Өмірзақ Айтбаев. Ұлт мәдениетінің хантәңірі

Өмірзақ Айтбаев. Ұлт мәдениетінің хантәңірі
Ⓒtarlan.kz

2017 жылы 15 наурызда Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріне арналған ғылыми конференцияда академик Өмірзақ Айтбайұлы  осы баяндамасынан соң Ахаңның әні «Екі жиренді» орындап берді.

Ел басына төнген кешегі қара түнектің көбесі сетінеп, әділеттің ақ жалауы көтерілгелі бері қазақтың ұлттық мәдениеті аспанында шуақты нұрын төгіп жарқырай жайнаған рухани көсемдер туралы, олардың өмірі мен шығармашылық өнері жайлы, азаматтық болмысы мен қайраткерлік қарымы туралы біраз дүниелер жазылып, көпке беймағлұм көмескі жайлардың көзі ашылғандай. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай, рухани қазынамыздың олқы тұсының орны тола бастады. Негізгі тақырыпқа көшпес бұрын, тарих тұңғиығына батып мәңгі жоғала жаздаған Ахмет Байтұрсынұлы сияқты арыстарымыздың асыл еңбектерін көздің қарашығындай сақтап, осы күнге жеткізген жеке адамдарға, архив қызметкерлеріне және бұларға жабылған жаланы жұлып тастап ақтауда ат салысқан еліміздің естияр азаматтарына жұрт риза екенін айта кеткіміз келеді.

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ мәдениетінің тарихында үлкен бір дәуірді алып жатқан алып тұлға. Ол өзінің Құдай берген талантын туған халқына деген сүйіспендікпен суғарып, толассыз еңбекпен шыңдаған қайсар да қаһарман ғалым. Ол – қараңғылық тұңғиығынан жарық жұлдыздай жарқырап шығып, айналасына нұр, шуақ себумен өткен ағартушы. Не оқыту жүйесі, не өзіндік жазуы қалыптаса қоймаған, мал соңына ерген, малмен бірге ұйықтап, малмен бірге жусаған қалың ұйқыдағы халқының қамын жеп, сауатын ашпақ боп сары масадай ызыңдаған үлкен ақын, талантты тілші, шебер аудармашы, түркі тілдес халықтар тұлға тұтқан түрколог, қоғам ісіне араласқан мемлекет қайраткері. Бұл санамалап отырған атақ, дәреже, лауазымдардың өзінен өзі келмегені мәлім. Ол талмай ізденіп тамаша туындылар берген. Өмірдегі өзінің басты мақсатын – туған халқына қызмет ету деп түсінген Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) – небір тар, тайғақ кешулерден өте келе тамаша еңбегімен қазақ халқының ары мен ұятына айналған өте күрделі де, көсем тұлға.

Оның дүниеге келер тұсы патша ағзамның бұратана елдерді билеп төстеудің айла-шарғыларын емін-еркін іске жаратып жатқан кезі болатын. Қазақтың әлденеше ғасырға ұласқан хандық, билік құрылымының быт-шыты шығып, «күштілерім сөз айтса, бас имеймін шыбындап» деп тұрған сәті еді. Ахметтің дүниеге келуі қалыптаса бастаған халықтың тұтастығының береке-бірлігінің сәні кетіп, ел-жұрты «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» жүріп жатқан дәуір еді.

Торғай уезі Тосын болысына қарайтын Ақкөл жанындағы Сартүбек деген жерде Байтұрсын шаңырағында Ахмет есімді сәби келеді дүниеге. Текті тұқым, жақсы тәрбие, құнарлы топыраққа түскен дән тәрізді, жемісін молынан береді емес пе? Ахмет те тумысынан зейінді зерек бала болып өседі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, Ахаң ең алғашқы тағылымды, жөн-жосықты өз шаңырағынан алады. Өз әкесі – Байтұрсын, оның әкесі – Шошақ Үмбетей еліндегі көзі ашық, көкірегі ояу, пікірін ашық та айқын айта білетін өте батыл жан болғанға ұқсайды. Әуелі Шошақ, кейін Байтұрсын балаларын Араб елдері мәдениетінен сусындатқысы келген. Иран, Түркияға жіберіп те оқытуды ойлаған.

Сонымен бірге Шошақ әулеті, әсіресе Байтұрсындар ешқандай әділетсіздікке төзбейтін қайсар тұқым болса керек. Көпшілікке белгілі, оның бір мысалы – осы аймаққа билігін жүргізіп тұрған ояз Яковлевтің оспадар қылығына, озбырлығына шыдай алмай, Байтұрсынның қарсылық білдіргені. Ал Яковлев шабармандары Байтұрсынның әділ талабына құлақ асудың орнына, таяқтың астына алады. Бұған да төзген ол Яковлевтің өзіне: «Мына бассыздық пен заңсыздықты тоқтатыңыз!» – дейді. Сөйтсе, ояз: «Сен, киргиз ит, жөніңді біл!» – деп, оның бетіне түкіріп жіберсе керек. Міне, бұл қорлыққа көне алмаған Байтұрсын Яковлевті аттан жұлып алып басын жарады да жандайшаптарына тұра ұмтылады.

Бұл оқиғаны бүкіл ел біліп дүрлігіп, іс насырға шабады. Дереу жазалау отрядтары ойда жоқта шыққан қару-жарақсыз қарсылықты аяусыз жаншып, Байтұрсын Ақтас және Собалақ дейтін екі інісімен бірге ұсталып, кісенделіп, патша үкіметі 25 жылға итжеккенге айдатты. Білімсіздіктің, тіл білмеудің зардабын әбден тартқан сол Байтұрсын айдалып бара жатқан сәтінде үміт етері Ахметке: «Аш-жалаңаш бол, қорлық көр, бәрібір, оқы, балам. Тым болмаса артымда маған хат жазып тұратын халге жет!» – дегенін қайсыбір қариялар аңыз ғып бертінге дейін айтып жүріпті.

Бүкіл елге әсер еткен бұл сұмдық оқиға көпке дейін ұмытылмайды. Ахмет онда 12-13 жас шамасында екен. Естияр баланың көз алдында болған бұл сурет оның жадында мәңгілікке қалып қояды. Сондықтан да болар, ол 1909 жылы Семей түрмесінде отырғанда жазған «Анама хат» деп аталатын өлеңінде:

…Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,

Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.

Алданып тамағыма оны ұмытсам,

Болғандай жегенімнің бәрі харам.

Адамнан туып, адам ісін етпей

Ұялмай не бетіммен көрге барам?!

          Осы бір-екі шумақ өлеңнен балаң Ахметтің бүкіл өмір бойы істеген ісін, ой-арманын, мақсат-мүддесін аңғаруға болатын сияқты. Оқуды арман еткен зерделі жас алдымен Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесін үздік бітіріп, одан соң Орынбор қаласындағы мұғалімдер даярлайтын қырғыз (қазақ) мектебін 1895 жылы тәмамдайды. Ахаңның ресми алған жүйелі білімі осымен шектеледі. Алайда Ахаң көтерілген биіктен оның тағылымы мол тамаша өміріне көз жіберіп, байқасақ, білімдар ұстаз, ғұлама ғалым, қоғам қайраткері т.т. болу үшін институт бітіріп, үлкен-үлкен атақ-лауазымды болу тіпті де қажет емес сияқты. Табиғат сыйлаған дарынның арқасында Ахаң онсыз да бір адамның қолынан келер кереметтей істер тындырды. Ол істері сан салалы, сан алуан: ағартушылық, оқу-білім, ғылым, әдебиет, мәдениет, тарих, тағылым т.т. Мұның бәріне тоқталып, саралап айту тұрмақ, санамалап шығудың өзі – қиын шаруа. Дегенмен Ахаң туралы сөз болған соң, оның өмір жолының ұрымтал тұстарын аттап өтуге болмайтын сияқты.

