Сайлау әділетті өтсін десең, дауыс бер!

Сайлау әділетті өтсін десең, дауыс бер!
Ⓒtarlan.kz

Жүсіпбектің "Қартқожасын" оқығанда, есімде, «кінеге мен спесікті өртеп соғыстан құтыламын» деген. «Дүниеде құдай күшті. Құдайдан соң патшаның әмірі күшті. Оның құрығынан құтылатын пенде болмайды» деп алданған, тілмәш дей ме, болыс дей ме, кірме қызметкерлерге күні қарап қалған байқұс қазағым-ай, өзіңнің заңды ажырамас құқығыңды қорғай алмадың-ау деп күрсінгенмін.

Президент қызметінен бас тартамын деп сайлау болатыны анықталғанда, жап-жаңа бір дискурстың басы ашылды. Оның ережелері, тілі әлі түсініксіздеу еді. Оған үлес қосу үшін дауыс беру тәртiбi қандай еді, осы Республика Президенттiгiне кандидатқа қойылатын қандай талаптар бар еді деп есіме түсіре бастадым. Бірақ ештеңені есіме түсіре алмағанда, Жүсіпбектің заманынан бері түк өзгермеген бе деп қалдым.

Мен сияқтылар көп болса, онда әлі құқықтық қоғам құрмағандығымыз ба? Әлі заңды құқығымыз бен жауапкершілігіміз бар екенін түсінбегеніміз бе? 21-ғасырда Ата заң мен  жалпы заңнаманы білу, не білмеу ұлттың сипатын көрсетпей ме? Ұсақ стандарттар мен ережелерді қоя тұрайық, бірақ Конституциялық заңды білмеген ұят-ау деп өз өзімді біраз сөктім.

Ұшақта болсын, пойызда болсын, жаттығуда болсын Қуандықтың "Мен – қазақпын!" әні құлаққабымда ойнап тұрады. Тыңдаған сайын, осы әдемі ән неге сонша сынға алынды екен - мәдениетсіз ел бола ма екен, өз еліңді, жеріңді сүйе білгеннің несі жаман екен деген ойға қаламын. Кейбіреулер тіпті «архаика» деген сөзді қолданады да, күндердің бір күні Еуропаның кез келген мемлекетіне бара қалса, дәл сол өздері айтқан архаиканы танымай қалады – 21 ғасырда монархия институтын сақтау деген хандық институтты сақтаумен тең емес пе? Оның үстіне, әннің сөздерін тек сөз емес, ұғым ретінде қабылдау керек деп ойлаймын. Мысалы, «домбыра» деген ұғымның астары ата-бабаларымыздың сөзі, ал қазақ үшін тіл – діл деген терең ұғым;
қымыз, жылқы дегендер мың жылдық әдісті, тұрмысты, тарихты еске алуға шақырады дегендей. Адам баласының санасы бинарлы емес.

«Өз еліңді жақсы көру үшін өзге елдерді жек көру керек» деген түбегейлі жалған ой, сол ойды айтатындардан мұндай тұжырымға қалай келдің деп сұрасақ, сірә, жауабын ала алмаспыз. Ұлтты ұлт қылатын оның мәдениеті. Біз бүгін үзілмес мәдени мираскерліктің кепілі болуымыз керек.

Бірақ бізді 21-ғасырда ұлт қылатын, әрине, мәдениеттен басқа да феномендар өте көп. Мысалы, мемлекеттің кейбір формалды белгілерін солай декоративті түрде қалдырмай жұмыс істету, азаматтық-саяси, заңды, құқықтық сана-сезімді сергек қалпында ұстау, сәл бір нәрсе болса заңға жүгіру, халыққа қызмет көрсету орталықтарына барар алдында мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын оқып алу, қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық емес ұйымдарды құру, ақыр аяғында тұрақты демократия құру – басты мақсат болып табылады.

Демократия оңай нәрсе емес, ол тек митингіге шығып ұрандату ғана емес. Әлеуметтік желілерде пікір білдірген, ұрсысып қалып, шат-шұт бір-бірімізді банға жіберу деген нәрселер тіптен демократияға
жатпайды. Демократия құру үшін қазіргі заманғы құқықтық қоғамның ережелері бойынша әрекет жасап, оған уақыт бөлу керек. Бір-бірімізбен келісімге, консенсусқа жете алуымыз керек.

