Қазақ хандығы 1465 жылы(кей деректерде 1456 жылы) құрылды.
1917 жылы желтоқсанның 13-і құрылған қазақ-қырғыз Алаш автономиясының үкіметі жариялаған Алашорда автономиясы да «Қазақ» атауын негізге алды. Алаш – әлімсақтан қазақтың бір аты.
1920 жылдың 16 маусымында РКФСР құрамында құрылған, Орынборды астана еткен автономиялы республика да Қазақ (Автономиялы Советтік Социалистік) республикасы болды («қырғыз» атауы 1925 жылы 15 маусымда «қазақ» болып өзгертілді).
1936 жылдың 5 желтоқсанына қайта құрылған Қазақ Советтік Социалистік Республикасының да атауынан «Қазақ» сөзі көзге ұрып, әйгіленіп тұрды.
Қазақ КСР-нің "мемлекеттік егемендігі туралы" декларациясын 1990 ж. 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қабылдады.
Алайда, 1991 жылы желтоқсанда дүниеге тәуелсіздігін жариялаған республика атауы Қазақстан республикасы болып шыға келді. Неге?
Біз бұл сауалды Қазақстан алғаш осы атаумен Республика болған жылдардағы Жоғарғы Кеңестің Төрағасы Серікболсын Әбділдин ақсақалға қойған едік.
- Елдің атауы Қазақ елі тәуелсіздік жариялаған кезде қалай «Қазақстан» болып қабылданып кетті?
- Бұл мәселе туралы бүгін сіз ғана сұрақ қойып отырған жоқсыз, бұл 20 жылдан бергі жұрттың аузындағы мәселе. Жалпы, Қазақ Советтік Социалистік Республикасы дегеніміз – Қазақтың республикасы деп есептелетін. Совет одағының Конституциясына сай әрбір республика дербестік алып, одақтан шығып кетеміз десе де ерікті, құқылы болды. Әрине, іс жүзінде барлық билік те, байлық та орталықта - Мәскеуде болды. Бірақ, мемлекет сол кезде Қазақ Советтік Социалистік Республикасы деп аталғанымен, іс жүзінде, осы атаумен қатарлас, тіпті, көбірек Қазақстан атауы пайдаланылатын. Күнделікті газет-журнал, радио-телевизияда, ішкі саясатта да, сыртқы саясатта да Қазақстан деген атау өзінен-өзі бекітіліп тұрған. Бұл жалғыз Қазақстанда ғана емес, Татарстанда да, Өзбекстанда да, Қырғызстанда да солай болған. Жалпы, ел арасында күнделікті қолданыста «Каза́хская Советская Социалистическая Республика» деп ешкім айтпайтын. Қазақстан дейтін. Сондықтан, «Қазақ Республикасы емес, Қазақстан Республикасы деген атау қайдан шықты?» деген сұраққа бас қатырудың еш қажеті жоқ. Ол айтылып жүрген ат-тұғын.
- Тәуелсіздік алған кезде ел атауының «Қазақстан» аталып кетуіне қандай да бір ресми тұлғалардың ықпалы болған жоқ па?
- Бұны әркім әр түрлі әңгімеге өзек етіп жүр ғой. Біздің тәуелсіздік алған күніміз 1991 жылдың 16 желтоқсаны. Ал, Республиканың атын өзгерткен уақытымыз – 10 желтоқсан, 1991 жыл. Біз Назарбаевты осы жылдың 1 желтоқсанында «Президент Казахской ССР» етіп халықтық референдум арқылы тағайындадық. Бұл жайт тегі көп айтылмайды. Жалпы, біздің президент алғашында Тәуелсіз қазақ елінің президенті емес, социалистік елдің президенті болды. Бірінші парламентте сайлағанда да, екінші халық сайлағанда да сайлау блютендерінде «Қаз ССР-нің» президенті деп дауыс бергенбіз.