          Ахаң өмірінің алғашқы қадамдарын бала оқытудан бастайды және ол өз мақсатын:

                    Адамдық диқаншысы – қырға шықтым,

                    Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.

                    Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,

                    Көңілін көтеруге құл халықтың, –

деп, бейқам жатқан халқын сауаттандырып, өнер-білімге, мәдениетке жетектеу деп біледі.

Әрине, бұл тұста Ахаң тәрізді оқыған, білім алып, әлгіндей мектептерді бітірген, орысша сауат ашқан өзге де қазақтардың қарасы көріне бастаған-ды. Бірақ, бір ғажабы, олардың көбі халық, ел мүддесі деген, сөздерден гөрі ұлыққа жағынып, сол халықты қалай қанап, қалай пайда тапсам екен дейтіндер болатын. Олардың тілмаштыққа қолы жетіп, губернатор кеңселерін жағалап жүргенде, Ахаң ағартушылық жолына түсіп, «Қайтсем халқыма пайдамды тигізем, қалай көзін ашам, ұйқысынан қалай оятам», – деп, күндіз-түні соның амалын қарастырады.

          Осы орайда қазақтың бірен-саран да болса да, көзі ашық оқыған жастарын жинап, елшілдік ұранын үдетіп, ел мұңы, халық қамы деген күрделі мақсаттардың іске асуын көздей бастайды. Жалғыз ағартушылық жолмен аса алысқа ұзап кете алмайтынын сезген Ахаң біртіндеп күрескерлік жолға түседі. Жан-жақты әрекет етуге талпыну, ізденіс 1896 жылы Ахаңды Алекторовқа алып келеді. Оған барудың да өзіндік сыры бар еді. Алекторов ол кезде Омбыда отырып Ақмола, Семей оқу жүйесін басқарып тұрған болатын. Онымен қазақ даласындағы бала оқыту жайы туралы кеңеседі. Бұл кездесу оған екі түрлі әсер қалдырып, көп нәрсеге көзін аша түскендей болады. Ол жайында Мұқаң (М. Әуезов): «Біреуі – Алекторовтың қазақ турасындағы отаршылдық саясатының бәсі біліп, көздеп жүрген мақсатын сезген болар, атақты Ильминскийдің жолымен қазақтың көзін ашу үшін осы оқу керек деген саясатты тұтынып жүргендігін сөздерімен білдірген Алекторовтың ниетімен жақын келіп танысқан соң Ахмет қазақ халқының халінің ауырлығын ұғып, ел турасындағы түкпірлі ойы сол кезде ояна бастаған. Алекторовпен танысудың екінші әсері – Ақаңның жолы ашылып, пікірі ашылып, бұрынғы білім-өнер жүзіндегі шала білініп, көмескілеу түсініп жүрген нәрселерін таза білуіне себеп болған».

          Бұл жерде Мұқаңның өз кезінде ашып айтуға аузы бармай, астарлап отырған бір жайы бар сияқты. Ол – орыс оқымыстыларының миссионерлік мақсатының Ахаң зердесіне жетуі, содан тіксінуі. Олар қазақтарды орысша оқыту арқылы орыстандыруды көздеген ғой. Осыдан секем алған Ахаң ширыға түседі. Қазақты өнер-білімге жетектеу – өзгелердің емес, өзі тектес оқығандардың халық алдындағы парызы деп түйеді.

          Ахаңның осындай мақсатты көздеп, саяси көзқарастарын шыңдай түсуі Қарқаралыда өмір сүрген 1896-1907 кезеңімен байланысты. Осы кезде Ахаң айналасына әлеумет өміріне зер сала бастаған бірен-саран көзі ашық, оқыған қазақ зиялылары топтана бастайды.

          Қазақ жерінің талан-таражға түсуі, қараңғы халықты орыстандыру саясаты т. т. сол кездегі ең дертті мәселелері болатын. Осыларды ойластыра келе, Ахаң бастаған зиялы қауым, бастарын бәйгеге тігіп, Ресей империясының Министрлер Советі Председателінің атына петиция (тілек арыз) жазады. Дәл осы тұста ол ақындық өнермен де шұғылданып, И.А.Крыловтың мысалдарын аударып жүрген болатын. Төңкеріс рухында айтылған мұндай сөзді қазақ жұртының тұңғыш естуі болатын. Осыдан соң Ахаң атағы шартарапқа тарап кетеді. Алайда жұртты саналылыққа, еркіндікке үгіттейтін «Қырық мысалды» берген, патшаға қарсы петиция ұйымдастырған адамдардың бәрі де полициялық режімнің, үкімет адамдарының қырын қабағына іліне бастайды. 1905 жылғы төңкеріс қырғынға ұшыратылған соң, патша үкіметі қайта тіріліп, оның жер-жердегі жандайшаптары құтырына түскен кезде өз елін, өз жерін шен мен шекпенге сатып, ардан безген кейбір тілмаштар мен болыстар: «Елді бүлдірер іс-әрекеттерге барды», – деп Ахаңдардың үстінен доностор жаудырады әрі олар дегеніне жетеді.

          Қарқаралыда ағартушылық жұмыспен айналысып жүрген Ахаң алты жолдасымен 1907 жылы тұтқындалып, абақтыға жабылады. Семейде сегіз айдай ешқандай тергеусіз, сотсыз тас қамауда жатқан Ахаң ақыры қазақ өлкесінен бір жарым жыл мерзімге Орынборға жер аударылады. Сол кеткеннен мол кетеді. Ол онда 1917 жылдың аяғына дейін тұрады. Жазалы адам ретінде айдалған Ахаңның бұл сапары оның өміріндегі ең нәтижелі де өнімді еңбек еткен жылдар еді деуге болады. Ол ғылым, білімге бұрынғыдан да тереңірек үңіліп, әділетсіздік жайлаған мына қоғамды бұрынғыдан да бетер ащы тілмен түйрей, шеней түседі. Қазақ балаларын оқытудың әдістерін, қазақ тілі, әдебиеті, өнері, тарихы, мәдениеті туралы өрелі ойлар айтып, бастауыш мектептерге арнап оқулықтар мен оқу құралдарын жаза бастайды. Халық мұраларын, ауыз әдебиет үлгілерін, эпос, ертегі, жұмбақтар жинап бастыру ісімен айналысады. Ғылыми зерттеу жұмыстарымен шұғылданады.

          А.Байтұрсынұлының қазақ елінің жоғын жоқтап, санасына сәуле құюға байланысты жасап жүрген еңбектері елге тарай бастайды. Әсіресе сол кезде Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып жүрген қазақ жастарына Ахаңның туындылары, елдік істері қатты әсер етеді. Сол жастардың ұйғаруымен елден қаржы жиналады да газет шығару мәселесі қозғалады. Ол бейресми газет «Қазақ» деп аталады да, оған редакторлыққа А.Байтұрсынұлы шақырылады. Міне, сол 1913 жылдың басынан 1918 жылға дейін бас редакторлық міндетін мүлтіксіз атқарған Ахаң елге жеткізсем, ұқтырсам деп жүрген көкейіндегі көптеген мәселелерді енді хатқа түсіріп, жария етуге мүмкіндік алады.

          Қазақтарды надандықтың шырмауынан шығарудың бірден-бір жолы – ғылым-білімге ұмтылу, оқу-ағарту жұмысымен айналысу деп ұққан Ахаң енді осы идеясын нақты істермен дәлелдей түседі. Сол кезде шығып тұрған қазақ баспасөзінің қай-қайсысын болса да, осы мақсатта пайдаланады. Бұл жөнінде әсіресе «Қазақ» газетінің рөлі айрықша болғаны мәлім. Бірақ ел билеушілер, бәлеқорлар, полисайлар Ахаңның соңына түсуін қоймайды. Газет бетінде жарияланған материалдардың бәрін цензурадан өткізіп, үнемі ақшалай айып салып, қауіп-қатерді төндіріп отырған. Салынған айып ақынның мөлшері тым асқынып кеткен бір кезде Ахаңның үш ай мерзімге абақтыға өз еркімен отыруға келісім берген кезі де болған. Мұны естіген газет оқырмандары тиісті ақшаны жинап төлеп, Ахаңды шығарып алған.