Осының бәрі 9 маусымда басталады - біз қоғам ретінде, ел, ұлт ретінде құндылығымызды дәлелдейтін мүмкіндік осы деп білуіміз керек шығар. Уақыт аз ғой, жалғыз менің дауысым ештеңе шешпейді деген ұтымсыз, жылаңқы ойдан арылып, еңсемізді көтеретін кезең осы-ау!

Өз басым келе жатқан сайлауға қалай ат салыссам болады екен деп қоғам белсенділерімен сөйлесіп, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі N 2464 Конституциялық заңын оқи бастадым (http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z950002464_#z153).Түсінгенімше мен қазір екі нәрсе істеуіме болады.

Біріншісі, сөзсіз жүретін өзімнің азаматтық міндетім - сайлауға қатысып дауыс беру. Ал екіншісі - аталған
заңның 20-1-бабына сәйкес белсенділік білдіріп, сайлау байқаушысы болуға құқығым бар екен. Байқаушы болу үшін біріншіден, саяси партияның, өзге де қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың өкілі болуым керек (http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z960000003_). Негізі сайлау өтіп, бәрі тынышталғанда, осы құқықтық нормаға қайта оралуымыз керек. Демократия/азаматтық қоғам жеке тұлғалардан тұрмайды, ол қоғамдық бірлестіктерден тұрады. Сонда ғана шоғырланған саяси субъект бола аламыз.

Сонымен, байқаушы ретінде біз сайлау комиссиясының отырысына қатысуға, дауыс беруге, соның ішінде үй-жайдан тыс жерде дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны туралы ақпарат алуға, дауыс беруді өткізу және дауыстарды санау кезінде тиісті сайлау учаскесінің дауыс беруге арналған үй-жайында болуға, тасымалданатын сайлау жәшігін бақылапжүруге, соның ішінде оларды тасымалдау кезінде көлік құралында болуға, сайлау учаскесінде, дауыс беруге арналған пунктте дауыс беру барысын, дауыстарды санау және дауыс беру нәтижелерін ресімдеу рәсімін барлық аталған рәсімдерді анық көру мүмкіндігін қамтамасыз ететін жағдайларда байқауға, тиісті сайлау комиссиясының және (немесе) оның мүшелерінің шешімдеріне, іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа шағымдануға, сайлаушылардың дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкіндігі болмаған жағдайда олардың дауыс
беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруін өткізу кезінде қатысуға, учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің пайдаланылмаған сайлау бюллетендерін санауы және жоюы кезінде қатысуға, дауыс беру
барысына және оның қорытындыларын шығаруға кедергі жасамай, фотожазба, дыбысжазба және бейнежазба жасауға, дауыс беру нәтижелері туралы хаттамаларды жоғары тұрған сайлау комиссияларына беру рәсімін байқауға, дауыс беру өткізілгеннен кейін дауыс беру қорытындылары туралы сайлау комиссиясының хаттамаларымен танысуға, олардың куәландырылған көшірмелерін алуға, сайлау комиссиясы мүшелерінің назарын Конституциялық заң талаптарының бұзылуына аударуға, оларға
бұзушылықтар туралы тиісті жазбаша мәлімдемелерді, актілерді табыс етуге және табыс еткені туралы белгі соқтыруға құқылымыз.

Ол үшін біз келесілерге: жеке басы мен өкілеттігін куәландыратын құжаттарын өздерімізбен алып жүруге, сайлау процесіне, сайлау комиссиясының дауыстарды санау және шешімдерді қабылдау рәсіміне араласпауға, сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасамауға, сайлау учаскесінде сайлау комиссиясы төрағасының тиісті сайлау комиссиясы белгілеген тәртіп ережелерін
сақтау жөніндегі талаптарын орындауға, өз ескертулерімізді құжатталған, шынайы және тексеруге болатын фактілермен негіздеуге, Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының және өзге де заңнамасының талаптарын сақтауға, алаламауға, нақты кандидатқа, саяси партияға артықшылық бермеуге міндеттіміз.

Ескеретін тағы бір нәрсе – байқаушылар Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған жағдайда, тиісті сайлау комиссиясы байқаушыны тіркеудің күшін жоюға құқылы.
Қорытындылай келе айтарым, құқығым бар, үлесімнің құны бар, оның бәрін 2019-жылғы сайлау мерзіміне дейін ұғып алып, дайындалмақпын.

Автор: Асель Мұқашева, публицист