Мемлекет басшысының 2019 жылғы 9 қазандағы № 184 Жарлығымен "Мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі кадр саясатының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 29 наурыздағы № 828 Жарлығына кейбір түзетулер енгізілді.
Атап айтқанда, Республика президентінің кейбір тағайындау өкілеті Қауіпсіздік кеңесімен бөлісілді.
Түзетулерге сай, бұдан былай Президент төмендегі лауазым иелерін тағайындағанда Қауіпсіздік кеңесінің төрағасымен келіседі:
Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы;
Сыртқы істер, Қорғаныс, Ішкі істер министрлерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының министрлері;
Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдардың басшылары;
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері;
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, Қорғаныс министрінің орынбасарлары;
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері түрлерінің бас қолбасшылары, түрлері әскерлері тектерінің қолбасшылары;
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері өңірлік қолбасшылықтарының қолбасшылары;
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы;
Ал, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасарларын, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, олардың орынбасарларын Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы президенттің қатысуынсыз өзі ғана хатшысымен бірлесе тағайындайды.
Еске сала кететін болсақ, Қауіпсіздік Кеңесінің тарихы 1991 жылдан басталады, онда Қазақ КСР Президентінің 21 тамыздағы Жарлығымен Қазақ КСР-нің Қауіпсіздік Кеңесі құрылған болатын. Кейіннен ол Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 17 маусымдағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі болып қайта құрылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 20 наурыздағы N 88 Жарлығымен қолданысқа енген Қауіпсіздік Кеңесі туралы бұрынғы заң - Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 12 ақпандағы № 838 Жарлығымен күшін жойған.
Қауіпсіздік Кеңесі туралы қолданыстағы заңды қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат төрағасы болып тұрғанда ҚР Парламенті 2018 жылы 31 мамырда қабылдады. Ал, 2018 5 шілдеде сол кездегі президент Назарбаев қол қойып бекіткен. Онда Қауіпсіздік Кеңесінің құқықтық мәртебесі және қызметінің негізін айқындаған бапта, "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына оның тарихи миссиясына байланысты Қауіпсіздік Кеңесін Төраға ретінде басқару құқығы өмір бойы тиесілі" деп жазылған.
Қолданыстағы заңға сай, Қауіпсіздік Кеңесінің Қазақстан Республикасының Президенті құрады.