          1911 жылы Орынборда басылған «Маса» жинағы халықты өз тағдыры үшін күреске шақырған, жұртшылықты шырт ұйқысынан оятқан дабылды топтама болатын. Ақын қалғыған халқын тым болмаса маса боп шағып оятайын, ойландырайын деген мақсат көздейді. Ол бұл жолда талай қаққы жеп, тауқымет шегерін де, тіпті өліп те кетерін білген. Бірақ біле тұра, ол алған бетінен қайтпайды:

                    Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,

                    Қаққы жеп, қанаттары бұзылғанша,

Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен

Қоймастан құлағына ызыңдаса?!

          Сары маса болып ызыңдаған өзі екенін Ахаң 1909 жылы Петербургте басылған «Қырық мысалындағы» «Малшы мен маса» деген туындысында жасырмай, ашық айтады:

                    Мысалы, қазақ – малшы ұйықтап жатқан,

Жыланды пәле делік аңдып баққан.

Пәленің түрін көрген мен – Сармаса

Халықты оянсын деп сөзбен шаққан.

Ойлаймын осы сөз де жетеді деп,

Қатты айтсам, сөзім батып кетеді деп,

Ұйқысы ашылмаған жұрт өзіңді

Қорқамын сармасадай етеді деп.

          Өз тағдырының түбі не боларын алдын ала болжап, көрегендікпен айтып кеткен Ахаңның түбіне жеткен, шынында да, өзіміз емес пе едік? Халық басына төнген қатерден қорғанудың амалын тым болмаса сауат ашу арқылы үйретпек болған асылымызды ұйқылы-ояу халімізбен аяқ-қолын байлап бердік қой. Осыны бір ойлап, сабақ алсақ етті! Неге десеңіз, ұлттық сана мен ұлт мәдениеті жолындағы күресте осынау опасыздық пен алауыздық салқыны әлі де жетерлік-ау деп сезіктенесің. 50-70-80-жылдар ылаңы не ойлатпайды кісіге? Тәуелсіз ел болған қазіргі күйіміздің өзі көп жағдайда көңілге жұбаныш әкеле қоймайды. «Біріңді қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» (Абай) екенін түгел ұғып біттік пе?!

          Жаңадан тәй-тәй басып, Ахаң сияқты бірен-саран оқыған саналы азаматтардың арқасында оң-солын танып, енді-енді ес жиып келе жатқан қазақ елі үшін «Қазақ» газетінің атқарған қызметі ұшан-теңіз екенін тағы да айтсақ, артық емес. Бес жылға таяу уақыт үзбей оқырманымен қауышқан бұл газет кезінде лайықты көкейтесті мәселелерді бірінен соң бірін жариялап, жұртшылық мағлұматын кеңейтумен болды. Жалпы, қазақ халқы Қазан төңкерісіне өзінің санасын ғана емес, қоғамға, әлеуметтік өмірге деген саяси көзқарастарын да недәуір қалыптастырды дер болсақ, ондай күрескерлік қасиет осы «Қазақ» газетінің арқасында айқындала түскенін айту керек. Кезінде бұл газетті ұлтшыл-буржуазияшыл орган деп тыйым салып тастамағанда, талай тарихи шындықтың көзін ашып, халқымыздың революцияға дейінгі рухани, мәдени өмірінен мол мағлұмат беретін еді. Газеттің игі мақсат-мүдделері оның бірінші санында-ашық айтылған. Оның негізгі мақсатты жұрт пайдасына тиімді шаруасымен айналысу екенінен бастайды… Қазақ арасына ғылым, өнер жайылуына басшылық ету, басқа жұрттардың халінен хабар беріп, таныстыру. Сол мақсаттарды орнына келтіру үшін закүндерді, хакімдердің бұйрық-жарлықтарын білдіріп тұру. Государственная дума һәм Государственный совет жұмыстары турасында жете хабар беру, ішкі һәм сыртқы хабарларды жазып тұру, қазақтың бұрынғы және бүгінгі жайын жазу, күнелту, сауда, кәсіп, жер-су, егін-тарап, мал шаруасы жайынан кеңесу; оқу, оқыту, мектеп, медресе, школа, ғылым, өнер, тіл, әдебиет турасында жөн көрсету, адам һәм мал дәрігерлігі жайын жазу («Қазақ» №1, 1913, 2 ақпан), қалың бұқараға кезінде аян болған.

Газет әлденеше рет жабылып, қайта тіріліп, шығынданып, сотталып жатса да, көздеген мақсатын түгелімен орындады деп тұжырым жасауға болады. Тіпті кейде бұдан да шығыңқырап, әлемдік ой-пікірге азық болар мәселені де қозғап кеткен сәті бар.

          Айта кететін бір жайт: осы газет және оның редакторы А.Байтұрсынұлы жайында жазылған материалдарда тіпті кейінгі уақытқа дейін «ұлтшыл, буржуазияшыл» дейтін ала таңба қалмай келеді. Бұрынғысы бір сәрі, ал Ахаңның ақталғанынан кейін де есімі дұрыс аталмауы, газеттің бағасы кешегі коммунистік идеология тұрғысынан қаралуы түсініксіздеу. «Газеттің олқылықтары мен кемшіліктері болып еді», – деп баяғы жалтаққа баспай, мәселенің ақиқатын ашық айтатын, уақыт жеткен сияқты. Өйткені Ахаңның о бастағы рухани өмірінің қалыптасуы осы газетке де тікелей байланысты.  Сонда ғана біз Ахаң сияқты алыптардың ұстанған бағыт-бағдарын, оның өз халқын прогреске алып шығар дұрыс жол болғанын айқындай түсеміз.

          А.Байтұрсынұлының Қазан төңкерісіне дейінгі өмір жолының қайсыбір тұстары, міне, осындай. Бұл жолдың тіпті де оңай болмағанын баяндаған азын-аулақ деректерден-ақ байқауға болар. Қит етсе, түрмеге жабу, бостандықта жүргенінің өзін де үнемі аңдуда, тексерісте болу, тіпті басқан қадамын былай қойып, ашқан аузын, жазған сөзін бағып, қия бастырмай тұншықтыруға шыдау үшін адамға қандай күш, жігер, қайрат керек? Өстіп жүріп, тығырықта өмір кешсе де, Ахаң елім, жерім, халқым деп тыныстауын бір сәтке де тоқтатпаған, ол ел мүддесіне жарарлық, халық санасын ашарлық қыруар дүниені берді. Бұл – ел деп соққан үлкен жүректің ыстық махаббатынан ғана туындайтын қазына.        Ахаң өмірінің төңкерістен кейінгі бөлігі де тіпті күрделі, тіпті қайғылы. Жантүршігерлік азапқа бола туылған жан дерсің! Жаңа үкіметтің мүшесі, Қазақ автономиялық республикасының оқу ағарту халық комиссары, соның жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның председателі, Бүкілресейлік ВЦИК мүшесі, Кирвоенкомның мүшесі, КазЦИК мүшесі, сондай-ақ Академиялық Орталықтың председателі ретіндегі аз уақытқы шуақты күндерді басынан кешіргені болмаса, ең ауыр, ең қасіретті, шегінен асқан сұмдық пен зұлымдықтың тақсыретін тартқан қаралы кезең – бұл.

          Төңкеріске дейінгі өзі айқасқан надандық пен қараңғылық жыл өткен сайын құбылып, тәсілденіп, әлденіп алғандай Ахаңның қыр соңынан қалған емес. Қайта зұлымдық пен қорқаулық, арызқойлық пен алауыздық дертін індеттей үдетуші қаскүнемдер жаңа заманның терісін айналдырып киген бөрісіндей боп, жақсылықтың ұрығын шашушы жандардың соңынан шам алып түскені мәлім.

