Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жусан-3» операциясының өткенін мәлімдеді. Ақорда таратқан ақпаратқа сай, президент Осы операцияға қатысқан арнайы қызмет өкілдерінің, дипломаттардың, әскерилердің бәріне тапсырылған жауапты миссияны абыроймен орындағаны үшін алғыс білдірді.
Президенттің кеңесшісі, «Жусан» операциясының қатысушысы Ерлан Қаринның Youtube каналында операция туралы видеролик жарияланды. Оған сай, осымен «Жусан» операциясының негізгі кезеңі аяқталған.
3 кезеңнің қаңтардың 5-6-сы күндері өткен алғашқысында 6 ер адам, 11 әйел және 30 бала елге қайтарылған. Оның отызы 1-5 жас аралығындағы сәбилер болды.
2019 жылдың 7-9 мамыры аралығында Қазақстанның арнайы қызметтері «Жусан-2» операциясы аясында Сириядан қазақстандық азаматтардың, әсіресе әйелдер мен балалардың екінші тобы 231 адам қайтарылды. Оның 59-ы – әйел, 156-сы –бала. Оның ішінде 18 бала жетім. Әкелінгендер арасында 16 адам лаңкестік топтарға мүше болғандар.
28-31 мамырда өткен «Жусан-3» операциясында 67 әйел, 171 бала елге жеткізілді. Балалардың 9-ы жетім.
«Жусан-3» операциясы Сириядан қазақстандық азаматтарды елге жеткізу бойынша кешенді гуманитарлық операциясының қорытынды кезеңі болды. «Жусан» операциялары аясында елге жалпы 516 қазақстандық жеткізілді. Оның 357-сі бала.
Елге қайтарылған азаматтар 2012-2015 жылдар аралығында Астана, Алматы қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарынан кеткен. Ал Қазақстанға оралған балалардың әкелері түгелге дерлік соғыс жағдайында опат болған.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің алдын алу және түсіндіру жұмыстарын жүргізуінің арқасында соңғы 2 жылда Сириядағы қақтығыс аумақтарына Қазақстан аумағынан бірде-бір адам шықпаған.
2018 жылы шілдеде ақпарат құралдарында жарияланған ҰҚК дерегіне сай, Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 800-ге тарта қазақстандық кеткен. Комитет Сирия мен Ирактағы халықаралық террорлық ұйымдарда Қазақстаннан кеткен 120 ер адам, 250-ден астам әйел және 500-дей бала барын айтқан.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәлімдемесіне сай, бұған дейін шетелдегі қақтығыс аймақтарынан оралған азаматтардың тек 40 пайызы ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазаларын алған. Бірақ бұл жолғы міндет те, ұстаным да – өзге. Өйткені басты мақсат елге балаларды қайтару болды.