Сабақтастықтың жүз күні

Сабақтастықтың жүз күні
Ⓒtarlan.kz

«Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесі Біріккен Ұлттар Ұйымы деңгейінде жоғары бағаланды. Ол ел дамуының өте күрделі кезеңінде Қазақстан Үкіметін басқарды. Қ.Тоқаев Сенат Төрағасы ретінде Қазақстандағы парламентаризмнің және заң шығару қызметінің дамуына мол үлес қосты. Мен оған толық сенемін және оны Қазақстанды басқаруға лайықты азамат деп есептеймін». Nur Otan партиясының сәуір айында өткен съезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев туралы осылай деген еді. Соңғы үш айдың ішінде еліміздің саяси, әлеуметтік өмірінде болып жатқан оң өзгерістер мен бастамалар бұл таңдаудың дұрыстығын тағы бір дәлелдеді. Қазақстанда ешқандай даңғаза, дау-дамайсыз, жоғары сеніммен, парасатпен, бейбіт түрде жүзеге асқан билік транзитін халық та, қоғам да терең түсіністікпен қабыл алды.

Президенттің өз қызметіне ресми түрде кіріскеніне бүгін жүз күн толып отыр. Ешкімді бейжай қалдырмаған, бастап­қыда күдік пен үміті алмасқан, уақыт өте келе үміттен сенімге ұлас­қан осы бір тарихи мерзімді «Са­бақ­­тастықтың жүз күні» деп атасақ, қате­лес­пейміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев қызметке кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде тәуелсіздік жылдарын «Жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды» деп бағалаған болатын.

Мемлекет басшысының жүз күн шеңберіндегі ішкі, сыртқы саясаттағы айнымас стратегиялық ұстанымдары мен ел тағдырына қатысты көзқарас-пайымы, халықтың көңілінен шық­қан бастамалары мен қадамдары сол тәуелсіздік кезеңіндегі даму, ілге­рі­леу саясатымен тығыз байланысып, үндесіп жатыр. Бұл – мемлекет басқарудағы Назарбаев моделінің, Елбасы жолының заңды, табиғи жалғасы.

Тоқаевтың жалпыхалықтық сайлау­да 70,96 пайыз дауысқа ие болуы да мемлекетті басқарудағы сабақтастық пен жоғары биліктің легитимдігі Қа­зақ­­стан қоғамы тарапынан зор қол­дау­­­ға ие екендігін көрсетті. Дүние жү­­зі­­­нің беделді мемлекеттері мен ха­лы­­­қаралық ұйымдары ел таңдауына құр­­мет білдірді. Дональд Трамп пен Си Цзиньпиннің, Владимир Путин мен Эмманюэль Макронның және басқа да әлемдік деңгейдегі қайраткерлердің құт­тықтаулары мен жылы лебіздері соның жарқын дәлелі.

Мемлекет басшысы алғашқы күн­нен-ақ өзінің саяси қызметіндегі бас­ты бағыт­тарды халыққа жария еткен болатын.

Сабақтастық. Әділдік. Прогресс.

Президент халықпен санасатын, қоғамның айтқанына «құлақ асатын» билік қана мемлекеттілікті нығайтып, экономиканы өркендетуге, халықтың әл-ауқатын жақсартып, азаматтық қо­ғам­­ды дамытуға кепіл боларына се­нім­ді.

Ол өзі бастаған реформалардың ірге­­­­та­сы ретінде саяси биліктің нақты фор­­­му­ласын ұсынып отыр: күшті Пре­зи­­­дент, ықпалды Парламент және есеп бе­ретін Үкімет. Билік институтының осы үштағаны бірлесіп, тиімді жұмыс іс­теуі ауадай қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 12 маусымда, Қазақстан Рес­пуб­­ли­­ка­­сы­ның Президенті қызметіне ­рес­­­­ми кірі­су рәсімінде жасаған мәлім­деме­сін­де, ең маңызды деген 10 бағытты атап көрсеткен еді. Олар:

- Халықтың табысын арттыру;

- Сыбайлас жемқорлықты жою;

- Сот және құқық жүйесін реформалау;

- Жаңа жұмыс орындарын ашу, халықты лайықты жалақымен қамту;

- Тұрғын үй мәселесін шешу;

- Әділетті әлеуметтік саясат;

- Өңірлерді дамытудың жаңа бағдары;

- «Рухани жаңғыру» құндылықтарын кеңінен насихаттау;

- Көпвекторлы сыртқы саясат ұстанымы;

- Жас ұрпақтың өсіп-жетілуіне барлық жағдайды жасау.

