Қарин: Ұлттық кеңес ұсыныстары Парламент қарауына енгізіледі

Қарин: Ұлттық кеңес ұсыныстары Парламент қарауына енгізіледі
Ⓒtarlan.kz

ҚР Президенті кеңесшісі, Ұлттық кеңес хатшысы Ерлан Қарин Ұлттық кеңестегі Президент бастамалары қалай жүзеге асып жатқанын әлеуметтік желіде жариялады.

"Осыдан бұрын хабарлағанымдай, Ұлттық кеңестің екінші отырысынан кейін, Президент Әкімшілігінің жетекшісі қолымен Президенттің жаңа бастамаларын жүзеге асыру бойынша Жоспар бекітілді. Осы жоспарға сәйкес тиісті мемлекеттік құрылымдар қаңтар айында саяси реформалар бағытына қатысты әр бастама бойынша заң жобаларын дайындау қажет болатын.

Бірнеше күн бұрын бұл жұмыс аяқталды. Енді президенттік бастамаларды жүзеге асырудың жаңа кезеңі басталғалы жатыр. Заң жобалары мүдделі мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін, ғылыми лингвистикалық экспертизадан өтіп, және Үкіметтің отырысында талқыланғаннан соң, олар Парламентке қалыптасқан тәртіпке сәйкес қарастыруға енгізіледі.

Сонымен, Президенттің Ұлттық кеңестің екінші отырысында жариялаған бастамалары белсенді жүзеге асырылуда." - деген Мемлекет басшысының кеңесшісі жазбасында.

Еске сала кетер болсақ, президент 20 желтоқсандағы Ұлттық кеңес отырысында төмендегідей мәселелерді айтқан болатын:

Қылмыстық кодекстің 130-бабын қылмыстық деп танымау және оны Әкімшілік кодекске ауыстыру жөнінде шешім;

Қоғамдық санаға митинг өткізу мәдениетін сіңіру, Қоғамға да, мемлекетке де өз ұстанымдарын ашық айту үшін бейбіт жиынның барлық түрін өткізу, ұйымдастыру мәселелерін реттейтін концептуалды жаңа заң қабылдау;

Ауыл шаруашылық министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп 2020 жылдың 1 мамырына дейін барлық дайындық жұмыстарын аяқтауы және бірқатар аймақтардағы жерді космомониторингтеу жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыруы керек;

Игерілмей жатқан жер учаскелеріне салынатын базалық салықты 10-нан 20 есеге дейін арттыру;

2020 жылдың 1 сәуіріне дейін Ұлттық экономика министрлігіне, Қаржы министрлігіне және Ұлттық банкке сыртқы қарыздың Бірыңғай реестрін әзірлеу тапсырмасы;

Көпбалалы отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақыны дифференциалды, яғни айлық есептік көрсеткіштің 42,5 мың теңгеден 74 мың теңгеге дейінгі еселенген өлшемімен беру ұсынысы;

Парламенттегі саяси азшылықтың негізін заң жүзінде бекіту;

Бұл үшін «Парламент туралы» заңды саяси азшылыққа кепілдік беретін нормалармен толықтыру, мысалы басқа да партиялардың өкілдері Парламенттегі кейбір комитеттердің төрағасы лауазымдарын иелене алатындай жағдай жасау;

Саяси партияларды тіркеу үшін партия мүшелері санының төменгі шегін екі есеге, яғни 40 мыңнан 20 мың адамға дейін азайту; Партия қатарына сайланатын азаматтар тізімінде әйелдер мен жастар үшін міндетті 30 пайыздық квотаны енгізу;

Мемлекеттік құрылымның есеп беруі мен ашықтығы, бюджет қаржысының тиімді әрі ұтымды жұмсалуын көрсету үшін Есеп комитетінің мемлекеттік органдар мен ұйымдарда жүргізген аудиторлық жұмыстарының қорытындыларын жариялауы;

30 адамнан аса шет ел жұмысшыларын тартатын кәсіпорындарда тұрақты тексеру жүргізе отырып ҚР азаматтарымен бірдей еңбек құқын сақтау;

Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасын енгізу мерзімін 2023 жылға шегеру;