Санкт-Петербургтегі Императорлық Орман институты, қазіргі Санкт-Петербор мемлекеттік орман-техникалық университетінің Ғылыми кеңесі бас ғимаратының маңдайына Әлихан Бөкейхан туралы естелік тақта орнатуға шешім қабылдады. Бұндай қуанышты жаңалықты Алаштанушы, Әлихантанушы Сұлтан-Хан Аққұлұлы ақпарат құралдарына бөлісті.
Алаш Орда үкіметінің төрағасы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан аталған оқу орнын 1890-1894 жылдары оқып бітірген. Аталған білім ордасы өзінің даңқты түлегі, 2015 жылы ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-сессиясы «бүкіл әлемдік шынайы даңқты қайраткер» деп таныған Әлихан Бөкейхан туралы естелік тақта орнату туралы ұсынысты 27 дауыспен қолдап, 7 дауыс қарсы, 5 дауыс қалыс қалып, басым көпшілік дауыспен мақұлдаған.
Ескерткіш тақта орнатуға ҚР ауыл шаруашылық министрлігінің қызметкері, осы ЖОО-ның тағы бір қазақ түлегі Майкен Әзенов тілек білдірген. Ғылыми кеңестің қарауына Әлихан Бөкейхан туралы барлық тарихи анықтама-мәліметті Сұлтан-Хан Аққұлұлы дайындап ұсынған. Сондай-ақ «Ақ жол» партиясының Азат Перуашев бастаған парламенттік фракциясы Орман-техникалық университетінің ректорына арнайы хат жолдаған. Ескерткіш тақтаны жасатып, орнатуды «Ақ жол» партиясы өз жауапкершілігіне алып отыр.
Одан бөлек ұлт көсемінің қиян-кескі күреске толы ғұмырының ақырғы 15 жылын (1922-1937 жж.) өткізген Мәскеудегі Б. Кисловский орамы, 4 үйі мен Самара қаласындағы 1909-1917 жылдары тұрған Казанская көшесі, 30 (қазір 32 үй) үйіне де естелік тақта орнату ісі қолға алынды. Бұл туралы «Ақ жол» партиясының Мәжілістегі фракциясынан Мәскеудегі Елшілікке тиесілі хат жолданған.
Айта кетсек, бұл ұлты көсемін еске салып тұратын екінші ескерткіш болмақ. 2016 жылы 25 қарашада, Алаш көсемінің 150 жылдығына орай Санкт-Петербургтің Таврия сарайындағы Ресей Мемлекеттік думасы ғимаратына Әлихан Бөкейханның кеуде мүсіні қойылған болатын.
Алаштың Әлиханы арада бір ғасыр өткенде Санкт-Петербор қаласындағы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының штаб-пәтері орналасқан Таврия сарайына мүсін болып оралған еді.
Бюст Ресейдің алғашқы Думасының отырысы өткен Таврия сарайындағы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының штаб-пәтеріне қойылды. Скульптураны жасаған Өмірзақ Шаңов.
Мүсіннің ашылу салтанатына Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Тәуелсіздігінің25 жылдығы мен ХХ ғасырдың басындағы көрнекті қазақ зиялысының туғанына 150 жыл толғаны аталып өтетін жылы бюстінің Санкт-Петербургтегі Таврия сарайына орнатылуы ерекше мағынасы бар екенін атап өткен еді.
Ашылу салтанатына Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин, ТМД ПАА Кеңесінің Төрағасы, Ресей Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенко, Ресей Мемлекеттік Думасының Төрағасы Вячеслав Володин, Әзербайжан Милли Меджлисінің Төрағасы Октай Асадов қатысқан болатын.