Аталған он бағыт бойынша мемле­кет­тің ішкі-сыртқы қызметіндегі бар­лық түйткілді жағдайлар қамтылды әрі нақты, өзекті басымдықтар белгі­лен­ді.

Ең бастысы, мемлекеттік жүйенің трансформациясы биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталуы тиіс. Бұл орайда Президент қоғамдағы саяси тұрақтылыққа, ұлттық қауіпсіздікке, қоғамдық келісімге септігі тиетін оң бастамаларға, ұсы­ныс-пікірлерге қолдау көрсетуге әрда­йым әзір. Алайда кез келген реформа эволюциялық, сабақтастық жолымен, ешбір дүрбелеңсіз, сауатты іске асырылуы керек деп санайды.

«Кейде кейбір ұрандар мен үндеу­лер өте тартымды көрінеді, бірақ олар­дың авторлары мемлекет алдында жауап бермейді. Реформа үшін реформа жасау дағдарысқа бастайтын жол әрі мемлекеттің басқаруын жоғалтуға алып келеді. Ешқайсымыздың мұны қаламайтынымызға сенімдімін. Даму дәйекті әрі үдемелі болуы тиіс. Сонда ғана біз өзіміздің мемлекеттілікті сақтау­ға және нығайтуға бағытталған аза­маттық әрі саяси борышымызды орын­даймыз». Бұл – Тоқаевтың өмір­лік, саяси кредосы.

Президент осы жылдың сәуір айы­нан бастап тұтас өңірлерді, қала­лар мен ауылдарды, өндіріс ошақ­тары мен киелі жерлерді аралап шыққаны белгілі. Жергілікті халық­тың жағдайымен жетік таныс­ты, жұртшылықпен жүздесті. Билік, қоғам, зиялы қауым өкілдерін қабыл­да­ды, қарапайым азаматтардың мұң-мұқта­жын тыңдады.

Осының нәтижесінде, маусым айында өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжі­лісінде Мемлекет басшысы елдегі әлеу­меттік, экономикалық жағдайға қа­тысты көзқарасы мен бастамаларын жария етті. Мемлекет басшысы эко­номикадағы бірқатар ілгерілеуге тоқ­тала келіп, мұндай табыстарға тоқ­мейіл­суге болмайтынын қадап айтты.

Үкімет мүшелеріне, әкімдерге жалаң баяндамалар мен үйреншікті есептерге үйір болмауды, босаңсы­мау­ды, шайқатылып жүруге уақыт жоқтығын ескертті. Президент әкімдер мен министрлерді қоғаммен «кеңсенің, кабинеттің немесе қызмет көлігінің терезесінен» емес, алаңда, жұмыс орындарында, ақпараттық кеңістікте қоян-қолтық араласуға, ашық та белсенді жұмыс істеуге шақырып отыр. Басшы қызметкер халықтың тілін табуы қажет. Ол үшін білімді, мәдениетті, жауапты тұлға болуы керек. Сол себепті де Қазақстандағы кадр таңдау принципі меритократиялық негіздерге сүйенуі шарт.

Мемлекет басшысы Үкіметке әлеу­мет­тік саладағы назар аударылуы тиіс 9 бағытты атап көрсетіп, сол бағыт­тар бойынша қарқынды жұмыс істеу­ді тапсырды. Бұл тұрғыда қазірдің өзінде біршама көрсеткішке қол жет­кізілді.

Биыл 1 маусымнан бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы

30 %-ға көтерілді.

1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек критерийлері өзгертіліп, атаулы әлеуметтік көмек көлемі мен оны алушылар саны 3 есеге дейін өсірілді. Қазіргі уақытта көмек алушылардың саны 1,5 миллионнан асады.

Тұрғын үй мәселесін түбегейлі шешу бағытында «Нұрлы жол» мемле­кет­тік бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Биылғы жылдың 6 айында 5,7 миллион текше метр тұрғын үй салынған. Ол былтырғы жылмен салыстырғанда 98%-ға артық.

Қазіргі уақытта 2%-бен тұрғын үй займын беретін «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылды. Алдағы уақытта барлық бағдарламаларды Бір­тұ­тас тұрғын үй бағдарламасына енгі­зу жоспарланып отыр.