          Ахаң болса, езілген ел өміріндегі қазақ төңкерісін саналылықпен қабылдап, Кеңес үкіметіне үлкен үміт артқан. Өзінің ел мұңы, халық қамы деген әу бастағы мақсат-мүддесімен жаңа үкіметтің бағыт-бағдары сәйкес келіп жатқандай боп көрінгесін де ол Кеңес үкіметіне қолқабыс етуге тырысты. Армандай болып алғызбай жүрген көп шаруаның бағы енді жанар деген үмітпен ол іске аянбай-ақ араласты. Жоғарыдағы санамалап шыққан қызметтің бәрі соны дәлелдейді. Бірақ Ахаңның ақ ниетінен арамдық іздеуші, іс-әрекетінен контрреволюциялық бүлік күтуші қара ниеттілер оған аттап қадам бастырған жоқ. Басқан ізін аңдумен болды. Ол бұрын патша чиновниктерінен, болыстардан, тілмаштардан, жандарымнан қаққы жесе, енді бостандық туының астында бірге жүрген жерлестерінен, большевиктерден, қызыл жағалылардан көрді көресіні. Аңдыған жау алмай қоймайды. Ол бір емес, бірнеше рет алды.

          «Мылтықтың басуына құланның қасуы» тура келгендей, дәл осы кезде қазақтардың сорына Қазақстан тарихының қаралы беттерін толтырып кеткен Ф.И. Голощекиннің «кіші октябрі» басталады. Ал бұл «кіші Октябрьдің» қазақ халқына қандай қасірет әкелгені тарихтан мәлім. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын», – деп зіркілдеген Голощекин жендеттері негізгі күн көрісі, тіршілігі, тынысы мал болып саналатын халықтың сол жанды жеріне қанжар сұқты. Малын сыпырып алды. Тігерге тұяғы, ішерге тамағы болмай қалжыраған қарапайым шаруа адамы басы ауған жағына кетіп, жол-жөнекей қырылып жатты. Ахаң сияқты көреген адамдар бұл сұмдықтың боларын алдын ала сезіп, дабыл қаға бастаған. Бірақ бұлардың сөзіне құлақ асудың орнына, «төңкеріс рухына кері әсерін тигізіп, кедергі жасап отырған байшыл-ұлтшыл алаш партиясының бұрынғы көсемінің бірі бұрынғысын көксеп жүр» деген жаламен ақыры ол 1929 жылдың 4 маусымында 30 адаммен бірге қамауға алынады. Солардың басы болып қара тізімге алдымен Ахаң ілінеді. Мұның, әрине, өзіндік себебі де жоқ емес. Голощекинге әлгіндей жаппай қыру саясатын емін-еркін жүргізу үшін халықтың санасын оятып, көсемдік көрсетіп жүрген осындай ірі тұлғалардың көзін алдымен жою керек еді. Ал Ахаң – бүкіл қазақтың ақыл-ойы мен ар-ұятының символына айналып кеткен әйгілі қоғам қайраткері әрі рухани көсемі болатын. Сөйтіп, Ахмет Байтұрсынұлы Голощекин тырнағына ілініп, Мәскеудің бутыркасында 1929 жылғы шілдеден 1931 жылдың қаңтарына дейін отырады да содан соң Архангельск облысының барған адам жол басшысыз қайтып шыға алмас алыс түкпіріне жер аударылады.         Бұдан ол «Қызыл Крест» ұйымы арқылы (М. Горькийдің жұбайы Е.П.Пешкованың араласуымен) мерзімінен бұрын босанып, 1934 жылы қайтып оралады. Бірақ бұл бостандықтың да өмірі қысқа болды. Небәрі үш жылға жетер-жетпес уақыттан кейін 1937 жыл 8 қазанда қайтадан қамауға алынып, ақыры атылады.

          Жоғарыда ескерткеніміздей, Ахмет Байтұрсыновтың азаматтық болмысын, қайраткерлік қарымын, ағартушылық, ғалымдық қызметін, энциклопедиялық білік-білімін негізінен үш түрлі салаға бөліп әңгімелеуге болатын сияқты. Әрине, мұның ең бастысы, әрі сол кезеңдегі ең қасиеттісі де ағартушылық қызметі болатын. Ол өзін бұл жұмысқа мектепте оқып жүргенде дайындаған тәрізді. Неге десеңіз, әр нәрседен хабарланып, батыс, шығыс мәдениетінен мағлұматы молая түскен жас жігіт өз халқының қалың ұйқыда, бейқам жатқан күйін көріп күйзелетін. Оны оятудың, сергітудің амалын іздестіретін. 1895 жыл бар оқуын тәмамдап, елге келгеннен бастап ол бұл іспен түбегейлі айналысады. 1905 жылы жазылған петиция халық тағдырын ойлап, үздіксіз толғанудың серпіні сияқты шешім еді.

          Ол елдің санасын көтеруден бұрын сауатын ашу қажет екенін мектепте сабақ бере жүріп әбден көзі жетеді. Сауат ашар «Әліп-би» мен тіл үйретер «Тіл–құралын» жазу үшін графика мен қазақ тілінің дыбыстық жүйесін дұрыстап алу қажеттігін сезінеді. 1912 жылдан бастап «Айқап» журналымен «Қазақ» газеті арқылы осы жайындағы өзінің нақты пікірлерін жұртшылыққа ұсынады. Оның, әсіресе «Айқап» журналының 1912 жылғы 9-12-сандарында жарияланған «Шаһзаман мырзаға» деген мақаласы осы мәселелерді қозғайды. Сондай-ақ «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 34-інші және содан әрі қарайғы сандарында «Жазу мәселесі» деген көлемді мақалалар жариялайды. Осының бәрінде де ол қазақ жазуын бір жүйеге түсіруге түбегейлі кіріскенін байқатады. Бұл жерде алдымен ескертетін нәрсе мынау: Ахаң қазақ жазуы дегенде «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті бетінде көптен бері көтеріліп келе жатқан жазу мәселесіне Ахаң 20-жылдары жіті кіріседі. Ол әу бастан-ақ араб графикасына бейіл береді. Оның мұнысынан кезінде «панисламдық», «арабшылдық» сарын ізін іздеп сарсылғандар болды. Сондықтан да ол ең алдымен айыпталды да. Ғылыми принципті негізге ала отырып, қазақ жазуын қалыптастырудың алғышарты ретінде: 1) қазақ тілі дыбыстарына қажеті жоқ араб таңбаларын алфавиттен алып тастату; 2) сөздің жіңішкелігін білдіретін «дәйекше» деген белгіні енгізуді ойлап табады.

          Қазақ ұғымына икемделген, барынша қарапайым да түсінікті А.Байтұрсынұлының бұл жазуын жұртшылық, әсіресе мұғалімдер қауымы бірден қабылдап, іс жүзінде қолдана бастады. Ол Еуропа мен Азия халықтары алфавиттерінің жасалу, қалыптасу тарихын едәуір тексеріп шыққан өте зерек лингвист болатын. Мәселен, мына ұсыныс пікірлеріне зер салалықшы: 1) қазақ жазуы үшін қажеті жоқ араб алфавитіндегі жуан дыбыстарының таңбаларын алмау; 2) қазақ тіліндегі дыбыстарының әрқайсысына жеке таңба белгілеуді ұсынды. Міне, осының бәрі қазақ тілінің алфавиті өз табиғатына орай түзіліп, тіліміздегі сингармонизм заңына лайықталып жасалуының нәтижесінде қазақтың төл жазуы болып тез қалыптасты.

