Соңғы 4-5 жылда діни радикалды топтардың көз-қарасы бойынша «Мен мұсылманмын қалғаны кәпір» деп бөліп-жару, бүгін саяси көзқарасқа да ұласты.
Халық арасында өз ойын соңғы ақиқат инстанциясы ретінде қарап, өзін қолдаған жақтасын батыр десе, қарсы пікірдегі кісіге оп-оңай опасыз сатқын атағын тағуда. Қоғам болған соң әр түрлі ой болуы заңды, бірақ бізге керегі елдегі тұрақтылықты, мемлекеттілікті сақтай отыра, халықтың сұранысын ескеріп, алға даму. Біздің қазіргі жағдайда билік пен қоғамның арасында антагонизмнің пайда болуынан гөрі, екі арада конструктивті диалог орнатып, дұрыс ойдың айналасына топтасуы ауадай қажет деп есептеймін.
Қарап отырсақ, қазіргі жағдайды пайдаланып, халық арасында ұпай жинауға асыққан популисттер, әлеуметтік желіде үлкен аудиториясы бар ой салушы қоғам өкілдері, өздерінің даурықпа пікірлерімен саясатқа араласуда. Сол арқылы, әдейі болмаса да халықтың мәселені теріс қабылдауына септіктерін тигізуде. Жалпы халыққа ой салушы тұлға ретінде бұл азаматтар халықты сабырға, билікті диалогқа шақырып, сол арада көпір рөлін атқарулары тиіс еді.
Биліктің ауысуын, елдің дамуын тек өз көзқарасында қарастырып, ұстанымын өзгерткісі келмейтін әр түрлі қоғам өкілдері де жеткілікті. Осы әр түрлі ойды жүйелеп көрсек.
Біріншіден, тразит өте негативті жолмен өтеді деген болжам орындалмады. Тұңғыш президенттің билікті өз еркімен тапсыру арқылы мемлекеттілігіміздің сақталуы, ішкі тұрақтылықтың бұзылмауы, түрлі амбициясы бар топтардың арасында қақтығыстардың болмауына, қазақ транзитінің бейбіт өтуіне кепіл болды. Елбасының бұл қадамын бүгін болмаса, келер ұрпақ ескерер. Себебі басқа жағдайда басқарушы элитаның ымыраға келуі, елдегі тұрақтылықтың сақталуы, геосаяси тұрғыдан келер қауіптерді ескерсек, бүгінгі қазақ транзиті ең тиімді сценариймен өтті.
Екіншіден, президенттікке Қасым-Жомарт Кемелұлының таңдалуы, ол кісінің ұзақ жылдық тәжірибесі мен сол уақыт арасында ешқандай былыққа араласпағанын ескергеніміз жөн. Байқасақ, Тоқаев бүгінгі күні өз айналасына қолынан іс келетін таза, өзі сияқты былыққа араласпаған эффективті жас менеджерлерді жинауы, әлеуметтік желілерді белсенді қолдануы арқылы халыққа ашық екенін, диалог құруға дайын екенін көрсетеді. Бұл арқылы халық пен билік арасындағы алшақтықты жойып, бүгінгі жаңа жағдайда қоғам сұранысын түсініп отырғандай көрінеді.
Үшінші үлкен мәселе - Әміржан Қосановтың саяси додаға түсуі. Бұл мәселеге объективті түрде қарауымыз керек. Ең алдымен сайлауға легитимділік берген болса, онымен қоса азаматтық қоғамның қалыптасуына шындығында үлкен үлес қосты. Халықтың саяси сауаттылығын арттырды. Түсінетін болсақ, бұл халық үшін үлкен жеңістің бастамасы. Қосановтың саяси болашағы жоқ деп қаралап жүрген кісілер бір нәрсені түсінсе екен деймін:
1. Бұл транзит ол кісінің қатысуынсыз да өтер еді. Билікпен диалогқа барып, белгілі ережелерді қабылдап, бұл саяси процесске қатысуы арқылы нағыз саясаткер екендігін көрсетті.
2. Ол кісінің ең жоғарғы лауазымға өтуі мүмкін емес еді. Себебі де белгілі. Бұл жерде жиналған дауысқа қарағанда элита арасындағы ымыра, үлкен ресурс шешуші рөл атқарды.
3. Сайлау нәтижесімен келісуі қабылданған ереженің бірі. Сол ережені сақтау арқылы халық пен билік арасындағы қақтығыстың алдын алды. Егер ол өзін ойлаған популист болғанда, халықты алаңға шығарып үлкен қателік жасаған болар еді.
4. Парламентке өз фракциясымен өту мүмкіндігіне ие болуы. Бұл дегеніміз халықтың берген дауысын Қосанов сол жерде ақтауға бар күш жігерін салады деген сөз.
5. Тағы бір мәселе, бізді екі революция өткерген Украинамен, Қосановты Зеленскиймен салыстыру қате. Оған себеп те көп. Жай ғана халық саны тұрғысынан бізден үш есе көптігі, және әлі де болашағы белгісіз мемлекет. Әрине, тек жақсылық қалаймыз, бірақ біздің өз жолымыз барын ескерген жөн.
Осының барлығын ескере отырып, елді бөлінуге, халық пайдасын түгендеп жүрген кісіні қаралауға, «өзім істей алмаймын, істегенді көре алмаймын» дегеннің сыйқын қойып, соған апарған иллюзиядан арылу керек. Қосанов мүмкіндікті пайдалану мен пайдаланбау арасында дұрыс шешім қабылдады.
Қазақ транзиті бейбіт өтуі, елдің тыныштығының сақталуы ең басты нәрсе.
Жалпы, 1-ші президентке берілген мүмкіндік бұдан кейінгі президенттің еш біріне берілмейді. Енді халықтың сеніміне ие болу үшін билік тарапынан үлкен еңбек басталады. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру - соның белгісі. 2-ші президент жаңа саясат бастап жатыр. Ол өзнің саяси мүмкіндігін, тарихи миссиясын қаншалықты түсініп, оны іске асыра алатынына әрқайсысымыз ықпал жасап, әсер ете аламыз. Осы жауапкершілікті түсінетін кез келді.
Автор: Рауан Бұғыбай