Білім мен ғылымға, медицинаға бөлінетін қаржы көлемін жақын болашақта ішкі жалпы өнімнің

5%-ына дейін көтеру мәселесі пысық­та­лып жатыр.

Президент әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен көп балалы аналардың жағдайын ескеріп, оларға көмек ретінде, несиелер мен қарыздарды бір жолға жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл шара жарты миллион адамды қамтиды, соның ішінде 255 мың адамның несие қарыздары толық жабылды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы жастарға үміт артатынын, жастарға арқа сүйейтінін баса айтып жүр. Шын мәнінде, қазірдің өзінде миллениалдар – «Тәуелсіздік жастары» деген атқа ие болған жас буын, жаңа ұрпақ елдегі оң өзгерістердің нағыз қолдаушысына айналып отыр. Осы орайда мемлекет «Президенттік кадр резервін» жасақтауды қолға алды. 2019 жылғы Жастар жылы 2020 жылы «Волонтерлер жылына» ұшта­са­тын болады.

Президенттің жоғарыдағы бастамалары, сөз жоқ, әділетті әлеуметтік сая­сат бастамасымен және «әлеуметтік мем­лекет» тұжырымдамасымен үйле­сіп, қабысып жатыр.

Үстіміздегі жылдың 2 қыркүйегінде, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының біріккен отырысында, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауын жасады.

«Қазір бізге Тәуелсіздіктің жетіс­тік­­терін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүм­кін­дігі беріліп отыр. Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз. Өздеріңізге белгілі, осының бәрі менің сайлау алдын­дағы бағдарламама негіз болды. Қазір мемлекеттік органдар оны жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар жүр­гізуде. Мен халыққа берген уәде­ле­рімді міндетті түрде орындаймын», деп мәлімдеді, Президент.

Жолдауда алдағы жылдары елдің әлеуметтік, экономикалық саяса­тында атқарылуы тиіс іс-шара­лар­дың, өзге­рістердің кешенді бағ­дар­ламасы ұсы­нылып отыр. Бұл іс-шаралар Қазақ­стан­ның шынайы «әлеуметтік мемлекетке» айналу жолындағы мақсат-мұра­ты­ның табиғи баспалдағына айналары кү­мән­сіз.

Жолдаудың атауы мен кіріспесінің саяси мәлімдемелерден басталғаны да көп нәрсені аңғартса керек.

Президенттің пайымы бойынша «еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес». Алайда саяси жаңғыру үдерісі азамат­тар мен мемлекеттің мүдде­ле­рі­не сәйкес кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырылып жүргізіледі.

Бүгінде мемлекеттің өзі қоғамды, әрбір азаматты ашық диалогқа ша­қы­рып отыр. 2025 жылға дейінгі аза­мат­­тық қоғам тұжырымдамасы мен Қазақстан Республикасының Прези­денті жа­нын­­дағы Ұлттық қо­ғам­дық сенім кеңе­сінің құрылуы соның айғағы. Сарапшылардың ортақ пікі­рінше, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі ауқымды, модернизациялық өзге­рістерге қатысты мемлекет пен қо­ғам­ның сенімді диалог алаңына айналады. Кеңеске ел Президентінің төрағалық етуі аталған органның мәртебесі мен беделін, ықпалын әйгілейді.

Оған елдегі саяси партиялар, қо­ғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар белсене атсалысуы қа­жет. Бұл тұрғыда, жаңа сайлау циклы алдында, Nur Otan партиясының билік партиясы ретінде белсенділігін арттырып, партия қызметін жетілдіріп, жаңартуға ұмтылысы құптарлық жайт. Себебі қоғамдағы өзгерістер алдағы сайлауларда партиялық алаңда да бәсекелестіктің барынша артатынын сездіріп отыр. Оның үстіне жақын бола­шақта елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуға ниет танытатын өзге де әлеуметтік күштердің пай­да болу мүмкіндігін де жоққа шы­ға­руға болмайды.

«Билік қоғам игілігі үшін түрлі сая­си партиялармен, қозғалыстармен ынтымақтастықта жұмыс істеуі қажет. Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында тал­қыланып, шешімін табуы керек. Осы орайда Парламент Мәжілісі мен мәс­лихаттар сайлауы еліміздегі көп­партиялық жүйенің дамуына оң ықпал етуі тиіс».

