Мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы, идеолог, Ерлан Қарин ҚР Президентінің кеңесшісі болып тағайындалды.
Ерлан Қарин еліміздің шынайы патриоты ретінде көпшілікке жақсы таныс, терроризм мәселесі бойынша танымал сарапшы, «Жусан» операциясына қатысушылардың бірі. «Балбал тас. Орхоннан Каспийге дейін», «Тар заман», «Астана 2.0 Ритм новой столицы», «Тұзақ. Бір авантюраның хикаясы», «16 дней декабря» фильмдерінің авторы.
Ерлан Тынымбайұлы Қарин – мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы ғалым. 1976 жылы 26 мамырда Шымкент облысы, сайрам ауданы, Ақсу ауылында дүниеге келген. Отбасылы, бес балалы.
1997 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің тарих факультетін, ал 1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Философия және саясаттану факультетінің аспирантурасын бітірген. Саяси ғылымдарының кандидаты, кандидаттық диссертацияның тақырыбы: «Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігінің ішкі саяси аспектілері».
Еңбек жолы:
1996 - 1998 жылдары Ақтөбе қаласының № 33 орта мектебінің тарих және география пәнінің мұғалімі, ал 1999 жылдан Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің саясаттану факультетінің оқытушысы.
1998 - 2000 жылдары Қазақстан даму институтының саяси зерттеулер орталығының қызметкері, Ресей мемлекеттік әлеуметтану университетінің Алматы бөлімшесінің проректоры, Ресей және Қытай институты директорының орынбасары қызметін атқарған.
2000 -2003 жылдары – Саяси зерттеулердің Орталық-Азиялық агенттігінің директоры.
2003 - 2004 жылдары «Асар» Республикалық партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Заманауи саясаттың халықаралық институтының бас директоры.
2004 - 2006 жылдары Антитеррористік бағдарламалар орталағын басқарған.
2006 жылы Маңғыстау облысы әкімінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі қызметіне тағайындалған.
2008 жылдың ақпанында Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісіне тағайындалған.
2008 жылдың қарашасында «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының төрағасының қаулысымен «Нұр Отан» ХДП стратегиялық даму жөніндегі хатшылығына бекітілген.
2013 жылдың желтоқсаны – 2014 жылдың мамыры – Вашингтондағы Америкалық университетке арнайы профессор ретінде шақырылған.
2014 жылдың 16 қазан күнінен бастап 2017 жылы 9 ақпанда «Қазақстан» корпорациясына басшылыққа келгенге дейін Елбасының жарлығы негізінде ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры қызметін атқарған. Айта кетер болсақ, Ерлан Тынымбайұлы басшылыққа келгеннен кейін, ҚСЗИ – әлемнің 6 мыңнан астам сараптамалық институттары мен орталықтарының ішінде үздік 150-ге кірді.
«Қазақстан» Республикалық Телерадиокорпорациясы» Акционерлік Қоғамының Басқарма Төрағалығына тағайындалған тұңғыш саяси қайраткер бұған дейінгі екі жылдан аса атқарған қызметінде Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге, соңғы жылдары қатты әлсіреп қалған мемлекеттік ақпараттық идеологиялық бағытты қалпына келтіруге және стратегиялық маңызы зор жұмысты атқаруға көп күш салды.
Ерлан Тынымбайұлы Қазақстанның халықаралық қатынастар кеңесінің төрағасы, Қазақстан республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы сараптамалық кеңестің мүшесі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы құқықбұзушылықтың алдын-алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мүшесі, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшесі.
Қазақстанның Ішкі істер министрілігі жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі. Қазақстандағы Джиу-джитсу мен МММ құрметті президенті.Қазақстандық және шетелдік ғылыми және мерзімдік басылымдарда жарық көрген 100 астам ғылыми және көпшілікке арналған мақалалар авторы.
Ғылыми қызығушылықтары – терроризм мәселесі, Қазақстанның ұлттықжәне аймақтық қауіпсіздігі жәнре тарихы.