6 желтоқсанда, үш мемлекет – орыстар, украиндар, беларустар «Кеңес одағын тараттық» деп шешім шығарды. Ал, біз 10 желтоқсанға президентті тағына отырғызу жиналысын шақырып қойғанбыз. Бұл жиналысты Жоғарғы Кеңес өткізу керек болатын. Оны ұйымдастыру менің міндетім болды. Түстен кейін сағат үште ұлықтау рәсімі болу керек. Ал, онда біз президентке қандай куәлік береміз. «Президент Казахской ССР» деп берсек, оны таратып жібердік. Ал, басқалай жасау үшін оған шешім қабылдау керек. Ол кезде Жоғарғы Кеңес жылына екі рет сессия шақырады. Күзгі сессияның уақыты. Жаңа отырыста күн тәртібінде осы республиканың атын өзгертуді мәселе етіп қойдық. Біреулер «Қазақия» болсын деп, біреулер «Қазақстан» болсын деп пікір алмасулар болды. Бірақ ол кезде, Кеңес Одағы ыдырады дегеннен кейін, сол залда отырған басқа ұлттардың депуттарының арасында аз болсын, көп болсын «Енді одақ жоқ, біз қайда барамыз?» деген қобалжу пайда болды. Залдағы әркімнің пікірін тыңдап, талқылап, жалпы дауыспен елдің аты «Қазақстан республикасы» деп аталды. Тап сол кездегі саясат үшін, сол кездегі қоғам үшін дұрыс саяси шешім қабылданды деп есептелді. Түстен кейін Жоғарғы Кеңестің жиналысын өткізіп, мен Назарбаевтің қолына куәлік табыстадым. Себебі ол куәлікті Жоғарғы Кеңес бермесе, заңсыз боп есептеледі. Өйткені, сол кездің өзінде кейбір депутаттар «халықтың сайлауына ақша босқа кетті, бұл дұрыс емес» деп сөз шығарды. Ол сөздерді басу үшін Жоғарғы Кеңес шешім қабылдау керек болды. Анау куәлікті Сайлау комиссиясы беретін болса, оның дәрежесі төмен. Заң шығаратын орган емес. Ал, сайлауды жариялаған Жоғарғы Кеңес. Сондықтан мен Жоғарғы Кеңестің басшысы қол қойған куәлікті Назарбаевқа тапсырдым. Назарбаев сөйтіп, Қазақстан Республикасының президенті болып шықты. Жалпы Назарбаев бірінші рет «Парламент Каз ССР-де» сайланды. Екінші рет халық «Президент Каз ССР» деп сайлады. Үшінші рет сайлау болған жоқ, Назарбаевтың президенттік биліктегі өкілеттігін ұзартқан референдум өтті. Сөйтіп осы заманға да жеттік.
- Тәуелсіздік алғаннан кейін, ел есін жиып, етегін жинаған кезінде, сіздің билікте бар кезіңізде елдің атауын Қазақстаннан өзгерту туралы мәселе көтергендер болды ма?
- Ондай мәселені ешкім көтерген жоқ. Ал, енді ел есін жинады дегеніңе мен келіспеймін. Сіз бен біз есімізді жинадық. Қара халық әлі есін жинай алмай жатыр. Күнін көре алмай жүрген халық үшін «Қазақстан» ба, «Қазақия» ма бәрібір. Анау айтты, мынау айтты деп, бәрінің туын көтеріп айғайлаудың негізі де жоқ. Қазіргі мәселе елдің атында емес, тәуелсіздікті нығйтуда. Халықтың жағдайын көтеруіміз керек. Жастарымыз қаңғырып жүр. Алдымен осы мәселелер шешілуі керек.
Серікболсын Әбділдаұлымен арамыздағы шағын сұхбат осылай тәмамдалды. Ал, біз мемлекетіміздің атына қатысты соңғы кездері айтылып қалып жатқан сөздерді сарапқа сала түскенді құп көрдік. .
11 ақпан. 2014 жыл. Атыраудағы Назарбаев интеллектуалды мектебіне бас сұғып, облыстағы қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесу өткізген Президент Назарбаев мемлекетіміздің ресми атауына орай өз ойын айтты. Былай деп:
«Орталық Азияның өзге мемлекеттері секілді біздің еліміздің атауында «стан» қосымшасы бар. Шетелдіктер қазіргі таңда екі миллионнан азғана асатын халқы бар Моңғолияға көбірек назар аударуда. Өйткені, оның атауында «стан» қосымшасы жоқ. Бәлкім, болашақта еліміздің атауын «Қазақ елі» деп өзгерту мәселесін қарастыру керек шығар. Алайда бұл мәселені әуелі ел болып, халық болып ақылдасып алғанымыз жөн», – деген еді мемлекет басшысы.