Мемлекет басшысының өзекті мәсе­лелер көшеде емес, Парла­мент қабыр­ғасында азаматтық диалог алаңдарында шешілуі тиіс деген ұстанымын барша азаматтар қуат­тап отыр.

Президент өз Жолдауында мем­ле­­кеттік аппараттың қызметін жетіл­ді­руді баса айтты. Мемлекеттік қызмет­ші­лердің тиімділігін арттыру, халықпен кері байланыс орнату мәселесінде нақты тапсырмалар берді. Алдағы уақытта әкімдердің қызметі жергілікті жердегі тұрғындар арасында сауалдама жүргізу арқылы бағаланатын болады. 2020 жылдан бастап шенеуніктердің саны қысқартылып, 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің үлесі 25 пайызға азайтылады.

Мемлекеттік аппараттың қызметін жетілдіру ісі Президент Әкімшілігінен бас­талды десе де болады. Қазіргі уақыт­та Әкімшіліктің жұртшылықпен, қо­ғам­мен тікелей жұмыс істейтін ішкі құры­лымдары жаңартылып, күшейтіліп жа­тыр.

Мемлекеттік қызмет істері агент­тігі дербес мәртебе алып, Мем­лекет бас­қа­руды дамытудың тұжы­рым­да­ма­сы жасалды.

Қ.Тоқаев сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар туралы айтқанда, әсіресе, жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, балаларға қатысты қылмыстарға қолда­нылатын жазаны шұғыл түрде қа­тайту қажеттігін ескертіп отыр. Соңғы кездері қоғамда үлкен резонанс туғызған оқиғаларды ескерсек, Пре­зи­дент­тің бұл ұсынысы халықтың тарапынан қызу қолдау тапқаны айтпаса да түсінікті.

Мемлекет басшысы Жолдау барысында көпшіліктің көкейінде жүрген жер мәселесіне қатысты сауалдарға да нүкте қойды.

«Соңғы уақытта жер шетелдіктерге сатылады екен деген түрлі қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Мен жерді ешкімге бермейтінімізді тағы да айтқым келеді. Оған жол берілмейді»,  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әрине, халықаралық тәжірибеге сүйенсек, жер – экономикалық категория. Дамыған, дамушы елдерде де жерді тиімді пайдалану үшін, оның ырзығын көру үшін оны сатып, жалға беріп жататыны үйреншікті құбылыс.

Десе де, Президент Қ.Тоқаев қазақ халқы үшін «жер» ұғымы аса киелі, сакралды мәселе деп санайды. Билік мұндай мәселелерге келгенде аса ыждаһатты болуы қажет. Қоғамның айтқанымен санасып, барынша халықтың жағында болуы тиіс. Мемлекет басшысының ұстанымы – осы.

Президенттің ұлт тарихы мен руханиятына, мемлекеттік тілге қатысты құрметі де өте жоғары әрі берік. Ел ішіне сапарлары кезінде алдымен Түркістан мен Семейдегі, Маңғыстау мен Ұлытаудағы киелі жерлерге тағзым етуі көп нәрсені аңғартса керек. Ол халқымыздың рухани, мәдени ахуалын ешқашан назардан тыс қалдырған емес.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында «қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді» деп мәлімдеді.

Келесі жылы халықаралық, респуб­ли­калық деңгейде аталып өтілетін әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларына дайындықты бастауға пәрмен берді. Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту бастамасы пысық­та­лып жатыр.

Мұның бәрі алда келе жатқан айтулы мерейтойға – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына дейін табысты жүзеге асырылуы тиіс кешенді іс-шаралар.

* * *

Президенттің 100 күні – Елбасы мен ел таңдауының дұрыстығын, Қазақстандағы мемлекеттік, билік сабақтастығының өміршеңдігін, қоғамның қалауы эволюциялық даму жағында болатынын, ұлтымыздың патриоттық, отаншылдық рухы мен саяси мәдениеті жоғары деңгейге көтерілгенін айқын көрсетіп берді.

Біздің ендігі күш-жігеріміз саяси сабақтастықты, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтай отырып, әрбір әлеуметтік топтың, әрбір азаматтың күнделікті мәселелеріне көңіл бөлуге, оларды оңтайлы шешуге бағытталуы тиіс.

Ең бастысы, Қазақстанның бола­ша­ғы мемлекет пен қоғамның, аза­маттардың өз қолында екенін естен шығармауымыз қажет.

Дархан КӘЛЕТАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары