Президент Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу туралы жарлық шығарды

Президент Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу туралы жарлық шығарды
Ⓒtarlan.kz

Мемлекет басшысы 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде мерекелеуді қамтамасыз ету мақсатында қаулы шығарды.

Ақордада жарияланған президент жарлығына сәйкес, осы жылдың бірінші шілдесіне дейін 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылады.

2019 жылғы 1 қазанға дейін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспарды бекітіледі.

Осы жарлық аясында мерейтой қарсаңында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін кешенді жаңғырту жөнінде қажетті шаралар қабылданады, 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіледі.

Сондай-ақ, жарықта "Абай Құнанбайұлының еңбектерін кең таралған негізгі шет тілдеріне сапалы аударуды жүзеге асыру, басып шығару және халықаралық ілгерілету жөнінде қажетті шаралар қабылдасын; Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын Біріккен Ұлттардың Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) мен Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) аясында мерекелеуді ұйымдастыру жөніндегі мәселені пысықтасын" делінген.

Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелген.