Президент жолдауы - Жаңа талап, жаңа бағыт

Президент жолдауы - Жаңа талап, жаңа бағыт
Ⓒtarlan.kz

Мемлекет басшысының Жолдауы - бұл елдің одан әрі дамуының бағыт-бағдарын анықтау ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы жинақталған мәселелерді айқындау және шешу болып табылады. Осы тұстан қарағанда, Президент Қ. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы өз ерекшелігімен көзге түсті. Ең алдымен, «әуелі экономика, одан кейін саясат» формуласы жаңаша түсінікке ие болды. Яғни, экономикалық реформаларды табысты іске асыру үшін саяси жаңартулар өткізу қажеттілігі баса айтылды. Жалпы қоғамдық саяси өмірді транформациялау үрдісі уақытты қажет ететіні баршаға мәлім. Осы тұста, мемлекет басшысының ұсыныстары жедел түрде емес, нақты бағыттарда, жүйелі түрде іске асырылғаны жөн.

Осы күнге дейін, расында, қоғам мен билік арасындағы диалогтың жоқтығынан көптеген реформалар өз мәресіне жетпей, ал сол реформаларды жүзеге асыру барысындағы олқылықтар дер кезінде ескерілмей, нәтижесінде ішкі саясаттағы ахуал, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай ушығып кетті. Жолдаудың «Сындарлы қоғамдық диалогҚазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталуының себебі де осында деп білеміз. Шынтуайтында, халықтың жан айқайы, билікке деген сыны – елдің даму бағытын өзгерту емес, керісінше сол бағытты түзетуге деген талпыныс пен ұсыныс деп түсінген абзал. Ендігі тұста нақ осы Президент көтерген қоғам мен билік диалогы жаңа деңгейге көтерілетін болса, көптеген саяси, әлеуметтік, экономикалық мәселелер өз шешімін табатыны күмән келтірмейді.

Азаматтық, саяси, экономикалық бостандық принциптерін насихаттауға негізделген қоғамдық-әлеуметтік көзқарас қалыптастыру - билік алдындағы басты міндет. Бұл бағытта іске асырылатын саяси реформалар ел азаматтарымен талқыға салынып, ұшталып, әлеуметтік парақшаларда ғана емес, нақты билік тармақтарының әрқайсында, белгілі саяси платформаларда қарастырылып, күн тәртібіне енгізілетін болса – нақ осындай талаптар негізінде саяси либерализация өз деңгейінде өтетін болады.

Мемлекет басшысы: «Мықты президент – беделді парламент – ісіне есеп беретін үкімет – мемлекеттің тұрақтылық формуласы», – деп атап өткендей, әрбір билік тармағы өз ісін жіті атқаруы қажет. Жолдауда азаматтар жергілікті атқарушы органдардың жұмысына баға бере алатындығы, теріс пікірлер болған жағдайда тексеру жүргізілетіндігі айтылды. Президент бағалау әдісінің екі нұсқасын жариялады, бұл әлеуметтік сауалнама немесе онлайн-бағалау әдісі. Мұның бәрі кез-келген Қазақстан азаматы мемлекеттік органдардың қызметіне, оның әрбір ісіне өз үлесін қосуға мүмкіндік алатынын меңзейді. Сонымен бірге, Президент азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру мәселесін де атап өтті. Заманауи азаматтық қоғамды қалыптастыру, мемлекеттік басқару үдерістерінде азаматтық қоғам институттарын нығайту және азаматтық қатысуды жандандыру үшін Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгітұжырымдамасын әзірлеу ұсынылды. Аталмыш құжатты еліміздің азаматтық қоғамын дамыту бағытында екі жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан Азаматтық форумның алаңы аясында іске асыруға әбден болады.

Қоғамдық саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалардың табысты болуына алғышарттың басты бөлігі – мемлекеттік идеологияның еншісінде. Ал дұрыс, ғылыми негізделген және нақтыланғанұлттық тарих - бұл мемлекеттік идеологияның берік негізі. Президент Жолдауында: «Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өткен жөн», - деп баса айтты. Алайда, Алтын Орданың 750 жылдығын қазақстандық мемлекеттіліктің сабақтастығын айқындайтын нышан ретінде қарастырумыз керек деп ойлаймын. Сондықтан, Қазақ хандығы мен Алтын Орда арасындағы сабақтастықты жан-жақты зерделеу және тұтастай алғанда Алтын Орда тарихын терең зерттеу стратегиялық маңызды болып табылады. Бұл тұрғыда Қазақ хандығының пайда болуы, Қазақстан территориясы орталық орынға ие болған, Алтын Орданың біртұтас саяси кеңістігінің біртіндеп ыдырауының салдары ретінде көрінетін болады. Орайы келсе, тарихымызды кеңінен дәріптеуге де әрбір жанашыр азамат өз мінберінен салиқалы ой салып, ел тұтастығы мен мемлекетіміздің мызғымастығына ат салысуы қажет.

Осылайша, Тәуелсіз ел, тұғырлы ұлт болып қалыптасқан еліміздің кез-келген тоқыраудан өтіп, тоқ заманға бет алуы үшін әрбір азаматтың қоғамда болып жатқан өзгерістерден тыс қалмауы шарт. Тек қана біріккен, бірегей ұстанымы бар елдің болашағы жарқын болмақ.

Майгельдинов Қазбек Өмірзақұлы

Ғылыми-зерттеу орталығының басшысы

Еуразиялық интеграция институты