Президент Тоқаев конституцияға сәйкес кезекті парламент сайлауы күнін бекітіп, үндеу жариялағалы ай өткенде Nur Otan партиясының кезектен тыс XX Съезінде халыққа партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Партиялар қызу дайындалып, Мәжіліске кандидаттар тізімін бекітіп, тіпті ребрендинг жасап, сайлауалды бағдарламаларын жариялай бастады және қағидалары шыңдала түскен жаңа парламент сипатына сәйкесуге тырысуда. Жаңа парламент жасақталар алдында президент Тоқаевтың тікелей бастамасымен саяси жаңғыру, көппартиялықты дамыту және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне азаматтардың қатысу аясын кеңейту туралы шаралар қабылданды.
Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі ықпалымен ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы конституциялық заңға түзетулер енгізіліп, парламенттік оппозиция институтын құруға жол ашылды. Онымен қоса Сайлау туралы және Саяси партиялар туралы заңға да айтарлықтай өзгеріс енді. Жастар мен әйелдер үшін 30 пайыздық квота енгізілді. “Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы” демократиялық тұрғыдан мүлде жаңа заң қабылданды. Бұлар қазақ қоғамын жаңа саяси науқан аясында зор саяcи модернизациялық қадамға жетелеп отыр.
Келе жатқан сайлаудың тағы бір ерекшелігі саяси додаға партиялардың ерте кірісуі. Мысалы «Нұр Отан» партиясы маусым айынан жаңа тәжірибе праймериз додасына старт беріп, партия қатары мен кандидаттарын іріктеді. Оның арқасында өңірлердегі аудандық- қалалық мәслихаттарға кандидаттар 70-80 пайызға мүлдем жаңарды. Өңірлердегі сөзі өтімді кісілер, қоғам белсенділері, жанашыр жандар праймеризге қатысып қана қаймай, Нұр Отанның 216 өңірден жасақталған партия бағдарламасын да жасасты. Олардың арасында жастар мен әйелдер үлесі көп.
Мемлекет басшысы қыркүйекте жолдауында жоғарыдағы өзгертілген заңнамалардың саяси саладағы реформалардың бастамасы ғана екенін, оны жаңғырту ісі жалғаса беретінін айтқан болатын. “Мемлекеттік биліктің барлық дерлік институттарын реформалау керек. Жаңғыртудың негізгі мақсаты – тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру”, - деген еді Тоқаев.
Егер зер салып қарайтын болсақ, бұл жолғы сайлаудың дайындығы, саяси додасы ғана емес келесі сайланатын парламенттің құзыреті де бұған дейінгілерінен өзгеше болмақ. Қазақстан 2017 жылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Парламент құзыретін реттейтін заң қабылдап, парламент ішінара күшейген еді. Осы ұзақ әрі тыңғылықты дайындық шараларынан кейінгі жасақталар парламент мемлекетті саяси дамудың жаңа белесіне шығарары даусыз.