          Бұл жазу 1912 жылдан 1929 жылға дейін сол кездегі қазақ-орыс мектептерінде, мұсылман медреселерінде қолданылып келді. Баспасөзде жарияланған қайсыбір материалдарда 1915 жылдың өзінде осы жазумен, яғни осы емле негізінде 15-тей кітап басылған көрінеді. Ахаңның аталған терминдік қызмет атқара бастаған еңбектерінде және шыққан қазақша кітаптардан тұңғыш бастаған әріп, дәйекші, дыбыс, жуан дыбыс, жіңішке дыбыс, қағида, түбіршек тіл, жалғамалы тіл, қопармалы тіл, түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, қосалқы сөз, қосымшалар тәрізді байырғы сөздерді табамыз. Біртіндеп өмірге жолдама алған қазақтың бұл ұлттық графикасын А.Байтұрсынұлы іс барысында үнемі жетілдіріп отырады. Оның баспа, полиграфия талаптарына байланысты кейбір сәйкессіздіктерін реттей келе ұлттық жазуға айналдырды. Сөйтіп, бұл жазу 1924 жылы ресми түрде қабылданды. Біздіңше, бұл жазудың ең басты екі маңызын айта кеткен жөн сияқты. Біріншіден, бүкіл қазақтың басын ұйымдастырып, ұлттық жазу жүйесі бойынша жаппай сауат ашу шарасы жүргізілді. Осы арқылы ұлттық сана мен ұлттық мәдениетіміз арналы даму жолына түсті деп айта аламыз. Екіншіден, дендеп еніп бара жатқан орыстану саясатына тыйым салынды. Осыдан былай қарай орыс тілінде, орыс харпімен оқытылып келген мектептердің бәрінде өзіміздің ұлттық төл жазуымыз бел ала бастайды.

          Айта кету керек, 1926 жылы 26 ақпан мен 6 наурыз аралығында Баку шаһарында өткен түркологиялық съезде А.Байтұрсынұлының араб алфавиті негізіндегі жаңа жазудың артықшылығын дәлелдеп, латынға қарсы шыққандағы бір себебі – бұл жазудың Қазақстанда іс жүзінде қолданыс тауып, жаппай сауатсыздықты жоюдағы атқарған нақтылы қызметі болатын. Кейін халық жауларын аулаушы «қырағылар» Ахаңның бұл әрекетіне жерден жеті қоян тапқандай қуанып, оны керемет пайдаланғанын да білеміз. Әңгіме бұл жерде Ахаңның латын жазуын мүлде іске алғысыз деп тануында емес еді. Мәселенің түп себебі – сауаты жаңа ашылып, білімді ел қатарына енді-енді қосылып келе жатқан қазақ сияқты қауымға жазуын қайта-қайта ауыстыра берудің мүлде тиімсіздігінде болатын. Мұның үстіне бүкіл жұрт тез қабылдап, өзге де түркі тілдес елдер үлгі ете бастаған бұл жазуды ауыстырып, латынға көшуді, ол түптің түбінде кириллицаға ауыстырудың баспалдағы екенін сезген болатын. Ақыры солай болып шықты.

          Оқу-білім, мәдениеттің бүгінгі жеткен биігінен көз тастап байқағанда, «айналдырған 14-15 жылдың ішінде үш жазуды ауыстырып қандай мұратқа жеттік?» деген сауал туындайды. Әрине, соңғы елу жылдан астам уақыт бойы әжетімізді өтеп келе жатқан орыс графикасына негізделген жазуымызды мүлдем тиімсіз болды деп айта алмас едік. Сонымен бірге біздің халқымыз үш рет сауатсыздық шырмауында болып, үш рет қайта сауат ашқанын жасыра алмаймыз. Сонда бұл қайта-қайта жазу ауыстыру кімге тиімді, кімге тиімсіз болды? Әңгіме – осында. Бұл жағын қазір зиялы қауым түгел шамалайды деп білеміз.

          Сол отызыншы жылдар соңында, одан кейін де қазақ халқының тіліне, мәдениетіне, тарихына қаншалықты нұқсан келтірер кінәраттың бірі ана тілінде оқытуға байланысты екенін алдын ала сезген Ахаң бұл іске де жанын сала кіріскен болатын. Кейінгі (80-90-жылдардағы) үш-төрт жыл бойы жүргізіліп келе жатқан тіл үшін күрес Ахаңның сол бір көрегендігін дәлелдей түскендей. Өз тілімізді ұмытып, орыстанудың аз-ақ алдында қалған бір сәтте Ахаңның арамызға қайта оралуы үлкен олжа болды емес пе?

          Барымызды ұмытып, керегімізді іздеуден қалған 70 жылдан аса мерзім ішінде бүкіл бір ұрпақты қағынан  жерінген құлан сияқты еткен екенбіз. Ана тілін білмейтіндер саны бұл күнде 25 пен 40 процент арасында ауытқи беретіні – Кеңестік дәуір жемісі.

          Енді, міне, заман түзелгендей, ел есін жиғандай болып отырған кезеңде Ахаң қалдырған мұраның мөлдірінен сусындап, әлі де мейіріміз қанар емес. Бір ғана осы ағартушылық іс саласында жазған кітаптарының өзін игеру оңайға түсіп жатқан жоқ. Өйткені өзімізде ештеңе жоқ деп, өзгеге жүгініп, әбден еңсе түсіріп үйренген халықпыз ғой. «Апырай, мұндай да бар екен-ау» деп аң-таң боп жүрген ағайын да арамызда. Иә, Ахаңның істері таңдай қақтырардай. Сонау 1912 жылы Орынбордан шыққан «Оқу құралы» халық сұранысын өтегені соншама, ол әлденеше рет баспа жүзін көреді. Ал 1925 жылы ол «Әліп-бидің» жаңа түрін жариялайды. Бұл да бірнеше рет басылады. Кезінде бұған «…Мынау жаңа «Әліп-биі» бұрынғысынан қай ретте болса да, аса артық. Бұл «Әліп-бидің мазмұны қазақ жағдайына қарай, Мемлекеттік Білім Кеңесінің жаңа программасына үйлесімді болып шыққан. Әңгімелері балалар үшін қызық, жеңіл, заманға лайық» деп баға берілген екен. Десе дегендей, байқап отырсақ, Ахаң замана ағысынан қалыспай, қатар жүріп отырады. Әлгіндей құралдарын үнемі жетілдіру үстінде болады. Ол осындай құралдың ересектер үшін де аса қажет екенін ескеріп, «Әліп-биді» жазады. Ол оқулық әуелі 1924 жылы Орынборда, 1926 жылы Семейде басылып шыққан.

          «Оқу құралы» арқылы балаларды сауаттандырып алғаннан кейін ол енді қазақ тілін жеке пән ретінде оқытудың құралын ойластыра бастайды. Бірнеше бөлімнен тұратын бұл оқулықтың әр бөлігі жеке-жеке «Тіл – құрал» деген атпен жариялана бастайды. 1914 жылы морфологияға арналған ІІ бөлімі, 1915 жылы фонетика арналған І бөлімі, содан кейін синтаксиске байланысты ІІІ бөлімге бөліп жұртшылыққа ұсынылады. Мұның қай-қайсысы да кемінде 6-7 рет баспа жүзін көрген.     Аталмыш оқулық қазақ мәдениетінің тарихында бұрын-соңды болмаған мүлде соны құбылыс болып қалды.

