Ай басында Қарағанды облысына сапарында Назарбаев облыстың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңесте «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының директоры Парамжит Калонды қалың жұрттың алдында сөккені естеріңізде шығар. Әлеуметтік жағдай мен инфрақұрылымға көңілі толмаған Елбасы Лакшим Митталға сәлем айтып бер деген.
Екі аптадан кейін аталған компанияға қоршаған ортаға келтірілген зиян үшін 1 миллиард 395 миллион теңге айыппұл салынғаны белгілі болды.
Экономикалық сотқа келтірілген зиянды өтеу туралы талап прокурорлар мен экологтар Теміртау қаласының әкімі хатының негізінде жүргізілген жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша берілген.
Соған сай, инспекторлар көмір кеніштері және кәсіпорындардың металлургиялық бөлімшелеріндегі экологиялық талаптардың көптеген бұзушылықтарын анықтады.
«Қоршаған ортаға зиянды заттардың артық шығарылуы, ауаның шектен тыс ластануы, сондай-ақ Қарағанды облысының су қоймаларына ағынды сулардың ластануы сияқты заң бұзушылықтар негізінде 1 миллиард 395 миллион теңге айыппұл салынды. Бұл соманы мемлекеттік бюджетке толық көлемде жинау туралы шешім қабылданды. Сот шешімі күшіне енген жоқ", - Қарағанды облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Индира Құспаева осылай хабарлаған.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ — «АрселорМиттал» трансұлттық компаниясының құрамында тегіс және ұзын болат прокат өндіруге маманданған, сондай-ақ агломерат, темір рудасы мен көмір концентратын, кокс, шойын, болат өндіреді. Компания Теміртаудағы металлургиялық зауытты, Қарағанды облысындағы 8 көмір кенішін, Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарында темір кенін өндіруге арналған 4 кенішті қамтиды
Өткен жылы желтоқсан айында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі 8 шахтаның 600-ге тарта кеншісі талаптарын орындауын талап етіп, төрт тәулікке тарта жер астында табжылмай отырды. Кеншілер тек 14 желтоқсан күні жер астынан шықты. 21 желтоқсан күні Қарағанды кеншілері мен жұмыс беруші компания арасындағы еңбек дауын шешуге байланысты құрылған екіжақты комиссия ымыраға келді әйтеуір. 2017 жылы 1 тамыздан бастап 4 ай бойы жоғарыға үнін жеткізе алмаған кеншілер талабы еңбек жағдайын жақсарту мен жалақыны отыз пайызға көтеру болатын.
Лакшим Миттал аталған кәсіпорынды 1995 жылы 500 мың долларға сатып алған.
Айта кететін болсақ, аталған орында президент осыдан 60 жыл бұрын 1958 жылы еңбек жолын бастаған.