Жыл басында президент Назарбаев мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойған болатын. Жұмыс тобын Президент әкімшілігінің басшысы басқарды. Оның құрамына Республиканың Парламенті, Үкіметі, Жоғарғы соты, өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ ғылыми-сараптамалық қауымдастықтың өкілдері кірді. Тұтас бір реформаторлық штаб десек артық айтқанымыз емес.
Жұмыс тобы бірден әрекетке көшіп, алғашқы нәтижелерін көрсете бастады. Қоғам бұл мәселеге қызу араласпаса да, БАҚ-да және сарапшылар арасында белгілі дәрежеде пікір таластар орын алды. Жақсыбеков бастаған жұмыс тобы Конституцияның 91-бабының 2-тармағының редакциясына мемлекеттің Тәуелсіздігін, Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын өзгертуге тыйым салатын толықтыруларды енгізіп, Парламенттен өткізіп, ол редакцияны Президент қолдап, қолын қойған болатын. Осылайша жыл басында мемлекетіміздің тарихында елеулі оқиға орын алды – жоғарғы мемлекеттік саяси аппарат мемлекетшілдік ұстанымын айқындады.
Осы реформадан кейін аз ғана уақыт өткенде, президент Назарбаевтың бастамасымен тағы бір маңызды шешім қабылданды. 19 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаев Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияны құру туралы жарлыққа қол қойды. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияны басқаруды да Назарбаев Жақсыбековке тапсырды. Конституциялық реформалар үдерісі жұмсақ жағдайда өтіп, еліміздің саяси билігінің функциясы жаңару кезеңіне аяқ басты. Ендігі қадам қазақ қоғамының жаңғыру сатысына өтуінде тұр. Президент әкімшілігінің дер кезінде жасаған саяси технологиялық, стратегиялық бағдарламасы – «жоғарыдан жасалған революция» әсерін беруде. Не десек те, президент Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» идеясы қоғамның алуан түрлі топтарын бір мақсат төңірегінде топтастыруда. Бұл ең алдымен президент әкімшілігінің ұйымдасып, жұмысты жақсы құра білгенің арқасында болса, екіншіден Назарбаевтың әкімшілігі қоғамның сұранысын дөп байқай білуінде. Осыған орай, сарапшылар Жақсыбековтің әкімшілік басшылығына екінші рет оралуы мен мемлекетшілдік риториканың күшеюінің тұспа-тұс келгендігі кездейсоқтық емес екенің, керісінше бұл Әділбек Рыскелдіұлының үндемей жүріп іс тындыратын стилі екенің айтуда.
Кеше ғана Президент әкімшілігінің басшысы, ұлттық комиссияның төрағасы Ә. Жақсыбековтің төрағалығымен «рухани жаңғырту» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның үшінші отырысы өтіп, жұмыстың кейбір нәтижелері белгілі болды:
* қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша тиісті жұмыс тобы алдағы күзде жаңа әліпбидің нұсқасын қарауға ұсынады.
* «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында гуманитарлық пәндер бойынша 17 оқулықтың тізімін жасалды. Бағдарламаның аясында құрылған Ұлттық аударма бюросы оларды аударуға кірісті.
* «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша республикалық деңгейдегі 100 және өңірлік деңгейдегі 500 киелі нысан іріктеліп алынды.
* «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына 1500 өтінім келіп түсті.
Осы қысқа уақыт ішінде, Жақсыбеков бастаған комиссияның көрсеткен нәтижелері үміттіретіндей әсер қалдыруда. Себебі, Жақсыбеков мырзаның тікелей басшылығымен президент әкімшілігі бір жылдың ішінде рет-ретімен екі реформаны да жүзеге асырып, әкімшіліктің жұмысын жаңа кәсіби сапа деңгейіне шығарды.
Нұрғали Нұртай