          Қазақ тіл білімінің қалыптасуында айрықша рөл атқарған бұл еңбектерді саралағанда, жалпы лингвистика ғылымының өрістеуіне даңғыл жол ашқан термин жасау мәселесін тіпті де аттап өте алмаймыз. Әлгіндей оқулықтар түзу барысында Ахаң әрбір ұғым, түсінік, нәрсе, затқа әсіресе грамматикалық категориялардың бас-басына қазақша термин береді, атау телиді. Сол кезеңде жасалып, қазір мүлде қалыптасып, тұрақтанған зат есім, сын есім, етістік, есімдік, бастауыш, баяндауыш, пысықтауыш, дыбыс, әріп, қағида, емле т.т. толып жатқан терминдер – тіл ғылымын дамытудағы зор үлес. Әрбір грамматикалық категорияның өзіне тән атауын дәл тауып, жіліктеп, жіктеп, сапалап беру оқу жүйесіндегі ісімізге айрықша әсер еткенін білеміз. Мәселен, сөздерді тұлғасына, мағынасына қарай бөліп, саралап, қолмен қойғандай етіп көрсетуді мамандардың қай-қайсын да таңғалдырған. Ол жасаған терминдер жүйесі күні бүгінге дейін тілімізге мүлтіксіз қызмет етіп келеді. Мұның сыры неде? Оның сыры Ахмет Байтұрсынұлы ұстанған принциптің ғылыми негізділігінде табиғи заңдылығында жатыр. Ол – қандай принцип? Біріншіден, А.Байтұрсынұлы термин жасау процесінде қазақ тілінің өз мүмкіндігін барынша пайдаланады. Әлгі терминдердің әрі қарапайым, әрі түсінікті, дәл болуы қазақ тілінің байырғы сөз байлығын сауатты сарқа пайдалануға байланысты. Сондықтан да олар өміршең. Сонымен бірге оның интернационалдық терминдерден де реті келгенде қалыспайтыны байқаймыз. Бұған көп дәлелдің қажеті бола қоймас. Фонетика, морфология, синтаксис, грамматика тәрізді ұғымдардың Ахаң қолданысында сол күйінде қалуы – осыған дәлел.

          Сонымен бірге А.Байтұрсынұлының қазақ тілі морфологиялық тұлға-тәсілдерін мүлде басқаша қарап түсіндіруге тырысқанын байқаймыз. Ол тілдің типологиялық ерекшеліктеріне аса зор мән береді. Әсіресе қазақ тілін зерттеген орыс ғалымдарының тілдің табиғи тегін аршып, ашып түсіне алмауынан кеткен қателіктерін анықтап, түзетіп талдай келе, өзіндік анықтамаларын береді. Ана тілінің даму ерекшеліктерін барынша ескеру принципін қатты ұстанады. Орысша оқып сауаттанғанмен, әрбір ізденісін қазақ тілінің өз табиғатынан тартып, қазақ тілінің өз заңдылықтарына сүйеніп отыратыны көрінеді.

          А.Байтұрсынұлының тағы бір аса маңыз берген мәселесі – ол қазақ тілін оқытудың әдістері. Бұл жайында ол жиырма жылға таяу уақыт бойы дерлік талмай ізденіп түбегейлі толғамдарын сол кездегі баспасөз беттерінде үздіксіз жариялап отырған. Атап айтқанда 1910 жылдан басталған тәжірибесін жинақтап, 1920 жылы «Баяншы» деген атпен шағын кітапша етіп Қазаннан шығарады. Ал келесі 1921 жылы осы тақырыпты сөз ететін тағы бір әдістемелік құралын Ташкент баспасынан бастырады. А.Байтұрсынұлының еңбек жолын қарап отырсаңыз, оның ылғи да бір жүйелі мақсат көздеп отырғанын байқайсыз. Басты да әуелгі мақсаты – қазақ баласының сауатын ашу болса, соны іске асыру үшін алдымен «Оқу құралы» («Әліп-биді») жазады. Тілді тереңірек түсіндіріп баяндау үшін «Тіл – құралын» түзеді. Ал «Тіл жұмсарын» алсаңыз, өзінің аты көрсетіп тұрғандай, онда ана тілі дұрыс қолданып, дұрыс тұтыну жолдарын қарастырады. «Баяншыны» оқысаңыз, тіл үйренудің жүйелі әдістері баяндалады. Осындай мәселеге жүйелі келудің нәтижесінде сауат ашу процесі әлдеқайда шапшаң, анағұрлым жедел жүргізілгені мәлім.

          Сонда өзінің алдында таза қазақ тілін оқытудың үлгі етерлік ешбір нұсқасы болмаған жағдайда тілді оқыту жайын осыншама терең біліктілікпен, барынша сауатты жүйелегеніне таң қалмауға болмайды. Басқа еңбектерін былай қоя тұрып, осынысының өзімен-ақ ол қазақ халқының мәдени тарихында өшпес із қалдырары даусыз еді.

          Қазақ тілі жайында А.Байтұрсынұлынан бұрын да зерттеулер болған. Бірақ олардың бәрі де орыс тілінде жазылған еді. Олардың бірде-бірін де (И.И. Ильминский, П.М. Мелиоранский т.б.) қазақ тілінің өзіне тән табиғаты жүйелі түрде ашылған емес. Және олар орыс тілінде жазылғандықтан, қарапайым халықтың сауатын ашуға пайдасы аз болды. Міне, сондықтан да біз Ахаңды қазақ лингвистикасының бастауында тұрған басты тұлға деп есептейміз.

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тілінің ғана емес, әдебиеттану ғылымының да негізін салушы. Осыдан-ақ оның халықтың бай ауыз әдебиетін, ертегі-аңыздарын, эпостық жырларын, шешендік сөздерін, мақал-мәтелдерін, нақылдарын да игі мақсатпен үнемі жинап-теріп, соны бастырып шығарумен шұғылданғанын көреміз. Ол бұл жұмысты ертеден 1895 жылдан бастайды. Бұған «Тургайская газетінің» бетінде бастырған «Киргизская приметы и пословицы» деген материал куә.

          1923 жылы А.Байтұрсынұлы қазақтың айтулы эпостық жырының бірі – «Ер Сайыңды» Мәскеуде бастырады. 1926 жылы Ахаң қазақ халқының басында болған қайғылы оқиғаларды сипаттайтын өзгеше бір жыр өрнегі 23 жоқтаудың басын құрастырып «Жоқтау» деген атпен жариялайды. Бұл өзі халқымыздың ауыз әдебиетінде жанрлық сипаты басқашалау туынды қатарына жатады. Мұны жинағанда да ғалымның ең алдымен назар аударатыны жоқтау жырының тіл шеберлігі мен көркем сөз қоры. Әдебиеттің осындай сан түрлі нұсқаларын жинап, зерттеп, бастыра келе А.Байтұрсынұлы енді оның тарихына үңіліп, теориясын түзуге кіріседі. 1926 жылы жарық көрген «Әдебиет танытқыш», міне, осындай жүйелі ізденістер мен барлаудың әрі жалғасы, әрі жиынтығы іспетті. Аталмыш еңбек Ахаңды нағыз теоретик ғалым ретінде танытты.

          Бұл кітап әлденеше жылдар бойы әдебиетсүйер қауымның қолынан түспейтін құрал болған. Өйткені мұнда ол әдебиеттің барлық жанрларына, көркемдік құралдарына қалыптаса бастаған еуропалық дәстүрден кетіп, таза қазақша мүлде соны жаңа анықтама беріп, бәріне терминдік балама телиді. Қараңыз: арнау (зарлай арнау, жарлай арнау) ауыстыру, әсірелеу, бүкпелеу, бейнелеу, дамыту, қайталақтау, көрнектеу, кекесіндеу, мегзеу, теңеу, түйдектеу, теңдестіру, үдету тәрізді жеке сөздерді, өлең айшықтары, шумақ түрлері, тармақ толғаулары, тармақ кезеңдері, заман хат, тарихи әңгіме, саясат, шешен сөз, билік шешен сөз, қошемет шешен сөз, көсем сөз, айтыс өлең, үгіт өлең, үміт өлең тәрізді тіркесімдер Ахаң қолдауында тұңғыш рет терминдік мәнге ие болған. Ғалымның атылып кетуіне байланысты еленбей қалған ғұрыптама, зауықтама, қалыптама, сарындама, сауықтама сияқты қолданыстар терминденуге өзі сұранып тұрғандай. «Әдебиет танытқышта» өзінің терминдік өрісін таппай жатқан мұндай сөз үйірлері молынан кездеседі. Оны игеріп, ел игілігіне жарату, терминдер қатарына қосу – ендігі ұрпақтың міндеті. Сонымен осы қысқаша шолудың өзінен-ақ А.Байтұрсынұлының әдебиеттану ғылымының да негізін салған тұңғыш әдебиет теориясын жазған үлкен ғалым екенін танимыз.

