Мемлекеттіліктің негізін күйшету — Тоқаевтың стратегиясы

Мемлекеттіліктің негізін күйшету — Тоқаевтың стратегиясы
Ⓒtarlan.kz

Бүгін Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жариялаған шешімдері қоғамның кең қолдауына ие болғаның әлеуметтік желілерден көруге болады.

Президент Тоқаевтың басшылығымен өтпелі кезеңнен енді шыға бастаған уақытта, Қазақ мемлекеті бір жағынан мұнай нарығында бағаның тым арзандауына, екінші жағынан коронавирус пандемиясына ұрынды. Сарапшылар мұның бәрін үлкен қауіп-қатер «дүлей дауылы» деп сипаттай бастады.

Президент бүгінгі сөзінде негізінен жағдайды тұрақтандырып, әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсартатын шараларға ден қойғанымен, «осындай күрделі жағдайда мемлекетті басқару түбегейлі өзгеруі тиіс», – деп мәлімдеді.

Ескі әдіс — жаңа саяси кезеңде мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етудің тиімді құралы емес, керісінше керітартпа, дамуға тосқауыл қою құралына айналды.

Сол себепті Қасым-Жомарт Тоқаев «қазіргі жағдайдың қаншалықты күрделі екенін түсінбейтін, ескі әдіспен жұмыс істеп, өз ісіне немқұрайлы қарайтындар орындарын босатуы керек», – деген тезисті жариялады.

Төтенше жағдай уақытында қоғамның үнемі өсіп жатқан мұқтаждықтарына бейімделудің бір ғана тәсілі бар, ол — әлеуметтік талаптардың динамикасын бақылауда ұстап, оларға сәйкес жауап қайтарып отыру. Мемлекет басшысы отырыста қоғамдық көңіл-күйді және әлеуметтік желілерде мониторинг жүргізуге тапсырма бергені де сондықтан.

Оның тағы бір себебі мынада: саяси жүйе тасып жатқан қоғамдық талаптарға конструктивті жауап қайтара алмаған жағдайда қоғамды популисттер бастап, мемлекеттік билікті «әлсіз» етіп көрсетуге, заңға бағынбауға үндеуге дейін барулары ықтимал.

Саяси жүйе ұғымын ғылыми айналысқа енгізген американдық саясаттанушы Дейвид Истонның теориясына сәйкес, кез келген саяси жүйенің өмір сүру қабілеті мен тұрақты қызмет етуі сол жүйенің белгілі бір өзгерістерге бейімделу қабілетіне байланысты. Демек, пайда болатын сын-тегеуріндерге икемделіп және одан шыға білу саяси жүйенің бұзылмауына жол ашады.

Жалпы, президент Тоқаевтың дағдарыс уақытында мемлекетті басқару стратегиясын жедел өзгерте білуі — мемлекеттіліктің дағдарысына ұласпай, реформалардың тездеп жүзеге асырылуына жағдай жасайды.

Авторы — Рауан Бұғыбаев