Биылғы жылы бесінші шілдеде Елбасы телекөпір арқылы ел қажетін өтейтін 10 жаңа нысанды ашу барысында елге жаңа имидж қалыптастыру туралы айта келіп: «Біз қандай да бір қазақстандық бренд ойластыруымыз керек. Жапония - Күншығыс елі, Корея - таңғы шық елі, Нидерланды - қызғалдақтар елі, Қытай – аспанасты елі атанған. Шексіз далада, мәңгілік көк аспанда біздің ата-бабамыз өмір сүрген. Тәңір – аспан. Жасыл дала мен көк аспан біздің Туымызда да бейнеленген. Біз – Ұлы даланың балаларымыз. Дәл осы ұранмен және жаңа брендпен біз Қазақстанды әлемге танытуымыз керек».
Бұған орай ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров те:
«Мен бұл идеяны қолдаймын. Себебі, қазақ болсын, орыс болсын, неміс болсын - Қазақ елінде тұрып жатыр. Сондықтан, Қазақстан емес, Қазақ елі болуы керек» , - деп пікір білдірген еді.
Саған ғасырлардан бері қарайғы Қазақ мемлекетінің атауы аумалы-төкпелі заманда, осы елде тұрып жатқан қазақтардың Советтік саясат салдарынан саны азайып кеткен тұсында «Қазақстан» болып өзгертілді. Тарих көші алға жылжып, Қазақ мемлекеті алғашқы белестерін бағындырған тұста ел атауын өзгертудің қажеттілігі туып келеді. Бұл туралы жоғарыда келтіргеніміздей президенттің өзі де бірнеше рет бастама көтерді. Елбасыны кейбіреулер Ататүрікпен салыстырып, қайраткерлігін Мұстафа Кемалдың еңбегіндей деп бағалап жатады.
Атаүрік Түркияның туын қалай тіктеп кетіп еді? Ол билікке келе сала, 1924 жылғы Конституцияға «Түркия халқы – діні мен нәсіліне қарамастан Түркия азаматы болғаны үшін Түрік боп саналады. (Türkiye ahalisine, din ve ırk farkı gözetilmeksizin vatandaşlık itibariyle Türk denilir)», - деп жаздырды. Ал, біз «Қазақстан азаматы» деген атауды «Қазақ азаматына» өзгерту былай тұрсын, «қазақстандық ұлт» болғалы жүрміз. Ел атауын өзгерту туралы мәселені кеш көтердік және жыл өтпей ұмытып кеттік. «Егемендік ешқандай шартсыз, құжатсыз ұлтқа тән» дейтін Ататүріктің Назарбаевтан ерекшелігі – Ататүрік айтқанын жасады, біз жасай алмадық. Бұл мүлде дегенімізге жете алмаймыз деген сөз емес. Қоғам тарапынан сұраныс пен талап-тілек болса, біздің парламенттің бір заңды екі рет оқып қабылдайтын әдеті жоқ. Бір оқиды. Басты изейді.
Осы орайда айта кеткеніміз жөн шығар, Қасым-Жомарт Тоқаев мырза Сыртқы істер минситрі болып тұрған кезде төлқұжатымызда жазылып келген Kazakstan-ды ағылшын тілін жақсы білетіндігін алдыға салып аз уақыттың шегінде KAZAKHSTAN етіп өзегерттірген еді. Ағылшынға жүйрік министр, алайда, «Қ» әрпіне қарайламай, мемлекет атауын орысшасына орайластыра салған. Тоқаевтың сондағы жіберген қатесімен біз әлі күнге «қалт-құлт етіп» келе жатырмыз.
Қазақ «елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа» дейді. Қазақ хандығына 550 жыл. Одан бері қанша «елу» өтті? Жаңарсақ елдің қазақ атауынан айырылып, кері жаңармай серпіліп, алға ілгерілеуіміз, өркендеуіміз керек емес пе? Барлық жағынан қуатты отыз елдің қатарына мемлекетіміз «Қазақ елі» болып, азаматтарымыз «Қазақ азаматтары» болып кірсе екен дейміз.
Нұрғали НҰРТАЙ
2015 жыл. Тамыз