Сайлаудың үгіті басталды, кімнің үміті ақталады?

Сайлаудың үгіті басталды, кімнің үміті ақталады?
Ⓒtarlan.kz

Сонымен президенттікке үміткерлердің үгіт-насихат науқаны басталды.

Үміткерлер халыққа не деп уәде беріп жатыр? Елді елең еткізген сайлау алды уағдалар бар ма? Шолу жасап көрдік.

Қасым-Жомарт Тоқаев

«Игілік баршаға!» деп, халықты бөліп жармай болашақ уағдасын айтқан Тоқаев 23 мамырда Түркістанға жасаған сапарында халықпен кездесуінде айтқан президент ретіндегі алғашқы ашық мәлімдемесі – үш ұстанымын сайлау бәйгесіндегі жалауы етіп көтерді.

Ол Елбасымен сабақтас, үндес саясат ұстанатынын мәлімдеген. Сонда ол халыққа айтқан «Қоғамдағы Әділеттілік, ең алдымен, атқарушы билікке байланысты. Мұндағы менің басты ұстанымым анық, айқын. Бұл – заңның үстемдігі. Заңнан жоғары ешнәрсе болмауы керек» дегенін елдегі ақпараттық құралдар түгел жазып, көрсеткен еді» деген сөздері алдағы саяси бағытына айналды.

Сабақтастық, Әділдік және Өрлеу қағидаларын ұстанған ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев үгіттің алғашқы күні Республикалық қоғамдық штабына барып, қызметкерлермен кездесті. Осы күні оны қолдайтын Алматыдағы жастар «Домбыра party» креативті акциясын өткізіп үлгерді.

Тоқаевтың бастамалары арасында «Көлеңкелі экономикамен жүйелі және дәйекті түрде күресу, 2025 жылға дейін 650 мың отбасын немесе 2 миллионнан астам азаматты жаңа баспанамен қамтамасыз ету, Шенеуніктердің даңғазалығы, ерсілігі мен ысырапшылдығының алдын алу шараларын қолданып, қатаң түрде жазалау» сияқты селт еткізер тың бағыттар бар. Сондай-ақ Тоқаев «Оралмандар» деген атауды қойып, шетелден Атажұртқа оралатын этникалық қазақтарды «Қандастар» ресми атауды, әрі мәселесімен шындап айналысу бастамасын да көтерді.

Оған қоса басты үміткер жұмыс істейтін негізгі екі бағытын атаған, біріншісі, «Сайлауалды тұғырнамасына Еліміздегі барлық өтініш-тілекті тыңдауға және өзінің бағдарламама ұсыныс ретінде қосуға дайын», яғни халықпен барынша диалог құруға талпынып отыр. Екіншісі, Қоғамдық сенім Ұлттық Кеңесін құрылады. Ұлттық Кеңеске біздің қоғамның қабілетті өкілдері кіретін болады. Осы Кеңес аясында маңызды жалпыұлттық заң жобалары мен даму бағдарламаларына қоғамдық сараптама жүргізетін болады».

 

Әміржан Қосанов

Әлеуметтік желіде көбірек талқы тудырып жатқан ұлтшыл-патриоттық көзқарастағы Әміржан Қосанов болса, тұғырнамасын жариялап қана қоймай халықпен кездесуін бастап кетті.

Қосанов «Саяси бостандықтар және әкімдерді сайлау, азаматтарды Алашорда идеясына баулу» уәдесімен ерекшеленді. Алайда, оның «жемқорлықсыз ел, өркениетті экономика, көпвекторлы дипломатия, Шетелдердегі барлық қазақ диаспораларына тарихи Отаны – Қазақстанға оралуға және Қазақстан азаматтығын жедел алуға кепілдік беру» сияқты бастамалары Қасым-Жомарт Кемелұлымен үндеседі. Алайда, нақты экономикалық көрсеткішті межелер айтылмаған.

Дания Еспаева

Ақжол партиясының үміткеріне Партия төрағасы Азат Перуашев бірге қолдау білдіріп, халықпен кездесуді бастап кетті. Тұғырнамасында Кәсіпкерлікті қолдауға басымдылық берген Еспаева кездесуін де кәсіпорыннан – «Ақсай-нан» наубайханасынан бастаған. Оның кандидаттық бағдары «Тұрақты даму негізі бәсекелестік және жаппай кәсіпкерлікпен айналысу», «Ұлттық тәуелсіздік», «Жемқорлықпен күрес және ошфорсыздандыру» атты негізгі үш бағыттан тұрады.

Төлеутай Рахымбеков

Ауыл партиясы сайтында Төлеутай Рахымбековтің сайлау алды тұғырнамасы әлі ілінбеді.  Алайда, партияның сайлауалды штабында жиын өткізген ауылдықтар тұғырнаманы жиында жариялады. «Басты мақсат – Елге қызмет ету» слоганын көтерген Рахымбековтің 4 негізгі бағыты бар. Ол: агроөндірістік кешенді қарқынды дамытуға арналып, экономиканың өзге де бағыттарының өсуіне назар аударылады. Сонымен қатар, сайлау тұғырнамасында  әлеуметтік саясат мәселесі де қамтылып отыр. Бағдарламаның үшінші бөлімі – ел дамуының сенімді негізі саналатын дәстүрлі және рухани құндылықтарды сақтауға арналса, төртінші бөлімі жастар саясатына бағытталған.

Сәдібек Түгел

«Жер – жанымыз, тіл – тұғырымыз» дейтін ұранды көтерген Түгелдің «Ұлағатты ұрпақ – ұлттық ұстаным» дейтін постері ғана белгілі. Ақпарат құралдарында алғашқы күні қандай да бір үкіт-насихат жүргізгені туралы мәлімет жоқ.

Жамбыл Ахметбеков

Коммунист Ахметбеков 8 жыл бұрынғы сайлаудағы идеясын қайталады. «Батыстың ықпалы мен жалған құндылықтарынан бас тарту» мәселесін қайта көтерген ол даму үшін көрші елдермен интеграцияны күшейту қажет дейді.

«Адал еңбек қоғам мүддесі үшін!» деп аталатын Ахметбековтың ұраны Коммунизм идеологиясының негізін салушы Лениннің «Еңбекші және қаналушы халық құқықтарының декларациясын» еске салды.

Амангелді Таспихов

«Жұмыс істейтін шақ!». Осындай ұран ұстанған «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы» РКБ атынан Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Аманкелді Сатыбалдыұлы Таспихов республикалық қоғамдық штаб мүшелерімен бірге Павлодар облысына барған.

***

Үгіт-насихат бастамалары жария болған алғашқы күні байқағанымыздай, үміткерлердің ортақ тұстары көп. Олар қоғамдық жемқорлықтан арылтып, экономикалық әлеуетті барынша көтере түсуді, жас ұрпақты саналы-сапалы қоғамға баулуды көздейді.