Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде елорданы одан ары дамыту мәселелері жөніндегі мәжіліске қатысты. Жиында президент астананың өзекті мәселелеріне тоқталды.
«Біз бірінші кезекте, елорданы газдандыру мәселесін ойластыруымыз керек. Өйткені, қыста қандай күйде болатынымыз өздеріңізге мәлім. Бірінші кезекте қала тұрғындарынан ыңғайсыз, дипломатиялық корпус өкілдерінен, қаламызда тұратын шетелдіктерден ыңғайсыз. Ал біз өзімізді халықаралық хаб, глобал-сити, Еуразия орталығы, Еуразия жүрегі тағы басқа деп көрсетеміз. Яғни, сөзіміз бен ісіміздің арасы жер мен көктей. Бұл дұрыс емес», - деді президент елордамыздың ең суық әрі қысы ұзақ астаналардың бірі екенін меңзеп.
«Сарыарқа» газ магистральіндегі кемшіліктер жайында айтып, Нақты істермен айналысу керек. Біз әрдайым үлкен жоспарлар құрамыз, баяндамалар жасаймыз. Осының бәрінен арылу қажет. Нақты жұмыс істеу керек»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Тоқаев LRT құрылысына қатысты істі тергеуді жеделдетуді тапсырды.
«Жеңіл рельсті көлік жобасының ұзындығы 22,5 шақырым, 18 станцияға жоспарланған. Ал сіздер марафон жарысында 22 шақырымнан да көп жүгіресіздер. Осы 22 шақырымға арақашықтығы 1 шақырымнан сәл асатын 18 станция қою қаншалықты қажет? Біз жаяу серуендегенде бұдан көп жүреміз.
Мұндай күмәнді жобаны жүзеге асыруға қалай рұқсат берілген? Түсініксіз. Үкімет пен әкімдікке жеңіл релісті көлік жобасының алғашқы кезеңін іске асырудың нақты мерзімін белгілеуді тапсырамын. Сонымен қатар, екінші кезеңін орындаудың кестесі мен тетіктерін анықтау қажет.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне тергеуді жеделдеу тапсырмасымен жүгінгім келеді. Біреулердің шетелге қашып кеткендігін айтып, үстімен жүруге болмайды. Бұл жоспарланған қашып кету екендігі түсінікті. Өзгелерді, оның ішінде шешім қабылдаған әкімдіктің басшыларын қаперден тыс қалдырмау керек», - деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті тіпті ол LRT компаниясының басшысы болса да бір ғана орындаушыға ғана назар аударылатын проблема еместігін баса айтты.
«Мәселен, шешімді әкімдік қабылдады. Тереңірек тексеріңіздер, бұл өте даулы жоба, экономикалық тұрғыда түсініксіз. Әрине, Үкімет пен әкімдіктің қол қолауымен оны жүзеге асыруға тура келеді. Себебі халықаралық міндетте бар. Бұл проблеманың мән-жайын анықтайық», - деді Қ.Тоқаев.
Бизнеске кедергі келтіретін барлық тосқауылдарды жою туралы айтқан президент Кәсіпкерлер үшін инженерлік желілерге қосылу айтарлықтай проблема болып отырғанына тоқталып, компаниялар атауына да назар аударды.
«Жер учаскелерін жалға беру аукциондарында коммуникацияларға қосылуға техникалық мүмкіншіліксіз жиі ұсынылып жатады. Немесе құрылыс барысында бұрын берілген шарттар өзге шартқа өзгертіледі. Мысал келтіре кетейін, «Premium Development Life Park» ЖШС-да электр көзіне қосылуда проблема болды. Атауы өте қызықты екен. Жалпы, бұл компанияның атауы неліктен қазақ тілінде болмайды? Біз жаңа компанияларымызды ең алдымен, қазақ тілінде атауымыз керек. Бұл мәселені назарға алу керек»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде президент Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрғын үй мәселесіне, уақытында баспанасына қолжеткізе алмай қалатын үлескерлер мәселесіне де тоқталып, алаяқтарға аяушылық танытпауға шақырды.
«Алаяқтар түрмеде отыруы тиіс. Өйткені, олар өздерінің іс-әрекеттерімен азаматтарымыздың негіз құраушы құқықтарына қастандық жасап отыр. Азаматтарымызды алдап, оларды далада қалтырады. Мұндай жағдайда мемлекет те араласпай қалмауы керек. Әрекет етіңдер де, баяндаңдар!», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сондай-ақ елордадағы азық-түлік бағасына да көңіл бөліп, сауда орындары мен бағаның монополдану мәселесіне тоқталды.
Сонымен қатар президент Қазақстан астанасынан халықаралық рейстерді көбейту мәселесін де міндеттеді. «Халықаралық рейстер санының артуы маңызды мәселе. Қазір Нұр-Сұлтаннан тікелей рейстер 30-дан астам халықаралық бағыттарда орындалады, бұл жеткіліксіз», - деді президент. Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Бейбіт Атамқұловтың сөзінше Қазақстандық тасымалдаушылар Шанхай (2020), Сингапур (2020), Нью-Йорк (2021) сияқты ірі қалаларға рейстер ашуды жоспарлап отыр.