер сұрақты қалай тұжырымдайсыздар, сол да қызық". Менің ойымша, осындай кездесулер бір-бірін байқап көрудің амалы: ұйымдастырушыларға сарапшылар не ойлайтыны қызық болса, сарапшылар үшін елде болып жатқан процесс жайлы, жалпы Ресей жайлы көзқарасын кеңейту болып табылатын сияқты. Халықаралық саясатпен шұғылданатын сарапшылар үшін ақпаратты шешім қабылдайтын адамдардан есту маңызды. Әрине, саясаткерлердің мәлімдемелерін БАҚ-тан көріп, оқуға болады, бірақ, саясаткермен бірнеше сағат бойы жүзбе-жүз отырып, оның эмоциясын, реакциясын, мимикасына қарап дәлірек қорытынды шығаруға болады.
- Валдайдан кейін сіз Ресей неліктен «қоршауға алынған қамал» жағдайында қалып қойды деген сұраққа жауап таба алдыңыз ба?
- Бұл мәселе бойынша менің өз теориям бар. Әр мемлекеттің геосаяси бағыт-бағдарын зерттеуде қолданылатын түрлі методологиялық әдістемелер бар. Классикалық теорияда қабылданғандай, әр елдің геосаясаты оның территориясымен, географиялық орнымен белгіленеді. Басқа теорияда мемлекеттің сыртқы саясаты оның климаттық факторларымен анықталады дегенге негізделген. Меніңше, халықаралық саяси жүйедегі кез келген мемлекеттің жағдайы сонымен бірге мәдени-менталды факторлармен де белгілі болады. Ол элитаның жүріс-тұрысының белгілі бір ережесін айқындайды, ал бұл өз кезегінде мемлекеттің халықаралық саяси жүйедегі ұстанымын көрсетеді. Мысалы, қытай менталитеті антогонизмді қабылдамайды. Қытай элитасы тікелей соқтығысудан қашқақтайды. Бұл бәрінде де көрініс табады – протоколда, риторикада, қытай саясаткерлерінің лексикасында. Мәселен, қытай протоколына сайкес делегациялар бір-біріне бетпе-бет қарсы емес, көбіне дөңгелек үстелге отырғызылады. «Соңғы қытайлық ескертулерді» де еске алуға болады. Қытайлықтар «жау», «қарсылас», «одақтас» деген сөздерді қолдануда өте абай болады. Сондықтан да жиі-жиі аудару мен түсіну тұрғысынан қиындықтар болып жатады.
Ресейлік саясаткерлер немесе сарапшылар «Қытай біздің одақтасымыз» деген кезде, қытайлықтардың өздері кідіріп қалатын секілді. Өйткені «одақтас» деген ұғым олар үшін біреумен бірге басқа біреуге қарсы бірлесу деген үлкен мағынаны білдіреді. Олар альянс, одақтардан қашқақтайды. Бір қызығы олар өздерінің жақын серіктестеріне «дос» - «Қытайдың үлкен досы», «біздің елдің досы» сияқты ұғымдарды пайдаланады. Сонымен бірге олар эмоциялық реакцияларды қолданбауға тырысады, қысастыққа жауап ретіндегі әрекеттерге көшуге асықпайды. АҚШ Қытайға сауда соғысын жариялаған кездің өзінде, Қытай қарсы шаралар қолдануға асықпады.
Ресейлік саясаткерлер мен сарапшылар үшін саясат – конфронтация, текетіреспен пара-пар нәрсе. Сондықтан тек Ресей президенті ғана емес, бүкіл ресейлік элита тиісті ұғымдық-категориялды аппаратты қолданады. Олардың процесстерді түсінуі текетірес призмасы арқылы жүзеге асатын болса, ал дүние қабылдаулары мүлде екі өлшемді: өзіміздікі мен бөтендер, өзіміз бен жаулар, ал «кім бізбен бірге болмаса – сол бізге қарсы». Сәйкесінше, осы түсінікті олар өздерінің одақтастарына да қолданады.
Валдайдын соңғы отырысында белгілі ресейлік сарапшы «соғыс басталды десек, қоғамдағы кез келген наразылық – сатқындықпен пара-пар» дегені есте қалыпты. Ресей басшылығының риторикасы, бұл жалпы әлемді Ресей қалай қабылдайтынының көрсеткіші. Бұл ерекшелікті түсініп, қабылдау керек. Сол кезде бәрі өз орнына келеді. Егер батыстағы әріптестеріміз ресейлік саясаттың мәдени-менталды негізін түсінетін болса, олар антиресейлік санкциялар нәтижесінде Кремльді тоқтатпайтынын, керісінше күшейтетінін білер еді. Ресейге қысым көрсету кері нәтижелі екенін тек осыдан түсіне беру керек: текетірес жағдайы ресейлік саясаткерлердің табиғи қалпы. Өкініштісі сол, осы риторика нәтижесі қоғамның да конфронтациялық дүниетанымы қалыптасып, мұндай идеяларға еті үйреніп кетуі мүмкін. Бұл қауіпті процесс.
Бауыржан Төлегенов
Материалды қазақшалап басқан "Ұлт" порталы