Қазақстан президенті Назарбаев Қырғызстанда Түркі кеңесі саммитін ашып, қатысушы елдердің бауырластығы нығая түсерін атап өтті.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанға кеше, 2 қыркүйекте сапармен келген. Екеу ара кездесуде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының басшысы Сооронбай Жээнбековті Қырғыз Республикасының Тәуелсіздігі күнімен құттықтап, бауырлас халыққа тыныштық пен тұрақтылық және бақ-береке тіледі.
Ал, Қырғыз президенті Түркі кеңесіне Өзбекстанның қосылуына ұсыныс жасап, Мирзиёевті ортаға шақырды. Сондай-ақ құрметті қонақ ретінде қатысқан Венгрия премьері Виктор Орбанға ризашылығын білдірді.
Кешке, Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековтің шақыруымен Шолпан-Ата қаласында өткен ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу рәсіміне қатысты.
Салтанатты іс-шараға Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған, Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов және Венгрияның Премьер-Министрі Виктор Орбан қатысты.
Бүгін Түркі елдері басшылары саммитке жиналып отыр. Түркі кеңесінің кезекті саммиті араға үш жыл салып ұйымдастырылды. Түркітілдес мемлекет тердің басшылары осы форматта 2015 жылы Астанада кездескен болатын. Ал, Түркі кеңесі мемлекет басшыларының саммиті алғаш рет 2011 жылы Алматыда «Түркітілдес елдердің экономикалық ынтымақтастығы», 2012 жылы Бішкекте «Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық», 2013 жылы Әзербайжанның Габала қаласында «Көлік және коммуникация саласындағы ынтымақтастық», 2014 жылы Түркияның Бодрум қаласында «Туризм саласындағы ынтымақтастық», 2015 жылы Астанада «Ақпарат саласындағы ынтымақтастық» деген тақырыптармен өткен болатын. Түркітілдес мемлекет басшыларының VI саммитінде Қазақстан кеңеске төрағалық қызметін Қырғызстан Республикасына тапсырады.