Мәскеудің Үлкен Царицыно сарайындағы Екатерина залында 14 қазанда алғаш рет «Елшілік кештері» ұйымдастырылды, деп хабарлайды tarlan.kz Ресейдегі Қазақ елшілігі ақпаратына сүйеніп.
Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі ұйымдастыруымен болып өткен мәдени басқосу «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бөлімі аясында өтіп, еліміздің мәдениетін әлемге кеңінен танытуға қызмет етті.
Кеште құттықтау сөзін сөйлеген Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағанбетов: «Мәдениет пен өнер жағынан да, бүгінгі таңда экономикалық тұрғыдан да Қазақстан үшін Ресейдің орны бөлек. Бүгін тарихи маңызы бар Екатерина залында дәстүрлі әндердің қаймағы саналатын қазақтың ән өнері орындалатын болады», - деді.
Айта кетейік, аталмыш мәдени шараға белгілі қазақстандық және ресейлік мәдениет қайраткерлері, Мәскеудегі қазақ қоғамдық бірлестігінің өкілдері, сонымен қатар Ресейдегі ҚР Елшілігі қызметкерлері қатысты.
Концерттің әрбір қатысушысы әлемдік танымалдылаққа ие. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көптеген мәртебелі халықаралық байқаулардың лауреаттары Әлібек Дінішев, Нұржамал Үсенбаева, Айгүл Үлкенбаева, Айгүл Қосанова сынды тұлғалар Мәскеудегі қазақ диаспорасына өнер көрсетті.
«Мен елшілігіміздің керемет кеш өткізіп жатқанына өте қуаныштымын. Осындай тамаша залда алғаш өтіп жатқан «Елшілік кештері» мәдени байланысымызды жақындатады. Қазақтың өсіп келе жатқан талантты балалары Жердің кез-келген нүктесінде білім алуға құқылы. Мәскеу бізге қалай десек те етене жақын. Мысалы опера бізге Ресейден келді. Мәскеу қаласына үлкен қуанышпен келдік. Концертке келгенде де өте жылы қарсы алды. Шетелде мен халық әндерін міндетті түрде орындауға тырысамын. Бүгінгі орындаған «Алқоңыр» халық әні – менің ең сүйікті әнім. Жылы қабылдады деп ойлаймын. Өнерпаздар осындай кеш ұйымдастырылғанына алғысымды айтамын», - деді Нұржамал Үсенбева.
«Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өтіп жатқан көптеген мәдени шаралардың бірі Мәскеуде жалғасын тауып отыр. Қазақтың өнеріне арналған кешке мәдени сапармен елден өнер иелері келді. Олардың арасында Әлібек Дінішев сияқты классикалық өнердің майталмандары бар. Кеш әсерлі өтеді деп ойлаймын. Біраздан бері Ресей мен Қазақстанның мәдени байланысы үзілген болатын. Осындай мәдени кештің мәдени байланысымызды қайта жаңғыртып жатқаны өнерпаз ретінде әрине мені қуантады. Осы орайда елшіміз, өнер жанашыры Иманғали Нұрғалиұлына алғысымды білдіремін», – дейді күйші-домбырашы Айгүл Үлкенбаева.
Көрермендер отандық композиторлардың классикалық шығармаларын тыңдап, әдемі әсерге бөленді.
«Бұл сахнада өнер көрсетуіме мүмкіндік жасаған елшілікке ризамын. Жетіген, қобыз, сыбызғы аспаптарын пайдаланып орыс халқының «Подмосковные вечера»-орындалды. Ал, ең алғаш саxнада Ресейдегі қандастарымыздың құрметіне қазақтың «Ақ баян» композициясын орындадық. Қонақтардың бізді жылы қарсы алуы біз үшін маңызды», – дейді Алтын Орда музыкалық тобының мүшесі Серік Ерланов.
Кеш соңында опера және камера әншісі Әлібек Дінішев «Желсіз түнде жарық-ай» әнін орындады. Оның орындаушылық мәнері ерекше нәзіктігімен және тамаша лирикалық әуенімен келген қонақтарды ерекше ықыласқа бөледі.
Салтанатты кеш көптен күткен Мәскеудегі қазақтар үшін болашақта есте қалатын жарқын мәдени оқиға болып өтті. Ресейдегі Қазақстан елшілігі «Царицыно» саябағының басшылығына, сондай-ақ кешті ұйымдастыруға қолғабыс көрсеткендерге ерекше алғыс білдірді.
«Мен қазақстандық бауырларымды Царицыно мұражай-қорығында осындай «Елшілік кештері» атты тамаша шара өткізгені үшін қуанышпен құттықтап, сәлемімді айтамын. Сіздердің елшілеріңіз елге керемет өкілдік етіп келеді. Қазақстанда Түріксой басшы кезімде жиі болдым. Онда достарым көп. Сондықтан мен жақын достарымды көру үшін елшіліктеріңіз өткізген шаралардан қалмаймын. Керемет музыканттар, халық аспаптарында да, классикалық аспаптарда да тамаша туындылар орындады. Осындай шараларды көбірек насихаттау керек деп санаймын», деп ағынан жарылды Әзербайжанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Полад Бюльбюль-оглы.