Президентке бір ауыз дат

Президентке бір ауыз дат
Ⓒtarlan.kz

Міне, Қасым-Жомарт Тоқаев президент міндетін атқарғалы үш жұма болды. Үш сапар жасады. Президент твитінің 3 сағатта мәселе шешкеніне куә болдық. Пәрмені, бұйрықтары, сөздері жұрт көңілінен шығып жатыр. Хош!

Бүгін Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғалы екі жыл болды. Сол мақала аясында Тұңғыш президент бастама болып, қазақ тілінің латын графикасына көшуіне мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Бұл әлбетте мемлекетіміздің аса үлкен стратегиялық қадамы. Бірақ, бір әттеген-айы бар. Бекітілген әліпбиде әлі де жұрт көңілінен шықпаған әріптер жүр. Мынау әріп деп басқа бірден ұрып көрсетпесек те ел біледі.

Жазушының баласы Қасым-Жомарт Кемелұлының қазақ тілінің болашағына бейжай қарамайтыны анық. Санаулы күн бұрын бас басылымдар «Егемен Қазақстан» мен «Айқынға» сұхбатында да «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде» деген президент әлемдегі ақпарат ағынының 90 пайыздан астамы латын графикасында жүріп жатқанын айтқан еді. Сонда ол «Бірақ қоғамдық пікір, әліпбиді қолдану барысындағы артықшылықтар мен олқылықтар ескеріледі» деген. Әне, сол халықтың пікірі, сын-ескертпесі бар.

Бұған дейін де  президент Тоқаев Сенат төрағасы қызметінде «латын графикасына көшу» туралы бірнеше рет твиттерде пікірін білдірген.

Басқасын былай қойғанда, президент есімі қазіргі қабылданған латын графикасымен Qasym-Jomart Toqaev болып жазылса, өзі Twitter есебінде қолданатын есімінің ағылшынша транскриптелген таңбалануы Kassym-Jomart Tokayev. Бүкіл әлемде біріңғай бір дыбысты таңбалайтын кейбір әріп қазақ тілінде мүлде басқа дыбысты таңбалауы бізді әлемнен тағы алшақтата түспей ме? Кейбір латын таңбаларының әліпбиге енбей қалғаны тағы бар.

Осы мақаламен Тоқаев тіліміздің латын графикасына тағы бір көңіл бұрса дейміз. Мемлекеттік иерархиядан тыс қоғамдық комиссия құрып, тіл ғалымдарын қабылдаса, уәж тыңдап, олқы тұсына түзету енгізсе халық бір марқайып қалар еді.

Нұрғали Нұртай