«Qazaqstan» телеарнасы жаңа ұлттық жобаны - «Інжу-маржан» телебағдарламасының тұсауын кесті.
Оның маңызы мен мақсаты туралы Телерадиокорпорацияның төрағасы Ерлан Қарин айтып берді.
Атап өтілгендей, жаңа телевизиялық жобаның мақсаты - төл өнеріміз - дәстүрлі ән, жыр-термелер мен күйлерді насихаттау, оны болашақ ұрпаққа рухани-мәдени мұра ретінде сақтау, ұлттық өнерді дәріптеу. Бүгін «Қазмедиа» орталығында басталған алғашқы түсірілім жұмысына ұлттық музыкаға еңбек сіңіріп жүрген белгілі тұлғалар Секен Тұрысбеков пен Сәуле Жанпейісова қатысты.
Алдағы уақытта жобаға Қажыбек Бекбосынов, Біләл Ысқақов, Рамазан Стамғазиев сынды өзге де дәстүрлі әншілер мен күйшілер шақырылып, олар қалың көрерменге өнерлерін тарту етпек.
«Ұлттық өнерді дәріптейтін көптеген телевизиялық жобалар бар, соның бірі өткен жылы басталған «Мен қазақпын» жобасы. Ал бүгінгі жобаның жөні бөлек, біз бұған ұзақ дайындалдық. Еліміздегі дәстүрлі әншілер, жыршы-термешілер мен күйшілердің басын Ұлттық арнада тоғыстырудамыз. Бағдарламаға еліміздің барлық өңірінен дәстүрлі өнерді айтып қана қоймай, оны бүгінгі ұрпаққа тұтастай жеткізуші өнерпаздарды шақырдық. Қазір алғашқы түсірілім жұмыстары басталды. Көрерменге қашан жол тартатыны кейін белгілі болады», - деді «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының төрағасы Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, аталған жобаны қолға алудағы тағы бір мақсат - ұлттық арнада дәстүрлі шығармалардың архивтік видеоқорын жинақтау. Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, «Інжу-маржан» ұлттық жобасы көрермендердің эстетикалық талғамы мен дүниетанымының дамуына өз үлесін қоспақ.