          Туған халқын сауаттандырып, мәдениетке жетектеу идеясы Ахмет Байтұрсынұлын ақындық әлеміне де алып келеді. Қалдырған мұрасын қарап отырсаңыз, көркемдікпен көмкеріліп ой арқалаған сөз орындарына тәнті боласыз. Бір қарағанда, бұл кісінің ақындығынан гөрі қайраткерлігі мен ғалымдығы басымырақ боп көрінуі де ықтимал. Кезінде солай деп те бағаланған (С.Сәдуақасов). «Қырық мысал» мен «Маса» және «Үздік» жинақтарын сүзіп шыққанда, Ахаңның тек ғана ғалым, тек ғана қоғам қайраткері немесе ағартушы ғана емес, керемет ақын, шебер аудармашы екеніне де көзіңіз жетеді. Тіпті керек десеңіз, барлығы да қазақтың поэзиялық мұрағаттарын тереңірек үңілуден туған тәрізді.

          Жалпы оның ағартушылық, ғалымдық, қайраткерлік, ақындық, аудармашылық қасиетін саралай түскенде еріксіз мынадай ой жетегіне еруге тура келді. Ахаңның алдында қазақ халқы үшін оның болашағы үшін өлшеусіз мол қазына тастап кеткен үш алыптың –  Абай, Ыбырай, Шоқанның болғанын білеміз. Бір ғажабы – осылардың мұрасын терең зерттей отырып, олар көтерген мәселелерді бар жанымен ұға отырып, ол осы үшеуінен тартылатын үш арналы жолды бір өзі бойға сіңіріп таңдап алғандай. Шынында қараңыз: Шоқанның ғалымдығы, Ыбырайдың ағартушылығы, Абайдың ақындығы мен ағартушылығы А.Байтұрсынұлының өмірлік мұратына айналған. Және бұларды заманға лайықты нақты істермен жалғастыра, дамыта түседі. Сондай-ақ тыңдаушысы мен оқытушысы аз болған үш алыптан гөрі ол – азын-аулақ болса да, өз еңбегінің нәтижесін көрген адам.

Сөйтіп, Ахаңның ақындығы мен ағартушылық өнерінің орны мүлде бөлек. Ол – өз алдына ғибрат алар ерекше бір мектеп. Бұл жолда да Ахаңның белгілі мақсат көздеп отыратынын байқаймыз. Өлеңін Абайша түрлеп, адам бойындағы надандықты шенейді, саналылыққа, ел болып бірігуге шақырады. Сауатың ашылмай, басың бірікпесе, ел болып оңбайсың деген ұранды уағыздаудан жалықпайды. «Қалғып-мүлгіп күн кешкен қайран қазақты қайтсем оятамын, қалай ел қатарына қосамын?» деп сары маса боп ыңылдауы да содан. Төл туындысы болсын, аударма дүниесі болсын, ол осы бағытынан жаңылмайды:

          Бұл неткен жұрт ұйқышыл?!

          Болсын кедей, болсын бай,

Жатыр бейқам, жым-жырт, жай

(«Жиған-терген»)

          Қазекеңнің ұйқыдан бас көтерген кезінде бітірері өзді-өзі шен шекпенге таласып, өзгелерге жем болып жататынына күйінеді. Мұндай күйге:

                    …Шығармай бір жеңнен қол, бір жерден сөз

                    Алалық алтыбақан дертпен кірдік

немесе:

                    …Жат жақты жаратқанға күзеттіріп,

                    Жақынмен ырылдастық, иттей үрдік, –

(«Қазақ қалпы»)

деуінде ащы шындық жатыр. Бұл – қазіргі біздерді де толғандырып, үлкен міндет жүктеп тұрған жолдар. Абайша күңіреніс, Абайша толғаныс. Абай шыншылдығы, Абай сыншылдығы оның әрбір өлеңін де осылайша жалғасын тауып, өзіндік жаңаша өрнектермен өзек жарды мәселелерді қозғап жатады.

          Абай бірде бір өлеңін өткен уақыттың жайын ғана жырлайтын, кезеңдік дүние деп қарай алмайтынымыз сияқты. Ахмет туындыларының да шеңбері бір ғана сәттің ауқымымен шектеліп қала алмайды. Оның әрбір сөзі дәл бүгінгі біздер үшін де әсерін жоймаған барынша көркем, мейлінше мағыналы. Тіпті көп өлеңі бүгінгі тіршілігіміздің айналасында боп көрінеді. Мысалы:

                              Тықылдап, құр пысықсып сөйлейтін көп

                              Екпіндеп, ұшқыр атша қарқындаған.

                              Бос белбеу, босаң туған бозбала көп

                              Киіздей шала басып қарпылмаған

(«Қазақ салты»)

деген шумақ бүгінгі біздерді айтып тұрғандай емес пе?! Бас пайдасынан басқа уайымы жоқ, жақын-жуық, халық, ұлт мүддесі деген ұғымға миығынан күліп қарайтындар аз ба қазір? Мына бір екі жол соларды нұсқап, дәл басып көрсеткендей.

                              …Жаны ашып, жақын үшін қайғырар ма,

                              Жаны – мал, жақыны – мал, малдың құлы

(«Досыма хат»)

болған жандардың ащы сын садағымен түйрейді. Ал «Жұртыма» деген өлеңінде қазақтың тағы бір тиімсіз мінезіне қадалады:

                              …Келгенде өзді-өзіңе мықтымсыңдар,

                              Қайтейін өзге десе көнгішіңді

                              Сықылды сынық бұтақ төмендесең,

                              Кім жұлмас оңайдағы жемісіңді?!

          Бұл – «Күштілерім сөз айтса, бас изеймін шыбындапты» (Абай) нақтылай ұластырып жатқан шумақтар. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай», – деп халық өлеңінде айтылатын ежелгі, дәстүрлі өлең табиғатына жаңаша нәр беріп, неге болса да тәубе етіп, неге болса да Құдай ісі деп, еш әрекетсіз қарап отыратын мінез-құлықтағы дертті аямай сынға алады.

          Ахмет Байтұрсынұлының аудармашылық қызметінде мысал жанры өзгеше орын алады. Басқа емес, дәл осы жанрға баруының өзінде үлкен мән жатыр. Қазақ бойындағы ежелден қалмай келе жатқан әлгіндей ездік пен бойкүйездік, намыссыздық пен жігерсіздік, алаяқтық пен алауыздық, жалқаулық пен жағымпаздық т.б. толып жатқан ес жиғызбас әдетті сынау, шенеуге келгенде ақын осы жанрды дұрыс таңдайды. Оның сыншылдығы да, сыршылдығы да осы мысал өлеңдерінде барынша ашыла түседі. Әсіресе шымшыма әзілмен әспеттелетін пәлсапалық түйін мен тағылым тәрбиелік мәні зор тұжырымдары естен кетпей көңілде жатталып қалады. Мұның бәрі, біздіңше, өлеңдегі ой мен сөздің, мазмұн мен түрдің өзара жымдасып, қабысып жатуынан.

          Сонау Эзоп пен Лафантеннен бастау алатын И.А.Крыловтан баян табатын бұл мысал әңгімелерге Абай да, Ыбырай да қызыққан. Бұларды қазақша сөйлетудің олар да керемет жолын тапқан. Ол – әлі игеріліп бітпеген тағылымдық өнегесі таусылмайтын өз алдына бір мектеп. Ахмет бұл дәстүрді де әдемі жалғастырып,  көркем аударманың дамуына зор үлесін қосып кеткен.

