Кәлетаев Зеленскийді Қазақстанға алып келеді

Кәлетаев Зеленскийді Қазақстанға алып келеді
Ⓒtarlan.kz

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Дархан Кәлетаев Қазақстанның Украинадағы елшісі қызметіне тағайындалғаны туралы белгілі болды.

Кәлетаев бойынша президент қабылдаған кадрлық шешімнің логикасына үніліп көрсек.

Сонымен, неге Украина және неліктен Кәлетаев елші болды?

Украина қазіргі геосаяси жағдайда ерекше позициясымен бөлініп тұр. Бір жағынан революциядан өтіп, екінші жағынан Ресейдің агрессиясына төтеп беруге тырысып жатса да, ішкі-сыртқы саясаты қызып тұрса да, реформаларға бет алған Украинамен Қазақстан тығыз байланысын үзбей келеді.

Қазақстанның сыртқы саясатын анықтап, бағыт-бағдарын бекітетін президент, ал оны жүзеге асыратын сыртқы істер министрлігі екені белгілі. Сондай-ақ, геосаяси күн тәртібіне сәйкес Қазақстан үшін Украин бағыты аса маңызды болмағаны да айқын.

Өткен жылдың аяғында Deutsche Welle-дегі сұхбатқа қатысты Украина тарапынан Қазақстанға жасаған демаршты ақпараттық кеңістік мүлде ұмытып кетсе де, дипломатияның шебері болып саналатын президент Тоқаев бұл мәселені жеке сараптамасынан өткізіп, Қазақстанның сыртқы саясатының таразы басын тең ұстау мәселесін приоритетке қойған секілді.

Дархан Кәлетаев осы жағдайда таптырмас кадр:

Біріншіден ол әрқашан да жоғарғы басшылық қызметтерді атқарып, мемлекет басшылығының тапсырмаларын мазмұнды әрі ұқыпты орындап, сенімге ие болған «ауыр салмақты» саясаткер;

Екіншіден, Қазақстанның ішкі саясатында Украина-Ресей қарым-қатынасы, жалпы Украинадағы саяси үрдістер белгілі бір факторға айналды деп айтуға негіз бар. Сондықтан да, осы қызметке дейін Кәлетаевтың президент әкімшілігінің ішкі саяси блогінің басшысы болғаны оның Украина мәселесінен жақсы хабардар екенін білдіреді;

Үшіншіден, сарапшылар Кәлетаевты элита мен азаматтық қоғам, оппозиция арасындағы мүдделерді келістіре білетін, ішкі саясаттың үлкен дипломаты деп санайды. Бұл тәжірибе оған жасарып келе жатқан Украин элитасы мен қазақ элитасы араларында тіл табысуға көмектесетіні сөзсіз;

Төртіншіден, былтыр қыркүйектің соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Украина президенті Владимир Зеленский Нью-Йоркте кездесіп, бір-бірін өз мемлекеттеріне ресми сапармен келуге шақырған болатын, бірақ бұл сапарлар әлі де жүзеге асырылмай келеді. Сол себепті Кәлетаевтың алдында тұрған ең маңызды міндеттің бірі – Зеленскийдің Нұр-Сұлтанға, Тоқаевтың Киевке ресми сапарларын ұйымдастыру.

Автор: Рауан Бұғыбаев