          Әрбір өлеңі бір қарағанда аударма дейтіндей күдік шақырмайды. Ал екінші жағынан тереңірек үңіле қараған адамға аударма екенін және оны өте шебер жасалғанын мойындауға тура келеді. Аударма екенін кейде байқамай қалатыныңыз өлеңдегі бүкіл айтылмыш ой, мазмұнның қазақы ұғымға ешбір жаттығы жоқтығынан. Ал олай болу себебі – Ахаңның қазақ сөзінің парқын мейлінше терең түсініп, оны орнымен қолдана білуінде. Өлең сөзге осыншама шеберлікпен балама табу кез келген ақынның қолынан келе бермесе керек. Мысалдың мазмұн-мағынасын ашып, көркемдік сапасын төмендетпей, шебер қаланған әсем ғимарат өсіп шығады. Қайсыбір тұстарда Ахаң өз тарапынан өнегелік түйін жасап, түсіндіріп те кетіп отырады. Бұл да – өзіндік ерекшеліктерінің бірі.

          Мәселен, «Арыстан, киік һәм түлкі» деген мысал өлеңін ол былай тұжырымдайды:

                              …Кісіге таза жолдас табу қиын,

                              Көбін-ақ дос етеді мал мен бұйым.

                              Досыңнан, дұшпаныңнан бірдей сақтан,

                              Басыңда, сірә, Ахмет болса миың.

                              Ойлама шын достарың мол екен деп,

                              Сөзіне ере берме, жол екен деп,

                              Досыңды қиын іске қайрап тұрған

Білгейсің шын дұшпанның сол екен деп.

          Немесе «»Қара бұлттағы» қаңсып жатқан далаға жаудың орнына, онсыз да кемерінен асып-төгіліп жатқан теңізге барып құя салған бұлтты мүмкіндігі болса да, еліне еш пайдасы жоқ кейбір адамдарға ұқсатады. Ал «дала – бейқам жатқан қазақ», – дейді.

                              …Бұлттай жерге жаумай, суға жауған

                              Қазақта іс ететін көп адамдар.

                              Жұмсамай тиісті орынға мал, өнерін

                              Біреулер жүреді, оған не амал бар?

Мысалы, қазақ – дала, басқа теңіз,

Даланы шамаң келсе көгертіңіз.

          Жалпы Ахаң қандай мысалды аударса да, аяғын қалайда қазаққа әкеп тірейді. «Оянар ма екен, сабақ алар ма екен, серпілер ме екен?» деумен болады. Әйтеуір қазақтың бар қылығына теңеу табады. «Баласын аяған адам оны сүймейді» деген мазмұнда жапонның бір мақалы бар екен. Ахаңның қазақты қаншалықты сүйетіні, сондықтан да оны бар жаман қылықтардан арылтып, адал адамгершілік жолына алып шығумен әуре болатынына қайран қалып отырасыз. Сол үшін де ол ешкімді аямайды. «Миың болса, ойлан», – деп, өзін де қатты сынға алады, қайрайды.

          Болмашы үлесті бөлісе алмай дауласып, үйді өртеп алған үшеудің қылығы да қазаққа келіп жатыр.

                              …Бұл белгі табылып тұр біздің жұрттан,

                              Таласып бір-бірінің жүзін жыртқан.

                              Алданып арадағы дау-шарына

                              Қатерден қапері жоқ келер сырттан.

(«Үлес»)

          Сондай-ақ «Өзен мен Қарасу» мысалындағы өзенді өз елін ғылым, біліммен ағыл-тегіл өркендетіп жатқан елге ұқсатады.

                              …Қозғалмай бұл күйіңнен жата берсең,

Боларсың Қарасудай ақырында, –

деп, қимылсыз, қарекетсіз жатқан қазақтың намысын түрткілейді.

          Қаршадайынан ел деп езіліп, халқым деп қайғы жұтып, азап пен тозақтың бәрін бастан кешіріп, ақыры қара түнек надандықтың құрбаны болған аяулы да ардагер Ахаң мен сол сияқты кемеңгерлер жүріп өткен жолды аузың барып қалайша жайбарақат әңгімелей аласың? Сол бір бәйгеге басын тіккен есіл ерлердің шер мен сырға толы еңбек жолы жаныңды қалай күйзелтпесін? Неге бұлай болды, қаншама халықты және саналы жолға салып, болашаққа жетелеген ел көсемдерін зәбірлеген, олардың тұқым-тұяғымен жер бетінен жойылып кетуіне себепші болған кімдер? Жалғыз Сталин бе болмаса жалғыз Голощекин бе? Бұл жауыздардың сұрқия сасатын алақайлай үдетіп, дамытып, «құлпырта» орындағандар бар емес пе? Солардың аты неге аталып ардың, адамгершіліктің сотына неге салынбайды?! Адам баласы тарихында бұрын-соңды болмаған осынау теңдесі жоқ жауыздықтың авторлары мен орындаушыларын халық талқысына салмай, санада шөгіп қалған, бұғып жатқан арсыздық пен сатқындықтан сірә да арыла алмаспыз.

          Ойлап қаралықшы, ағайын. Біздің халқымыздың басына төнген қатер тек осы ғана ма? Тең жартымыздан айырылдық деп күңіренеміз. Ол рас, әрине. Бұл бүкіл бір әлемге, бір халыққа аз қайғы емес. Бұл – өмірі толмас өлшеусіз қасірет. Бірақ біздің қазақтың көрген тозағы осы ғана ма, ол құрбандығымен тазарып адалданып бітіп пе еді? Жоқ, ағайын, бақсақ, біз ұлттық тәуелсіздік, ұлттық тұтастық үшін күрес алдында өз жүрегіміз бен санамызға өшпес қара дақ түсірген халықтың бірі екенбіз. «Елдің тең жартысы аштықтан қырылып, ширегі шетелге қашып құтылды», – дейміз. Рас. Ол елде Атамекенде аман-есен халық, ұлт атына ие болып қалғандардың бәрінің бірдей ары, жаны таза деп айта аламыз ба? Халқымызды қырғынға ұшыратқандар, барсакелмеске айдатқандар, жауыздар, сатқындар әлі де жүрген жоқ па екен арамызда алшаң басып, ойланалықшы!

          Әшейінде әділеттің ақ жолын ұстаған боп, кезеңі, реті, сәті келгенде, аянбай қимылдайтын бұлар кеше де, яғни 1986 жылғы желтоқсанда көрсетпеп пе еді көресіні. Ендеше, олар әлі тірі, сақ. Тек бой тасалап, жауыздығын жасырып, арамызда әлі жүр. Бар бәлені, дертті, ендеше, өз бойымыздан іздесек етті.

          Халқымыздың жан саулығына өлшеусіз зор зиян келтірер осынау көр мінез бен арам пиғылдан арылмай тәуелсіздігіміздің іргесі нық болмай ма деп қорқамыз. Ол неше алуан түрге еніп құбылады. Ол біресе қоғамшыл, біресе партияшыл, біресе ұлтшыл, халықшыл боп өрекпиді.

          Міне, Ахаң жайында әңгіме қозғағанда, осындай да ойлар торлайды. Жалпы А.Байтұрсынұлы оқуы енді ғана басталды деп білеміз. Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін оның сауатты да білікті ел қатарына қосылуы үшін ақтық демі біткенше күрескен осынау ұлы адамның аты ұлт жүрегінде мәңгі сақталады. Сондықтан да оны қазақтың ұлттық мәдениетінің Хантәңірі деп бағалаймыз.

Айтбаев Ө.                                                             

  Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының

президенті, ҚР ҰҒА академигі,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі

институтының бас ғылыми қызметкері